ҒҰМЫРЛЫ БОЛАР ҚОЙЫЛЫМ

ҒҰМЫРЛЫ БОЛАР ҚОЙЫЛЫМ

ҒҰМЫРЛЫ БОЛАР ҚОЙЫЛЫМ
ашық дереккөзі
185

“Үмiт үзгiм келмейдi”. Дәл осындай атаумен жазушы Немат Келiмбетов шығармасының желiсi бойынша 16, 18-қазан күндерi Қазақтың мемлекеттiк М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылымның тұсау кесерi өттi. Қойылым режиссерлерi — Қазақстанның Халық әртiсi Е. Обаев, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Т. Аралбай.

“Бiткен iске сыншы көп”, көрермендер тарапынан да, театр сыншылары тарапынан да аталған қойылымға түрлi баға берiлуде. Қойылымның бояуы кеппей тұрып, бiз режиссер Е. Обаевқа жолығып, бiрнеше сауал қойған едiк.

— Есмұхан аға, неге осы спектакльдi таңдап алдыңыз?

— “Үмiт үзгiм келмейдi” — М.Әуезов театрының соңғы жаңа қойылымы. Авторы — белгiлi ғалым, үлкен қайраткер, “Ұлыма хат”, “Үмiт үзгiм келмейдi” романдарының авторы Немат Келiмбетов ағамыз. Бұл кiсiнi театрдың өзi iздеп тапты. “Үмiт үзгiм келмейдiде” көтерiлген мәселелер, проблемалар, бүгiнгi жас ұрпақ пен үлкен ұрпақтың арасындағы адами байланыс, үлкендердiң бүгiнгi қоғамдағы рөлi, бүгiнгi қоғамдағы жастардың өзiнiң халқына, елiне, жерiне, азаматтығына, болмысына деген жауапкершiлiгi туралы тақырып — ойлы тақырып. Содан кейiн өз басым ол кiсiге осындай сауал салдым. “Мен бұрын өмiрiмде драма жазбаған адаммын, осыған сiз көмектессеңiз” дегеннен кейiн, көптеп-көлемдеп, екi жақтап жақсы дүние жасауға тырысып бақтық. Етi бiздiкi болғаны – мен, сүйегi өзiнiкi, яғни жазған – өзi, жазу – өзiнiкi.

Бұл драма бүгiнгi күнге дөп тиетiн, бүгiнгi күннiң көкейтестi мәселелерiн қозғайтын, ең бастысы, “адам қайткен күнде адам болып қалады?” дейтiн проблеманың төңiрегiнде жазылды. Бiз оны дәл бүгiнгi күнгi актерлiк iзденiспенен, жаңаша режиссура бағытымен, көрермен талабынан шығатындай етiп беруге талпындық. Сахнада болып жатқан әрекеттердi үлкендер де, жастар да жүрегiмен қабылдап жатыр. Ойдың тереңдiгi, айтылар ойдың көрерменге жеткенi — драматургтың жеңiсi, режиссердiң жеңiсi, ең бастысы, спектакльдiң жеңiсi.

Өз басым әрбiр қойылымда халықтың қабылдауын бағдарлап отыратын адаммын. Кейбiр жастармен оңаша сөйлескенiмде, олардың да жақсы қабылдағанын аңғардым. Бiреу өзiнiң әкесiн аңсап жылап отырады, ендi бiреу өзiнiң арманда кеткен анасын ойлап отырады, бiр бала үйiн ойлап отырады, “ мен не деген қатыгезбiн, әке-шешеме сонша бiр басқа көзбен қарауым керек екен-ау. Шындықтың бәрi мына сахнада айтылып жатыр, сол менiң бойымдағы шындық-ау”, деп әркiм өзiнiң жанына, жүрегiне жақынын қабылдап алады да, көрермен залында шыбынның ызыңы естiлмейдi, жым-жырт. Бiткеннен кейiн барып, көздерiнде жас, қолдарында шапалақ, осындай бiр қабылдаулар болып жатыр. Бұл, әрине, тағы да қайталап айтамын, пьесаның айтар ойының тереңдiгiнде.

— Бұл пьеса театр репертуарынан сүбелi орын алады деп ойлайсыз ба?

— Адамның болмысы, мұңы, қуанышы, ренiшi, құқығы, тебiренiсi, өзiн-өзi сыйлауы, жалпы сахнада адам туралы сөз қозғалғаннан кейiн ол көрермен залында отырған адамға жетедi. Сондықтан театр — адам жанын қозғаушы ұжым.Бiз көрерменге ой тастаймыз, оны қалай,қай тұрғыдан қабылдап алады, ол — өзiнiң еркi.

Бiз бұл тақырыпқа тегiннен-тегiн келгенiмiз жоқ. Бiз негiзiнен театрда трилогия қойып жатырмыз. Бiрiншiсi,осы жылдың көктемiнен бастап “Жүрейiк жүрек ауыртпай” деген атпен көрермен назарына ұсынылып келе жатқан кәрiлер үйiндегi панасыз,қорғаусыз қалған жетiм ақсақалдардың, оңбаған келiндердiң,бозөкпе ұлдардың проблемасы жөнiндегi қойылым болатын. “Үмiт үзгiм келмейдi” — осының жалғасы.

Ендi бұның жалғасы — 24- желтоқсан күнi қойылатын Қ.Мұхаммеджанов пен Ш.Айтматовтың “Көктөбедегi кездесу” пьесасы. “Арылу” деген атпен сахналанғалы отырған бұл пьеса “сатқындық жойылмай,адам баласының арасында қарым-қатынас деген болмайды” деген ойға жетелейдi.Осы шығарманың айтар ойы алдыңғы екеуiн толықтырып, трилогияны құрайды.

Театр көрерменiн жоғалтып алады, егер ол жеңiл-желпi комедиялар қоя берсе, я болмаса ылғи өзiме ғана керек деп классиканы қоя берсе. Классика да әрине, бүгiнгi күннiң тақырыбын қозғайды, классика өмiр бақи классика,ол ешқашан қартаймайды. Пьеса қартаймайды, спектакль қартаюы мүмкiн. Спектакль бiр бөлек, пьеса бiр бөлек дүние. Пьеса сол қалпында 30-40 жыл бойы жата беруi мүмкiн, ал спектакль көпшiлiктiң назарына ұсынылған дүние, оның ұзақ жасауы — ойының тереңдiгiнде. Театр репертуарындағы “Қарагөз” 80 жылдай, “Айман-Шолпан” 70 жыл бойы сахналанып келедi. Мұндай пьесалардың өлмейтiндiгi де содан ғой. Сонымен қатар бүгiнгi күннiң күретамырындағы проблемаларды қозғайтын пьесалар да көптеп қойылу керек, бiздiң соңғы қойылған спектаклiмiз дәл осыған арналған.

“Үмiт үзгiм келмейдiнiң” ғұмыры ұзақтау болатын шығар деп ойлаймын. Себебi бұл проблема – бүгiн де, ертең де, бүрсiгүнi де айтылар проблема.

— Аталған қойылымға байланысты сыни пiкiрлер айтылды ма?

— Иә, сыни пiкiрлер де айтылды. Мысалы үшiн, Қарлығаштың бейнесiн көбiрек берсе дейдi. Сол өте тартымды, сахнада тұрған портретiнiң өзi сөйлеп тұрғандай дегендi айтады.

Қойылымды бастан-аяқ бiр темппен бере беруге болмайды ғой. Сондықтан пьесада “иә, осы ойыңды Төле би бабам былай деп жеткiзiптi” деп әндетiп кететiн жерлерi бар. Кейбiреулер осы дұрыс десе, ендi бiреулер ой суып қалады, әндетпей-ақ ары қарай жалғастыра берсеңдер болушы едi деп өз пiкiрлерiн бiлдiрiп жатты…

Бибiажар Тәңiрбергенова, ҚазҰУ-дың студентi

Серіктес жаңалықтары