“БТА-НЫҢ” БАС ЖҮЛДЕСI - ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛIДЕ

“БТА-НЫҢ” БАС ЖҮЛДЕСI - ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛIДЕ

“БТА-НЫҢ” БАС ЖҮЛДЕСI - ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛIДЕ
ашық дереккөзі
296

Өткен апатада Алматыдағы Ғ. Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрында “БТА Банкi” АҚ жариялаған екiншi республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңiмпаздарын марапаттау салтанаты болып өттi.

Мүшәйраның мақсаты — халқымыздың ақындық өнерiн дамыту, жас дарындардың есiмдерiн анықтау, қазақ әдебиетiн насихаттау және ұлттық мәдениетiмiзге қолдау көрсету. Мүшәйраның тәртiбi бойынша байқауға бұрын еш жерде жарық көрмеген, көпшiлiк қауымға таныс емес поэзиялық туындылар қабылданды. Шығарманы iрiктеу кезiнде тақырыптың ашылуы, тiлдiк қоры, көркемдiлiгi, нақтылығы және ең бастысы ақындық шеберлiгi ескерiлдi.

Байқау көпшiлiк арасында зор қызығушылық туғызды. Байқау жарияланған уақыттан берi 60-тан астам қолжазбалар iрiктеуден өттi. Оған қатысушылар елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жиналды. Жеңiмпаздарды қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Тұманбай Молдағалиев, қазылар алқасының жауапты хатшысы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының лауреаты, “БТА Банкiнiң” бөлiм бастығы Қасымхан Бегманов, Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерi, ҚЖО басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Ғалым Жайлыбай, ҚЖО кеңесшiсi Жәркен Бөдешұлы, Шешенiстанның Халық батыры, Шешенiстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Рапилбек Ниязбек сияқты белгiлi ақындардан құралған қазылар алқасы iрiктеп, әдiл бағаларын бердi. Сонымен, бас жүлденi Қазақстанның Халық жазушысы, Жастар және Мемлекеттiк сыйлықтарының лауреаты, халқымыздың аса көрнектi классик ақыны Қадыр Мырза Әлi иемдендi. I орынды ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, көрнектi ақын Темiрхан Медетбек, II орынды республикалық “Заң” газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары, ақын Жарас Сәрсек пен республикалық “Қазақ әдебиетi” газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары, ақын Бекжан Әшiрбаев,”Абай” журналының бас редакторы, ақын Мұратбек Оспанов алды. III орынды бiрнеше ақын иемдендi. Олардың арасында: “Ақтөбе” облыстық газетi Бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев, Түркiстан қаласындағы Қазақ-түрiк университетiнiң ұстазы, ақын Досбол Ислам, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшiсi, ақын Серiкжан Қажи бар. Мүшәйраның арнайы сыйлықтарына: “Тарлан” тәуелсiз платиналы сыйлығының иегерi, белгiлi ақын, сазгер, драматург, Исраил Сапарбай, жас ақын Ерғали Бақаш (Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген) ие болды. Сондай-ақ, “Үкiлi үмiт” номинациясына: Алматы облысы Райымбек ауданы Қошқар ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептiң 7-сынып оқушысы Қуаныш Жазай, “Шабыт” арнайы номинациясын М. Өтемiсұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң 3-курс студентi, жас ақын Талғат Мықиев (Орал қаласы), Сарқан аудандық “Сарқан” газетiнiң бас редакторы, ақын Жомарт Игiман (Алматы облысы), “Қазақстан” телерадиокорпорациясының Қарағанды облыстық филиалының редакторы, жас ақын Руслан Нұрбай (Қарағанды қаласы) жеңiп алды.

Жеңiмпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Банктiң мәлiмдеуiне қарағанда, сыйлық қорының жалпы қоры 4 500 000 теңгенi құраған екен. Мүшәйрада жеңiмпаз болған ақындардың өлеңдерi жинақ болып жарық көретiн болды. БТА Банкi отандық мәдениетiмiз бен әдебиетiмiздiң дамуына барынша қолдау көрсетiп келедi. Алдағы уақытта да көрсете бермек. Бүгiнгi жазба ақындардың жыр мүшәйрасы өткен жылға қарағанда жоғары деңгейде өткiзiлiп отыр деп ойлаймын. Бiз бұл шараны алдағы уақытта дәстүрлi түрде ұйымдастыратын боламыз”, — дедi мүшәйраға қатысқан “БТА Банкi” АҚ Басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Жақсылық Жәрiмбетов.

Салтанатты шараны қазылар алқасының жауапты хатшысы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының лауреаты, “БТА Банкiнiң” бөлiм бастығы Қасымхан Бегманов қорытындылады. Жыр кешiне “МұзАрт”, “Бойтұмар” тобы, Жазира мен Жанболат, Роза Әлқожа, Айгүл Кәден және басқа эстрада жұлдыздары қатысып, өнер көрсеттi.

БТА банкi елiмiздiң мәдени және рухани мұрасын қайта жаңғыртуда орасан зор жұмыстар атқарып жатқан жобаларға қолдау көрсетудi өз мiндеттерiнiң бiрi деп санайды. Сондықтан да мәдени жобалардың жүзеге асуына жан-жақты демеушiлiк жасап келедi. Атап айтар болсақ, жыл сайын өтетiн “Ана тiлi аруы” байқауына, “Қазақстан” ұлттық телеарнасында жүзеге асырылған халықтық дәстүрдегi жас әншiлер мен күйшiлердiң байқауына, сонымен қатар, Тәуелсiздiк алғалы берi тұңғыш рет өткiзiлген Баянауылдағы жүзге жуық жас қаламгерлердiң форумына бас демеушi болды. Журналистер арасында тастаяқ жарысы (бильярд) өткiзiлдi. Биыл Алаштың ұлы перзентi Мұстафа Шоқайдың туған жерiнен бастап, қызмет еткен жерлерiне бiр топ журналистер мен зиялы қауым өкiлдерiнiң жолсапары басталды. Осынау игi жоба аясында қазақ халқының ұлы перзентi — Мұстафа Шоқайдың қалтарыста қалған, тарих қойнауында жатқан архивтерi ашылып, тың деректер жарияланатынына сенiмiмiз мол. Осы жоба аясында он екi сериялы деректi фильм мен бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректерге толы екi томдық кiтап дайындалуда.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары