Берiк ӘБДIҒАЛИ: ӘУЕЛI ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIН ШЕШIП АЛУ КЕРЕК!

Берiк ӘБДIҒАЛИ: ӘУЕЛI ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIН ШЕШIП АЛУ КЕРЕК!

Берiк ӘБДIҒАЛИ: ӘУЕЛI ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIН ШЕШIП АЛУ КЕРЕК!
ашық дереккөзі
357

Жақында “Мемлекеттiк тiлдi дамыту» президенттiк қоры құрылды. Оның жетекшiсi боп, бұған дейiн Президент әкiмшiлiгiнде қызмет атқарған, саясаттанушы Берiк Әбдiғали тағайындалды. Бiздiң Берiк Әбдiғалимен арадағы әңгiмемiз осы қордың болашақтағы қызметi және ұлттық рух төңiрегiнде өрбiдi.

ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ ДАМУЫНА БАСТЫ НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК

— Сiз жақында Президент жанынан құрылған “Тiлдердi дамыту қорының” директоры болып тағайындалдыңыз. Осы қордың мақсаттары мен мiндеттерi жайында айтып өтсеңiз.

— Бұл қор жұмысын бастағалы көп уақыт болған жоқ. Бiз оның алдағы мақсаттары мен стратегиясын жасап жатырмыз. Бiзде мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi қоғамдық ұйымдар жеткiлiктi. Сол бар институттардың жұмысын қайталамас үшiн қоғамдағы ұсыныстарды талқылап, соларға қаржы бөлудi басты мақсат етiп отырмыз. Бiзге әлi қаражат бөлiне қойған жоқ. Бөлiнсе, үш айда бiр рет тiлге байланысты әртүрлi жобаларды қолдасақ деген ойымыз бар.

Бұл қор жоғарыдан берiлген нұсқауларды емес, төменнен келiп түскен ұсыныстарды қолдайтын болады. Азаматтық бастамаларды халық арасында тiлге шынайы қамқорлық танытып, жанашыр болып жүргендердi қолдап, демеушiлiк жасауды жоспарлап отырмыз. Бiздiң қорымыздың аты мемлекеттiк тiлдi қолдау дегенiмен, бiз тек тiлмен ғана айналыспаймыз. Менiң ойымша, мемлекеттiк тiл мәселесi екiншi мәселе. Басты мәселе — қазақтың мiнезi мен ұстанымында, жiгерiнде болып тұр. Сол себептi де бiз ұлттың дамуына байланысты көптеген жобаларға қаржы бөлудi жөн санап отырмыз. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды аршып алуға, ұлт-азаттық күрестерiмiздi жаңғыртуға, ұлтты және ұлттың мiнезiн қалыптастыратын мәселелермен айналыссақ па деген ойдамын. Егерде, қазақ намысты болса, онда өз ана тiлiн, өз мәдениетiн жан тәнiмен сүйер едi. Ұлттық мәселеде қазақ мiнез танытпаса, өзге ұлт өкiлдерiнiң бiздi қолдай қоюы екiталай. Сол себептi де мемлекет құраушы ұлттың өзiн өзi сыйлап, өзгелерге де сыйлата бiлуi үшiн жұмыс iстеуiмiз керек.

— Сөз ләмiңiзден ұққаным, халықтың рухын ояту мақсатында жұмыс iстеудi көздеп отырған көрiнесiздер. Қазiр зиялылар арасында да, өзiмiзде де “халықты рухсыздық билеп алды. Бiздiң рухымыз жаншылған” деген пiкiрлердi жиi естимiз. Сiз бұнымен келiсер ме едiңiз?

— Рух деген мәселенiң өзiн әркiм әртүрлi түсiнедi. Мысалы, Кеңес Одағында тәрбие көрген ақсақалдарымыз бұнымен келiсе қоймайды. Өйткенi сол заманмен салыстырғанда, бiздiң зиялы қауым батыл-батыл пiкiр айтады. Ойларын ашық жеткiзе алады. Бұрынғыдай iшiнен тынып жүрген жоқ. Сол себептi де кешегi жүйенiң тәрбиесiн көргендер үшiн бiзде рух едәуiр көтерiлiп келедi. Алайда, қазiргi ұрпақтың, жаңа буынның талабына құлақ түрсек, көптеген мәселелерде бiздiң зиялылар жалтақтық танытып келедi. Бұл рухсыздықтың бiр көрiнiсi.

Қазiр ұлтты сүю және қазақ тiлiне деген жанашырлық танытушылардың сөз сайысы жүрiп жатқан сияқты. Ал шын мәнiсiнде қолға алынып, жасалып жатқан iс жоқтың қасы. Бұқаралық ақпарат құралдарында пiкiр айтып, ойын бiлдiрiп жүрген зиялы қауымның ұлттық мәселеде бiрiгiп iс-әрекет жасауы жетiспейдi. Қазақ өте-мөте көнбiс, неге де болсын етi үйренiп кеткен. Төл теңгемiздегi қатеге қалай үйренсек, қазақтiлдi бағдарламалардың түнде берiлетiнiне де, басқа да ұлттық мәселелердiң кейiнге ысырылып қалғанына көнiп, үндемей келе жатырмыз. Бұл рухсыздықтың бояуын қалыңдата түсуде.

Мәселен, Алаш үкiметiнiң 90 жылдығын тойлау мәселесi қоғамда бiраз пiкiрталасқа жол бердi. Ақырында билiктiң бұл мәселеге көз жұмбай қарауына бұлқынып күш көрсеткен ешкiм болмады. Қазақты қанаған, қанын сорған адамдардың атындағы көшелер мен қалалар әлi күнге дейiн тұр да, қазақ үшiн жанын пида еткен алашордашылдардың атына әлi жөндi көше, мектеп, т.б. да нысандардың атын бере алмай келемiз.

Демек, рух мәселесiне келгенде әрбiр буынның өз талабы бар. Бұрынғы буын өкiлдерiнен қазiрдiң өзiнде бiрталай жетiстiктерге қол жеткiздiк, бiртiндеп бәрi болады ғой деген жайбасарлық, тоқмейiлсушiлiк байқалса, соңғы буын өкiлдерi олай ойламайды. Олардың талабы бойынша қоғамды жайлап алған рухсыздық байқалып қалады.

— Қоғамдағы көнбiстiк, бейжайлық, делсалдық күн өткен сайын белең алып келе жатқан сияқты. Ұлт үшiн ең қауiптiсi де осы — көнбiстiк деген пiкiрлер де бар. Бiздiң қазақ қоғамы неге осынша бейжайлыққа бет алды? Бұның себебi неде деп ойлайсыз?

— Қазақтың жерiнiң кеңдiгiне байланысты, қалыптасқан этно-психологиялық мiнезiнiң бiрi осы шығар деп ойлаймын. Бiздiң ұлт белгiлi бiр шекке жеткенше шыдай бередi. Бiрақ, олардың ашу-ызасын тудыратын болсақ, тоқтату қиын.

Екiншi жағынан 200 жылдан астам уақыт бодандықта болғанымыздың кесiрiнен мемлекеттiк инстинкт жоғалған. Өз жерiне өзiмiз қожайынбыз деген сезiм әлi қалыптаса қойған жоқ, бұл сезiм ендi ғана қалыптаса бастады. Соңғы кездерде жиiлеп кеткен жер-жердегi ұлтараздық қақтығыстары да осының сол ояна бастаған сананың жемiсi болуы мүмкiн. Тәуелсiздiктiң 17-18 жылында санамызға ендi ендi сiлкiнiс ене бастады. Олардың бойында өзiн өзi ұлт ретiнде сақтап қалу инстинкт ояна бастады. 1986 жылы қазақ жастары алаңға шыққанда, ұлттық намыстың буымен шықты. Бiрақ, олардың өзiнде де мемлекеттiк сана-сезiм жоқ едi.

Мемлекеттiк тiлдiң дамуына кедергi болып тұрғаны — осы мемлекетшiлдiк сананың қалыптаспауы салдарынан. Мемлекетшiлдiк сана дегенiмiз, мемлекетте болып жатқан саяси оқиғаларға ұлттың жауап беруi. Бiздiң ұлт өзiн объектi ретiнде ғана сезiнедi, ал субъектi ретiнде әлi қалыптасқан жоқ. Мысалы, партиялардың дамымауы, үкiметтiк емес ұйымдардың қарқын ала алмауы, азаматтық қоғамның қалыптаспауы, қоғамның өзi жауапкершiлiгiн тiкелей сезiне алмауында. Соның iшiнде қазақ ұлты өзiн ұлт ретiнде жауапкершiлiктi мойнына жүктей алмауда. Сондай-ақ, өздерiн бiртұтас ұлт ретiнде сезiне алмауда. Ұлт болып жымдаспай отыр. Мемлекетшiлдiк сана — өзбектерде, әзiрбайжан мен басқа да мемлекеттерде болған. Сол себептi де олар дербес мемлекеттiң даму жолын оңай айқындап алды. Қазiр орыстардың бүкiл нәрсенiң алдына “русский” сөзiн қыстыруында үлкен мән жатыр. Олар да кезiнде КСРО-лық деңгейде жайылып кеткен едi. Қазiр кез келген жоба “орыс” сөзiмен басталады. Қараңыз “русская мощь”, “русская слава”, “русское слово”, “русская победа”, бәрiне орыс сөзiн қыстырумен келедi.

Ресейлiктер өзiндегi басқа ұлттарды орыс идеологиясына, орыс сөзiне ақырындап үйрете бастады. Ал, бiз “қазақ” деуден қорынамыз. Сол үшiн де “қазақстандық ұлт” деген сөздi ойлап таптық. “Қазақ” сөзiн қолдансақ, басқалар ренжiп қала ма деп әлi күнге жалтақтаймыз. Бұның өзi мемлекеттiк сана-сезiмнiң дамуына тежеу. Мысалы, бiз “Қазақ миссиясы” деген жобаны өмiрге әкелгенiмiзде, көбi бұған үрке қарады. “Неге қазақ миссиясы” дегендей. Ал, бiз ұлт мемлекет қалыптастырушы ретiнде жауапкершiлiктi өз мойнына алуы керек дегендi көздеген едiк. Соның әсерiнен болар, бiз баспасөз беттерiнде, телеарналар мен радиода “бiз ұлт ретiнде қалыптастық па?” деген пiкiрталасқа жиi барамыз.

БИЛIК ПЕН ОППОЗИЦИЯНЫ БIРIКТIРЕТIН АЛАҢ — ҰЛТ МӘСЕЛЕСI

— Сiз бiраз уақыт оппозиционерлермен бiрге жүрдiңiз. Сосын мемлекеттiк қызметке қайта келдiңiз. Бұрын осы мемлекеттiк қызметтi тастап кеткен едiңiз. Бұның себебi неде?

— Мен саясаткер емеспiн. Егерде мен саясаткер болып, мемлекеттiк қызметтен, оппозицияға, оппозициядан мемлекеттiк қызметке ауысып жүрсем, ол бiрден көзге ұрар едi. Бұл саясаткерлердiң табанының бүрiнiң аздығын көрсетер едi. Менiң негiзгi қызметiм — сарапшылық. “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық ұйымына қысым жасап, оны құрушылардың үстiнен қылмыстық iс қозғап, басшыларын iстi еткен кезде, мен билiкте қалғым келмедi. Мемлекеттiк қызметтен кетiп, 2002 жылы “Ұлттық зерттеу институты” атты ұйым құрып, қазаққа байланысты зерттеулер жасай бастадым. Солай жүргенiмде, жаңа құрылған “ақжолдықтар” (“Ақ жол” демократиялық партиясы) жұмысқа шақырды. Менi кезiнде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы Ресей мамандарына қосып, сайлау технологиясын үйреткен. Сол себептi шығар, «Ақ жол» партиясының 2003-2004 жылғы мәслихат және мәжiлiс сайлауларына байланысты штаб басшысы қызметiне шақырылдым. Ол өте қызық уақыт болды. Мен сол жылдары көп нәрсенi үйрендiм. Сайлаудан кейiн әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде сабақ берiп, тәуелсiз сарапшы қызметiн атқардым. Осы кезде маған ұлттық концепция жасау туралы идея келдi.

Менiң түсiнiгiмде, либералдық идея өте құнды, алайда, қазақ мәселесi шешiлмей, оның қайда апаратыны белгiсiз. Әлi ұлт болып қалыптаспаған мемлекетте либералдық құндылықтарлдан ұлттың дамуына байланысты ерекшелiктердi ескеру қажет. Бiзге әуелi ұлттың тұтастығы керек. Либерализм — бiрiншi орынға адам құқығын қояды.

Сол себептi де, бiз ұлттық жобаларды жасауды қолға алдық. Соның бiрi — “Желтоқсан көтерiлiсiнiң” 20 жылдығына арналған 10 томдық шығармалар жинағын әзiрлеп, баспадан шығардық. “Алтынбек Сәрсенбайұлы” атындағы қор осы жобаның жүзеге асуына демеушiлiк жасады. Бұдан кейiн мен осы қордың басшысы қызметiне кiрiстiм. Онда бiр жылдай уақыт жұмыс iстедiм. Осы уақытта бiз “Қазақ миссиясы” жобасын жасап шығардық. Мақсат — қазақ мәселесiн қоғамда талқылау болғаны белгiлi.

— Бұл жоба қоғамда қандай да бiр пiкiрталас тудыра алды ма?

— Бұл жоба сайлаумен қатар өмiрге келдi. Сөйтiп, қоғамның назары сайлауға көбiрек ауып кеттi. Бiрақ, бiр айта кетерлiгi — бұл билiктiң назарына iлiктi. Олар шын мәнiсiнде “қазақ мәселесiмен” билiк те айналысу қажеттiгiн сезiндi. Мен сөйтiп мемлекеттiк қызметке қайта оралғанда, бiраз ұлттық жобаларды қолға алдық. Бұрын шешiлмей келе жатқан, қоғамда жиi талқыланып жүрген дүниелердi қолға алдық. Президент әкiмшiлiгiндегi бiраз жiгiттер ұлттық жобаларға үлкен қолдау көрсеттi. Бiрақ онда бюрократтық аппарат болған соң, көп нәрсенi шешу қиын. Бiр қағаздың өзi бiраз уақытты жеп қояды. “Алаш қозғалысына” байланысты үкiметттiң Қаулысы жарты жылға дейiн созылып кеттi.

Басты идеям — ұлттың дамуына байланысты жобаларды билiктiң iшiнде қозғау болды. Бәрiн шештiк дей алмаймын, бiрақ, сондағы жiгiттердiң арқасында, аздап болса да қозғау салдық.

Жақында “Президент атындағы мемлекеттiк тiл қоры” құрылды. Маған осы қорға жетекшiлiк ету жайында ұсыныс түскенде, оны қуана қабылдадым. Өйткенi, өз басым билiкте ұзақ бола алмайтындығымды бiлдiм. Негiзгi мақсатым қызмет емес, ұлттық жобаларды жүзеге асыру болғандықтан, мен қорға жетекшiлiк еттiм. Менiң ойымша, билiк пен оппозицияның бас қосатын жерi осы — ұлт мәселесi. Ұлт мәселесiн үлкен саясатқа айналдырмай, ортақ үстелдiң басында отырып, талқылауға болады деп ойлаймын. Мен Президент әкiмшiлiгiнде жүргенде қоғамдық ұйымдар мен билiк өкiлдерiнiң өзара диалогын жасауға талпындым. Мәселен, Тiл комитетiнiң басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшiлерi, Көшi-қон комитетiнiң басшылары келiп, есеп берiп, қандай нақты шаралар жасалынып жатқандығын талқылап, не iстеу керектiгiн ақылдасты. Бұның өзi қоғамда сәл де болса қозғау салды. Билiктiң қоғаммен етене болуының арқасында қоғамдық ұйымдардың көтерген мәселесiне олар жол ашып отыратын болады.

— Қоғамда “билiкте отырғандарда қазақы рух жоқ” деген пiкiр қалыптасқан. Сiз бұған не дер едiңiз?

— Мен бұл пiкiрмен келiсе алмаймын. Онда қазақы рухпен сусындаған азаматтар жеткiлiктi. Бiреулер радикалды шешiмдер күтiп отыр. Бiрақ, мемлекет тарапынан iстелiп жатқан шаруалар жеткiлiктi. Мысалға, “Мәдени мұраны” алайық. Оған таза мәдениет мәселесi тұрғысынан қарап келемiз. Бiрақ, бұл жоба қазақ ұлтының дамуына жұмыс iстеп жатыр. Қаншама шығарма қазақ тiлiне аударылып жатыр. Ата-бабаларымыздың бейiттерiн түгендеу, реставрация, қазақтың шетте қалған тұлғаларының мұрасын елiне қайтару, әл-Фараби мен Бейбарыс туралы фильмдер түсiрiп, дүниежүзiлiк шығармалар том-том боп, аударылып жатыр. Жыл сайын осы жобаға 3-4 миллиард қаржы жұмсалып жатыр. Бiрақ басқалардың көңiлiн ойлап, оны қазақ-қазақ деп айғайлатып жатқан жоқ. Мемлекеттiк тiлдi дамыту мақсатында 5 миллиард теңге жұмсалды. Бiрақ, бұл мәселемен тек билiк қана айналыспауы керек. Қоғам да атсалысуы керек. Бiздiң қоғам масылдық идеядан әлi арылған жоқ. Олар миына қандай бiр жолмен қазақ тiлiн құйып бергендi ғана күтiп отыр. Бiрақ, оған үлес қосуға құлықты емес. Ұлттың жауапкершiлiгiн мойнына алуға ниеттi емес. Тiптi, қазақтар өзара қазақша сөйлесуге де талпынбайды ғой. Яғни, қоғамның өзiнде талап болмаса, тiлдi дамытуға 5 миллиард емес, 500 миллиард бөлсек те одан өнер ештеңе жоқ. Мәселе — қаражатта емес. Мәселе — ұлттық рух, ұлттық намыста.

ҰЛТ МӘСЕЛЕСIНЕ САЯСИ ОЙЫН РЕТIНДЕ ҚАРАЙТЫН ШЕНЕУНIКТЕР КӨП

— Қазақ тiлiне жаны ашып жүрген ұлт зиялылары тағы бiр пiкiрдi көлденең тартады. Қоғамды екiге жарып ұстау билiкке тиiмдi, бұл қоғамды басқаруға оңай. Яғни, бөлшекте де билей бер саясатын ұстанып отыр. Былай 130 ұлт дегендi жиi қайталағанымызбен, бiз екiтiлдi қоғамға айналып барамыз. Орыс тiлi мен қазақ тiлi маңайында топтасып жатырмыз. Бiрақ, орыс тiлi үстемдiк алып барады. Бұған не дер едiңiз?

— Әрине, билiк те ұлт мәселесiн шешуде әлi жалтақтық танытып отыр. Билiктiң жiгерi аз. Егер де, Үкiмет пен Парламенттiң қазақша сөйлеуi керек деген пәрмен келсе, оған Үкiмет пен Парламент мүшелерi дайындалатын болады. Ең бастысы, билiк оның кезеңдерiн көрсетiп бере алмай отыр. Парламент келесi сессиядан бастап қазақша сөйлесiн, Үкiмет мүшелерi осы күзде мемлекеттiк тiлден Қазтест тапсырсын деген Қаулы немесе Жарлықтар шығаруы керек. Билiкте ұлттық ерiк-жiгерi мықты азаматтар жеткiлiктi. Бiрақ аз. Көбi азаматтық немесе корпоративтiк принциптерге сүйенедi. Ұлттық принциптi көбi екiншi, үшiншi орынға қояды.

— Бiр кезде сiздiң “Мемлекеттiк тiл туралы” Заң Әдiлет министрлiгiнен өтпей қалды дегенiңiз менiң есiмде. “Оған Әдiлет министрi Зағипа Балиева қарсы болған екен” деген едiңiз. Сондай қазақы жобаларға қарсы министрлердiң қызметiнен кетуiн талап ету керек сияқты.

— Бiзде саясат бiрiншi орында. Оны саяси партиялар да қолдай қоймайды. Егер, қазақ мәселесiн ту етер болсақ, сайлаудан ұтылып қаламыз деген үрей көбiнiң басында бар. Егер де, министрлер қарапайым Қазтест сауалдарына жауап бере алмаса, жаңағыдай ұлттық жобаларға қарсылық танытатын болса, оны қазақ газеттерi жария етiп, әрi қарай қоғам олардың қызметтен кетуiн талап етер болса, ол Президентке дейiн жетсе, Елбасының ұлттың дамуы жолында атқарып жатқан iстерiне немқұрайлы қарап отырған шенеунiктердi орнынан алуға болады. Есiңiзде болса, баяғыда студенттер қарсылық шараларын ұйымдастырып жүрiп Бiлiм және ғылым министрi болып тұрған Құлекеевтi орнынан алып тастаған болатын.

Сол секiлдi қазақ мәселесiнде принциптен айныған шенеунiктi орнынан алып тастау — қоғамның өз қолында. Бiздiң шенеунiктер ұлттық мәселеге саяси ойын ретiнде қарайды. Қазақша бiр-екi ауыз сөздi жаттап алып, соны айтып берiп кететiн министрлер бар арамызда. Бiз соған мәзбiз. Бiрақ, мұндай көзбояушылықтың қажетi қанша. Қазiр Үкiметте Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi ұсыныс жасап, мемлекеттiк қызметкерлер мемлекеттiк тiлден емтихан тапсырсын деген талап енгiзiлгелi жатыр. Үкiметте Премьер-министр басқаратын мемлекеттiк тiлдiң жүзеге асуын қадағалайтын комиссия бар. Егер, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң ұсынысын бұл комиссия мақұлдайтын болса, онда мемлекеттiк тiл сәл де болса бiраз қауқарға ие бола алады.

— Бiз өткенде Алматыда тұратын, ұлты әзiрбайжан қызбен кездесiп қалдық. Сол қыз айтады: “Әзiрбайжанда да, Өзбекстанда да осында жүргiзiлген саясат жүргiзiлдi ғой. Бiрақ, өз басым қазақтай “мәңгүрт” болып қалған халықты бiрiншi рет көрiп отырмын. Өзбек пен әзiрбайжандардың ұлттық және мемлекетшiлдiк саясаты қанына бiткен. Қазақ олардың жанында жiп есе алмай қалады” деген едi. Бұған не дер едiңiз?

— Бұл — ұлттың сапасына байланысты. Өкiнiшке қарай, бiз орыстарға олардан гөрi бiр табан жақын болдық. Соның салдарынан олармен салыстырғанда, бодандық қамыты ерте кигiзiлдi. Дегенмен, бұл ақталу ғана сияқты. Орысқа бiзден бұрын бодан болған, оның түбiнде отырған чешен мен татардың ұлттық болмысы бiзден қарағанда көш iлгерi. Олар әлi күнге дейiн Ресейдiң қоластында отырса да, орыстарды чешен мен татар тiлiнде сөйлеуге мәжбүрлей алуда. Қала мәдениетi ерте қалыптасқан халықтардың кез-келген отарлық саясатқа деген қарсылығы күштi болады. Бiзде орыстың қалалық мәдениетiне қарсы тұрарлық қазақ қалалық мәдениетi болмады. Орыс келдi де қалалық мәдениеттi қалыптастырды. Сөйтiп, қазақ мәдениетi ауылға ығыстырылды. Қалаға келген қазақтың бiрiншi буыны ғана қазақ боп жүредi, екiншi буыннан бастап орысқа айналып шыға келедi. Қала — орыс мәдениетiн қалыптастырушы орта болды. Өзбек пен әзiрбайжанда орыстарға дейiн өзiнiң қалалары болды. Олар орысты қалаға енгiзе қоймады. Урбанизация — ұлттық мәдениеттiң қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Бiздi қалаға әкелген орыстар. Сондықтан, орыстың ықпалы әлi күнге дейiн басым. Қазiргi саясаткерлердiң қазақтың қалалық мәдениетiн қалыптастыру керек дегендi жиi айта бастауы сондықтан. Яғни, қалада қазiргi заман талабына сай қазақы мәдениет қалыптасуы керек. Оның алғашқы қадамы жасалды, бiртiндеп қалыптаса бастады.

— Жақында Парламент “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” Заң жобасын мақұлдады. Ал, осы заң жобасы қазақ қоғамында үлкен пiкiрталас туғызуда. Қазақ зиялыларының көбi “Ассамблея туралы заң түгiлi, оның өзiне қарсы. Оның болуы заңсыз” дейдi. Сiз не дейсiз?

— Мәселе — заңда емес. Егер, заң орындалатын болса, баяғыда көп нәрсе өзгерер едi. Мәселе — ұлттың өзiнiң жауапкершiлiгiнде болып отыр. Ассамблеяның болуы, болмауы да сол секiлдi. Ассамблея — тек декорация. Парламентте де, билiкте де қазақтар отыр. Ассамблея — мұндағы өзге ұлттардың көңiлiн аулау мақсатында дүниеге келген. Ассамблеяның қандай да бiр маңызды шешiмiн қабылдайтындай құзыры жоқ.

— Бұл жолғы Парламент мақұлдаған заң жобасында Ассамблея бiрталай өкiлеттiкке ие болған жоқ па?

— Бұның барлығы Президенттiң Жарлығымен бұған дейiн болған өкiлеттiктер. Яғни, Ассамблеяның мәртебесiн формалды түрде ғана өсiрiп отырмыз. Сол себептi де, қазiргi болып жатқан пiкiрталастардың бәрi жалған. “Қазақстандық ұлт” дегенге де көп бас ауырта бермеу керек. “Қазақстандық ұлт” не, “қазақ ұлты” не, екеуi бiр ұғым, бiр түсiнiк. Егер, бұндағы халықтың бәрi қазақ тiлiнде сөйлейтiн болса, қазақ мәдениетiнiң аясында топтаса алса, онда жаңағы пiкiрталастардың маңызы болмай қалады.

Бiзге талқылайтын бұдан өзге де тақырыптар жеткiлiктi. “Алаш” қозғалысының 90 жылдығын университет деңгейiнде ғана тойладық. Әзiрбайжанда парламенттiң және республиканың 90 жылдығы тойланып өттi. Бiздiң тарихпен Әзiрбайжан тарихы ұқсас. “Алаш автономиясы” дегенiмiз қазақтың алғашқы республикасы. Бiз оның 90 жылдығын бүкiл ел болып тойлауымыз керек едi. Бiздiң парламент 10 жылдығын атап өттi, күлкiлi. Алаш үкiметi мен ұлттық кеңес дегенiмiз — қазақтың үкiметi мен Парламентiнiң бастауы болуы тиiс едi. Оны неге ел болып атап өтпеске?! Дәл осындай мәселелер Кенесары көтерiлiсiне, ұлт-азаттық күрестерге байланысты тасада қалды. Бiзде талқылайтын тақырыптар жеткiлiктi. Бұлардың қасында “Мемлекеттiк тiл туралы заң” қажет пе, “қазақстандық ұлт па, әлде қазақ ұлты ма?” деген пiкiрталастар екiншi орынға ығыстырылады. Бiз ең әуелi басым бағыттар мен тақырыптарды айқындап алып, соның төңiрегiнде топтасуымыз қажет.

КЕНЕСАРЫ — ТӘУЕЛСIЗДIК КҮРЕСIНIҢ СИМВОЛЫ БОЛУЫ ТИIС

— Бiздiң қоғамда өткендi жоққа шығару iсi белең алып барады. Сiз “Алаш үкiметiнiң” 90 жылдығының елеусiз қалғандығын айтып отырсыз. Сондай-ақ, “Қазақ хандығының” 550 жылдығы да атаусыз қалды. Егер, Керей мен Жәнiбек хандар “Қазақ хандығын” құрмағанда, бүгiнгi Қазақстанның болуы да екiталай едi. Сол Керей мен Жәнiбектi бiз әлi күнге дейiн ұлықтай алмай келемiз. Оларға әлi ескерткiш орнатылған жоқ, көшелердiң есiмi берiлмедi. Жас ұрпақ санасына 1991 жылға дейiн қазақ мемлекеттiгi болмаған, деген түсiнiк қалыптастырып келемiз. Осы пiкiрлерге келiсесiз бе?

— Шынында, Елбасы деңгейiнде шешiлетiн, қордаланып қалған мәселелер өте көп. Жәнiбек пен Керей хандардың ескерткiшi жасалып қойған едi. Оны Қазақ елi монументiнiң аясына қоямыз деген. Бiрақ, неге екенiн бiлмеймiн, қойылмады. Немесе ол Астана қаласының әкiмiне ұнамады, немесе басқа да себептерi болды. Бiзде тарихқа байланысты пiкiрталастар көбейiп кеттi. Бұл тарапта билiктiң өзiндiк жiгерi байқалмайды. Тарих институты және басқа да осы саланы зерттейтiн институттар арасында өзара байланыс жоқ. Тарихи даталарды әркiм әртүрлi айтады. Бұл мәселеге мемлекет араласпаған соң, белгiлi бiр шешiмге келе алмай отырмыз.

Соның арасында мемлекетшiлдiк сананы қалыптастыру үшiн — мемлекеттiң тарихын, оның қашан құрылғандығын, қандай дәурендi бастан кешкендiгiн мемлекеттiк деңгейде насихаттау жағы кемшiн. Бұл мәселелерге нүкте қойылмай пiкiрталастар жалғаса беретiн болады. Бұл — ұлттың дамуына тежеу салатын пiкiрталастар.

Сол үшiн “Мәдени мұраның” келесi кезеңiн “Ұлттық мұра” деп айдарлау керек. Бұл кезеңде Қазақстанның саяси тарихына көбiрек назар аударылуы тиiс. Қазiр «Мемлекеттiң тарихы институты» құрылды. Басшысы болып белгiлi тарихшы Бүркiт Аяған тағайындалды. Ол институттың негiзгi алға қойып отырған мақсаты — жаңа заман тарихын зерттеу. Бұнда сол ежелгi тарихтағы ашылмай жатқан ақтаңдақтарды аршуға атсалысу қажет. Бұл да ұлттық идеология мен ұлттық идеяның iзденiсiне керi әсерiн тигiзiп отыр. Бiзде тарихқа деген бiртұтас ұлттық көзқарас қалыптастай, ұлттың дамуы тежеле беретiн болады.

— Кеңес одағы кезiнде Алматының орталық көшесiнен бастап, бүкiл облыс, аудан, ауылдардың орталық көшелерiнiң барлығы Лениннiң атында болатын. Бұның өзi бiртұтас идеология жасауда таптырмайтын ақыл едi. Ал, қазiр бiзде әр облыста, ауданда, әр ауылда әркiм өзiнiң батыры мен бағланының атына көше берiп қойған. Оның кiм екенiн басқа облыстан келген адам бiлмейдi де. Бiзде бүкiл халық боп ұлықтайтын тұлға жоқ па, жоқ идеология жоқ па?

— Осы мәселенi бiз де көтергенбiз. Бiз Ленин атындағы көшелердiң көбiн “Республика”, “Орталық”, “Достық”, “Тәуелсiздiк” секiлдi абстракт сөздермен ауыстырдық.

Абылайхан мен Әбiлқайыр ханның тұлғалары тарихымызда екiншi қатардан орын алады. Әрине, қазақ тарихында Жоңғармен соғыс кезiнде олар да маңызды рөл атқара бiлдi. Олар қазақ хандығының қалыптасу тарихында Жәнiбек, Керей, Қасым, Тәуке, Есiм хандардың деңгейiне жете алмайды. Абылайхан мен Әбiлқайыр олардың жасап бергенiн сақтап қала алды.

Ал бұлардың қасында тәуелсiздiк үшiн күрестiң символы — Кенесары хан бола алады. Сондықтан, Лениннiң орнына бiз Кенесарының тұлғасын ұлықтауымыз керек едi. Абылайхан — Қазақ хандығының сақталып қалуының символы болса, бiздегi басты құндылық тәуелсiздiк үшiн күрес болуы керек. Бiз Кенесары хан туралы кино да түсiре алған жоқпыз.

Жалпы, үш жүз деген ұғымнан құтылуымыз керек. Мұхтар Мағауиннiң үш би туралы “Қайда барсам да үш шал. Бұл қазақты тұтастыққа бастайтын емес, бөлшектеуге бастайтын идеология” деп айтып едi ғой. Мен осы пiкiрмен келiсемiн. Үш би — тұтастықтың символы емес. Үш жүз дегенiмiз федеративтiк принцип. Ол заман талабына сай, елдi басқару қиынға айналып, жан-жақтан қысым күшейгенде, Тәуке хандардың кiргiзген жобасы.

— Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары