ҮКIМЕТ “НҰРЛЫ КӨШ” БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ҮКIМЕТ “НҰРЛЫ КӨШ” БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ҮКIМЕТ “НҰРЛЫ КӨШ” БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
ашық дереккөзі
526

Осыдан сәл бiраз уақыт бұрын Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев көпшiлiк алдында “Нұрлы көш” бағдарламасының жобасын ұсынған едi. Бағдарлама жобасы Алматы, Астана қалаларында және елiмiздiң бiрқатар облыстарында таныстырылып, талқылаудан өткен болатын.

Бұл бағдарлама қоғамда бiрталай пiкiрталас туғызып, бұқаралық ақпарат құралдары оны талқылау барысына барынша атсалысқан болатын. “Нұрлы көш” бағдарламасының халықтың көшi-қонын реттеуге арналған бiрталай тұжырымды бағдарлама екендiгiн айта отырып, оның кемшiлiктерi мен жетiстiктерi де сараланған едi.

Осы аптаның басында бұл бағдарлама жобасын Үкiмет отырысында ұсынған Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев халықтың ұсыныс-пiкiрлерiн ескергендiгiн танытты. Онда негiзiнен жоба құнының және оның орындалу мерзiмiнiң анықталмағандығы және оралмандарға көрсетiлетiн нақты көмектер көрсетiлмегендiгi айтылған едi. Үкiмет алдына көпшiлiктiң талқысынан өткен, олардың ұсыныс-пiкiрлерi ескерiлген жаңа жобаны әкелген министр “Нұрлы көш” бағдарламасының жобалық сметасы мен оның орындалу барысын және оралмандарға көрсетiлетiн нақты көмектердi де көрсеткен екен.

Бiрiншiден, жоба 2009-2015 жылдарға арналған. Екiншiден, алғашқы кезең, яғни 2009-2011 жылдар аралығына бағдарламаны жүзеге асырудың жалпы шығыны 170,6 млрд. теңгенi құрайды. Үшiншiден, оралмандарды арнайы қоныстандыру мәселесi. Бұрынғыдай оралмандар өздерi қалаған мекендердi таңдамайды. Қазақстан Үкiметiнiң нұсқауымен орналасады. Бұл ретте, әрине, ешкiмдi мәжбүрлемейдi. Тек мемлекеттiң көмегiне ие болуға ниеттiлер ғана Үкiмет нұсқауымен қоныстанады. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi арнайы мекендерге қоныстанушыларға белгiлi бiр деңгейде коэфициент төлеудi де ескерiп отыр екен. Оралмандарды қоныстандыру елiмiздiң негiзгi үш аймағында – солтүстiк, орталық және оңтүстiк осiнде жүзеге асырылады. Мәселен, солтүстiк оське қоныстануға ниет еткендерге 2% коэфициент төлеу ескерiлген. Яғни, солтүстiкке қоныстанған 5 адамы бар бiр отбасына 1 миллион 100 мың теңге көлемiнде жәрдемақы төленбек. Орталық осьте – 440,0 мың теңгенi; Оңтүстiкте – 841,5 мың теңгенi құрайды.

Сондай-ақ, бағдарлама оралмандарды мамандығына орай жұмыспен қамтамасыз етудi де көздеп отыр. Аймақтардың еңбек ресурстарына қажеттiлiгiн, жұмыс берушiлердiң нақты мамандық түрлерiне сұранысын ескере отырып, еңбек күшiне квота бөлу механизмiн қолдануды мақсат етуде. “Бұл механизмге сәйкес үш жылдың iшiнде 60 мыңнан астам мигрант отбасылары қабылданады. Олардың жартысынан астамын Солтүстiк оське қатысты өңiрлерге жiберу көзделедi, бұл елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн аса маңызды серпiндi жобаларды iске асыруға қажеттi еңбек ресурстарына деген елеулi сұраныспен байланысты. Жобаға қатысушылардың шамамен, үштен бiрi Оңтүстiк оське қатысты өңiрлерде және қалған бөлiгi Орталық осьтегi облыстарда қоныстандырылатын болады” делiнген бағдарламада. Бағдарламаны iске асыру барысында елiмiз бойынша жалпы 76,5 мың адамды, оның iшiнде 35,8 % – өнеркәсiпте, 37,8 % – ауыл шаруашылығында, 20 % – қызмет көрсету саласында, қалған бөлiгi – бюджеттiк салада жұмыспен қамтылады.

Бағдарламадағы ендiгi бiр басты мәселе – оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесi. Бұл жерде, әрине, тегiн баспана берудiң заманы өткендiгiн ескеру керек. Бағдарлама баспанамен қамтамасыз етудi өсiмақысы төмен несиелер беру негiзiнде жүзеге асыруды көздеуде. Тұрғын үймен қамтамасыз етудiң жалпы шығыны республика бойынша қайтарма несие есебiнен 130,6 млрд. теңге құрайды. Әр аймақтағы қоныс аударушылардың бiрыңғай тұруына арналған құрылыстарға ерекше мән берiледi. Кемiнде 1 мың отбасы тұратын барлығы 28 бiрыңғай қоныс салу жоспарланған. Бұл жерде, оралмандардың тiкелей қатысуымен типтiк мекендер салу тәжiрибесiн қолдану ұсынылған (Шымкент қ. “Асар”, Алматыдағы “Байбесiк” ықшам аудандары). Бағдарламаға қатысушы тұрғын үйiн кепiлге қою арқылы он жылдық мерзiммен 4,5% өсiмақысымен тұрғын үй несиесiн ала алады.

Сондай-ақ, бұл бағдарламаға оралмандармен қатар, дағдарысты аймақтардан дамыған аудандарға қоныс аударуға ниет етушiлер де қатыса алады. Бұған дейiн ескерiлмей келген iшкi көшi-қон мәселесiне де арнайы мемлекеттiк квота бөлу iсi де қарастырылады екен. Бұл бағдарламаға орай өз ойын бiлдiрген вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев:

– Бiз жылына мемлекеттiк көшi-қон квотасы бойынша, 15 мың отбасын қабылдап, олардың әрқайсысына жәрдемақы ретiнде 800 мың теңге берiп, өз күнiңдi өзiң көр деп келдiк. 800 мың теңгеге баспана сатып ала алмайтыны түсiнiктi. Сондай-ақ, оларды аймақтарға бөлiп орналастыру да болмаған. Олардың барлығы өздерiне климаты жайлы келетiн Оңтүстiк пен Батыс өңiрлерге шоғырланып алған. Сөйтiп, проблема тудыруда, – дейдi.

Демек, бағдарламаның көшi-қон процесiн реттеуде бiршама ықпал ететiндiгi айқын.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары