НАН БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙ МА?

НАН БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙ МА?

НАН БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙ МА?
ашық дереккөзі
183

Иә, наннан үлкен ас жоқ. Адамның бiрiншi қажеттiлiгi де нан. Сондықтан да оның қымбаттамағанын, бағасының тұрақты болғанын қалаймыз. Сонымен әркiмнiң көкейiнде күнi бұрын көлденең тұрған жоғарыдағы сұраққа оралайық. Келер жылы нан бағасы қымбаттай ма? Жаман айтпай жақсы жоқ. Ал қымбаттай қалса ше?.. Бұл да мүмкiн ғой. Неге? Биылғы күз былтырғыдай болмады. Бар ризығын төгiп-шашып берген жоқ. Көктем мен жаздағы жауын-шашынның аздығынан жерге қажеттi мөлшерде ылғал түспедi. Күн ысып, қырдағы астық өнiп, өспей жатып-ақ күйiп кеттi. Қысқасы, құрғақшылықтың көкесi болды. Осыдан кейiн көкейге күдiк қайдан келмесiн.<br>

Өткен аптада ауылшаруашылық еңбеккерлерiн күтпеген жағымды жаңалық елең еткiздi. Үкiмет кезектi мәжiлiсiнде елдi азық-түлiкпен тұрақты қамтамасыз ету үшiн алдағы үш жылғы ауылшарауашылығына республикалық бюджеттен 350 миллиард теңге бөлетiн болды. Иә, бұл аз ақша емес. Көңiл қуантар қомақты қаржы. Әсiресе қазiргi Америкадан бастау алып, Еуропаны састырып, әлемдi дүрлiктiрiп жатқан қаржы дағдарысы жағдайында. Бiздегi азулы деген банктердiң өзi бұрын да ауылшаруашылығына болмашы несиенi тартынып, лажсыздан зорға берушi едi. Тiптi соңғы уақытта оны да көпсiнiп, беруге қауқарлары болмай қалды. Ендi Үкiметтiң ортақ қазаннан бөлген сол қаржысы орнымен жұмсалса деңiз.

Бұл қаржының ауылшаруашылығының негiзгi салаларына бөлiнетiнi анық. Қай саласына қанша қаражат жұмсалатынын тиiстi министрлiк жоспарлап жатқан да болар. Оны Парламент депутаттары талқыға салған кезде жылдық жұмсалатын қаржыға тағы да үстеме қосатын шығар деген алып-қашпа сөз бар. Оған уақыт төрешi.

Иә, қазiр ең басты әрi негiзгi мәселе – азық-түлiк. Биылғы құрғақшылықтан бiрқатар облыстар өздерi жоспарлаған астықты жинай алмады. Диқандардың еңбегi еш болды. Тiптен шығарған шығындарын да өтей алмаған шаруашылықтар аз емес. Тек Қостанай мен Ақтөбе облыстарының дихандары ғана дiттеген межелерiне жеттi. Бұған да мың да бiр шүкiр.

“Шөженi күзде сана” демекшi астық науқанының нәтижелерiн қорытындылайтын кез келдi. Республика бойынша қанша астық жиналып, қамбаға түстi?

Ауылшаруашылығы министрлiгiнiң мәлiметiне сенсек бүгiнге дейiн республика бойынша қамбаға түскен астықтың көлемi 17,3 миллион тонна екен. Қырманда әлi кептiрiлмей, кебектен тазартылмай жатқан астық бар көрiнедi. Ендi бiрер айда соларды қамбаға түгел құйып, әлгi көрсеткiштi 17,5 миллион тоннаға дейiн жеткiзбекшi.

Үкiмет осыдан екi ай бұрын тұрақтандыру қорын жасау туралы шешiм шығарды. Сол мақсатқа арнап 7,2 миллиард теңге бөлгенiн бiлемiз. Содан берi 600 миллион 548 мың тоннаға тиiстi келiсiм-шарт жасалынса керек. Ал мемлекет жылдағыдай қорға сатып алынатын 400 мың тонна астық үстiмiздегi айдың соңына дейiн толық орындалады деп отыр.

ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрi Марат Оразаевтың айтуына қарағанда, сол жиналған 17,5 миллион тонна астықтың 5,6-6 миллион тоннасы экспортқа шығарылатын сияқты. “Ал қалған астық ел iшiндегi нан өнiмдерiне деген қажеттiлiктi толық өтейдi”, – дейдi.

Сонымен келер жылы нан бағасы өспейдi ме? Оразаев биылғыдай күрт өспейтiнiне кепiлдiк бередi. Өйткенi Үкiметтiң соған алдын ала шаралар қарастырып қойғанын алға тартады. Соған сәйкес 600 мың тонна астық сатып алынған. Облыстардың өздерi жинаған астық ресурстары жетпей жатқан жағдайда сұраныстары бойынша қажеттi мөлшерiн босататын тәрiздi.

– Ең бастысы астық қазiргi сатып алынған баға бойынша босатылатындықтан нанның құны күрт өспейдi, – дейдi Оразев.

Оның күрт өспейдi дегенiне қарағанда аздап болса да бағада өзгерiс болуы мүмкiн-ау, деген күдiк көңiлге ұялайды. Дана халық: “Үйдегi бағаны базар бағасы бұзады” – деген емес пе. Нарықтық қатынаста тұрақтылық болмайтынына бүгiнде жұрттың көзi әбден жеттi. Былтыр және алдыңғы жылдары елiмiздiң диқандары бiр миллиард пұт астық жинағанда жұрт қуанғаннан “Нан арзандайтын болды!”, – деп бөрiктерiн аспанға атқан жоқ па едi. Керiсiнше, нан бағасы екi есеге жуық өсiп шыға келдi. Ау бұл қалай дескен жұртқа министрлiктегiлер ауылшаруашылығына шығарған шығын көп деп тайқып шыға келдi ғой. Сол жылдары экспортқа шығарған астық қаншама. Содан түскен көл-көсiр пайда шығынды жаппады дегенге кiм сенедi. Әйтеуiр олардың сыныққа сылтаулары көп.

Биылғы астық жиыны аз. Жағдай қалай болар екен? “Аздың да берекетiн берсiн” – деп тәубашыл жұрт Үкiметке үмiтпен қарап отыр.

Келер жылы да қуаңшылық болмаса екен деңiз.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары