ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС: ТОЛҚЫНДАР ЛЕГI

ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС: ТОЛҚЫНДАР ЛЕГI

ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС: ТОЛҚЫНДАР ЛЕГI
ашық дереккөзі
267

Инфляция, рецессия, жұмыссыздық, қаржы жүйесiндегi қиыншылық, қор нарығындағы қарбалас… Әлемдiк экономика қаржылық дағдарыспен күреске ден қойды. Тоқыраудың екiншi толқынымен арпалысқан әлем үшiншi толқынның екпiнiн сарапқа салып әлек.

Халықаралық қаржы қорының пiкiрiнше, кәрi құрлықтағы банктердiң көпшiлiгi жүргiзiп отырған саясаттарының бұрыстығы кесiрiнен көп кешiкпей-ақ банкротқа ұшырайды. Бұрынғы ас та төк несиенiң келмеске кеткенiн ескерсек, қаржылық құрылымдар бiрiгуге немесе iшкi несиелендiру жүйесiне ғана иек артуға мәжбүр. Жарты жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргiзген ХҚҚ мамандары келесi жылы экономика өсiмi толығымен тоқтайтынын ескертедi. Келесi жылы Батыстағы 15 елдiң экономикалық өсу қарқыны 0,2 пайызға теңгерiлмек. Былтыр тамызда ипотекалық дағдарыстан басталып, қаржылық дағдарысқа ұласқан қаражат тапшылығы Еуропадағы қаржы жүйесiне кесiрiн тигiздi. Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының тым қымбаттауы, инфляция деңгейiнiң өсуi, доллардың әлсiреуi, жұмыссыздар санының артуы, тұтынушылық сұраныстың төмендеуiнен экспорт көлемiнiң күрт қысқаруы, қаржылық құрылымдардағы қарбалас секiлдi басқа да қиындықтардан құтылудың жолдарын қарастырған еуропалық шенеунiктер басқосуды жиiлеттi. Вашингтон, Париж, Брюссель… Қызу пiкiрталастардың қайнар көзiне айналған әлемдiк астаналар тығырықтан шығар жолды әзiр ұсына алар емес. Бiрақ Батыс пен АҚШ, азиялық елдер қолдан келер қайранды жасап бағуда. Екi апта бұрын Еуропадағы орталық банктер ставкаларды тағы төмендеттi: Американың Федералдық қаржы жүйесi – 1,5 пайызға, Еуропалық Орталық банк – 3,75 пайызға, Ұлыбритания банкi – 4,5 пайызға, Канаданың банкi – 2,5 пайызға, Швецияның Орталық банкi – 4,25 пайызға. Қаржылық дағдарыстың экономика қарқынына керi әсер еткенiн ескерген батыстық қаржыгерлер осындай тоқтамға келдi. Кәрi құрлықтағы жаңалық Азияны айналып өтпедi: Оңтүстiк Корея – 5 пайызға, Тайвань – 3,25 пайызға, Гонконг 2 пайызға төмендеттi. Ипотекалық дағдарыстан басталған әлемдiк қаржылық дағдарыстың екiншi толқынымен арпалыс жүрiп жатыр. Әлемдi алаңдатқан – үшiншi толқынмен күрес мәселесi. Әзiрге мұнай, металлдар, ауыл шаруашылығы өнiмдерiне деген халықаралық нарықтағы сұраныс рецессиялық ширығуға жол бермейтiнi көңiлге медет.

Қаржылық дағдарысты шиеленiстiрмеудiң амалын қазақ билiгi де жасап жатыр. Сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыста “Қазақстан Республикасының 2008 жылға арналған республикалық бюджетi туралы Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы” заң жобасы мақұлданды. Алғашқы нұсқасы едәуiр өзгерiске ұшыраған бюджеттiк құжатта толық игерiлмеген қаражат 32 млрд. теңге көлемiнде болады деп болжануда. Сондай-ақ, Үкiмет күтпеген жерден орын алуы мүмкiн шараларға деп бөлген қаражатты 20 млрд. теңге деп бекiттi. Премьер-министр К.Мәсiмов қаржылық дағдарысқа қарсы қолданатын шаралардың бiрi ретiнде үстiмiздегi жылдың соңына дейiн ел экономикасына 15 млрд. доллар көлемiнде қаражат бөлiнетiнiн айтты. Оның 5 млрд. доллары күнi кеше ғана құрылған “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының еншiсiне бұйырмақ. Iшкi жалпы өнiмнiң 15 пайызына теңгерiлетiн 15 млрд. доллар республикамыздағы шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, өндiрiс ошақтарын ашып, жұмыссыз жүрген отандастарды жұмыспен қамтуға жұмсалуы тиiс. Сондай-ақ игерiлмеген қаражат та баяғыдай керi қайтарылмайды, керiсiнше, “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының қаржылық қуатын арттыруға бағытталады.

Бұған дейiн отандық банк саласындағы қаржылық қиындықтарды шешуге арналған Стрестi активтер қорындағы ақша 1 млрд. долларға жеткiзiлетiндiгi белгiлi болған едi. Апта басында Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов аталған қордағы соманы 1 млрд.-қа жеткiзу үшiн 52 млрд. теңге бөлiнетiндiгiн хабарлады. ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң айтуынша, елiмiздегi екiншi деңгейлi жекеменшiк банктерге қойылатын ең төменгi резервтiк талаптар төмендетiледi. “Бұғаудан” босаған 4 млрд. АҚШ доллары (жоспарланған мөлшер осы) банктердiң айналымға салатын қаражат көлемiн арттыруға мүмкiндiк алмақ.

Тағы бiр жаңалық, Қазақстандағы мұнай мен газ саласынан түсетiн салықтардың бәрi Ұлттық қорға құйылады. 2008 жылға арналған республикалық бюджеттiң кiрiс бөлiгi 2 трлн. 729,65 млрд. теңге көлемiнде, ал шығыс бөлiгi – 3 трлн. 64 млрд. теңге, дефицит – 334,35 млрд. теңге (2008 жылға жоспарланған IЖӨ-нiң 2,1 пайызы). Қазiргi кезде Қазақстанның Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 51 млрд. доллардан астам қаражат бар. 17 қазан күнгi отандық тележурналистермен кездесуiнде Н.Назарбаев Қазақстан халқына әлеуметтiк тұрғыда қолдау көрсететiн бағдарламалардың барлығын жүзеге асыруға қаржылық қиындық кедергi келтiрмейтiнiн айтты. “Мемлекеттiң басты мақсаты – халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Адамдардың әлеуметтiк ахуалы Қазақстан экономикасы дамыған кезде ғана жақсарады. Ұзақ жылдар бойы мен халыққа Жолдауларымда азаматтарды әлеуметтiк қолдауға бағытталатын қаражат көлемiнiң ұлғайтылғанын айтып келемiн” деген Президент үстiмiздегi жылдың 2 қыркүйегiнде Парламент сессиясының ашылуында 2009 жылы зейнетақы мен бюджеттiк салада қызмет ететiндердiң жалақылары 25 пайызға, 2010 жылы тағы да 25 пайызға көбейетiнiн мәлiмдегенiн айтты: “Мұның барлығы жүзеге асырылады. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, отбасында дүниеге келген әрбiр екiншi балаға жәрдемақы төлеу, мүгедектiкке байланысты берiлетiн жәрдемақы көлемiн өсiру де бар”. Ресми деректеге сүйенсек, бiлiм саласын қаржыландыру биыл 7 есеге артқан, ал денсаулық сақтау саласындағы жаңалық – 5-6 есе. Алдағы 3 жылда елiмiзде 245 мектеп, 20 интелектуаллдық мектеп, 1100 балабақша, 100 аурухана салынады.

Бүгiнде дүниежүзiн энергетикалық қауiпсiздiкпен бiрге азық-түлiк қауiпсiздiгi де алаңдатып отыр. Қаржы дағдарысы ауыл шаруашылығына қатер төндiрмес үшiн әрi азық-түлiк дағдарысының алдын алу мақсатында, Үкiмет инвестициялық саясатты күшейтудi қолға алмақ. Өткен аптаның соңына қарай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен “ҚазАгро” ұлттық холдингi тарапынан ұсынылған жалпы құны 350 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаны Үкiмет бiрден қолдады. Алдағы 3 жыл iшiнде жүзеге асыру көзделiп отырған жоба 260 жаңа өндiрiс орындарын ашуға және 35 мың адамды жұмыспен қамтуға арналған. Отандық өнiмдердi, әсiресе, мал шаруашылығы мен астықты экспорттаудың балама жолдарын көбейту мәселесiне баса назар аударылуда. Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев аталған саладағы техника мен технологияны заманауи үлгiге көшiрiп, отандық өнiм бағасын арзандатуға баса назар аудару керектiгiн айтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары