ТАРИХИ ТАС ТӨРIНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

ТАРИХИ ТАС ТӨРIНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

ТАРИХИ ТАС ТӨРIНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
272

Мәдениет, саясат және өнертану институтының 1-қазанда өткен “Домбыра – әлемдiк мәдениеттiң ғаламат құбылысы” форумында Жұмагелдi Нәжмеденовтың “Қоңыр үндi домбыра” атты үш тiлдi кiтабының мұқабасында бейнеленген тақтатастың мұражайдан жоғалғандығын бiлдiк. 1986 жылы белгiлi этногроф ғалым Жағда Бабалықұлы Майтөбе жайлауынан домбыраның суретi мен оның артында бес адамның билеп тұрғаны бейнеленген тасты тауып Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық мұражайға тапсырады.

Домбыраның 6 мың жылдық тарихын дәлелдейтiн жәдiгердiң жоғалғандығы жанымызды жабырқатты. Санкт-Петербургте өткен ғылыми конференцияда тастағы жазулар мен оның мәнiн түсiндiрiп, ғалымдарды мойындатқан Жұмагелдi Нәжмеденов тастың мұражайға әкелiнгенi туралы анықтамаларды ақтарып жүрiп “ 1993 жыл, тас жоқ “ деген жазуды көргенiн айтады. Содан берi 15 жыл бойы жәдiгер халық саз аспаптары мұражайынан көрiнбеген. 6 мың жылдық тарихы бар асыл мұраны аяқасты еткен кiм? Жағда Бабалықұлы “ Ана тiлi “ газетiнiң тiлшiсi Қанат Әбiлқайырмен бiрге қолды болды деген құнды тасты қайта тапқандарын айтып сүйiншi сұрады. “ Мұражай мен Офицерлер үйiнiң арасында көптен қараусыз қалған лас қоймадан тапқан тасты жуып-тазаладық. Ұзындығы 1 м, 30 см. қалыңдығы 80 см.түсi қара. Домбыра мен артында билеп тұрған бес адамның бейнесi өшпеген екен. Бiр топ дос балалармен көтерiп мұражайға кiргiзiп қойдық”, – деп қуантты Қанат. Бiр өкiнiштiсi тастың сол жерде жатқанын мұражай қызметкерлерi бiлген екен. Мұндай күйге түсуiне не себеп, кiм себепкер екенiне тек бiр ғана түсiнiк бар. Ол, қазақ тарихына, ұлттық құндылықты қорғауға қарсы былжырақ, арамза ойлар мен кертартпа пiкiрдегi барды бағалай бiлмегендердiң iсi екенi ашуға тиедi. Кiнәлiлер табылған тастың тасасында қалып қоймай тиiстi жазасын алуы керек, әрине. Ал қуаныштысы ұлттық аспаптың, мәдениеттiң сонау неолит дәуiрiнде де бар болғандығын көрсететiн тарихи жәдiгердiң мұражайға қайта оралуы, өзiне лайық орынға қойылғаны. “Кемедегiнiң тiлеуi бiр” демекшi өнер, мәдениет, тарих жанашырларының бiр мақсатқа жұмылудағы алғашқы нышандары осылай басталып, Мәдени саясат және өнертану институты ұлттық құндылықтарды қорғауда бұрынғысынан да белсендi түрде жұмыс жасауда.

Манар ӘЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары