ЕЛ ҚАМЫН ЖЕГЕН ҚОЖБАНБЕТ

ЕЛ ҚАМЫН ЖЕГЕН ҚОЖБАНБЕТ

ЕЛ ҚАМЫН ЖЕГЕН ҚОЖБАНБЕТ
ашық дереккөзі
1159

Ұлы жүздiң Суан руынан шыққан Қожбанбет-би шамамен 1815 жылдары дүниеге келiп, 16 жасында би атанған деген деректер ел арасында өткен ғасырдың 50-жылдары көп айтылды. Сонда, 16 жасар балаң жiгiт, әлi ел танымай жатып, қалай би атағын алған? Тектен-тек би болу әркiмнiң қолынан келе бермейтiнi мәлiм. Ол кезде “би” лауазымын тағайындап, немесе сайлап бермейдi. Билiкке қол жеткiзу үшiн, алдымен Қожбанбеттi елi тану керек және бүкiл Жетiсуды билеп отырған Тезек-төре мойындау керек.

Сонда, кең алқапта хандық құрған, ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс, тәкаппар Шыңғыс тұқымы Тезек-төре әлi жас, бозбала Қожбанбеттiң билiгiне бiрден қалай мойындады. Мұнда қандай сыр бар? Мiне, осы туралы өз естiгендерiмдi оқырмндарға жеткiзбекпiн. Мен, Алматы облысы, Панфилов ауданы, Анталы ауылында туып-өскен азаматпын. Бұл жер, сол Қожбанбет-бидiң қоныстанған мекенi. Яғни, осы ауылдың кәзiргi тұрғындарының басым көпшiлiгi, сол Қожбанбет-бидiң аталас-туыстары немесе ұрпақтры. Қожбанбет би туралы әңгiменi, мен 1955-60 жылдары ауыл ақсақалдарынан көп естiдiм. Менiң әкем Дуанбеков Сабаншы ол кезде колхоздың жылқысын бақты. Ауыл бойынша қымыз ашытатын бiздiң үй болатын. Қымызға жан-жақты ауыл ақсақалдары, ағайын-туған жиналатын, әңгiме-дүкен құратын. Менiң әкемнiң iнiсi Дуанбеков Сәбден – өте әңгiмешiл, шежiрешi кiсi едi. Ол кiсi шамамен 1897 жылы туып, 1963 жылы қайтыс болған. Осы, кiшi әкем Дуанбеков Сәбден және ауыл ақсақалдары Сәлмекеев Беке шамамен (1892-1921), Райымбек (1890-1969), Шәмет (1893-1967), Мұқа (1896-1976), Құсайын (1890-1964) және тағы басқалардың әңгiмесi көбiнесе Қожбанбет-би төңiрегiнде өрбитiн. Осы кiсiлердiң айтуы бойынша 18 ғасырда Суандар бұрынғы Түркiстан, кәзiр Қытайдың Шыңжаң деп аталатын өлкесiн жайлаған көрiнедi. Ол кез қазақ халқы үшiн қиыншылығы мол, жоңғар басқыншыларының “шаңы” әлi де басылмаған кезеңдер болуы керек. Қытайдағы Суан елi, әлде болашағын ойлады ма, әлде қонысы жәйсiз болды ма, әйтеуiр ел ақсақалдарының ұйғаруымен 18 ғасырдың басында, Қорғас асып, жаңа қоныс iздеп Жетiсуға көшедi. Алдымен қоныс аударған Суанның Тоқарыстан ұлынан тараған ұрпақтары. Суанның екiншi ұрпағы Бәйтүгейден тараған ел Қытайда қалып қояды. Үдере көшкен ел, шекара асысымен Тезек-төре жасауылдарының қақтығысына тап болады. Олар малға суат, жайылым, елге қоныс бермей, күнде түртпектеп, керi қарай ығыстырады. Ел қатты қиналады, мал арасынан өлiм-жiтiм көбейедi. Тығырыққа тап болған жұрт, қоныс таба алмай, дағдарысқа ұшырайды. Ел ақсақалдары жиналып, ақылдасып қоныс сұрау үшiн, арасынан 4-5 билiгi бар, байлығы бар беделдi ағайындарын Тезек-төреге жiбередi. Бiрақ осының бәрiн бiлiп, сезiп жатқан Төре жасауылдарын тосқауылға қойып, оларды орда маңына жолатпайды. Ел қатты қиналады. Мiне, осы кездерi Қожбанбет 16 жасқа толған, балаң жiгiт шағы болса керек. Барлық қиындықты көзiмен көрiп, көкiрегiмен тоқып жүрген жас жiгiт, ел ақсақалдарына келiп, Тезек-төреге: “Менi жiберiңдер!” деп, өтiнiш жасайды. Ақсақалдар оған: “ Сен әлi жассың, босқа төренiң жендеттерiнiң найзасының ұшында кетесiң” деп рұқсат бермейдi. Күннен-күнге ел жағдайы әбден нашарлайды. Халықтан күндiз күлкi, түнде ұйқы кетедi. Ауыл ақсақалдары жиналып төреге қайта аттанады. Төренiң жасақшылары оларды ұрып-соғып қайта қуады, ордаға маңайлатпайды. Қожбанбет ақсақалдарға қайта өтiнiш жасайды, менi жiберiңiздер деп, Төренiң қабылдамасын бiлген, амалы таусылған, барар жер, басар аяқ қалмаған ру басшыларына барсаң бар, бiрақ сақ бол деп баталарын бередi. Қожбанбет жалаң қылыш асынып, төре ауылына жалғыз аттанады. Жаңғыз атты адамның келуi де, кетуi де елеңсiз мезет болуы керек. Оның үстiне жоқ қарап жүрген жалғыз аттылар да баршылық болса керек, әйтеуiр Қожбанбет еш тоқтаусыз, тапа-тал түсте төре ауылына жетедi. Тезек-төре ордасына түс кезiне паналап баруды таңдап алуы де тегiн емес көрiнедi. Өйткенi төре ауылы түскi астан соң қалың ұйқыға бас ұратын мезгiл болса керек. Қожбанбет қалың киiз үйлерден 12 керегелi төре отауын бiрден ажыратады. Есiк алдында найзаларын айқастыра ұстаған, ұйқыға шыдай алмай, қалғып-мүлгiп әрең тұрған екi жасауылды көредi. Қожбанбет үйдiң жанына келiп, аттан түсiп, есiкке жақындайды. Жасауылдар көздерiн ашып, аң-таң боп естерiн жия алмай тұрған кезде, Қожбанбет қылыштың қырымен ұрып, екеуiн құлатады. Ол, шұрақ қылышымен ақ ордаға кiредi. Ол кезде Тезек-төре төрде, құс төсекте терiс қарап ұйықтап жатқан көрiнедi. Табалдырықтан аттай сала “Ассалаумағалайкум” деп сәлем бередi, бiрақ төре қимылдамайды. Қожбанбет жерошақ жанына кеп, сәлемiн қайталайды, бiрақ төре үнсiз жата бередi.Ол шапшаң қимылдап, төренiң жанына кеп, сәлемiн айғайлай қайталайды. Төре үнсiз, қимылдамай жата бередi. Қожбанбет қылышын қыннан суырып алған кезде, төре қарғып тұрып, “Уағаликумассалам” деп, сәлемiн алады. Ол қылышын қынға қайта салып, қолын созады. Төре Қожбанбеттiң қолын алып, отыруға ишарат жасап жатқан кезде, есiн жиған жасауылдар, ойбай салып, үйге кiредi. Олар қошеметпен жас жiгiттiң қолын алып, төрге отырғызып жатқан төренi көрiп, iзет жасап, артымен шегiнiп, үйден шығады. Одан әрi Қожбанбетке арнап мал сойылады, қонағасы берiледi. Қонағасы желiнген соң Тезек-төре: “Сендер кiмсiңдер, қайдан басып жүрген елсiңдер?” деп, жөн сұрайды. Қожбанбет көштiң мән-жайын айтып бередi. Төре Қожбанбеттiң кетер кезiнде қымыздан соң оның бұйымтайын сұрайды. Сол кезде Қожбанбет Жоңғар Алатауын нұсқап, “Қорғасқа дейiнгi қара күнгейдi сұрай келдiм” деген екен. Тезек-төре сәл ойланып отырып, жасауыл басшысын шақырып: “Босатыңдар қара күнгейдi, мыналар қоныстансын!” деп тапсырма бередi. Мiне, содан бастап 16 жасар Қожбанбет, би атанып, Тезек-төренiң ақылшысы, досы және II биiнiң бас биi болып ғұмырын өткiзген. Тезек-төренiң жанында Қожбанбеттiң аты да, атағы да шарықтап тұрған кезде, бiр дауға билiк айтуға барған Қожбанбетке “бiреу” сен неменеңе жетiсiп билiк айтпақсың? Мықты болсаң анау Қытайда қаңғырып жүрген Суандарыңды жинап ал”, деп табалайды. Қожбанбет би сол даудан қайтқан соң, көп ойланбай атқа қонады. Ар жақта қалып қалған, Суанның Бәйтүгей ұлынан тараған елге аттанады. Ол, Қытайдағы Бәйтүгей ұрпағын түгелiмен бiр түнiнiң iшiнде Жаркент өңiрiне көшiрiп әкелдi. Оларды “Өсек” өзенiнiң арғы бетiн алып жатқан алқапқа қоныстандырады. Ал, Тоқарыстан ұрпақтары “Өсектiң” бергi бетiндегi, төре ордасына дейiнгi созылып жатқан жердi иемденедi. Кейiн, өзi дүниеден өтер шағында, ол ағайындарына: “Менi “Өсек” өзенiнiң басына апарып, жерлеңдер, Суанның екi баласының басын қосып жатайын” деп өсиет қалдырған. Онысы орындалды деуге болады, өйткенi ол кiсiнiң мазары кәзiр “Өсектiң” бас сағасында тұр. Мiне, содан берi кәзiргi Жаркент өңiрiнiң қазақтары Қорғас өзенiнен бастап, Алтынемел тауының шығысына дейiнгi алқапты өзiнiң атамекенi санайды. Бүкiл бiр рулы елге қоныс-мекен тапқан, елдi елге қосқан, халықтың тұтастығын, болашағын ойлаған Қожбанбет би, өз заманының белсендi қоғам қайраткерi, iрi тұлғасы екенi даусыз. Осы елдiң кейбiр ғылымсымақтарының: “Ондай билер көп-қой, оларды неменеге дәрiптеймiз” дейтiндерi де бар. Өткендi ұмытып, елдiң осы жағдайға қалай жеткенiн бiлмеу, сезбеу, ел арасына қисық пiкiр тарату, тарихты бұрмалау нағыз көргенсiздiк емей немене! Өз заманының белдi азаматы, қоғам қайраткерi, Тезек-төре, Сүйiнбай-сынды биiк тұлғалардың үзеңгiлес жолдасы Қожбанбет би есiмi, даңқы әр қашанда ұрпақтар есiнде қалуы керек. 2002 жылы Панфилов ауданы бойынша, ол кiсiнiң есiмi жалғыз мектепке ғана берiлдi. Бұл дұрыс та шығар, бiрақ Қожбанбет бабаның өресiн, кезiнде өз елiне сiңген ерен еңбегiн, жалғыз мектеппен шектеуге болмайды. Бүкiл бiр рулы елдiң тағдырын шешкен бабаның атымен, бүкiл елiн өз қолымен қоныстандырған ауданы аталса тарихи әдiлеттiлiк қалыптасар едi.  
Мәжит САБАНШИЕВ
 

Серіктес жаңалықтары