ӨЗIҢНЕН ШЫҚПАЙ ЕР БОЛМАС

ӨЗIҢНЕН ШЫҚПАЙ ЕР БОЛМАС

ӨЗIҢНЕН ШЫҚПАЙ ЕР БОЛМАС
ашық дереккөзі
179

Велоспорттан “Тур де Франс” көпкүндiк жарысы өтiп жатқан. Бiздiң “Астана” клубының велошабандоздары Александр Винокуров пен Андрей Кашечкин қашан алға шығады деп тақымымызды қысып, тағатсызданып отырдық. Мәреге жақындаған сайын ара-арасында: “Өй, ұмтылсайшы!”, “Өй озсайшы!” – деп қопаңдап қозғалақтап қоямыз. Ал олардың шұбатылған топтың ортан белiнен де алға жылжыр түрi жоқ. Сол кезде үйге ауылдағы дос-жаранның студент балалары келдi. Теледидардың көгiлдiр экранынан көз алмай, табжылмай отырғанымды көрiп, Берiк: “Көке, бұларға несiне жанкүйер боласыз. Құрамында бiр қазақ та жоқ” — деп қолын бiр-ақ сiлтей салды. Жөн сөз. Өрекпiген көңiлiм су сепкендей басылды. Қайрат: “Бұл өте қымбат жарыс. Қатысу үшiн де қыруар ақша жұмсалады. Елiшiлiк веложарыста көзге түсiп жүрген өз жiгiттерiмiз бар ғой. Озса да, озбаса да соларды қоспай ма. Қайран қазақтың қаржысы-ай!” — дедi өкiнiштi сыңаймен.

Сол-ақ екен менi оғаш ойлар меңдеп алды. “Шынында бұл көпкүндiк веложарыс кiмге, не үшiн керек? Жәй Астананың атын жарнамалау үшiн бе? Түптеп келгенде жастардың рухын көтеру үшiн емес пе? Ал сол жастардың айтып отырғаны мынау. Өздерi үшiн өзгелердiң жарыс жолына шаққандарын намыс көрiп отыр. Сонда ғой деймiн Қазақстан велоспорт федерациясы қай елдiң әрi кiмнiң сойылын соғып отыр? Қашанғы жатжұрттықтарды жарылқай бередi? “Сенген серкем сен болсаң, күйсегенiңе болайын” деген екен бiреу. Көп ұзамай-ақ Винокуровы “допинг” қабылдаған деп жарыс жолынан шығып қалды. Артынша ай өтпей жатып-ақ Кашечкин де соның кебiн кидi. Содан кейiн “Астана” клубы “Тур де Франс” көпкүндiгiнен шеттетiлдi. Сол-ақ екен оларда “Джиро д^ Италия” көпкүндiктерiн ұйымдастырушылар аттондарын ала қашты.

Велоспорт федерациясы клубтың менеджерi Марк Биверге қолынан iс келмедi деп бар кiнәнi артып мiндетiнен босатты. Орнына американдық Йохан Брунельдi шақырып, келiсiм-шарт жасасты. Ал ол клуб құрамасын түгелге жуық ауыстырды.

“Астана” құрамына кiргiсi келетiн шетелдiк велошабандоздар көп. Неге? Өйткенi командаға бөлiнген қаржы қыруар. Олар жарыс жеңiмпазы болмаса да қомақты ақшаны қалталарына салатындарын жақсы бiледi. Бас менджер Иохан Брунель құрамаға 29 спортшыны қабылдады. Солардың 8-i ғана өз жерлестерiмiз. Оның iшiнде бiреуi ғана Асан Базаев – қазақ. “Арпа iшiнде бiр бидай”. Сол қазақтың бар-жоғы аналардың арасынан көрiнбейдi де. Йохан Брунель Испаниядан әйгiлi велошабандоз Альберто Контадорды және басқа елдерден бiраз велоспортшыларды шақырды. Олардың анау-мынау ақшаға келе қоймасы бесенеден белгiлi. Көк байрағымызға ұқсаған, турасы ырымдап әдейi тiккiзген спорттық жарыс үлгiсiндегi киiмiмiздi жатсынды ма, оны да басқалау түске, түрге ауыстырды. Жарайды велошабандоздар озып, айымызды аспанға шығарса болды деп оған да көндiк. Ал өзiмiздiң Халықаралық дәрежедегi спорт шеберлерi Александр Килыбаев пен Руслан Досмайылов сондай-ақ республикалық жарыстарда алдарына жан салмай жүрген Тимур Назаров, Бақытжан Қожаниязов, Асхат Қабдеш секiлдi велошабандоздар тағы да назардан тыс қалды. Ұлттық баспасөз өкiлдерiнiң газет-журналдарға қайта-қайта жазуымен былтыр ғана “Астана” клубына Берiк Көпешовтi қабылдады. Алайда оны да iрi жарыстарға үнемi қоса бермейдi. Проскурин қазақтан Советтiк дәуiрде әлемдiк жарыста топ жарып алтыннан алқа таққан Марат Сатыбалдиев секiлдi велошабандоздың шыққанын ұмытқан тәрiздi. Тiптен ұлттық спортшыларға Республика велоспорт федерациясының басы ауырмайтын сияқты. Өйткенi әдеттегiдей сенiмсiздiкпен қарайды. Жылдың басында допингке қарсы шаралар үшiн Халықаралық велоспорт федерациясының қоржынына 460.000 евро салып, жалынып жалпайып жүрiп Испаниядағы “Вуэльта” көпкүндiк жарысқа қатысатын болдық-ау, әйтеуiр.

Йохан Брунель: “Альберто Контадор бастаған құрама жарыста алдарына жан салмай Қазақстанға бедел алып бередi” — деп сендiрген соң бәйгенi шаппай алатындай болып бiз отырдық. Иә, жекелеген жарыста Альберто Контадор жеңiмпаз атанды. Команда құрамындағы американдық Леви Лейфаймер де сол сайыста Контадордан өзiнiң артық болмаса кем емес екенiн дәлелдедi. Команда басшыларының ұйғарымы бойынша басқа велошабандоздар Контадорға атқосышылық жасаумен шектелдi.

Республика велоспорт федерациясының вице-президентi Николай Проскурин жуырда американдық әйгiлi велошабандоз Лэнс Армстронг “Астана” клубына келетiн болды деп жарияға жар салған едi. Армстронг “Тур де Франстың” бiрнеше дүркiн жеңiмпазы. Артынша вице-президенттiң лепiрмесi сап тыйылды. Ұзынқұлақтан жеткен хабарға ден қойсақ, Альберто Контадор: “Егер Армстронгты клубқа қабылдасаңыздар мен “Астанадан” кетемiн” деп шарт қойса керек. Содан кейiн-ақ Николай Проскурин: “велошабандоз Армстронгқа беретiн ақша жоқ”, — деп тайқып шыға келдi. Демек әйгiлi велошабандоздарға Қазақстанның намысы емес, қомақты ақшасы керек болғаны ғой. Өкiнiшке орай сенiмiмiз ақталмады. Жалпы клубтық есепте “Астана” бiз күткендей орыннан көрiне алмады.

Әр елден құралған құрамымыздың соншама жанын салып жарысқа түскенiн байқағанымыз жоқ. Ақшасы келiсiлген соң iс бiттi емес пе. Жан қинап қайтсын. Озса да, озбаса да сол тақияларына тар келмейтiн ақшаларын алады. Амал қанша солай да болды. “Өзiңнен шықпай ер болмас” деген осы.

Осы бiз Шығыстағы жапон мен кәрiстердi неге үлгi тұтпаймыз? Олар спорт жарыстарының қай түрiне қатысса да тек өз жастарын жiбередi. Өйткенi ұлттық маркасын жоғары ұстайды. Жеңсе де, жеңiлсе де, озса да, озбаса да солай. Бай болса да өзгелерден спортшыларды қыруар ақшаға сатып алмайды. Ұлттық намысқа тырысады. Ал бiз әлi күнге намысымызды жатжұрттықтарға қорғатумен әлекпiз. Оған тағы жапондар мен кәрiстер секiлдi намыстанып та көрмеймiз. Өз жастарымызды осындай iрi жарыстарға қамшылап қосудан қашқақтап-ақ келемiз. Ұлттық велошабандоздар жоқ болса мақұл-ау. Мұндай көзқарас қашанға дейiн созыла бермек. Жалпы жатжұрттықтар алып берген жалған намыс кiмге керек? Жастарға ма?.. Жастардың соны намыс көретiнiн түсiнетiн уақыт жеттi ғой деймiн Спорт федерациясына.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары