АҚЫН СЕРIК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

АҚЫН СЕРIК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

АҚЫН СЕРIК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
ашық дереккөзі
556

Ақын Серiк Ақсұңқарұлын өз басым шын мәнiнде жақсы көрем. Маған оның өзгелерге мүлдем дерлiк ұқсай бермейтiн өзiндiк дара дарыны ұнайды. Бүкiл болмыс-бiтiмi, кескiн-келбет, жан-тәнi түгел ғана өлең-жырдан жаратыла салғандай болып көрiнетiн ақындар болады. “Ақын деген,– барша жұрттың алдында ақ жанын айқара ашып тұратын адам”, – дептi ғой Шығыстың бiр ойшылы Акутагава Рюноскэ. Серiк солардың бiрегейi.

Сүтпен сiңген, сүйекпен ғана кететiн туа бiттi мөлдiр-тұнық тазалық, ақ жолдан өлсе айнымас аңғал-ашық адалдық оның тұла бойынан, жүрiсi мен тұрысынан дәйiм ғана “мен мұндалап” атой салып тұрады. Өз бойы, iшi-сырты түгел ғана кристалдай таза болғандықтан да, ақын Серiктiң дүние шiркiннiң қылт еткен былығы мен шылығына жирене қарауы, бастан асып бара жатқанда шыдап тұра алмай, кiрпiдей жиырылып, ашуға басып кетуi де содан. Былғаныштар мен кiр-қағыстарға, жалғандық пен жарыместiкке кезiге қалса тiтiркенiп, өзiн қоярға жер таппай бiржола тiксiнiп, “беттi басып, қатты сасатыны” да, байбалам сала “тұра қашатыны” да содан.

“Жүрек – күптi.

Сынып өң, жазығым не Құдайға?

Мөлдiрдi iздеп шығып ем, түсiп кеттiм лайға.

Дүние – теңiз,

Толғанып,

Олай да ұштым, былай да.

Жүрегiмдi қолға алып,

Жүзiп жүрмiн лайда.

Мөлдiр бұлақ кемелмен,

Қызығым қайсы кенелген?

Лай басқан денемнен

Лаңға батып келем мен”, –

деп жырлайды ол содан кейiн.

Бiр сөзi, жалғыз ауыз өлеңiмен дүние бiткендi кiр-қоқысынан арылта қоятындай аптығып, апың-ғұпың әрекетке көшедi, жалғанның жыртығын жалғыз барып жамайтындай-ақ болып, келеңсiздiктi көрiп күйiп-пiсiп, кейде тiптi күрсiне күңiренiп кетедi:

“Ауылдағы Шариков, қаладағы

тап бередi жан-жақтан, талағалы.

Тағы кiмдi қаппақсың қапылыста,

Тоқта деймiн!

Тоқта!

Иттiң балалары!” – деп, кейде асқақ та айтқысы, қатарластарын жасқап та айтқысы келетiнi де көрiнiп тұрады.

Мен оның кейiнгi жетi-сегiз жыл iшiнде iркес-тiркес жарық көрген үш кiтабын (“Адам-Ата – Һауа-Ана”, “Өмiр деген – күндi айналу”, “Төбемнен жауһар жауып тұр”) түгелге жуық қайта бiр ақтара-төңкерiп, сүзгiден өткiзiп шықтым. Бұрын оқып сүйсiнген де өлеңдерiм бар екен, әлi оқи қоймаған шумақтарым да жеткiлiктi көрiнедi.

Мен баяғыда байқаған кейбiр хрестоматиялық, тiптi антологиялық өлеңдерi де бiр кiтаптан екiншi кiтабына қоныс аудара көшiп жүретiнi де байқалады. Соларды саралай келе аңғарғаным: ол кешеден бүгiнге қарай ұдайы бiр екпiндей iлгерi ұмтылумен, қылаң елi болса да биiктей түсуге, көкке қарай көтерiле түсуге тырысумен келедi екен. Сөз жоқ, бiрде артығырақ айтам, бұрынғымнан артылта айтам деп отырып, асыра сiлтеп жiберетiн, ақындық адуын мiнездiң ауыздығын тартпай, сезiм еркiне жiберiп алатын тұстары да кезiгiп отырады. Бiрақ соның бәрiнде де Серiк Ақсұңқарұлының өз демi, өз қанатының сусылы бар. Өзiнше талпынады, өзiнше алқынады.

Ол өзi бiздiң оқта-текте айтып жүргенiмiздей, бүгiнгi күннiң ғана емес, дәл қазiргi сәттiң, осы шақтың, осы қазiр өтiп жатқан мезет-мезгiлдiң ақыны. Оның әрбiр өлеңiнен сол сәттiң, кешегi түндер мен бүгiнгi күндердiң лебi есiп тұрады. Ол әлдекiмдерше әлемдiк әуен-хорға қосылып, соларға iлесем деп әуреге түсiп жатпайды. Мәңгiлiк тақырыптарды игерсем деп өз басын оңды-солды тау мен тасқа да ұра бермейдi. Сондықтан да болар, оның үнi айнала қаптаған қалың нөпiр көпшiлiк iшiнен ащырақ та, айқынырақ та естiлiп жатады. Рас, өмiрде де, өлеңде де асығып келе жатып алқына сөйлеп кеткендей әсерге бөлейтiн шақтары да аз емес. Осынау бiр тұста оның сөзi осынау сұсты қоғамның жекелеген өкiлдерiне, әсiресе “белсендiлер” аталатын қауымға ұнамай қалуы да әбден мүмкiн. Бiрақ оған бола абыржып, айылын жиып жатқан Серiк жоқ, қарсыласына қарсы қарап, қасқайып тұрып өлеңiн оқи бередi. Өйткенi ол:

“Бас қатырмай қаламақы, ақша үшiн,

Өрге салды өзегiнiң бақсысын.

Өлеңiмен быт-шыт қылды сол шәйiр

аупарткомның небiр қатал хатшысын.

Үрейлене қарап, тiптi, жатсына:

“Жынды” дейдi оны Ақтоғай, – бақсы да.

Не десе де, одан басқа бiр адам қарсы сөйлеп көрмеп едi хатшыға!” –

деп өзi жазған өз кейiпкерiне де егiздiң сыңарындай ұқсар едi. Атшысын деп кемiтпей, хатшысың деп елiкпей, ойындағысын еркiн айтып берер едi.

Бiздiң арамызда сезiмге ғана бой алдырып, таза ғана жүрегiнiң әмiр-әсерiмен жазатындар да, салқын ақылымен-ақ санаңды солқ еткiзе сiлкiндiрiп, соңынан ерте жөнелетiн үздiк ойлы ақындар да бар-ау. Серiк Ақсұңқарұлы бұлардың бiр де бiрiне ұқсай қоймасы ақиқат. Ол аса бiр шамкөс (жақсы мағынасындағы), қай тақырыпты қозғамасын, долбарлап қана бетiмен қалқымай, iштей берiле, санасын сiлке отырып, жүйкесiн тоздыра жазатын ақын. Басқамыз: “Осы қалай болар екен, поэзияға тақырып бола ала ма, жоқ па?”,- деп ойлана кiдiрiп, тұтқиыл тосылып қала берген тұстарда да ол “шешiнген судан тайынбастың” керiмен көздi жұмып жiберiп, тұңғиық түбiне қойып кеп кететiнi бар.

“Iшқұса боп, айта алмай, өлемiн бе,

Басқа тағдыр не салса көнемiн де.

Өзiм бiлем, – өзгелер қайдан бiлсiн,

Өмiрiм де ертегi, өлеңiм де.

… Перiштеге сан мәрте серiк болдым,

Перi қыздың шашын да өрiп бердiм.

“А” дегенде аузынан алтын түскен,

Жетi басты жалмауыз көрiп келдiм.

Алдында оның алып бiр дию отыр,

Қалай мынау ғаламға сыйып отыр?

Айдаһар кеп құсқанда, тау боп кеткен

сары алтынын алаңсыз жиып отыр.

Қарап отыр, алтынын санап отыр,

Қалған ел-жұрт қайыршы.

Қара қотыр.

Жер тәңiрi, апыр-ай, осы болса,

Көк тәңiрi қай жаққа қарап отыр?!”

– деу үшiн де дара бiр дарындылық, iшкi қайрат, саналы ақыл керек шығар-ау дейсiң ерiксiз.

Өйткенi ол ешкiммен де жасырынбақ ойнап жатпайды. Жасырып, жабатыны жоқ. Ақ сөйлеп, адалын айтуға барын салады. Жанына жағып кеткен жағдайда Пушкинмен де үндесiп, Блокпен де тiлдеседi. Көңiлiн күптi еткен сауалдың жауабын берiден таппаса, әрiге барып, Абайға жүгiнедi. Шалкиiз, Қазтуған, Махамбет жырауларды да бiр төңiректеп шығып, бүгiнгi Мұхтар Мағауин, Тұманбай, Қадыр сияқты әрiптес ағаларынан, iнi досы Есенғалидан емеурiн iздейдi, тегеурiн күтедi. “Сендердiң мына бiр ойыңды ұнаттым, бiрақ мен мұны былай етiп айтқан болар едiм”, – дегендей, солар түткен жiбектен жаңаша бiр жiп есiп, өзiндiк өрнек-оюмен айрықша айшықтап, көз жауын алар бас-аяғы бүтiн жаңа дүние жасап шығарудан да қаша қоймайды.

Сөйте тұра, ол тiкелей елiктеуге әсте ат басын бұрған ақын емес. Не айтса да Серiк болып айтады. Құласа да Серiк болып құлап, жыласа да Серiк болып жылайды. Мына бiр “Капитализм келдi бiздiң маңайға” дейтiн өлеңiне қараңыз. Әкетiп бара жатқандай әлеуметтiк астары жоқ та болып көрiнерi хақ. Бiрақ бiр оқып шыға сала iштей қажып, өз өзiңнен мұңға батасың. Жалған дүние дәмiн татасың. “… Бес қабатты бiздiң бетон үйдi кеп, Қоршап алды қос қабатты сарайлар”, – деп алып, әрi қарай:

Алтынменен аптап қойған бұл үйдi,

Күмiспенен күптеп қойған бұл үйдi.

Қабаған ит күнiменен абалап,

Түнiменен Айға қарап ұлиды.

Ашулы иттер күндiз-түнi үрдi кеп,

Бiзбен неге ақын өмiр сүрдi деп.

Мен өлгенде тақта iлмеңдер бұл үйге

“Ақсұңқарұлы тұрды” – деп.

Екi-ақ қадам бұл екi үйдiң арасы,

Иесiнiң, иттiң де жоқ санасы.

Өздерiнiң маған көршi болғанын

Сезбей өтсiн, өңкей иттiң баласы!..”

Қандай да бiр қалтарыс-қараңғы жолдармен, жымысқы жүрiспен көлденең байлыққа бөгiп алған жәдiгөй-жылпос жерлестерiнiң керенау, кердең қылығына күйiнгеннен туған дүние сияқты. Бiрақ… Иә, мәселе сол “бiрақта” жатыр. Тағы бiр оқып шығыңыз…

Алқына күлiп, асқақ сөйлеп кеткен тұстағы өлеңдерiн оқи отырып, осы бiздiң Ақсұңқарұлының қазақта өзiнен басқа тым тәуiр ақын санайтындары болса болар, бiрақ кереметке балайтын, кемеңгер деп қарайтын ешкiмi жоқ-ау, сiрә, деп те бiр ойлап қалғандайсың. Сол оймен кiтабын ақтара келе “Қазақ поэзиясының бес кезеңi” туралы кандидаттық диссертациясының жобасы” дейтiн өлеңге тап боласың. Тап боласың да, кiрiспесiнен бастап оқи жөнелесiң. Бұл топтама (толғау десе де болады) қазақтың маңдайына бiте қалған Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Мағжан Жұмабаев, Жұбан Молдағалиев, Төлеужан Ысмайылов, Кеңшiлiк Мырзабековтер рухына бағышталған екен. Әрқайсысының жеке бөлек тағдыры, шырқап шыққан шыңдары мен шырылдап түскен шыңыраулары жартастағы жаңғырықтай бүйiрiңдi бүлкiлдете көңiл елегiнен тағы бiр өткендей болады. Алқымына ащы өксiк, ашу мен ыза тығыла ашынған ақын:

“Поэзия демiн iшке тартып тұр

Жидебайдың тұсында.

Дантес – Қарасартовтың

Мылтығының ұшында.

… Аза тұтып алыбым

Тұманданып санасы,

Қасқыры өлiп даланың,

Қалды итiнiң баласы!..” – деп Шәкәрiмдi жоқтаса, Мағжанды мазақ еткен сона бiр кесапатты қоғамға да лағнет айта отырып:

“… Хош!

Өмiрiм – өңiм емес, түс мүлде,

Романовтан кетiп, тиген күш кiмге?

… Бiржан Салға қамшы ала жүгiрген

Қызыл мундир – Поштабайлар үстiнде!”

деп бiр толғанып өтедi.

Күнi кеше қандықол Колбиннiң ызалы ызбарынан ығыспай, қаһарынан қаймықпай қатал үкiм айтқан Жұбан ағасына, өр де өмiршең ақын ағасына қосыла:

“Ұрғызбаңдар ұлдарыңды басынан,

Жұлғызбаңдар қыздарыңды шашынан!” – деп ұран тастайды.

Ал өз дәуiрiне, сол дәуiрдiң қысаң қалыбына сыймастан шиыршық ата ширығып өткен Төлеужан мен оны өз елi, өзiнiң жерiне де, қала бердi қиырсыз кең дүниеге де сыйғызбағандар жайында:

“Ах, Төкем!

Хош, Көкем!

Тұл – әнi…

Паравоз, керуенi.

Келдiм! – деп жар салып

Ұмытшақ вокзалдар тұр әлi,

Ұрыншақ… ұлдарын қарсы алып!..” – деп кекесiн толы кесек ой тастайды.

Замандасы Кеңшiлiк жөнiнде де жоқтауға бергiсiз жыр төге келiп, оның соңында не қалып, не қойғанын тiзбелей түседi де:

“Анаң қалды – желтоқсанда дiр еткен,

Ғалам қалды – көз ашпаған түнектен.

Рак болса, арман бар ма – бейдауа,

Бiздiң буын өледi өстiп жүректен!”

деп сөз аяғын тағы да замана тарлығына, әлi де ер еңсесiн басқан зiлмауырдай құбыжық кесапаттар барлығына апарып тiрейдi. Бұл өлеңдердiң әрқайсысы жоғарыда аттары аталған адамдарға деген тұтас бiр реквиемдей естiледi.

Ой дәлдiгi мен сөз дәлдiгi бiр-бiрiмен ажырамастай берiк байланыса келiп, өзара шиеленiсе қиюласқанда ғана барып осындай өлмес өлең туса керек едi. Бұл әуен, осынау сарын – Серiктiң жақсы жырларының бәрiне де тән. Қай өлеңi болса да бiр ғана бояумен емес, қалам ұшын қалыңға малып отырып, қатпарлы қалтарысы, әралуан ажары бар өрнектермен көңiлге түрлi ой салар түйiн тастап отырады.

Серiк, тегi өзiне керегiн бiр ғана Алаш ұлдарынан iздеп, өзiн-өзi шектеп, өзiн өзi тежемейдi. Мәселен, ол әлемнiң бiзден iргесi бөлек тағы бiр түкпiрiнде дүниеден өткен француздың “басбұзар” ақыны Франсуа Вийонмен де сырласып, сыбырласып, тосыннан ой бөлiсетiнi бар. Өзi де оның бiрер өлеңiн қазақшаға аударыпты. Франсуаның орыс тiлiндегi:

“Я – Франсуа, чему не рад,

Увы, ждет смерть злодея

И сколько весит этот зад

Узнает скоро шея!” – дейтiн жолдарын Серiк:

“Мен – Франсуа Вийон,

Жалғанның сездiм жалғанын!

Ойнақтап жүрiп осылғаны ма мойыным

Белiмнен төмен белгiсiз жерiмнiң салмағын

Бiлетiн болды бәрiнен бұрын мойыным,” – деп қазақшалаған екен. Әңгiме аударманың сапасында, көркемдiк құндылығы мен дәлдiгiнде емес, қазақ ақынының кейбiрдегi өз мiнезi, өзгеше қылығы да Франсуа өмiрiн еске салатындығында болып тұр. Әрине, бiздiң Серiк француз ақыны сияқты бас жарып, көз шығарып жатқан жоқ, бiрақ қамыты қасаң, қысастығы басым қоғамға деген көзқарастарында әлдене бiрегейлiк бары байқалып-ақ тұр емес пе. Араларында қаншама жол шалғайлығы, уақыт кеңiстiгi жатқан екi елдiң екi ақынының бiр-бiрiнен рухани ұқсастық iздеуiнiң өзiне таңырқамай болмайтындай.

Серiктiң маған тағы бiр ұнайтын жерi – оның шығармаларының сегiз қырлы, бiр сырлы болып келетiндiгiнде де жатыр. Мен де ақын адаммын ғой, баз-баяда бiр деммен қағазға түсiп берген өлеңдерiмде бiр әуен, бiр сарындылық басым болып кететiнiн өзiм де сезiп қаламын. Ақсұңқарұлы ондай “пәлеге” ұрына қоймаған сыңайлы. Бiр беттегi өлеңiн сүйсiне оқып отырып, екiншiсiне ауысқанда – оның ендi не айтарын алдын ала болжай қою тiптi де мүмкiн емес. Серiк турасында сөз бола қалған жерде әркiм-әркiмнiң (ағалары мен iнiлерi, замандас-қаламдастарын айтам) – тiлiне тиек болып жүрген “Қасқырдың монологы” деген әйгiлi бiр өлеңi бар.

“… Қаңқу сөз жүрек кегiн үрлейдi,

Қорлық – қарғысқа барабар.

Бiзбенен иттiң тегi бiр дейдi.

Рас па, қасқыр – бабалар?!

Өлексе үшiн жұлысқан болсақ,

Өмiрi бiтпей кегiмiз,

Иттермен бiз де туысқан болсақ –

Не болды ата-тегiмiз?!

… Неге үндемейсiңдер?

Ұрлық түн едi:

Жатқаным мынау – жау iшi,

Аспанның астын дүрлiктiредi

Үрген иттердiң дауысы…”, – деген кекшiл кекесiн, ащы әжуаға толы жолдардан соң келетiн “Әлди, бөпем” аталатын өлеңнен мүлде басқа леп, басқа сарын еседi. Бұл өзi бүгiнгi поэзиямыздағы шыншыл да шымыр публицистиканың шынайы үлгiсiндей болып ақ қағазға әуеден құйыла салғандай көрiнетiн салмақты дүние.

Ақсұңқарұлын тым тәуiр-ақ дәрiптеп жiбергендей болып барамыз ба өзi, қалай? “Сонда бұл Серiктiң тал бойында тарыдай мiн жоқ па, саған ұнағанның бәрi елге де ұнай бередi деп ойлайсың ба?” – дейтiн бiр сұрақтар туындайтынын iштей түйсiнесiң. Өтiрiк айтпайын, оның өлеңдерi iшiнде менiң өзiме де ұнай қоймайтындары болуы әбден мүмкiн. Бiрақ ол басқа бiр кезеңнiң әңгiмесi ғой деп, кейiнге қалдырып отырмын. Өйткенi ұдайы ғана iзденiс үстiнде жүрген ақынның оқыста шалыс кеткен тұсын көзiне шұқып көрсетiп жату да аса бiр абырой әпермейтiн шаруа. Оның үстiне сен оның мiнiн тауып, бетiне айтам дегенше, адуын ақын онысын өзi де түзеп үлгерер едi ғой. Сондықтан да шығар, кемiстiгi болса онысын оңашада өзiне айтармын деп те түйген жайым бар. Серiктiң өзi:

“Күнәм көп қой,

Адал едi ниетiм де.

Араздаса көрмеңдершi менiмен.

Кешiрiңдер,

Мына жердiң бетiнде

Мен өмiрге бiрiншi рет келiп ем.

Бiрiншi рет…

Пәктiгiңе шөлдегем,

Бiрiншi рет көрiп қайғы-шемендi,

Қайта тусам қателiгiмдi жөндер ем.

Бiрақ қайта келмеймiн ғой

Мен ендi!” – демей ме аударма ретiнде берген бiр өлеңiнде.

Қазақ жыры қайраткерлерi қатарында өз қателiгiн де бiр кiсiдей бiлетiн, қадыр-қасиетiнiң де қай дәрежеде бағаланып жүргенiн сезiнетiн осындай бiр ақынның болғанына да разысың. Болмай жатып “болдым” деп, толмай тұрып “толдым” дейтiн кеудемсоқтар кезеңiнде бұған қалай шүкiршiлiк айтпассың!

Ақын Серiк Ақсұңқарұлын мен бұдан бұрын да ұнатып жүрушi едiм, мына кiтаптарын қайталап оқып шыққан соң ақын iнiмдi одан әрi жақсы көре түскендеймiн. Қаншалық жылы сөз айтсам да аздық ететiндей көрiне беретiнi содан. Нағыз бiр ащы терi алынып, аш қолтығы сөгiлер тұсқа жеткен екен, Құдай жолын оңғарсын деп тiледiм. Нұрмахан Оразбеков ағасына арнап жазған бiр өлеңiн Серiктiң өзi:

“… Қызық болып қырық жастан асқанда,

Көктi көрдiм көзiмдi бiр ашқанда.

Бiр сұлу қыз бұлбұл ұшып көзiмнен,

Бiр сұлу құс әлi ұшып жүр –

Аспанда”, – деп тәмамдапты.

Сол Аспандағы құсы қалқып ұшып жүрген шақтарда Серiктер де әлi талай-талай бусана терлеп, алқымы iспестен алысқа қарай самғайтын-ақ шығар деп ойлай бересiң… Ләйiм солай болсын да…

Сәкен ИМАНАСОВ

Серіктес жаңалықтары