СУ САРҚЫЛЫП БАРАДЫ
СУ САРҚЫЛЫП БАРАДЫ
Жер шарының 3 миллиард тұрғыны жыл сайын сапасыз судың кесiрiнен көз жұмады. Халықаралық тұрғыда күн тәртiбiне шыққан ауыз су проблемасы бүгiнде Орталық Азия үшiн де өзектi.
Бұған дейiн еуропалықтар жүргiзген ғылыми зерттеулерде Марста су жоқ, болмаған деген деректер жиi келтiрiлетiн. Алайда, миллиардтаған жылдар бұрын Марста судың мол болғанын жуырда АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетiнiң ғалымдары дәлелдеп бердi. Екпiнi күштi судың ықпалынан филлосиликатқа айналған грунттар (тастар) құрамындағы су мен су қалдықтарын тапқан америкалық ғалымдардың дәлелiн НАСА-ның Mars Reconnaissance Orbiter келтiрген мәлiметтер де растайды. Уақыт өте келе сарқылған көлдер, өзендер мен теңiздер Марстағы су тапшлығына әкеп соққан. Кейiнгi кездерi су тапшылығы бүкiл әлемдi алаңдатып отыр. Бүгiнде Жер шарының 1 миллиард тұрғыны таза ауыз суға зәру болса, жыл сайын 3 миллиард адам лас әрi iшуге жарамсыз судың кесiрiнен туындайтын аурулардан көз жұмады. Су бөлiсiне қатысты туындайтын даулар әсiресе, орталықазиялық елдерде өзектi. Күн өткен сайын артып келе жатқан суға деген сұраныс 2017 жылға қарай 20 пайызға артады деген болжамдар бар. Ауа райының ғаламдық деңгейде күрт жылынуы да жығылғанға жұдырық болды. Дағдарысқа ұшыраған су шаруашылығының кесiрiнен күн тәртiбiнен түспей жүрген су дауы шешiмiн таппайынша, аймақтың берекесi қаша бермек. КСРО ыдырғалы берi аймақтық су бөлiсiн реттеуге қатысты мемлекеттiк деңгейдегi бiрқатар заңдық құжаттар қабылданды. Тiптi, Халықаралық Аралды құтқару қоры мен Мемлекетаралық үйлестiрушiлiлiк комиссиясы құрылған. Орталық Азиядағы су мәселесiн реттеуге АҚШ пен Батыс та мүдделi. Мысалы, Америка “Үлкен Орталық Азия” жобасын, ал Дүниежүзiлiк банк Су-энергетикалық консорциумының тұжырымдамасын ұсынды. Сонымен қатар Азиялық даму банкi сумен қамтамасыз етуге қатысты түрлi бағдарламаларға қаржылық қолдау жасаумен айналысады.
Өкiнiшке қарай, су бөлiсiндегi бәсекелестiк аймақтағы қиындықты шешуге керi әсерiн тигiзуде. Мысалы, өзбектер тәжiктердiң Әмударияға кеп құятын Вахш өзенiне ықпал етуге қауқарлы Рогундық суэлектр стансасын салуына кедергi жасайды. Қырғыздар Тасөткел су қоймасындағы су қорына қысым жасау арқылы қазақтарды өзiне тәуелдi етiп отыр. Өйткенi, қажеттi деңгейде су бөлiнбеуiнiң кесiрiнен Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргiзуге су тапшы. Осы себептi, үстiмiздегi жылдың басында ҚР Үкiметi Көксарай су қоймасының құрылысын салу туралы бастама көтердi. Тығырықтан шығар жолды жуырда түрiктер де ұсынған. 2008 ж. мамырында Бiшкекке келген түрiктердiң Вейсел Ероғұлы Түркия, Сирия мен Ирак арасында болған дауды көлденең тарта отырып, Орталық Азиядағы су бөлiсiн реттеуде Анкараның шешiмiн негiзге алуға ұсыныс айтты. Тарихқа шегiнсек, көптеген уақыт бойы Анкара, Дамаск пен Бағдад Жолбарыс пен Евфрат өзендерiнiң су қорын пайдалануда ортақ келiсiмге келе алмаған едi. Сирия мен Ирак Түркияны “суды ретсiз пайдаланасың” деп бiрнеше рет қатаң сынаған. 1946 жылы өзендерге байланысты қабылданған ресми құжат Түркия мен Ирак арасындағы екiжақты келiсiмнен басталады. Екi ел басшылары құжатта өзендер суын пайдаланбас бұрын, алдын ала хабарлауды мойындарына алады. Алайда, қырық жыл бойы қағаз жүзiнде қалған Келiсiм iс жүзiнде ешқандай нәтиже бермеген. 1987 жылы Анкара, Бағдад пен Дамаск үшжақты келiсiмге қол қойып, Түркия Сириямен шектесетiн бөлiктегi Евфрат өзенiнде су тапшлығын болдырмауға, яғни, секундына 500 текше метр сумен қамтамасыз етудi өз мойынан алады. 1990 жылы Сирия мен Ирак Түркиядан келетiн суды бөлiсуге қатысты тұңғыш рет келiседi.
Түрiктер тарапының ұсынысы қаншалықты жемiстi болары белгiсiз. Бiр анығы, ТМД елдерi арасында Қазақстан су қоры жағынан ең төменгi орында. Бүгiнде Қазақстан Республикасы халқының үштен бiр бөлiгi таза ауыз суға зәру. БҰҰ сарапшылары жүргiзген зерттеулерге сүйенсек, 37 жылдан кейiн суға деген сұранысты қамтамасыз ету мүмкiн болмай қалатын көрiнедi. Бұған дейiн су тапшылығы тек әлеуметтiк-экономикалық ахуалы төмен кедей елдерде ғана кездесетiндей көрiнетiн. Бiрақ Жер шарының тұрғындары неғұрлым көбейген сайын, соғұрлым су тапшылығы артып келедi. Оның үстiне, әлемдiк экономиканың қарқынды дамуы су көлемiн барынша арттыруды талап етедi. Қазiргi мұнай мен газ тапшылығынан туындаған геосаяси ойындар ендi бiраз уақыттан кейiн су тапшылығына ұласатын сыңайлы.
“Энергетикалық қауiпсiздiк” мәселесiнен кейiн күн тәртiбiне шыққан азық-түлiк қауiпсiздiгi су қорына ауыз салды. Өйткенi, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары әлемдегi тұтынылатын су қорының 70 пайызы ауыл шаруашылығының үлесiн екенiн айтады. Ал дамушы елдерде бұл көрсеткiш 90 пайыздың көлемiнде. Соңғы 100 жылда суға деген сұраныстың 6 есеге өскенiн көлденең тартқан БҰҰ сарапшылары суды пайдалануға қатысты халықаралық тұрғыда шаралар қабылданбаса, су тапшылығының ауқымы кеңейе беретiнiн ескертедi.
Қазақстан аумағындағы 1 шаршы шақырымының сумен қамтамасыз ету қабiлетi 37 мың текше метрге тең. Бұл көрсеткiш Ресейде 303,5 мың текше метр. Яғни, Қазақстанда жан басына шаққанда пайдаланылатын бiр жылдық су көлемi 6,0 мың текше метр болса, Ресейде бiр адамға жылына 33 мың текше метр судан келедi. Бiзде су қорының көлемi орташа есеппен алғанда, жылына 539 текше метр, оның iшiнде 190 текше метр су – көлдерде, өзендер мен су қоймаларында – 100,5 және 95,5 текше метр, мұз күйiнде сақталған су – 95 текше метр, жер асты сулары – 58 текше метр. БҰҰ мамандарының мәлiметтерiне қарағанда, жер асты суларының тек 3 пайызы (16,04 текше метр) ғана iшуге жарамды. Су тапшылығының зарын тартқан аймақтар, әсiресе, орталықтардан шеткерi жатқан аудан, ауылдардың тұрғындары өзен, көл, құдықтардың сапасыз суын пайдалануға мәжбүр. КСРО-дан “мұраға” қалған қолданысқа жарамайтын, мерзiмi өткен, тозығы жеткен су құбырларынан ағатын сапасыз судың зияны бүгiнде көңiл алаңдатады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ