ҚАБЫЛОВА МӘСКЕУГЕ ҚАШЫП КЕТТI

ҚАБЫЛОВА МӘСКЕУГЕ ҚАШЫП КЕТТI

ҚАБЫЛОВА МӘСКЕУГЕ ҚАШЫП КЕТТI
ашық дереккөзі
449

Қит етсе, алаңға қарай аттандап жүгiретiн айырқалпақтылар елiнде тағы шу шықты. Жергiлiктi кеңес депутаттарын сайлауға үш күн қалғанда Қырғызстандағы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Клара Қабылова Мәскеуге қашып кеттi.

ОСК-нiң бұрынғы басшысын отбасымен бiрге туған елiн тастай қашуға ел президентi Құрманбек Бакиевтiң ұлы мәжбүрлеген көрiнедi. Қырғыз оппозициясының өкiлдерiне бейнетаспа арқылы сәлем жолдаған ол Максим Бакиевтiң Орталық сайлау комиссиясының жұмысына заңсыз араласып, нұсқау берiп, кейде тiптi, ОСК басшысы ретiнде кедергi жасауға талпынған өзiне қоқан-лоққы жасағанын айтқан: “Жергiлiктi кеңес депутаттарын сайлауға қатысты өткiзiлген сайлауалды кампанияда ел президентiнiң ұлы Максим Бакиев тарапынан қатты қысым көрдiм, менi боқтап, ар-намысымды аяққа таптағанын ресми түрде мәлiмдеймiн. Егер мұндай бассыздыққа ОСК деңгейiнде жол берiлсе, Қырғызстанның қарапайым азаматының минут сайын, сағат сайын және күн сайын өз елiнде қандай қорлыққа төзiп жүргенiн көзге елестету қиын”.

Даудың туындауы оппозицияға қатысты. Қыркүйектiң орта шенiнде өткiзiлген ОСК отырыстарының бiрiнде Қабылованың бастамасымен, бұрын Мемлекеттiк құрылым саласына жетекшiлiк еткен, кейiн оппозиция қатарына өткен экс-шенеунiк Ишенбай Қадырбековтi тұтқыннан босату туралы шешiм қабылданыпты. Алайда, көп ұзамай, қырғыздар елiндегi сот органдары қалалық мәслихатқа үмiткер Қадырбековке қатысты қабылданған ОСК шешiмiн заңсыз деп табады. Қырғызстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген оппозиционер Өмүрбек Текебаев президенттiң ұлынан қысым көрген Қабылованың мемлекеттiк күзет қызметiнiң басшысы Жаныбек Бакиевке өтiнiш айтқанын, бiрақ оның сөйлесуден бас тартқанын, президент Құрманбек Бакиевтiң де кездесуге құлықты болмағанын, осы себептi ОСК-нiң бұрынғы жетекшiсi елден кетуге мәжбүр болғанын айтады. ОСК баспасөз қызметi жуырда Клара Қабылованы Минск қаласына Белоруссиядағы парламенттiк сайлауды бақылау мақсатында iссапарға кеттi деп ресми мәлiмдеме таратқан болатын. Қазiр Қабылова туғандарымен бiрге Мәскеудi паналауда. Қырғыздардың Бас прокуратурасы оның мәлiмдемесiне қатысты қылмыстық iс қозғаған. Мәлiмдеме алғаш Қырғызстанның Жоғарғы кеңесiнде оқылғанда, президенттiң жақтастары не iстерiн бiлмей сасыпты. Ал айқайға басқан оппозиция өкiлдерiнiң микрофондары мүлде сөндiрiп тасталған. Арада бiрнеше сағат өткенде президент Бакиев Қабылованы отставкаға жiберу туралы жарлыққа қол қойған. ОСК басшысының қызметiн уақытша атқару мiндетi Дамир Лисовскийге жүктелiптi. Қызметiне кiрiспей жатып, бұрынғы бастығы Қабылованың кәсiби бiлiктiлiгiне күмән келтiрiп, экс-жетекшiнiң мәлiмдемесiн терiске шығарған Лисовский Қабылованы өтiрiк айтты деп отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары