16 ДЕПУТАТТЫҢ БӘРI ДЕ “НҰР ОТАННАН”

16 ДЕПУТАТТЫҢ БӘРI ДЕ “НҰР ОТАННАН”

16 ДЕПУТАТТЫҢ БӘРI ДЕ “НҰР ОТАННАН”
ашық дереккөзі
149

Cарапшылардың болжамы расталмады. Сенат сайлауы алдында көптеген саясаттанушылар “тосын жайттар орын алуы мүмкiн” деген жоба жасаған болатын. Өйткенi елiмiз өте маңызды саяси оқиғаның алдында тұр. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға (Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына) төрағалық ету үшiн Қазақстан кейбiр саяси реформаларға жол берiп, демократия құндылықтарына бет түзеуi тиiс-тұғын.

Бұған дейiн Қазақстан қоғамында “Мәжiлiс сайлауы мерзiмiнен бұрын өтедi екен. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi кезеңiнде қоғамды демократияландыру үшiн, Мәжiлiстегi партиялардың санын кем дегенде екiге жеткiзу үшiн қажет болады” деген пiкiрлерден аяқ алып жүргiсiз болып келген. Алайда, Мәжiлiстiң кезектi сессиясын ашып сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “сайлау 2012 жылы өтедi” дегенiнен кейiн бұл пiкiрлер сәл саябыр тауып сабасына түскен едi. Дегенмен, келесi жылдың аяғына дейiн сайлау өтедi деген болжамды айтушылар әлi де баршылық.

Ал, ендiбiреулерi өткен сенбiде өткен Сенат сайлауынан әлдебiр тосын сый күттi. Сенат депутаттығынан үмiткерлердiң арасында өзiн шектеулi оппозиция деп танитын “Ақ жол” партиясының атынан бiр үмiткер тiркелсе, үш үмiткердiң қай партиядан екенi белгiсiз болған. Бұның өзi сарапшылардың “Қазақстан үкiметi ЕҚЫҰ-ға төрағалық етер алдында Сенат сайлауы арқылы әлемдiк қауымдастықтың көзiн бояғалы отыр” деген болжам жасауына мүмкiндiк берген. Егер, сенаторлардың бiрi өзге партиядан (мейлi қандай жолды ұстанса да) сайланатын болса, “онда баланс бар, Парламентте өзге демократиялық күштердiң өкiлi отыр” деуге негiз болатын едi. Бiрақ, осы аптаның сейсенбiсiнде сайлау нәтижесiн жария еткен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Сенатқа сайланған 16 депутаттың 16-сы да “Нұр Отан” партиясының мүшесi екендiгiн паш еттi.

Әрине, Сенат сайлауы Қазақстандағы саяси додаға ықпал ете қоймайтыны анық. Бiрiншiден, оған өзiн оппозициямыз деп санайтын демократиялық күштердiң өкiлдерi қатысқан жоқ. Бұны оппозицияның бақылаудағы демократияға жасаған наразылығы деп түсiнсе де болғандай. Екiншiден, Сенат сайлауы бұқаралық сипатқа ие емес. Елдегi қарапайым халық өткен сенбiде сайлау болғанынан бейхабар. Өйткенi, Орталық сайлау комиссиясы Сенат сайлауы туралы үгiт-насихатты барынша жүргiзуге тырысқанымен, ол Мәжiлiс сайлауындағыдай қарқынға ие бола алмады. Себебi, демократиялық күштер де, халық та мүдделi емес. Үшiншiден, бұл сайлауда халық дауыс беру құқығына ие емес. Сенат депутаттарын тек мәслихаттар ғана сайлайды. Ал, мәслихаттардың басым көпшiлiгi (бәлкiм 99%-ы) “Нұр Отан” партиясының өкiлдерi. Ендеше “нұротандықтар” “Нұр Отанға” дауыс бермей неғылсын.

Сөйтiп, елдегi ең маңызды деп саналатын саяси оқиға көпшiлiктiң елеуiнсiз мәреге жеттi. Тiркелгендер де, жеңгендер де “Нұр Отан” партиясының атынан. Демек, қосылғыштардың орны ауысқанымен, өзгермейтiн қосынды секiлдi, бұл сайлау бiздiң саяси өмiрiмiзде де ешқандай маңызды өзгерiс әкеле қоймайтыны белгiлi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары