ЛАТЫШТАР СЫНАҚ ТАПСЫРМАҚ

ЛАТЫШТАР СЫНАҚ ТАПСЫРМАҚ

ЛАТЫШТАР СЫНАҚ ТАПСЫРМАҚ
ашық дереккөзі
294

Еуропалық аймақтағы ахуал шиеленіскен сәтте латыштар тарапынан еуроаймаққа мүше болуға ұсыныс білдірілді. Риганың әлеуметтік наразылықтар мен саяси тұрақсыздықтар белең алған аймаққа өз еркімен ұмтылуы талайды таңғалдырғаны рас. Бірақ латыштар қаржылық жағдайы қиындаған еуроаймақты экономикаға серпін беретін жаңа мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.

КСРО құрамында болған Латвия бүгінде Еуропалық Одаққа мүше. Енді 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап біртұтас еуропалық аймаққа қосылмақ. Латвияның ұсынысын қабыл алған Брюссель латыштарды жазға дейін арнайы сынақтан өткізбек. Халықаралық сарапшылардың басым бөлігі Брюссельдің Ригаға беретін жауабы жағымды болуы тиістігін айтады. Өйткені Латвия еуроаймақ мүшелеріне қойылатын талаптардың барлығын мүлтіксіз орындап отырған мемлекеттер қатарында.

Бүгінде еуроаймаққа Жер шарының 17 мемлекеті мүше. Балтық жағалауы елдері ішінен Эстония алғашқы болып, 2011 жылы еуропалық аймақ құрамына өткен. Латвияның мақсаты – ұлттық валютасы латтан бас тартып, біржолата еуроға көшу. Қаржылық, экономикалық және қарыздық дағдарыстардың кесірінен тығырыққа тірелген еуроаймақтың да бүгінгі ахуалы аса мәз емес. Жер шарын алаңдатқан дағдарыс тіпті Еуропалық Одақтың келешегіне қауіп төндірді. Сондықтан дәл осындай қиын кезеңде латыштардың еуроаймаққа өз еркімен ұмтылуы талайды таңғалдырған. Бірақ Латвияның бұған айтар өз уәжі бар. Мәселен өткен аптада әлемдік БАҚ-қа ресми мәлімдеме жасаған премьер-министр Валдис Домборвскис: «Маастрих келісімінің барлық қағидаларына сәйкес келетіндіктен, біз еуроаймаққа мүшелікке ұмтылудамыз. Мен қазіргі дағдарыс – еуроның дағдарысы деп есептемеймін. Еуро валюта ретінде америкалық доллар, жапондық йен немесе басқа да әлемдік валюталар сияқты тұрақты. Әлемдік валюта қорларының ширек бөлігі еуро күйінде сақталған. Шын мәнісінде, қазіргі дағдарыс – еуроаймақтағы бірқатар елдің қаржылық және экономикалық қиындығы», – деп мәлімдеді. Негізі қазіргі гректер мен кипрлықтардың кебін 2008-2010 жылдары Латвия да киген еді. Әлемдік қаржылық дағдарыс салдарынан жалпы ішкі өнімінің бестен бір бөлігінен айырылып қалған латыштар экономикаға жан бітіру үшін девальвацияны таңдауы тиіс болатын. Бірақ оның орнына үнемдеудің жолын таңдады. Өйткені алақандай ғана жері бар латыштардың экономикасы да шап-шағын әрі ашық. Девальвация жасаған жағдайда сырттан тасымалдайтын көмірсутегілер құны күрт шарықтап, елдегі инфляция деңгейі тым шарықтайтыны анық еді. Оның үстіне, девальвация бюджет тапшылығымен күресуде дәрменсіз. Қатаң үнемдеуге көшкен латыштардың бюджет тапшылығы 2009 жылы ЖІӨ-нің 10 пайызына дейін жеткен. Бұл көрсеткіш бүгінде 1,4 пайызға төмендетілген.

Әлбетте, латыш халқы еуроаймаққа мүшелікті түгел қостайды деу – жаңсақтық. Бірақ билік шетелдік инвестиция тартуда, қаржылық қауіптермен күресуде, мем­ле­кеттік қарыз бен экономика бойынша банк мөлшерлемелерін төмендетуде еуро­аймақтың көмегіне жүгінбек. Бұл ақша айырбастауда кететін шығындарды төмен­де­туге де сеп көрінеді. Өйткені экономикасы еу­ропалық елдерге тәуелді латыштар бү­гінде латты еуроға айналдыру үшін жүз­деген миллион шығын шегетін. Бір қызығы, Латвия еуроаймақтың бірлігін сақ­тауда Грекия, Кипр, Италия мен Испания сияқты елдердің экономикасына қаржылық қол­дау көрсетуге де кетары емес. Ал еу­ропалық аймаққа енгеннен кейін латыш билігі әріптестеріне үш ұсыныс білдірмек: біріншіден, салық жүйесін қаржылық тұрақтандыруға ықпал ететіндей етіп өзгерту. Екіншіден, Еуроодақ қорларының көмегімен экономиканы тұрақтандыру шараларын жүзеге асыру. Үшіншіден, әкім­шілік кедергілерді жою.

Қазіргі кезде Еуропадағы үнемдеу шара­ла­рының соңы әлеуметтік наразылықтар ме­н саяси дағдарыстарға әкеп соғуда. Үнемдеу арқылы тығырықтан шыққан Латвия 2013 жылдың басынан бері шығын көлемін арттырып, басымдық берілетін са­ла­ларға қомақты қаражат бөлуде. Риганың еуроаймаққа мүшелікке өту туралы ұсынысын Брюссель қабылдай ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Бұл сауалға жауапты Еуроодақ жазға салым бермек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары