Ауғанстанның Герат провинциясында барлық әйел-мұғалімдерге паранжа кию міндеттелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті БАҚ хабарлауынша, енді паранжасыз әйелдерге мектептерге кіруге, ауруханаларға баруға және таксиді пайдалануға тыйым салынған.
Atlas Press агенттігінің мәліметінше, талибтер тағайындаған Герат губернаторы ешбір әйел-мұғалімнің жұмыс орнына паранжасыз келмеуін қатаң бұйырған.
Басылым деректеріне қарағанда, шектеулер тек білім беру мекемелеріне ғана емес, басқа да орындарға қатысты. Паранжасыз әйелдерді мемлекеттік мекемелерге, ауруханаларға, банктерге, АХАТ бөлімдеріне және тіпті түрмелерге де кіргізбейді. Куәгерлердің айтуынша, көптеген әйелдер исламдық хиджаб киіп жүрсе де, ғимараттарға кіре алмай, сағаттап далада күтуге мәжбүр.
Сондай-ақ талибтер такси жүргізушілеріне паранжасыз әйелдерді тасымалдауға тыйым салған. Бұл талаптың орындалуын қадағалау үшін Герат қаласында бақылау-өткізу бекеттері орнатылған. Бұйрықты бұзған жүргізушілер жазаланады.
Сонымен қатар, Ауғанстан университеттерінде әйелдер жазған кітаптарға да тыйым салынды.