БОРЫШҚА БЕЛШЕДЕН БАТҚАНДАР
БОРЫШҚА БЕЛШЕДЕН БАТҚАНДАР
Банктерден алған қарызын қайтармайтындардың алдыңғы қатарында алматылықтар тұр. Бір қызығы, әлемдік дағдарыс ушыққан сайын қазақстандықтар арасында несие алуға құштарлар саны артып келеді.
Еліміздегі Ranking.kz онлайн-ресурс өткізген сауалнама нәтижесі мұны анық байқатады. Дерек көзіне сүйенсек, 2013 жылдың қаңтарында Алматы тұрғындарына берілген несие көлемі 6242,2 млрд. теңге, Астанаға – 1003,3 млрд. теңге. Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарына берілген несие көлемі аз – небары 6,9%. Есесіне, алған қарызды қайтармай кетуде Алматы алда тұр. Мойнындағы берешегі 10 млрд. доллардан астам алматылықтардың 82 пайызы (несие алушылардың ширек бөлігі) банктерге борышты уақытылы қайтармағандар қатарында. Бұл көрсеткіш 1600,4 млрд. теңге көлемінде. Ал Астанадағы ағайынның небары 10 пайызы ғана қарызды кешіктіріп өтейді екен.
Белгіленген уақытында қайтарылмайтын қарыздар саны жыл сайын артып келеді. Кредиторлар бұл әңгімеден қашқақтайды, ал қарыз алғандар банктер несиенің мөлшерлемесін азайтса дейді. Ақшаларын дер кезінде қайтара алмай отырған банктер қатарында әлемдік қаржылық дағдарыстан кейін қайта құрылымдаудан өткендері тұр. Мәселен, БТА банкінің 87 пайызы – «нашар несиелер». Басқаша айтсақ, қайтарылмай қалған қарыздар. 2013 жылдың қаңтарында «Нұр банкі» – 50 пайыз, «Темір банкі» – 46,76 пайыз, «Альянс банкі» – 44,53 пайыз, «Қазкоммерц банкі» 40,43 пайызын борыш алушылар уақытылы қайтара алмай отыр. Орташа есеппен алғанда, Қазақстанның әрбір азаматы банктерге 600-700 доллар берешек. Оның үстіне, соңғы кездері тұтынушылық несие ерекше қарқынмен өсіп келеді. Мамандардың сөзіне сенсек, биыл 20-30 пайызға тағы да өспек. 2007 жылдан кейін сырттан алатын несиеден қағылған отандық жекеменшік банктер қазір клиенттер үшін бәсекеге түсуде. Неғұрлым көп адам тарту үшін олар несие мөлшерлемесін азайтуы да мүмкін. Бір қызығы, кезінде баласын үйлендіру немесе жаңа үй салғысы келсе де банктен қарыз алуға жүгіретін қазақтардың саны азайған. Есесіне, қарызды қайтара алмай, борышқа белшеден батқан қандастар көп. Оның дәлелі – қазақстандық жекеменшік банктер несиелеуде әлі күнге дағдарысқа дейінгі деңгейге жете алмай отыр.