Чоң көжө ішер күн келді

Чоң көжө ішер күн келді

Чоң көжө ішер күн келді
ашық дереккөзі

Қырғыздар Наурыз мерекесін айдың 21-інде атап өтеді. Осылай қабыл алынған. Өйткені қырғыздың жұлдызшылары күн мен түн наурыздың 21-інде теңесіп, 22-сінде Жаңа жыл басталады деп есептейді. Қырғызда наурыз (нооруз) айдың аты емес, көктемгі мерекенің – жыл басының аталуы.

Республикада айлардың аттары кеңес дәуіріндегі үрдісте қалды. Кеңес үкіметіне дейін айлардың қырғызша аттарының бірнеше нұсқалары болған. Олар бір ізге түсірілмегендіктен әлі күнге дейін талас-тартыс тудырып келеді. Бүгінгі күнде, негізінен, қырғыздың бірінші тіл маманы –профессор Құсейін Қарасаевтың (1901-1998) варианты көбірек қолданылуда. Қаңтардан басталған рет бойынша ол үштің айы, бірдің айы, жалған құран, шын құран, бұғы, құлжа, теке, баш оона (тува тілінде – ақбөкен, «унаа» моңғол тілінен қырғызға кірген «көліктік жануар» деген сөз), аяқ оона, тоғыздың айы, жетінің айы, бестің айы делінеді. Бұларды шатастырмай жаттап алу да қиын. Жалған құран – наурыз айынан бастап жеті айдың атауының қисыны бар. Құран (қырғызша «куран» деп жазылып, құран деп оқылады) қырғыз тілінде еліктің еркегі. Ұрғашысын телкі дейді. Оның мүйізі қыста түсіп, наурызда жаңадан өсе бастайды, сол кезде адамдар оның еркек не ұрғашы екенін алыстан ажырата алмай қалады екен, сондықтан оны жалған құран деп атаған. Сәуірде мүйізі әжептеуір өсіп қалғандықтан оны айыруға болады, ол – шын құран. Мамыр айында бұғылар, маусым айында арқар-құлжалар, шілде айында текелер үйірлерінен бөлініп топ-топ болып жүреді. Осылайша, таулы әрі орманды жерлердегі жануарлардың жүріс-тұрысына қарап қырғыздар ай аттарын белгілеген.

Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттарды зерттеу институтының доценті, қырғыз және Орта Азия халықтарының тарихы және этнографиясы бойынша бірқатар еңбектердің авторы Анвар Байтұрдың (1938-1991) ғылыми еңбектерінде Енисей қырғыздарының наурыздан басталған ай аттарын: нооруз, көрік, күкүк (көкек), чілде, сарыча, қыркүйек, мизам, қарача, қазан (соғым), қаңтар, ақпан, чал деп айтқаны жазылған. Бұл тұжырымдамада, шілдеден бастап бір ай артта қалғаны болмаса, қырғыз ай аттары қазақтікіне ұқсас. Хош, сонымен, қырғыздар мың жылдан астам уақыт бойына Наурыз күнін мерекелеп келеді. Қазақтар сияқты жеті түрлі дән азығынан арнайы ас әзірлеп, оны «чоң (үлкен) көжө» деп атайды, бір аптадай өндірілген дәнді дақылдардан жасалғанын «сүмөлөк» деп әспеттейді. Тамақ жеген соң ән айтады, жыр жырлайды, отты айналып билейді, Жаратқаннан жақсылық сұрайды. Қырғыздар Наурыз күнін «Жыл ажыратыш (ажырату)» күні деп те атаған. «Ескі жыл ажырады, Жаңа жыл жалғады» деген. Бұл күні қырғыздар арша не адыраспанды тұтатып, үйлерінің ішін және қораларын бәле-жаладан аластаған. «Алас, алас! Әр бәледен қалас! Ескі жыл кетті, Жаңа жыл келді! Жер жарылып шөп шық, желін айрылып сүт шық!» деп тілек тілеген. Қырғыздың «Алас» жырында: Алас, алас, әр бәледен қалас! Жаңа жыл келді, Ескі жыл кетті. Жаңа күнді тегіс берді, Жақсылықты кең берді. Қорамыз малға толсын, Ұрамыз дәнге толсын! Жаңа жыл жалға, Ескі жыл қолда, Ісіміз алға! Алас, алас, әр бәледен қалас! Ұлық аян түн келді, Диқанға жарық күн келді. Түндігіңді түріп қой, Меймандарға ақпейілден күліп қой! Дастарханын жайнатқан, Ұмай ана құты келді, Алас, алас, әр бәледен қалас! Су атасы – Сүлеймен, Менен емес, Құдайдан, Қабыл етсін тілекті, Ауыртпасын жүректі. Көктен жаңбыр төксе екен, Егін-шөптер өссе екен. Алас, алас, әр бәледен қалас! – делінеді. Орта Азия елдерінде Наурыз аптаның қайсы күніне тұспа-тұс келсе сол жылдың қандай болатын туралы ортағасырлық оқымыстылар айтқан жұлдыз-жорамал да бар көрінеді. Мәселен, Наурыз жексенбі күні келсе, ол Күн планетасына тәндік. Бұл жылда тоқшылық болады. Өсек, жаманшылық аз болады. Егіннің пайдасы мол болар, базарда тез өтер. Бұл жылы өлім-жітім болмайды. Наурыз дүйсенбі күні келсе, ол Ай планетасына тәндік. Бұл жылы дән көп болғанымен арзаншылық болмайды. Жаңбыр көп жауар. Патшалықтың құдыреті азаяр. Егіске табиғи қырсық тиер. Күнжіт пен тары мол, бидай аз болар. Қар, жаңбыр жыл басында болмайды. Көкөніс жақсы шығар. Жер-жемістер азаяр. Жыл аяғында қар жауып тез еріп кетер. Базаршының жолы болып, алушылар көп болғандықтан ісі жүрер. Наурыз сейсенбі күні келсе, ол Марс планетасына тәндік. Бұл жылы астық мол болса да, арзаншылық болмайды. Бірақ қан төгіліп, елден рақымдылық қашса керек. Пенде қожайынынан, қыз анасынан, ұл атасынан, әйел ерінен ажырасады. Елді тар пейілділік басады. Патша шейіт кетер. Бұл жылы ерте егілген егін жақсы шығар. Жыл аяғында сел жүріп, адам баласы шығын болар. Наурыз сәрсенбі күні келсе, ол Меркурий планетасына тәндік. Бұл жылы жоқшылық болар. Ашаршылықтан қан төгілуі ықтимал. Өсек-аяң, көре алмастық көп болар, бірақ бұлар тез өтер де кетер. Көкөніс көп болады, бірақ жыл аяғында арпа, бидай қымбаттай бастар. Ноқат пен тарыға береке берсін. Бұл жылы жылан, шаян көп болар. Наурыз бейсенбі күні келсе, ол Юпитер планетасына тәндік. Бұл жылы жеміс көп болады. Ай, күн тұтылады. Ауру көп болып, бірақ ақыры жақсылықпен аяқталар. Бұл жылы азық-түлікті мол қамдаған әбзел. Наурыз жұма күні келсе, ол Шолпан планетасына тәндік. Бұл жылы патшалардың жағдайы қиындаса керек-ті. Балалар пысық шығып, ер-азамат аталар. Жаңбыр көп жа­уып, қатты суық болар. Жеміс мол болып, бидай мен тарыға арзаншылық келер. Егін кеш пісер, жеміс-жидек, мәуе көп болып, өлім-жітім аз болар. Базаршының жолы оңалмас. Наурыз сенбі күні келсе, ол Сатурн планетасына тәндік. Бұл жылы өсек сөз бен біреуге шек келтіру көп болар. Көктем айларында көп жиі тұрып, қан көп ағады. Залымдар, надандар және ұрылар дәулет (мемлекет) басына келуі ықтимал. Жеміс мол болғанымен, жыл аяғында жоқшылық қаптайды. Кеңес билігі 1926 жылы Наурызды тойлауға тыйым салған. Бірақ Қырғызстанның ауылды жерлерінде бұл мейрам ескерусіз қалмаған. Қырғызстанның Тәжікстанмен шектес Бәткен облысының ең түкпіріндегі ауылда өскен 57 жастағы Қырғыз халық артисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Саламат Садықова «Ауылдың елі жиналып, тапқан-таянғанын ортаға салып, апа-жеңгелер Наурыз алдында таң атқанша сүмөлөк қайнататын. Біз, балалар-қыздар сол күні жақсы киімдерімізді киіп, шаштарымызды айранға жуып, мақтаның майымен сипап, әсемденіп, мерекеге жиналатынбыз», – деп балалық шағын еске алады. Ал енді биыл сексеннің сеңгіріне шық­қан қырғыз халық жазушысы, Қазақ­станмен шектес Шу өренінің құлы­ны Өскен Дәнікеев «Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында Соқылықтың Чоң Жар ауылында әрбір үйде «чоң көжө» қайнатылып, Наурыз мейрамының кәдесі сөзсіз жасалатын. Қазанға жеті түрлі дақылдың дәні салынатыны да есімде. Балалар жаз шықты деп жалаңаяқтанып, көк майсада жүгіріп ойнайтынбыз. Қыз-жігіттер ауылдың ішін аралап, ән шырқап, жыр жырлап өздерінің де, елдің де көңілін ашатын. Ересектер де үй-үйді қыдырып жақсы тілектерін айтатын», – дейді. Бұйырса, ендігі жылы тоқсанның наурыз көжесін ішкелі отырған қырғыз филологы, Қырғыз Ұлттық Ғылымдар академиясының академигі, Бүбүйна Оразбаева «Мен туып өскен Ыстықкөл өренінде қазір «сүмөлөк» деп жатқан тамақты «чоң көжө» деп атайды. Мереке күні ерте таңнан тұрып, сүр етке табылса күрішті, немесе бидайды қосып әбден қайнатып, «чоң көжө» пісірілетін. Қарынды тойғызып алып, тағы да алаулатып от жағып, «Алас, алас, әр бәледен қалас!» деп оттың үстінен арлы-берлі аттап, өлең айтып мейрамдайтынбыз. Бұрын қырғызда бала Наурыз күндері туылып қалса, оған Ноорузбай не Ноорузгүл деген есімдер қойылушы еді. Менің атамның аты Орузбай эмес, Норузбай болған. Туылғандығы туралы куәлік алғанда бірінші әрпі жазылмай қалып, құжатында Орузбай атанды. Балалары мен немерелері сол бойынша кеттік», – деп өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасындағы Наурызға байланысты қырғыздың тұрмыс-тіршілігін суреттеп берді. Қырғыздың жаңа тарихында Наурызды 1988 жылдан бастап үлкен сән-салтанатпен белгілей бастаған. Әсіресе, республика тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында мереке ұлттық мереке дәрежесіне көтерілген. Бүгінгі күнде Наурыз мейрамына сол он бес-жиырма жыл бұрынғыдай өте үлкен құштарлық болмаса да, оны тиісті жөн-жоралғысымен атап өту қырғыз қоғамында дәстүрге айналды. Той-думанды өткеруге мемлекеттік билік мекемелері де мұрындық болып отыр. Бішкек қаласының мэриясы 21 наурызда күні бойы орталық «Алатау» алаңында мерекеге арналған көптеген спорттық және концерттік бағдармаларды іске асырмақшы, республиканың екінші қаласында Ош мэриясының басшысы Мелис Мырзақметов оңтүстіктегі астанада Наурызды өткізуге шаһар бюджетінен 1 миллион сом бөлген. Мерекеде 1 мың оқушы және студент алаңға шығып, өнерлерін көрсетеді. «Ақ шөлмек», «Ақтерек», «Алтын шәкек (жүзік)» ұлттық ойындары ойнатылады. Облыс артистері бұрын еш жерде айтылмаған тек жаңа әндерімен ел алдына шығады. Арнайы қонақтарға арналып сүмөлөк әзірленуде.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі