Қоғам көз жұмып қарамауы керек

Қоғам көз жұмып қарамауы керек

Қоғам көз жұмып қарамауы керек
ашық дереккөзі
164

Елімізде жастар мен жасөспірімдер арасында суицидтің көбейіп кеткендігі туралы БАҚ-тар жиі айтуда. Әлем бойынша жылына ең кем дегенде 100 мың жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды екен. Әсіресе бұл жағдай 15-19 жас арасындағыларда жиі тіркелген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзін-өзі өлтіреді екен. Бұл қайғылы құбылыс 2020 жылдарға қарай бір жарым есеге артады дейді мамандар. Ең көп адам құрбан болатын Жапония елі өткен жылы осы мәселе бойынша мемлекет қазынасынан 32 миллиард АҚШ долларын бөліпті. Себебі, 2003 жылы бұл елде 34 мыңнан аса адам өзін-өзі мерт еткен. ДДҰ өзін-өзі өлтіру көрсеткіші бойынша әлем елдерін жоғары, орта, төмен деп үш топқа бөлген. 100 мың адамға шаққанда өлім көрсеткіші жылына 20 адамнан асса жоғары, 10-20 адам аралығында болса орта, 10 адамнан аспаса төмен болып есептеледі. Жоғарыдағы ұйымының деректеріне сенсек, 100 мың адамға шаққанда әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген елдер: Бірінші орында – Латвия (96-99 адам), екінші орында – Венгрия (88 адам), үшінші орында – Қазақстан (53 адам).

Суицид оқиғасы көбінесе мектеп түлектері ҰБТ тапсыратын уақытта көбейеді деген пікір бар. Мұны растайтын мәліметтер де жетерлік. Алайда, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов суицидтің тест сынағына еш қатысы жоқ деп талай мәрте айтқан болатын. Тіпті, министр бұл мәселені ақпарат құралдары бетінде жариялауға да тыйым салды. Қазақ «Ауруын жасырған өледі» демей ме? Елімізде өзіне өзі қол жұмсау фактісі артып бара жатқандығы құқық қорғау мекемелері мен жасөспірімдерді оңалту орталығы мамандарына қатты батып жүргені шындық. Ендігіде бұл мәселеге селқос қарауға болмайтыны да түсінікті.

Жақында Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеде бірлесіп күресуді қолға алыпты. Соған байланысты елімізде суицидология қызметі ашылып, алдын алу жөнінде арнайы бағдарлама қабылданатын болыпты. Алайда, бұл орталық асқынған дертке айналған суицидке қалай тоқтау салады? Жастар мен жасөспірімдер арасында жиі әңгіме өткізетін психологтар жеткілікті ме? Мәселенің бұл жағына терең бойлағанда тағы да тілімізді тістеп қалатын сияқтымыз. Қалай десек те, бұл мәселеге қоғам бұдан әрі көз жұмып қарамауға тиіс.

Тоғжан Әшім

Серіктес жаңалықтары