Қайрат Келімбетов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: 5 миллион салымшының мүддесі қорғалады

Қайрат Келімбетов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: 5 миллион салымшының мүддесі қорғалады

Қайрат Келімбетов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: 5 миллион салымшының  мүддесі қорғалады
ашық дереккөзі
169

Халықтың ай сайын зейнетақы қорларына тірнектеп жинайтын қаражатын мемлекет неге бір Қорға шоғырландырғалы отыр? Аманатқа қиянат жасалмайтынына қандай кепілдік бар? Күні кеше ғана кейбір банк Ұлттық қордан 10 млрд. доллардың орнын сипатып кеткен сияқты. Бірыңғай қорға жинақтайтын ақшаға бөгде біреулер қол салмай ма? Қыруар қаржы желге ұшып, ысырап болмай ма? Адал еңбекпен тапқан ақшаның келешегіне алаңдаушылар аз емес. Осы орайда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов мырзамен сұхбаттасқан едік.

«Ең сенімдісі – мемлекет»
– Қайрат Нематұлы, соңғы кездері Қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырған мәселелердің бірі – жинақтаушы жүйедегі үкіметтік реформа. Осы туралы қысқаша айтып берсеңіз? – Ең бастысы, өзгерістердің ешқайсысы жинақтаушы жүйенің қағидасына нұқсан келтірмейді. Жинақтаушы жүйе сақталады, жұмыс істейді, оны жетілдіру мақсатында біз одан ары қарай да әрекет ете береміз. Яғни, халықты барынша кең ауқымда қамту, анағұрлым біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорды түзу т.б. Жалпы саны 5 миллионнан астам Қазақстан азаматтары бұған дейін табыстарының 10 пайызын зейнетақы жинақтаушы қорға қалай аударып келсе, солайша жалғастырады. Қаражаттың барлығы әр адамның жеке шотында сақталады және ол сол азаматтың жеке меншігінде қалады. Күні кешеге дейін басқарушы компаниялар саны 11 болса, қазір енді біреу-ақ. Алайда, қаражатын жинақтап жатқан азаматтар үшін ештеңе өзгермейді. Оның ақшасына да ешкім ортақтаса алмайды. Жинақтаушы қорлар жиі кездесетін мәселе – зейнетақы салымының тиімділігі мен түгелдігі болатын. Ақшаның желге ұшпауына келсек, заңда «мемлекеттік кепілдендіру» нормасы бар. Мысалы, Құдай оның бетін ары қылсын дейміз, бірақ зейнетақы салымы күтпеген жерден бірдеңеге ұшыраса, оған мемлекеттік кепіл жауап береді. Егер зейнетақы салымында жинақталған кіріс пен инфляцияның арасында айырмашылық болса, жинақтаушы азамат мемлекетке өтініш айтады, ал мемлекет оның өтемақысын төлейді. Қазір аса қомақты емес, бірақ келешекте миллиардтаған теңгеге айналады. Әрі мемлекеттік кепілдік те сақталады. Ақша – жекеменшік, соған қарамастан, мемлекеттік кепілдіктің күші жүреді. Жинақтаушы шотқа ақша жинайтын Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының алаңдауына негіз жоқ. Оның үстіне, тиімділік пен ақшаны желге ұшырмауды қарастырудың арқасында басқарудың тиімді жолдарына жетелейді. Яғни, екінші кепілдік мәселесі. Бұл дегеніміз – Бірыңғай жинақтаушы қор ҚР Ұлттық қордың басқаруында болады. Соңғы 20 жылда Ұлттық банк өзін тек жақсы қырынан көрсетті. Сондықтан ол ішкі нарықты реттеп, жинақтаушы қордағы қаражатты қадағалап отырады. – Қадағалау жүзеге қалай асырылмақ? – Қазақстанда 10 жекеменшік және бір мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) бар. Зейнетақы нарығының 20 пайызына ие МЖЗҚ негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылады. ҚР Үкіметінің меншігінде болатын бұл қорға Қаржы министрлігі жауап береді. Ұлттық қордың баламасы саналатын осы қорды Ұлттық банкінің басқаруына береміз. Ұлттық қордың Қаржы министрлігіне қарайтынын білесіз ғой. Бірақ оның тізгіні Ұлттық банкке тапсырылған. – Ұлттық банкке жүктелген міндет қандай? – Ұлттық банк Қорды өзі басқарады немесе ішкі басқаруға береді. Жинаған қаражатты қалай көбейтуге болатынын білетін және ақшамен жұмыс істей алатын компаниялардың жауапкершілігіне тапсырылады. Немесе инфляция өте қатты ықпал етпейтін жолды тауып, қаражатты аман-есен сақтайды. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да осы сияқты. Қор – Үкіметтікі, яғни, Қордың иесі – Үкімет және біз оның басқару жауапкершілігін Ұлттық банкке тапсырамыз. Ал шешім қабылдау міндеті ҚР Президентінің жанынан құрылатын Кеңеске жүктеледі. Қазір Президенттің жанынан құрылған екі Кеңес бар. Біріншісі, Ұлттық Қорды басқару бойынша Кеңес, екіншісі, «Самұрық-Қазына» Қорын басқару бойынша Кеңес. Аталған кеңестерде жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар шоғырланған және қажет кезінде ұстанатын саясаттың бағытын түзеді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін зейнетақы қорлары барлық ақшаны Ұлттық қорға өткізуі тиіс. Ол үшін ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесіп, жаңа заң жобасын дайындады. Парламент құжатты бекіткеннен кейін іске кірісеміз.
«Зейнетақы қорларында таңдау бар»

– Егер қаржысын Бірыңғай жинақ­тау­шы қорға өткізсе, бұрынғы зейнетақы қор­ла­­ры­ның күні не болмақ?

– Олардың бірі – Мемлекеттік жинақ­тау­шы зейнетақы қоры негізгі база болады. Шын мәнісінде, зейнетақы нарығының 75 пайызы небары 4 қорға тиесілі: Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры, Халық банкінің зейнетақы қоры, «Грантум» мен «Ұлар-Үміт». Негізі «Ұлар-Үміт» те мемлекетке тиесілі. Қалған қорлардың үлес салмағы аз. Сондықтан біз МЖЗҚ-ын таңдап отырмыз. Қалған қорлардың алдында 3 таңдау бар: біріншісі, Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларға айналу. Анығында олар бұған дейін де активтерді басқарумен шұғылданатын. «Олар активтерді қалай басқарады?» деген мәселеге келсек, қорлардағы қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түскеннен кейін Ұлттық банк сондай инвестициялық қорлар арасында зейнетақы қаражатын басқаруға қатысты байқау жариялайды. Жинақтаушы зейнетақы қорларының барлығы да қандайда бір мемлекеттік құнды қағаздар бойынша өз бизнестері мен қызметтерін жалғастыра беруіне рұхсат. Олардың тиімді жұмыс істеуі үшін сұрыптау, бағалау және қадағалау жауапкершілігі Ұлттық банкте. Осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы ҚР Бас прокуратурасының тексеруінен сүрінген кейбір зейнетақы қорларын қатаң сынға алған еді. Басты кемшілік – қорлар тәуекелі өте жоғары салымдарға (сарапшылар оларды «қоқыстық» деп атайды) қатты әуестенген. Ондай салымдарды тіпті мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы да жаба алмайды. Сондықтан мемлекеттің басты мақсаты – жүйені анағұрлым тиімді етіп, қадағалауды күшейту. Осы олқылықтардың орнын енді Ұлттық банк толтырмақ. Мысалы, бір зейнетақы қоры жақсы жұмыс істесе, екіншісінің шаруасы керісінше, ақсап жатса, зейнеткердің түгі де кетпейді. Себебі, мұның оған түк қатысы жоқ. Әрі кез келген жағдайда жинақталған ақшаға мемлекеттік кепілдік керек, ал зейнеткер бейнетінің зейнетін көруі тиіс. Бұдан әрі зейнетақы салымдарынан түсетін кірістің мол болуы Ұлттық банк жұмысының жемістілігіне байланысты. – Тиімділікті арттыру үшін не істемек керек? – Қордағы қаражаттың бір бөлігін шетелдерге салады, бұл қомақты кіріс әкелмек. Бұл жерде Ұлттық банктің тәжірибесі мол. Қазақстандағы басқа қаржылық құрылымдар туралы олай айту қиын. Аталған ақшаның белгілі бір бөлігі ішкі нарыққа бағытталады. Осы орайда зейнетақы қорларының инвестициялық қоржынды басқарушы компанияға айналуына мүмкіндік туады. Өз қызметін зейнетақы қоры ретінде тоқтатқаннан кейін қорларға берілетін үшінші мүмкіндік – жұмыс істеуін тоқтату. Қараңызшы, жинақтаушы жүйеге қатысушылардың барлығына шотымызда қанша қаржы жиналғаны туралы ақпарат жіберіліп тұрады. Сол ақшаны зейнетақы қорлары бір жаққа инвестиция түрінде салып отыр ғой. Егер мемлекеттік қағаздар мен «ҚазТрансОйл» сияқты ұлттық кәсіпорындар акцияларын сатып алуға жұмсаса, ол сенімді. Бірақ түсініксіз бір ЖШС немесе АҚ-ға салса, олар ізім-қайым жоғалып кетсе, не болмақ? Салымшылардың қыруар қаражаты қалай және кімнен өндіріледі? Әлбетте, іске кіріспей тұрып, зейнетақы қорларының барлығы жіті тексеруден өткізіледі. Негізі оларды ірі аудиторлық компаниялар тексеріп тұрады ғой. Арнайы мониторингтер жүргі­зіледі. Мұндайда салымшылар сеніп тап­сырған аманатқа қиянат жасағандарға тиісті жаза қолданылатыны анық. Егер қаржы қолды болса, қорлардың акционерлері өз есебінен жабуға міндетті. Бұл мәселе әзірге жан-жақты қарастырылып жатыр.
«Қауесеттер – негізсіз»

– Кейбір сарапшылар пікірінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылса, қор нарығы құрдымға кететін көрінеді. Шынымен солай ма?

– «Қор нарығы құриды» дегенге келсек, «біздегі Қор нарығы соңғы өзгерістердің кесірінен шатқаяқтап қалды» дейтін пікір айтатындар бар. Мен оған келіспеймін. Егер зейнетақы қорларының қаражатты қайда салғанына көз жүгіртсек, олар мемлекеттік қағаздарға, квазимемлекеттік салаларға, яғни, Қаржы министрлігінің мемлекеттік құнды қағаздарына, «ҚазТрансОйл» мен «Самұрық-Қазынаға», «Қазақстан Темір Жолы» т.б. бағытталған. Демек, қор нарығы құрыған жоқ, одан ары қарай әрекет ете береді. – Ендеше жағымсыз кірістер қайдан пайда болған? – Олар жекеменшік сала ұйымдастырған компанияларға салған салымдардың салдарынан түзілген. Жан баласы білмейтін акционерлік қоғамдар құрылған, ақша соларға құйылған да, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен. Мұндай жағдай банк саласында да өте көп. Бірақ жинақтаушы жүйенің банк саласымен тығыз байланысты екенін білесіз ғой. Мінеки, осындай жағымсыз жайттар қайталанбас үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар Ұлттық банкке тексеру жүргізу үшін қажет. Мәселен, кез келген бір акционерлік қоғамға ақша керек болғанда олар жеке операторларға бизнестері мығым жекеменшік кәсіпорын екенін дәлелдеп беруі тиіс. Осыған сәйкес, ЗАБК шешім шығарып, қаржы бөледі. Егер компания банкротқа ұшыраса, әлгі ЗАБК бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, шығынды өзі өтейді және лицензиясынан айрылады. Бұл алаяқтыққа жол бермеуде өте тиімді тәсіл. Салымшылардың қаражаты да ысырап болмайды. Ел арасындағы «қор нарығы құрдымға кетеді» деген қауесетке себеп – осы. Меніңше, қор нарығы барынша дами түседі. – Үкіметтің бұл қадамын сынайтындар тобы «Қыруар қаржыны тағы қайда жібер­мек? Оны сосын ертең таба алмай­мыз» деп алаңдайтын сияқты. Бұған айтар уәжіңіз қайсы? – Осы қауіпке жол бермес үшін барлық жауапкершілікті Ұлттық банкке жүктеп отырмыз. Ұлттық Қордағы қаржының мұрты бұзылмауына кәсіби біліктілігі халықаралық деңгейдегі Ұлттық банк жауапты. Ол тартатын компаниялар – әлемдік деңгейдегі құрылымдар. Бір мезгілде триллиондаған доллармен жұмыс істеуге қабілетті компаниялар Жер бетінде саусақпен санарлықтай. Ол оңай емес. Оның үстіне, қатысушылар бірін бірі жақсы білетін нарықта көп нәрсе ашық та жария. Кез келген жобаға (құрылымдық облигациялар т.б.) ақша салуға шешім қабылдау мемлекеттік кепілдікті қажет ететіндіктен, бұл іске Үкімет пен Ұлттық банк, нарықтағы қаржылық құрылымдар өкілдері мүшелікке өткен арнайы Кеңес жауапты. Өйткені Ұлттық қордағы ақша – халықтікі. – Алаяқтыққа немесе ашкөздікке ұрынғандар қылмыстық жазаға тартыла ма? – Қылмыстық жауапкершілік кез келген мәселеде толық қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексін ешкім жоққа шығарған жоқ қой. Сонша неге шу көтерді кейбіреу? Егер адамдардан сұрасаңыз, шындығында, оларға бәрібір. Себебі ақшаларына бірдеңе болса, мемлекет жауап береді. Яғни, біздің менталитетімізге салсақ, мемлекетке көбірек сенім артады. «Менде таңдау еркіндігі болуы керек» дейтіндер бар. Бірақ нашар мен өте нашарды таңдау ретінде қарастыру мүмкін емес. Таңдау еркіндігі жақсы мен өте жақсының арасында жүруі тиіс. Үкімет азаматтарға өте жақсы таңдау ұсынды. Бұл зейнеткерлер мен келешектегі зейнеткерлер үшін таптырмас олжа. Әрине, жинақтаушы қорлары жұмыспен қамтып отырған адамдар, қаншама жұмыс орны, әлеуметтік фактор – басқа әңгіме. Мұны біз өз жауапкершілігімізге аламыз. Бірақ зейнетақы қорларында нәпақа тауып жүрген 12 мың жұмыскер мен сол қорларға салымшы 5 миллион адамның мүддесін таразы басына тартсақ, салымшылардың басым түсетіні белгілі. Бүкіл қордың қаражатын бір арнаға тоғыстыру бізге де оңай тимейді. Алайда, бұл қадамға бару үшін соңғы 1,5-2 жылда Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірге жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, саналы түрде осыған барып отырмыз. Зейнетақы жүйесіндегі реформалармен қатар Үкімет сарапқа салып жатқан басқа да мәселелер бар. Мысалы, жүйенің өзгеруі, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы, жұмыс берушілер үшін міндетті жарналар т.б. Ол үшін сарапшылармен, мамандармен пікірсайыстар ұйымдастырылып, өте кең ауқымда зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қазір заң жобасы дайын тұр. Енді оны қоғам талқысына салу қажет. Меніңше, өте қызу пікірталас тудырады. – Ел арасындағы «Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорындағы «EXPO-2017» шарасын қаржыландыруға жұмсайын деп жа­тыр. Жол салады екен. Мемлекеттің бас­қа да жобалары бар көрінеді» деген сөз­дер қаншалықты рас? – Қалыптасқан ереже – жолдарға кететін шығын бюджеттен қарастырылады. Бюджетке ақша әртүрлі жолмен келеді. Салық жинаймыз, кейде Ұлттық қордан бөлінетін ақша бар, қарыз алуымыз да мүмкін кейде. Борыш алу бюджет ішіндегі қаржыландыру арқылы іске асырылады. Сонымен қатар зейнетақы қорларын сатып алатын ақша сияқты. Қайталап айтайын, зейнетақы қорларының қаржысына мемлекет кепілдік береді. Демек алаңдауға негіз жоқ. Керісінше, қаржыны қадағалау күшейеді. Біз ұсынып отырған жүйе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Малайзия, Сингапурде қолданылады.   «10 млрд. доллар желге ұшқан жоқ»

– Қайрат Нематұлы, қаржы кепілдігіне қайта оралсақ. Дағдарысқа қарсы күрес кезінде Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд. доллардың орнын сипап қалдық. Елбасының ашулануына да осы себеп болды. Қыруар қаржы қайда кетті?

– Мен Президенттің сөзін толығымен қостаймын. Сұраққа негіз болған не еді? 2008-2010 жж. дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы шеңберінде біз банктерге, құрылысқа, 60 мыңнан астам үлескерге, шағын және орта кәсіпкерлікке қаржылық тұрғыда қолдау көрсеттік. Сондай-ақ, кейбір инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырдық. Дағдарыс кезінде контрциклдық саясатты жүргізу қажет болатын. Оған дейін қаражат банктер, үлескерлік құрылыс желісі арқылы бөлінетін. Дағдарыс басталғанда олардың қарқыны күрт тежеліп, көптеген жоба тоқтап қалды. Оларды жалғастыру мақсатында Ұлттық қордан 10 млрд. доллар бөлінді. Оның 600 млн. доллары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жарғылық капиталына, ал 480 млн. доллары қайтару керек деген талаппен экономиканы дамытуға салынды. Яғни, 5 млрд. доллар – «Самұрық-Қазынаға», 4 млрд. доллары – экономикаға. 1 млрд. долларды ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында «ҚазАгроға» бағытталды. «Самұрық-Қазынаға» берілген қаражатқа 3 банктің акциясын сатып алдық. 2009 жылы банк саласын қолдауға шешім қабылданып, әр банкке 120 млрд. теңгеден салынды. 10 млрд. доллардың есебінен үлескерлік құрылысқа тигені – 260 млрд. теңге. Әрі бұл қаражат ипотекалық құрылысқа қатысушыларға көмек еді. Ал шағын және орта кәсіпкерлікке жұмсалғаны – 120 млрд. теңге (1 млрд. доллар) және инфрақұрылымдарға 1 млрд. доллар қарастырылды. Мінеки, сіз сұрап отырған 10 млрд. доллардың тарихы осы. Қыруар қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпес үшін Президент арнайы комиссия құрғызды. Оған Елена Бахмутова ханым Қаржылық қадағалау агенттігін басқарып отырған кезде жетекшілік еткен еді. Комиссия құрамында Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясының өкілдері мүше болып, мемлекеттік ақшаның мақсатты түрде жұмсалуын қадағалап отырған. 2008-2009 жылдары бірнеше рет жиналыс өткізген комиссиялар қаржыны тек көзделген мақсатта жұмсауға баса назар аударды. Қаражат кері қайтып жатыр қазір. «Халық банкі» ақшаны қайтарып берді, мемлекет сатып алған барлық акция банк меншігіне өткізілді. «Қазкоммерцбанкі» қарызынан кезең бойынша құтылуда. Оның қаржысын «Самұрық-Қазынаға» жинауда. Триллионнан астам ақшаның ендігі 330 млрд. теңгесі кері қайтарылды. Графикке сәйкес, 480 млрд. теңге Ұлттық қорға 2025 жылға дейін қайтарылуы тиіс. Оны темір жолдарды салуға газ құбырларын тарту сияқты басқа да жобаларға пайдаланып үлгеру көзделуде. Елбасы айтқандай, ақшаның кері қайтуына деген бақылауды ешқашан бәсеңдетпеу керек. – Ал «ҚазАгроға» бөлінген қаржының жайы қалай? – Ол ақша да «ҚазАгро» бағдарламалары бойынша жұмсалуда. Жыл сайын қаражаттың қайда кетіп жатқаны жайлы есеп беріледі. Халыққа тиесілі қаражатты ысырап ету мүмкіндігі барынша шектелді. Ұлттық қордағы ақшаға қол созғанда бұған дейін экономикаға құйылған қаржының қайда кеткенін түсіну қажет. – Экономика туралы айтқанда Кедендік одақ мәселесін айналып өтуге болмайды. Жуырда ҚР Қаржы министрі Парламентке келгенде Қазақстанның Кедендік одақ жұмысына дайындықта қиындықтарға тап болғанын мойындады. Жәмішевтің айтуынша, отандық кәсіпкерлер КО-ны тиімді пайдалана алмай отырған көрінеді. Басты қиындық қандай және ол қалай шешілмек? – Өзіңіз білесіз, 1994 жылы Қазақстан Президенті Еуразиялық идеяны ұсынды. Идеологияның өзегі қарапайым – бір-бірімен байланысқан халықтар, экономикалар, бизнестер, неге тізе қоса отырып, бірге жұмыс істемеске?! 1994 жылдан бастап осылардың барлығы да біртіндеп әрекет ете бастады. Олар ТМД, ЕурАзЭҚ т.б. шеңберінде орындалып жатқан еді. ЕурАзЭҚ кездесулерінің бірінде Кедендік одақты құруға шешім қабылданды. Ол кезде біз кедендік тарифтерді бірегейлендіреміз деп болжағанбыз. 2008-2009 жылдары қаржылық дағдарыстың салдарынан пайда болған қиындықтар әлемдік экономиканы тығырыққа тіреді. Жағдай әлі күнге өзгерген емес. Айналаның бәрінде аймақтарға шоғырлануда, аймақтық одақтар құрылуда. Мысалы Еуропалық Одақ, НАФТА т.б. Әлбетте мұндайда бәсекелестіктің артатыны белгілі. Осы 2008-2009 жж. біз нарықтың экономикалық интеграциясын нығайтамыз деген мақсат қойғандықтан, стратегиялық жоспарлар түздік. Нарық ауқымын кеңейтуді қаладық. Еуроодақтың өзінде жұмыссыздық 20 пайыздан асты. Экономиканың өндірістік саласына өте қатты көңіл бөлінуде. Кедендік одақты құруға бел буғанда экономикалық қатынастарды заңдастыруды көздегенбіз. Мұндайда баға өсімі немесе қандай да бір нарықта бір елдің екінші ел кәсіпкерлігін ығыстыруы сияқты жайттардың кездесуі – заңдылық. Бірақ мен қазақстандық бизнесті бәсекеге төтеп бере алмайды деп айтпас едім. Бұл жерде біздің 170 млн. тұрғыны бар экономикаға мүмкіндік алғанымызды айту маңызды. Қазақстандағы ірі өндірістің барлығы, «Тальго» вагондарын, локомативтер, электровоздарды т.б. енді Қазақстан аумағымен қатар Кедендік одақ шеңберінде сата аламыз. Еуропалық Одақ пен Азия мемлекеттерінде Қазақстанды құшақ жая қарсы алуға құлшынып отырған жоқ. КО аясында аграрлық, транспорттық, индустриалдық саясатты келісіп алғаннан кейін нарықтың ауқымы одан сайын кеңи түседі. Бұл жердегі таңдау барынша заңдастырылған үлкен кеңістік пен онша заңдастырылмаған ауқымы тар кеңістік арасында жүреді. Иә, тарифтік емес кедергілерге қатысты сұрақтар бар, олар әлі түбегейлі шешілген жоқ. Егер осыларды жүзеге асырмағанда, бәрібір Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуде кедергі болар еді. Экономикамыз әлемдік нарыққа шикізат пен өнім сатудың арқасында өседі. Өйткені Қазақстанға инвестиция толассыз ағылуда, ал біз тауарларды экспорттаумен және импорттаумен айналысамыз. Әлемдік сауданың ережесі – егер сен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болсаң, сол клубтың шеңберінде тең дәрежеде әрекет етесің. Егер мүше болмасаң, әділетсіздіктерден көз ашпайсың. Яғни, өз ішіңде инвесторлар үшін әмбебап ереже қалыптастырасың. Сондықтан Ресей мен Беларусьпен бәсекеге түсе алатын кезді күте тұру керек деген сөз өз бизнесіңді мүлде сыйламаумен тең. Біз қазір РФ мен Беларусь тауарларымен бәсекеге түсудеміз. Тіпті Бүкіләлемдік Экономикалық Форумның өзі біздің бәсекеге қабілеттілігімізді жоғары бағалады. Бұрын нарықтар есігі жабық еді. Енді соларды біртіндеп ашып келеміз. Бұл тұтынушыларға да үлкен көмек. Тауар түрі неғұрлым көп болған сайын соғырлым сапа артады, баға да қолайлы болмақ. – Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтерде КО шеңберіндегі ереже-талаптар кедергі болмай ма? – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдауда біз Ресеймен КО аясында бекіткен келісімдерді негізге алдық. Біздің біртұтас тарифтік жүйеміз болуы тиіс. Аталған келісімдер әлдеқайда тиімді. Өйткені РФ – сауда қатынастарында әлемдік нарықтағы ірі ойыншы. Демек, қазақстандық нарыққа төнер қауіп жоқ әрі жақсы қорғалады. Экономикалардың әртүрлілігіне қарамастан Біртұтас экономикалық кеңістіктің коллегиясында әр мемлекеттен 3 адамнан, 9 мүше бар. Мысалы, Ресей әлемдік деңгейдегі алғашқы ондықта тұр. Бірақ КО шеңберінде қабылданатын шешімдер үш елдің мүддесіне сай болады. Егер мүшелердің бірі қарсы болса, заң негізінде жоққа шығаруға құқылы. Бәрі керемет дей алмаймын, алайда Біртұтас экономикалық одақ құруға дайындық шеңберінде департамент директорлары, директорлар орынбасары, бөлім бастықтарына құзіреттілікті кеңейту туралы мәселелерді көтереміз. Консультациялық кеңесте «Атамекен» мен кәсіпкерлер қауымының ұсыныстары талқыға салынады. Биыл Біртұтас экономикалық одақ келісімінің жобасы Парламентте кеңінен талқыланды. Елбасы 2015 жылға қарай Біртұтас экономикалық одақты құру туралы нақты тапсырма берді. Ол үшін біз 2014 жылдың 1 мамырына дейін Парламентке жаңа заң жобасын ұсынуымыз қажет. – «Біртұтас экономикалық одақ құ­рыл­ғанда Қазақстан саяси тәуел­сіз­ді­гінен айры­лып қалмай ма?» деген алаң­дау­шылық бар қоғамда. Сіздіңше, қалай? – Бұл сұрағыңызға ҚР Президенті Н.Назарбаев айқын жауап берді. Әңгіме тек экономикалық интеграция жайында өрбіп отыр. Саяси тәуелсіздікке келер нұқсан мен төнер қауіп жоқ. Қазір құжаттарды реттеу, жүйелеу мәселесіне қатты көңіл бөлудеміз. Одаққа қатысты ұлттық орган қалай құрылады? Оның заңды құзіреті қандай? Халықаралық тәжірибе не дейді? Яғни, 3+1 сияқты құрылым пайда болады. Мысалы, Еуропалық Одақта бұл міндетті Брюссель құрылымы атқарады. Экономиканы, бәсекелестікті дамытуға қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі, бәсекелестікті тұншықтыруға әрекет еткен қимылдардың болмауын қадағалайды. Біздіңше, біріккен кәсіпорындар құру бағытына басымдық беру керек. Мәселен, барлық бөлшектері Еуропалық Одақ елдерінде шығарылатын Эйрбас өндірісін жолға қою секілді. Бүгінде Ресей инвесторларымен бірге Қазақстанда көлік зауыттарын салу жобасы қолға алынды. Мұнай-газ саласында тығыз қарым-қатынастамыз. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі бар, осындай жобалардың басқалары да дайындалуда. Біртұтас экономикалық кеңістікке бағынбайтын салалар әзір баршылық. Мысалы, мұнай-газ саласы, инфрақұрылымға қолжетімділік т.б. Осыларды түбегейлі шешіп алғаннан кейін халық тауарлар мен ақша, қызмет көрсету саласында ешқандай кедергіге кездеспейді. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары