Ләззат Танысбай «Евразия» бірінші арнасының» басшысы болып тағайындалды

/
Ләззат Танысбай «Евразия» бірінші арнасының» басшысы болып тағайындалды

Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы қызметінен кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек - ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», - деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде.

Ләззат Танысбай бүгіннен бастап «Евразия» Бірінші арнасына» жетекшілік етеді. Бұл - 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан республикалық телеарна. Квазимемлекеттік медиаұйым бүкіл Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Көрермен ауқымы бойынша отандық телеарналар арасында алғашқы үштікке кіреді.

Айта кетейік, Л.Танысбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, теле және радио арналарының рейтингі өсті, коммерциялық табысы 50%-ға артты. Корпорация тарихи тұлғаларға арналған телехикаялар түсіруге ден қойды. А.Құнанбайұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, Д.Нұрпейісова, Әл-Фараби, Қорқыт және өзге де тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған 22 сериал түсірілді. Солардың бірі «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы өз алдына мәдени феноменге айналды. «Жабайы алма», «Он алты жасар чемпион», «Махаббат, қызық мол жылдар» әдеби туындылары экранизацияланды. Құсни-Қорлан әнінің шығу тарихы баяндалатын «Естай мен Қорлан» телехикаясы, 300-ге жуық деректі фильм түсірілді. Соның ішінде «Қазақ қызы», «Дәуір даналары», «Бірегей» деректі фильмдер топтамасы бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары