748
ЖАЛҒАННЫҢ ЖАРЫҒЫ
ЖАЛҒАННЫҢ ЖАРЫҒЫ
Мұхитдин ИСА
Сұлтекең түскі аптаптың қызуы қайта, бұдыр-бұдыр қара таяғына сүйене жылжып, әр жерде бір демалып, ауылдың желке тұсындағы жатаған төбе басына әупірімдеп әзер көтеріліп еді. Сол жерде боз жусанның үстіне шоқия отырған күйі сонау көкжиекте көшкен керуендей тізбектеліп жатқан қарт Қаратаудың өркеш-өркеш шоқыларына көзі боталап ұзақ қараған. Оған қараған са-йын мына сексен деген селкілдеген жасына дейін бастан кешкен, көзден өткерген небір жайлар бірінен соң бірі еске түсіп, терең ойдың тұңғиығына шым-шымдап бата берген. Өстіп қанша отырғанын білмейді, кенет жақын маңнан шаңқ ете қалған ащы дауыс бойкүйез тартқан бойын да, түпсіз тереңге кеткен ойын да күрт сергітіп жібергендей болды. Еңсесін тіктеп жоғары қарап еді, дәл төбе тұсынан әлдебір қыран қалықтай ұшып барады екен. Ұшып бара жатып тағы да шаңқ ете қалды. Таныс дауыс. Бірақ құстың емес, адамның… Дәп өстіп шаңқ ете қалған біреудің дауысы. Бірақ кімнің дауысы? Қашан естіп еді? Есіне түсіре алмады. Алайда соны естігенде тұла бойы дір етіп, жүрегі аузына тығылғандай болып еді ғой баяғыда. «Кәрілік деген осы, – деді іштей күбірлеп. – Бәрі де түнде көрген түсің секілді. Таңертең ойласаң, бірі есіңе түспейді…» Сұлтекең күрсінді. Күрсінді де тағы да сонау көкжиектегі Қаратаудың шоғыр-шоғыр шоқыларына көз салды. Жоқ, көкжиек емес, қарауытқан, мұнартқан ұзын белдеу. Сол таулардың бір шетінен әне, шартабақ күн шалқып батып барады. Тағы бір күннің соңғы сәулесі. Ал ертеңге дейін кім бар, кім жоқ? Зымыраған уақыт. Көзді ашып-жұмғанша өте шығар күндер мен түндер. Осы күндер мен түндерді қуалай жүріп, айлар мен жылдарды өткізіп, кәрілік деген иттірлікке де қалай жеткеніңді сезбей қаласың. Әйтпесе Сұлтекеңнің жетпістің жетегінде жүргені кеше ғана емес пе еді. Енді міне сексеннің сеңгіріне шығып отырған түрі мынау. Ойына халық әнінің бір сөзі оралды. Ойлап тұрсам дүние шолақ екен, Бұл дүниеге адамдар қонақ екен… Жас кезінде, той-томалақта талай рет зарлатып айтқан әні. Бірақ ол кезде ән сөзіне онша мән бермеген екен. Енді ойлап қараса, өмір деген жалған дүниенің мәні осы екі-ақ жол өлеңге сыйып кеткен екен ғой. Иә, адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді. Іңгәлап өмірге аяқ басқан кезден-ақ пенденің тағдыры пешенесіне жазылып, қабірі қазылып қояды. Сол күннен бастап Өмір мен Өлім айқаса бастайды. Бірақ адам Өмірді қанша сүйіп тұрса да, Өлімге біртіндеп жақындай береді. Сірә, пенденің әу бастағы шырылы, сәт сайын жақындай түсетін өлімге деген қорқынышы болар. Әйтеуір қалай десең де адамның өмірден жылап кететіні айқын нәрсе. Рас, пайғамбарлардан өзге барлық пенде бұл ғұмырдан көшерде жылап кетпек. Міне, бойдан қуат кетіп, кәрілік дендей түсіп, өмірінің күзі қысқа айналар тұста Сұлтекеңнің де кешегі күні неге жылағаны өзге жұртқа болмаса да өзіне айқын еді. Өйткені жылаған өзі болатын. *** …Алпысқа аяқ басқан шағы. Бұл оның өмірінің ең бақытты әрі қасіретті жылы болды. Сол жылы көктем де ерте туған. Қыс едәуір қатты болып, қар көп жауғанмен, кенеттен ауа-райы күрт өзгеріп, ақпанның ақырына жете алмай еріп кетті. Сол-ақ екен махшарда қайта тірілген адамдардай, жер беті қайта жанданып, жүзіне қан жүгіріп, құлпырып сала берді. Тек Қаратаудың басындағы көксіреу қар ғана көпке дейін сіресіп жатып алған. Сұлтекең сол кезде осы Қаратау-қарияға терең көз тастап тұрып, оны өзіне ұқсатқаны бар еді. Өйткені ол осы таудың етегіндегі өзінің туып өскен ауылында алпысқа толғаны мен құрметті демалысқа шыққанын тойлап жатқан болатын. Алдымен лауазымды кісілер сөз алып, бұның елден ерек кісілігі мен кішілігін айтып марапаттап тастады. Елдің түкпір-түкпірінен жаста-йынан бірге өскен достары да келген еді. Ол алғашқы рет өзінің мұншалықты достары бар екенін аңғарды. Олар кезекпен сөз алып, үстіне шапан жапқанда, қатты толқып, қос жанары жасаурап, кемсеңдеп барып өзін әзер тежеген. Әсіресе шалғайдан шалдығып жеткен ескі досы Аманжолдың айтқан тілегі әлі күнге есінде. – Сұлтанжан, «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деп, расын айтсам қатты толқып тұрмын. Арамыздағы жасы үлкен сен болған соң, жылдар бойы ізіңді жазбай басып, өзіңді үлгі тұтып келеміз. Жұмыс, жұмыс деп жүріп жастықтың қалай өткенін білмей, енді міне шау тартып қалғанымызды да аңғармай қалыппыз. Е-е, «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер», – деп Абай бекер айтпаған екен. Бірақ жасың алпысқа толса да, реңің әлі сыр бере қоймапты. Әлгінде басыңа қалпақ, үстіңе шапан жапқанда, атыңа затың сай болып, сұлтандық тұғырға енді шыққандай болып көріндің. Қай уақытта да елге атқарған еңбегің көп болды. Кейбір жандар өмірін өзіне арнаса, сен елге арнадың. Бізге де, артыңнан ізіңді басқан жас інілеріңе де өзгелер үшін өмір сүруді үйреттің. Құрметті демалысқа шығу – өмір тізгінін тежеу емес. Бұған дейінгі өміріңде елдің ағасы болып келсең, енді ақсақалы болып өнеге көрсет. Бізге бергеніңнен әлі берерің көп, Сұлтаным!,– деп еді ол сонда. Жылдар бойы қаланың шет жағында көп қабатты үйдің үш бөлмесінде ғана тұрып келді. Ондағы өзімдікі дейтін бар дүниесі – әйелі Айкүмістен қалған көне шкаф пен кереует қана. Баласы кейін оны да ауыстырмақшы еді, «анаңнан қалған көз» деп бұл қарсы болған. Ал қалған бөлмедегі ұсақ-түйектің бәрін келіні ертеден құртып, орнына жаңасын қойып үлгерген. Қазақтың келіні ибалы келеді деуші еді. Алайда Сұлтанға бұйырған келінінде бұл қасиет болмай шықты. Пианинода жақсы өнер көрсететін ол келе-келе басқа да өнерлерін де көрсете бастады. Ал Сұлтекеңнің жалғыз ұлы Арман болса, сол келіннің өнеріне қошемет көрсетуден әрі аса алмады. Сол уақыттан бастап, жалғыз асқар тауы шөге бастаған еді. Сұлтекеңнің бұдан кейінгі өмірдегі жұбанышы да, алданышы да жұдырықтай немересі Алдан болған. Сол үшін бәріне шыдап бақты да. Бәріне төзіп бақты. Кейіннен баласы Астанаға жұмысқа ауысып, әкесін тәрк еткенде, Сұлтан өзінің қамы үшін емес, немересін қия алмағандықтан көкірегі қарс айырылып еді. Иә, бәрі де сол немересін қия алмаудан басталды ғой… Тойдың біткеніне бірнеше ай өткен-ді. Жұмыстан қолы босаған соң, уақытын көбінесе үйінде өткізетін. Оның бұдан кейінгі мақсаты – ғылыммен терең айналысып, қазақтың ертеден келе жатқан пәлсапалық ой-толғамдарын заман талабына сай жаңаша түрлендіріп, жарқын болашаққа бағыт-бағдар көрсетпекші болған. Ол үнемі қолы қалт еткенде, батыс пен шығыстың философиясын оқып, зер сала қарайтын. Әсіресе Абайдың ой-толғамдарын қатты ұнататын. Оның қара сөздері қазақтың ою-өрнегімен тоқылған ғажап өрмектей болып көрінетін. Осы бір ғаламат дүниеге қарап, кейде терең ойға бататын. Болашақта жазатын кітабын ойша жазып, қиялында жандандыратын. Кейде бойын шабыт кернеп, ой толғақ қысқанда өзін әзер тежейтін. Сөйтіп ол сол уақытта көп жыл бойы жинаған кітаптарын қайта оқып, әр жерін бір сызып, бүгін-ертең қолына қалам ұстамақ болып, қалам ұшын қайрап жүрген. Кенеттен түні бойы денесі ысып, қаны көтерілді де, таң сәріге жақын қос жанары бұлдырап, артынша есінен танып қалды. Ауруханада үш күннен кейін барып есін жиды. Құдайым рақым қылып, өлім аузынан қайтты. Әлі де көретін күні, тататын дәм-тұзы бар екен. Бірақ денесінің жартысы жансызданып, тура бір ай төсекте жатты. Сұлтанның дүниеде ең қатты қорқатын нәрсесі – біреулерге кіріптар болу еді. Сондықтан науқасына сабыр еткенмен кемтарлығы санасын шаршатып, жанына қатты батты. Әйелі Айкүміс тірі болғанда, дәл осылай қиналмас еді. Айкүміс. Ол оның өмірінде ең алғашқы әрі ең соңғы махаббаты болды ғой. Ойлап қараса одан бұрын да, кейін де ешкімге ғашық болып көрмепті. Жасынан зерек болып өскен ол, бар зейінін білімге арнаған. Бірақ жүрегінің тереңіндегі сол бір ғашықтық сезімнің күндердің бір күнінде найзағайдай жарқылдап, тұла бойын жалын шарпитынын білмеген. Сұлтанның да аздап өлең жазатыны бар еді. Бірақ бұл өлеңнің әдемілігіне емес, мән-мағынасы мен маңызына көп көңіл аударатын. Өлең жүрекпен бірге ой-санаға да әсер етуі тиіс. Егер лирикалық өлең ақылға ой салмай, сезімге ғана әсер етсе, оны кем санайтын. Оның ойынша ақыл мен жүрек қашан да қос аққудай бірге жүруі тиіс. Жүрексіз ақыл рухани мүгедек, ақылсыз жүрек – көр. Ойлап тұрсам дүние шолақ екен, Бұл дүниеге адамдар қонақ екен… Жас кезінде, той-томалақта талай рет зарлатып айтқан әні. Бірақ ол кезде ән сөзіне онша мән бермеген екен. Енді ойлап қараса, өмір деген жалған дүниенің мәні осы екі-ақ жол өлеңге сиып кеткен екен ғой. Жүрексіз ақыл әлемнің мән-мағынасын терең ұға алмай қапаста қалмақ. Ақылсыз жүрек бойдағы құмарлық сезімдерге тұтқындалып, құрдымға кетуі мүмкін. Қос аққу қатар ұшқанда ғана ақиқаттың ауылын таппақ. Ақиқатқа барар жолда жығыла қалса, бір-бірін сүйемелдемек. Ақыл мұқалса, жүрек сезіммен қайрамақ. Жүрек әлсіресе, сана сәуле шашпақ. Айкүмістің Сұлтанның жүрегінің төрінен орын алып, сарқылмас махаббатына айналуында да осы сыр жатқан-ды. *** Әлі есінде. Сол жолы Аманжол отызға толып, туған кешіне жақын жора-жолдастарын шақырған. Сонда ол күні бойы досы емес, құдды өзінің туған күн кешін күткендей ерекше бір күйге бөленіп жүрді. Сөз берілгенде қандай ән айтып, қандай өлең оқитынына дейін ойлаған. Ақыры күткен кеші де басталып кетті. Алдымен Аманжолдың қызметтес адамдарына сөз берілді. Айкүміс те солардың бірі болып сөз алып, өзін таныстырды. Айкүміс десе айкүміс-ақ екен. Қою қара шашы төгіле толқып, арқасына құлапты. Қиылған қара қастары құстың қос қанатындай. Мөлдіреген қос жанарында көктемнің шуағындай әлдебір жылылық бар. Сұлтан сонда Айкүмістің бойынан бір арнада тоғысқан үш әсемдік пен сұлулықты байқады. Алдымен ай мен күмістей жарқыраған нұрлы жүзі мен кескін келбеті. Жібектей есілген биязылығы мен сезімталдығы. Ол Айкүмістің бойына күмістей құйылған әсемдікке сүйсіне қарап отырып, Құдай тағаланың құдіретіне тағы бір рет тағзым етті. Иә, нағыз әсемдік пен сұлулық Хақ тағалаға ғана тән. Әлем де, адам да бар-жоғы айна ғана. Адам баласы сол айнаға зер салып, Жаратушысының қандай екенін танымақ. Өнерге қарап иесін танығаны тәрізді, адам мен ғаламға қарап нағыз өнер иесі Құдай тағаланың сыр-сипаттарын ұқпақ. Ұғынып, тұшынып Оған тағзым етпек. Задында адамның жаратылыс мақсаты да осы. – Тереңге баттыңыз ғой. Шыға алмай қалып жүрмеңіз, – деп қарсы алдында отырған Айкүміс жымиып қойды. Өмірі сөзден жеңіліп көрмеген Сұлтан тез есін жиып: – Батсам күмістен қайығым, айдан жарығым бар. Қамықпаңыз, – деп салды. Айкүміс сөз астарын тез ұғынып, ақ жүзінде аздап қызғылт сәуле ойнады. Бірақ сыр бермеуге тырысып: – Су толса, қайығыңыз қайғы әкелер. Ай тұтылса, жарығыңыз жоғалар. Тұғырынан тайған ер, сонда қайтып оңалар. Тағы да жолда қалып жүрмеңіз, – деп уәж қайтарды. Сөзден әлденені ұққандай Сұлтанның өңі қашып, не дерін білмей абдырап қалды. Бірақ жігіттік намысы бой бермей, бір нәрсе демекші болып оқтала бергені сол еді, кешті басқарып жүрген тілмар тамада жұрт назарын бұған аудара қойды. Сонда Сұлтан сөзінің соңында сол бір халық әнін қалай әуелете жөнелгенін өзі де сезбей қалған. …Ойлап тұрсам дүние шолақ екен Бұл дүниеге адамдар қонақ екен. Сұлтан Айкүміске ай тұтылса мезгілі емес пе, қайық тесілсе жамалмай ма, демекші болған. Алайда айта алмады. Бірнеше жылдан кейін Айкүміс кенеттен жүрегі ұстап, қайтыс болғанда, қайығы суға батып, тұтылған айы ашылмай жүрегінде мәңгі-бақи қалып қойды. Жазмыш Айкүмістің аузына салды ма, әлде көреген көзімен әлденені алдын ала сезіп айтты ма, әйтеуір ол жағы Сұлтанға жұмбақ болып қала берді. Сұлтан сол кештен кейін Айкүміспен жиі кездесіп тұрды. Жиілеудің ақыры махаббатқа айналды. Кездесудің бірінде ол Айкүміске іштегі сырын ашып: – Мен саған сол кештен бері ғашықпын, ал сен ше? – деп сұрады. Сонда Айкүміс: – Жоқ, – деді ол жұлып алғандай. Тосын жауапты күтпеген Сұлтанның жүзі бірден қуқыл тартты. – Жоқ, – деп Айкүміс сөзін әрі қарай жалғастырды. – Мен саған сол кеште емес, баяғыдан ынтызармын. Мен сені көп іздедім. Кездесер күнімді асыға, зарыға күттім. Дәл қазір қайда жүр екен, кездескен сәтте ол да мені таныр ма екен, Айкүмісім дер ме екен, деп талай ойға баттым. Бірақ асыға күткен сәт келгенде сен мені танымадың. Сонда Сұлтанның аузына сөз түспей, тағы да абдырап, не дерін білмей тұрып қалғаны бар. Иә, Айкүміс Сұлтанға бұрыннан ғашық болатын. Оны алғаш рет бірнеше жыл бұрын түсінде көрген-ді. Содан бері көңілі ынтызар. Ол Сұлтанға деген сағынышын түс әлемінде кездесу арқылы жұбататын еді. Айкүмістің бұл сырын құрбысы Әлима ғана білетін. Кейде кездесіп, жүздескен адамын көрсетіп «Сол ма?» деп сұрайтын. Айкүміс болса, жәй ғана басын шайқайтын-ды. Бірақ Сұлтан Айкүмістің бұл сырын ол көз жұмғаннан кейін Әлимадан естіді. Сол кезде Сұлтанның оған деген сағынышы тіптен үдей түскен. «Түс – шындық. Бірақ түс үшке бөлінеді, – деп жас кезінде атасынан естігені бар. Алғашқы екеуі шындыққа жанаспайды. Ауру-сырқат, көп ойланудан және өткен нәрсенің санада жандануынан туындаған нәрселер. Ал ақырғысы ақиқат. Адам ұйқыға кетіп, бұл әлемге тиіс сезімдердің қаракеті тоқтағанда, құпия-ғайып әлемге жүректің түңлігі ашылады. Осы түңліктен жүрекке қарай жазмыштан болашаққа тиіс көріністер сәуле болып түсе бастайды. Бірақ кейде тікелей, кейде шашырап түседі. Соңғысын болжауға болады. Тікелей көрінгені айна-қатесіз өңінде қайталанады. Түс көру адамға да байланысты. Пәк жандар жүрекке тән сырлы сезімі арқылы болашақты алдына ала сезе алады». Жүрегі таза жандар алдын ала болатын, жайды түс әлемінде көріп тамашалай алады. Айкүміс те періштедей жүрегі таза жан еді. Алайда сол бір сүйген жары күндердің күнінде ұйқыға кетті де, қайта оянбады. Бірақ бұл жолы ол түс әлемі емес, пенденің төртінші әлемі – қабірге қарай сапар шеккен-ді. Оның кенеттен келте ғұмырды тәрк етіп, сынаптай сырғып, арғы жағалауға бірден өтіп кетуі Сұлтанға оңай соқпады. Тұп-тура жаман түс көріп жүргендей, қатты есеңгіреп, айға жуық есін жия алмай жүрді. Кейін өзіне келіп бұның бәрі түс емес, өңі екендігін аңғарған сәтте, елсізге кетіп, Қаратау-қарияның қара тәспідей қара тасын құшақтай тұрып балаша аңырап жылады-ай кеп. Ол жылаған сәтте сан жылдардан бері аққан сарқырама ақпай, құстар сайрамай, жапырақтар бір-бірімен сырласа алмай, сыбдырламай, шығыстан соққан жел демін ішіне тартып қалғандай, бір сәтке Қаратау-қарияның ғасырлардан бері соғып келе жатқан тіршілік-тынысы тоқтап қалғандай көрінді. Ол өксіп-өксіп жылағанда көзі бұлдырап, еш нәрсе естілмей кетті. Ащы даусы бозторғайдың шырылына айналып, жаңғырып тау ішін аралап кетті. Қаратаудың басынан көш келеді Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Осы әнді шырқаған Сұлтанға сол тайлақ кейде махаббаттынан айырылған жүрегі болып көрінді. Айырылған асыл жардан жүрек-тайлақ Сарқытып көздің жасын қайда бармақ? Ол кейде тайлақты жалғыз баласы Арманға ұқсатты. Ендігі оның анасы да, әкесі де өзі. Бірақ ол дәл анадай мейірім-шапағатты қалай бермек. Оны Арман деп атаған да сол анасы болатын. Сұлтан әйелі ұл туса атасы Абайдың өз есіміне ұқсатып «Ибраһим» қоймақ ниеті бар еді. Бірақ жанжары ұл туып, қолына алысымен «Арманым, Арманым» деп қайталай берді. Ақыры аты «Арман» аталып кетті. Сұлтан ауруханада жатып өткенді осылай еске алған-ды. Бәлкім кім біледі, Айкүмісі қазір де өмірдің тауқыметінен құтылып, жаны рақат күй кешіп, кездесер күнін зарыға күтіп жүрген болар. Бірақ бұл жолы Құдай тағала сәтін салса, Сұлтан көрген сәтте-ақ жазбай танып, Айкүмісім дейтіні хақ еді. Адамның ажалы келмеген соң таудан құласаң да аман қаласың. Сонда құлаған жартасың да жастық болып тиеді. Ажалың келсе, қалың қамал да саған пана бола алмайды. Сол кезде, табалдырықтан аттай алмай жығылуың да ажалға себеп болады. Ажал – адам ғұмырының тәмамдалуы. Кәрілік, ауру-сырқат, апат пен суға бату сол ажалға түрілген перде ғана. Пәленше аттан жығылып өліпті дейді. Бірақ ол сол күні атқа мінбесе де өледі. Өйткені берілген мерзімі бітіп, талғар ризық талшығы түгесілген. Бұл әлем хикмет пен даналық әлемі болғандықтан Ұлы Жаратушы себеп-салдарды ажалға перде еткен. Жұмыр басты пенде бұл ғұмырға мәңгі-бақи қалу үшін келмеген. Оның дәлелі пенденің мәңгілік өмірді қалауында жатыр. Алайда адамның жаны мәңгілікті қалағанмен, сол қалауы осы өткінші өмірге сыймайды. Пенденің бойындағы барлық сезімдер осы өмірде белгілі бір деңгейде қанағат тауып, көңіл жұбатқанмен жүрегінің ең түкпірінде сақталған мәңгілікке құштар асыл сезімі бұл жалғаннан іздегенін таба алмай байғыздай сұңқылдап, оңды-солды ұшқан жарқанаттай байыз таппайды. Ендеше жай сезімдердің қанағат тауып, асыл сезімнің байыз таппауы – мәңгіліктің бар екендігінің дәлелі. Бойдағы сол бір асыл сезім – мәңгілік өмірдің жаршысы, ақыреттің сақшысы. Бұл дүние жалғандағы пенденің алға жетелер жарығы мен сөнбес үміті. Сол сезім бұл жалғанда торға түсіп, шыға алмай бәйек қаққан құстай күйге түскен әр бір жаралы жанға ай мен күмістей жарқырап сәулесін түсірмек. Ал бұл жалған дүниеге келсек, жарлық әлемінен мәңгілік әлемге қарай ұзақ сапар шеккен адам баласының азығын қамдап, аздап тынығып алу үшін аялдаған күзгі бәйтеректің көлеңкесі ғана. Жаралған мекенінен шығып Адам ата мен Хауа анасы ғұмыр кешкен асыл Отанына дейін әлі талай сапар шекпек. Шығыстан батысқа сапар шеккендей жол ортасында. Шолақ дүниедегі қонақ пенде. Барар жері ұзақ болған соң шам-шырағы мен жол азығын сайлап алмақ. Бірақ бұл оңайға соқпақ емес. Өйткені ол бұл дүниеге жат, бөтен адам. Сол себепті өмір бақи ғаріп жанның күйін кешпек. Ол өзін бұл өмірдің тілін білмеген жетім жас баладай санаса, ал жалған дүние ол үшін екі күннің бірінде ұрып соғып, ауыр іске салған өгей анадай көрінбек. Бір күн қуанса, бірнеше күн қуармақ. Өгей дүние оған берген жарты күлшенің өзін көп көрмек. Ғаріп пенде суық күнде жұқа ескі киімін көңіліне жұбаныш етіп, жарты күлшені талғажу етіп, ошақ басында тезек шоғына жылынған жетім баладай сол бір асыл сезім-шоғымен қырық жамау көңілін жұбатпақ. Оның жылуы оған жетуге асыққан асыл анасының жылы алақанындай бойына дарып, бір сәт болсын мына жалғанның күйкі тіршілігі мен суығын ұмытып, сәбидің ана құшағына бөленгеніндей маужырап, әлде бір ғажайып күйге бөленбек. Бірақ сол бір асыл анасынындай болған Отанына жету үшін әлі талай асу мен белдерден өтуі қажет. Бұл жалғанның жолы әрі тар, әрі тайғақ. Жазмыштан озмыш жоқ. Алдында әлі не күтіп тұрғаны бір өзіне беймәлім. Әйтсе де ол қандай күйге түссе де сол бір асыл сезімнің алдынан ай күмістей жарқырап, жалғанның жарығы болып тұрары анық. Міне, жолаушы адам бұл дүниеден озып, діттеген тұрағына жету үшін, әлі талай дүние мен әлемдерден өтпек. Сұлтанның да сол күзгі бәйтеректің көлеңкесіндегі мерзімі аяқталмапты. Әлі де көретін күні, қаужайтын ризығы бар екен. Тек оң қолы болмаса, жүретін, сөйлейтін шамаға жетті. Осы халіне шүкір еткен Сұлтан үйіне қайтпақ болды. Абырой болғанда сол күні Арман да ауруханаға келе қалды. Баласының көлігімен көше бойлап, қаланың күнгейіндегі үкіметтің еншілеп берген ұясына да жетті. Бірақ Сұлтанның науқасы келіні Гүлжанның бәрібір жанашырлық сезімін оятуға, тұтатар тамызық болуға жетпепті. Қайта оның алдында жанбай бықсып, түтіні жер-көкті алып, қолқаны қапқан самаурынға ұқсап, көңілін қашырыпты. Есікті ашып, суық қарсы алғанда, өзін бөгде біреудің үйіне келгендей, көңілі қобалжып, жансыз қолы діріл қаққандай болды. Өзін бір сәтте жарымжан, ғаріп сезініп, аяп кетті. Ол сонда ғана өзінің тұғырдан тайғанын аңғарып, есіне сүйген жары Айкүмістің сөздері қайта түсті. «Тұғырынан тайған ер, сонда қайтып оңалар». Алайда төргі бөлмеден атасының даусын естіп, «ата, ата, атам келді», – деп жүгірген бойы құшағына ұмтылған Алданы сол қасіретін бір сәтке ұмыттырып жіберді. Сол кезде атасы немересін құшақтап, кемсеңдеп жылағысы келген. Бірақ ернін тістелеп, өзін-өзі әзер тежеді. Келінінің көз алдында, жарымжан болып жылауға намыстанды. Заман-ай десеңші! Қылыш соққан сайын шыңдала түскендей, нағыз ер де өмірдің тауқыметін көрген сайын ұштала түседі екен. Сұлтан осыны байқады. Өткен дәуіріне көз салса, көп нәрсе үйрене алмапты. Қайда жүрсе де қошемет пен марапат серігі болыпты. Ол өзін бейне бір өмір бақи ұйықтап қалып, алпысынан асқаннан кейін ғана ояна бастағандай сезінді. Иә, сөйтсе бұл осы шаққа дейін жалғанның ыстық пен суығын көрмей, өмірдің жылы жайында өсіпті. Енді өзін сол жерден шығарып, далаға отырғызылған ағаштай сезінді. Бірде өмірдің тоқылдақ құстары келіп, әр жерін бір шоқып мазасын қашырса, бірде қайдағы бір ала қарғалар әкесінің үйіндей жайғасып, бірі қарқылдап ән салып, енді бір саңғып берекесін алды. Бірақ мұның бәрі жай нәрсе еді. Алда суық ызғарымен қыстың келе жатқанын бұл әлі білген жоқ еді. Иә, жылы жайда жайқалып тұрғанда қысты сырттай талай көрген. Жауған қарын көріп, «аппақ ақ ұлпа, неткен пәктік» деп сезімге берілетін. Иә, ғаріптің жанын ғаріп қана ұға алады екен. Бәлкім бұрын тұғырында ат ойнатып тұрған шақта, талай ғаріпті көрген болар. Бірақ байқамай, міз бақпай өте де шыққан шығар. Алайда Сұлтанның ояну сәті де, қысы да әлі алда еді. Оған ең үлкен соққы, келіні мен баласы немересін алып, Астанаға көшкенде тиген. *** Арман сол жылы Астанаға көшпек болып қамдана бастаған. Бірақ істің орайы келмей жүр еді. Оның қызметі, әкесі ауруханаға түскен алғаш аптасында белгілі болды. Арман кетуге қанша жиналғанмен әкесін жалғыз тастауға қимады. Задында ол әкесін жақсы көретін. Жастайынан анасынан айырылған соң ата-аналық мейірімді әкесінен ғана көріп өсті. Бірақ ананың мейірім-шапағаты қашан да басқа ғой. Әкесі ана орнын жоқтатпауға қанша тырысса да, орнын толтыра алмады. Оның үстіне әкесі қызмет бабымен апталап сыртта жүретін. Көбінесе үйде жалғыз қалғандықтан ба, әйтеуір бұйығы, тұйық болып өсті. Әрі тез сенгіш, аңғал еді. Осы мінезі Гүлжанның тік мінезімен теңесе алмай, имене беретін. Ақырында әйелінің бар сөзіне бас шұлғи беруден аспай қалған. Мұның ақыры, әкесінен тірідей айырылуға әкеліп соқты. Арман алғашында астанаға әкесімен бірге көшпек болған. Алайда Гүлжанның пікірі басқа еді. Оның ойынша Астанда элиталық қоғаммен бірге өмір сүретін жас-жұбайлар өздерін соларға бейімдеулері қажет. Батыстың тілін жақсы меңгеріп, үйде батыстың әуені естіліп, қазақтың ескі қоқыр-соқыры ауылда қалуы тиіс. Мына аташка сонда барса, үйінде Қаратаудың қобызындай аһылап-үһілеп күңіреніп тұрмай ма? Бұл деген – ұят нәрсе! Аташканың орны – керегесінде қоржын ілінген қара шаңырақ. Қалсын осында. Әуел баста Арман бұған қарсы болып еді, бірақ онысынан ештеме шықпай, амалсыз әйелінің айтқанына көніп тынған. *** Сол күні Сұлтан немеремнің құлағына сіңе берсін деп, оған Абайдың қара сөздерін оқып отыр еді. Оның ойынша, жас ұрпақты алдымен қазақтың төл мәдениетімен тәрбиелеу керек. Барлық елдің ұрпағы дүниеге алғаш келгенде, жаратылысы жазылмаған таза қағаздай, пәк болып тумақ. Сонда сол елдің бағытына қарай ұрпақтың жаратылыс-табиғаты бейімделе бастайды. Олардың табиғаты құдды егіс даласы секілді. Не ексең, соны орасың. Сұлтан кезінде баласына бере алмаған өнеге-тәрбиені енді қартайған шағында немересіне беріп кетуді ойлаған. Қара сөзді Алдан түсіне алмағанмен, ұйып тыңдады. Атасының қоңыр үні арқылы санасының түңлігінен әлдебір жылы шуақ құйылып, одан бүкіл бойын белгісіз бір тәтті сезім билеп алғандай маужырап отыра берді. Бірақ осы бір бейбіт үнсіздікті ашылған есіктің сықыры бұзды. Ішке Арман кірген. – Әке, қара сөз баланың әлдиі болған ба? Ұйықтап кетіпті ғой. – Жоқ, балам. Мен оған дәріс беріп отырмын. Немерем мектепке бармас бұрын Абайдың қара сөз мектебінен өтсін, – деп Сұлтан кітабын жауып бір шетке қойды. – Ол әлі бала ғой. Қара сөзді ол тұрмақ мен де дұрыстап түсіне алмаймын, – деген Арман көңілді болып көрінгісі келгендей еріксіз езу тартты. – Ұғатын сана болмаған соң, құятын құлақ қайдан бола қойсын?! Қара сөз – қазақтың қайнар бұлағы. Жасыңда ащы деп ішпеген суың, енді қайдан тұщы болсын. Кенезең кеуіп ішпеген соң, тас бұлақ та кермек тартар. Мен саған не дейін, балам! Не ексең соны орасың деген. Кінәлі өзіммін. – Жарайды, әке. Өзіңізді текке кінәлап қайтесіз. Сізге астанадағы шаруам жайлы айтпақ едім. – Е-е, тірі адамнан тіршілік артылар деймісің. Сол ісің әлі оңынан тумады ма? – Жоқ, әке. Бәрі де шешілді. Бірақ сіз ауруханада болған соң тастап кете алмадым. Көшу де оңай емес. – Балам-ау! Көше бермедің бе? Мен кейін арттарыңнан баратын едім ғой. – Әке, сізге қалай айтсам екен. Ол жақ бұл өңірмен салыстырғанда едәуір суық. Сізге тиімді келмейді ғой деп ойлаймын – деп, Арман бір нәрсені жасырып тұрғандай жүзін төмен салып, бейне бір жаңа көргендей көздерін жердегі алашаның оюларына қадай берді. – Сен нені меңзеп тұрсың? Айтарыңды бұқпаламай ашық айт, – деген әкесінің соңғы сөздері қатқыл шықты. – Қабырғаңмен кеңес деп үйреткен өзіңіз едіңіз. Көптен бері келініңізбен ақылдасып… сіздің халіңізді ойлап… сіздің осында қалуыңызды жөн көрдік. – Арманның үзіліп-үзіліп шыққан соңғы сөздері әзер естілді. Сол сәтте Сұлтанның желкесінен біреу қойып қалғандай, отырған орнында теңселіп кетті. «Мынау не сандырақтап тұр өзі». Әлде бұл да түсі ме? Айкүмісінен қалған жалғызы әлі алпыстан аспаған әкесіне мына төрт қабырғаны қу мазар етіп, шалғайға кетпек ниеті бар ма? Қара күзде қазан тұрса, қарағайлы қара орман шуылдар. Күз келмей жатып мұның да жапырағын қазан ұрғаны несі? – Келініңізге де жұмыс табылып тұр. Немереңіз енді астанада оқитын болады – деп, сәлден соң Арман түк болмағандай сөзін жалғастырды. – Сізге жазғы демалыста келіп тұрармыз. Уайым жемеңіз. Әлі тыңсыз. Сұлтан не деп жауап қайтарын білмей, басын төмен салып отырып қалды. Арман әкесі үн қатпаған соң, көп тұрмай есіктен шығып кетті. Осыдан бірнеше күннен кейін келіні мен баласы көшуге қамдана бастады. Баласы келініне әкесінің үнсіз қалғанын, бұнысы келіспегені екенін жеткізгенін бұл іштей сезді. Алайда кішкентай Алдан көшетінін білсе де атасының жалғыз қалатынын білмейтін еді. Көлікке мініп жатқанда ғана бұны іздей бастады. Атасының келмейтінін білгенде, алтыға енді аяқ басқан бала, «атамсыз бармаймын» деп безек қақты. Сол кезде үйінен қоштасқан атасы оны ең соңғы рет құшағына басқан еді. Атасына шыр-шыр етіп жабысқан баланы анасы одан жұлып алып, машинаға кіргізген. Жүйрік көлік ысылдап жәймен қозғала берді. Сонда ғана атасынан айрылатынын сезген Алдан бар даусымен «Ата-а-а» деп айқайлап ышқынды. Осы бір дауыс Сұлтанның құлағында әлі күнге дейін жаңғырып тұрады… *** Манадан Сұлтекеңнің төбесінде жаймен қалықтап ұшып жүрген қыран тағы да сонау биіктен ащы даусымен шаңқ-шаңқ ете қалды. Осы бір үн Сұлтанның құлағына жасындай әсер етті де, селк етіп, қайта көзін ашты. Ол сонда ғана бұл құстың даусына соншама неге елеңдей бергенін аңғарды. Қыранның шаңқ-шаңқ еткен даусы немересі Алданның ақырғы қоштасарда «Ата! Ата!» деген шырылына өте ұқсас, үндес еді. – Алданым, жалғандағы жалғыз жарығым, – деп ол күбір етті. Осы сәтте немересіне деген жүректегі ыстық сағыныш тұла-бойын шарпып өтіп, сан жылдық қасіреттен сыр тартып тұрған мұңды жанарынан бір тамшы жас әжім басқан жүзінен төмен қарай сырғи жөнелді. Сұлтанның есіне Құрандағы Мұса пайғамбардың ғибратты өмірі оралды. Ол жылдар бойы Мысырдағы перғауыннан қашып, иен сахарада ғұмыр кешеді. Елі үшін қашқан ол қайтадан сол елін құтқармақ болып, бүкіл ұрпағымен алыс жолға шығады. Сонда ол түннің қара суығында бала-шағасын жылытарлық от таба алмай ойға батып тұрған шақта, ұзақтағы Тұр тауынан жылт-жылт еткен жарықты көзі шалады. Жарыққа жалғыз барған Мұса сол жерде Жаратушы Жаппар Иемен тілдесіп, пайғамбарлық биікке жетеді. Ұлы Жаратушы оған елін құтқару жолын көрсетеді. Оң қолы жарыққа, тастаған таяғы жыланға айналатын мұғжизалық таңғажайып пайғамбарлыққа куәлік етіп береді. Осы оқиғаның Құранда бірнеше мәрте қайталануы Сұлтанды талай рет қатты толғандырған. Иә, отбасына жылу іздеп барған Мұса пайғамбар сол жерден еліне де жарық-жылуын тапты. Асатаяғы – сиқыршы дүниенің көз бояған әбжылан-жалғанын жұтатын ақиқат, қолындағы жарығы – қараңғылық қапастан нұрлы жарыққа шақырған үміт-оты еді. Осы оқиғаны қайталаған Жаппар Ие өмірден жылу таппай, тоңған пендесін үмітке жетелейді. Сұлтанның да өмірден күдер үзген шағында, алыстан менмұндалап көрінген оты – немере-ұрпағы болды. Ол жалғандағы немере-жарығына қарай адымдай бастағанда ғана, бойына қан дарып, әл-дәрмен жинай бастаған еді. Дәрігердің айтуына қарағанда үміт-оты бойына қуат беріп, ғұмырын жалғады. Задында науқасқа қанша дәрі бергенмен, рухы шипа таппаса денеге әсер етпейді. Сол рухының шипасы– алдағы өмірге деген құштарлық емі. Арғы жағалауға жақын қалған науқас жанның ғұмыршаң құштарлығы– шынайы тілегі. Пендесінің ыстық ықыласын қабылдаған Ұлы Жаратушы сонда өмір мен өлім арасындағы өткел-өзенін толқытып, сол толқынмен әлгі науқасты бергі жағалауға қайта лақтырады. Алайда Сұлтан өзін өмірге шақырған жарығына жете алмады. Бұл жақындаған сайын ол ұзай берді. Міне он үш жылдан бері әлі сарғайып, күтуде. Бұл аз уақыт емес. Қазір сол немересі жиырмаға жақындап, дүниеден өз орнын тапқан. Бірақ әттең-айы немересіне өзі тәрбие бере алмауы. Осыны ойлағанда өкініші сексеуілдің шоғындай өзегін өртеп, санасын сансыз ой мен сауалдар құдды күн батқанда көл жағасындағы құрақтан көтерілген масалардай қаумалап, ызыңдап, ар-ожданын аш мысықтай тырналап қоя берді. Немересі өзінің ғана емес, Айкүмісінің де жалғасы еді. Түр-тұлғасы әжесі Айкүміске көбірек ұқсайтын. Ақылдылығы мен ойлылығы да сол әжесінен дарыған қасиет шығар. Бірде Сұлтан немересін Қаратау-қарияның қойнындағы Жылаған атаға апарды. Алданның да ес білгелі тауға алғаш шыққаны осы еді. Сұлтан немересіне: – Міне, балам, Жылаған ата деген осы болады,– деді. Алдан сонда төңірегіне ұзақ қарап тұрып: – Ата, бұл ата неге жылайды?– деп бұған ойлы пішінмен көз салған. Сұлтан сонда алғаш рет немересінің отты жанарынан Айкүмістің көзін көріп, қайран қалды. «Ұқсамасаң тумағыр, мінезі де, көзі де әжесінен аумай қалыпты» деп іштей күбір етті. – Өмір ғой оны жылатқан, балам, өмір ғой. – Ол кім, ата? Ол неге атаны жылатады? – Оның қамшысы тиген пенденің бәрі де жылайды, балам. – Дәу адам қалай жылайды? Атаны да ұратын ол кісі қайда тұрады? – Ол бізбен бірге тұрады, құлыным. Ол қашан да көпшілікпен бірге жүреді,– деп Сұлтан немересінің басынан сипады. Бірақ «дәу адамның» қалай жылайтыны жайлы айта алмады. Алайда қазір сұраса ұзағынан көсілер еді. Осылай да осылай дер еді. Ақыл-есі ұлғайып, ой-өрісі кеңейген немересі де сонда терең түсініп, бас шұлғитыны кәміл еді. Алты жасында өмір деген кім деп сұрақ қоюды білген бала, жиырмаға аяқ басқанда өмір толғамын ұқпауы әсте мүмкін емес қой. – Балам, өмірмен тілдескің келсе «Қане, қайдасың?» деп айқайла,– деді. Алдан отты көздерін ойнатып «Қайдасың?» деп тау ішіне айқай салды. Тау іші «Қайдасың?» деп қайталады. Әрі қарай Алданның өзі «Бері кел!» деп айқайлап еді, арғы жақтан да «Бері кел» деген дауыс шықты. Ол қайта «Дәу адамдарды неге жылатасың?» деп еді, өмір деген кісі «Дәу адамдарды неге жылатасың?» деп тағы қайталады. – Ата, мынау мен не айтсам, соны айтып тұр ғой,– деп бала атасына қарады. – Балам, бұл сенің даусыңның жаңғырығы. Бірақ өмірдің өзі осы. Әр адамның өз өмір-жаңғырығы бар. Өмір сенің ой-санаң мен мінезіңнің айнасы. Адамдар сені түсінсін десең, сен әуелі өзгелерді түсінуге тырыс. Өмір-жаңғырық саған «мен сені түсінемін» деп оралады. Өміріңді өзің де, өзгелер де сүйсін десең, адамзат пен жаратылысты сүй. Сонда өмір саған «мен сені сүйемін» деп жаңғырады, – деп еді-ау сонда бұл. – Е, бұл өмір кімді жылатпаған. Тағы да кімдерді жылатар екен?.. Сұлтекең күрсінді. Бұл уақытта қарт Қаратаудың бір иығынан күн де батып үлгіріп еді.