Бас прокуратура Грузиядан Қазақстан азаматын экстрадициялады. Ол экономикалық қызмет саласында бірқатар қасақана ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында елге жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу барысында күдіктінің ұйымдасқан топ құрамында бола отырып, 2019–2021 жылдар аралығында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде қаржы пирамидасының құрылымдарын басқарғаны анықталды.
Қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекеттері нәтижесінде азаматтарға жоғары табыс табуға уәде беру арқылы 10 млрд теңгеден астам қаражат тартылған.
Сыбайлас қатысушылардың бірқатары бұрын бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, алаталған күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
2026 жылғы ақпан айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркілене отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.