Әдеби сын тарихы

Әдеби сын тарихы

Әдеби сын тарихы
ашық дереккөзі
1748

Қазақ әдеби сынының тарихы ерте кезден бастау алды. Бір өкініштісі, бұл саланы ғылыми тұрғыдан зерттеу әдебиеттанудың басқа салаларына қарағанда кемшіндеу болып тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өткен бейсенбіде Сүлеймен Демирел атындағы университеттің мәжіліс залында «Қазіргі әдеби сынның өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық семинар өтті. Семинар аясында филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының әдебиеттанудың құрамдас бөлігі саналатын әдеби сынның тарихын ғылыми түрде жүйеге келтіріп, зерттеген «Әдеби сын тарихы» атты ғылыми зерттеу монографиясының тұсауы кесілді. Аталған басқосуға белгілі әдебиет сыншылары, түрік ғалымдары, ақын-жазушылар мен әдебиеттанушылар қатысты.

Тұсаукесерді Қазақстан Жазушылар одағ­ы­ның төрағасы Нұрлан Оразалин ашты. «Қазақ сынының бар екендігін, қазақ сынының басынан аумалы-төкпелі қиын кезеңдерді өткізіп жатқанын, соған қарамай, қатары жаңа эсселермен толысып жатқанын және қаншама газеттердің бетінде жарық көрген мақалалардың барын қорытып отырып, көшін Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев басқарып отырған сынның кешегісі қалай еді, бүгінгі кезеңінен қалай өтіп келеміз деген сауалға сауатты жауап беретін еңбек», – деді Нұрлан Оразалин мырза.

Дандай Ысқақұлы – қазақ әдебиеті мен өнерінің түрлі мәселелеріне арнап бес жүздей мақала жазған. Үлкенді-кішілі 19 кітапты жарыққа шығарған. Тоғыз томдық «Қысқаша әдеби энциклопедия», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы» энциклопедияларының, «Әдебиет теориясы», екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы», көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», академиялық «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша курсы», «Әдебиет теориясы», «Көкейкесті әдебиеттану», «Қазақтың жүз романы» атты еңбектерді жазуға атсалысқан. Ғалымның еңбектерінде әдеби сынның теориялық мәселелері, қазақ әдеби сынының сан ғасырлық жүріп өткен жолдары, даму мәселелері ғылыми тұрғыдан талданады.

Дандай Ысқақұлының бұл жолы ұсынған туындысы «қазақ әдебиеті сынының тарихына» алғаш үңіліп, зерттеген профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты зерттеуінің жалғасы сынды болғанымен, қазақ әдеби сынының даму жолдарындағы өзіндік жаңалықтарға толы. Зерттеу монографиясында қазақ әдеби сын өнерінің қалыптасуынан бастап, ХХІ ғасырдағы ұлттық әдеби сын мәселелері толықтай қарастырылған. Кітапта баспасөздегі сын және әдебиеттің қоғамдық, әлеуметтік, саяси, теориялық мәселелері кеңінен сөз болады. Еңбек «Қазақ әдеби сынының қалыптасуы», «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын», «Тәуелсіздік тұсындағы әдеби сын», «ХХІ ғасырдағы қазақ әдеби сыны» деп аталатын тарауларға бөлінген. Аталған тарауларда әр дәуірдегі әдеби сынның тарихы мен дамуы қарастырылады.

Автор қазақ әдеби сынының тарихын жазу барысында осы салада бұрын жасалған жұмыстардың тәжірибелерін ескерген.

«Әдеби сынның табиғаты аса күрделі. Сондықтан да оның осындай сан қырлы сипатын ескермей, білмей, оны мынаған жатады деп біреуіне қоса салу жөн емес. Өйткені, әдеби сын – тар көлемге сыймайтын, қоғамдық өмірдің күллі рухани әлеміне қатысы бар сан қырлы, сан сипатты сала», – дейді зерттеу еңбегінің авторы Дандай Ысқақұлы.

Әсел Әнуарбек

Серіктес жаңалықтары