Біз білетін Клара

Біз білетін Клара

Біз білетін Клара
ашық дереккөзі
246

Қалай, неден бастасам екен деп ойладым, Сіз жайлы жазар алдында. Әйел-ана, әйел-жар, әйел-әже, тағы қандай өзім білетін жақсы үлгі тұтар қасиеттеріңізді еске түсіріп өттім.

Жетпісінші жылдардың соңын ала мектеп бітіріп, алып-ұшып Алматыға асыққан, студент болуға асыққан жас­тар, әсіресе Ұлттық университеттің сол жылдардағы журналистика факультетінің табалдырығын аттаған кез-келген бойжеткен мен бозбала Өзіңізді әлі ұмыта қойған жоқ. Менің де көз алдыма әдемі бір сурет сол кездегі өзіңіздің сұлу жүрісіңіздей сылаң қағып өтті десем, әдемі бір езу тартарсыз.

Құдай-ау, қазақ қыздарының сұлулығының, көркемдігінің, ерке-кербездігінің символындай көруші едік. Табиғаттың керім жомарттығына таң қалып, сырттай сүйсініп, іш тартушы едім. Олай етуге себеп те бар еді, өйткені Сіз кіндік кескен Аюлының таңғы шықтай мөлдір ауасын мен де жұтып өстім ғой. Әуелі өзіңізді пір тұтып, еліктеп өскеніміз тағы бар.

Қабылдау бөлмесінде оқуға түсуге келген үміткерлердің документтерін тексеріп отырған қыздардың жанына қараторы өңіңіз жып-жылы, қап-қара жуан екі бұрымыңыз тілерсегіңізді тепкілеп Сіз де келіп қалдыңыз. Көркем келбетіңізбен алғаш жүздесуім. Бүгінде «Шет ауданы, Аюлы» дегенді әдейі қаттырақ дауыстап жібергенімді балалық па, әлде қандай батылдық екенін түсіне алмаймын.

– О, «Ақсу-Аюлыдан сөйлеп тұрмыз, жергілікті уақыт алты сағат отыз минут» деп Аюлыны ұйқыдан оятатын қыз сен екенсің ғой,– деп қуана құшақтағансыз. Осы бір жылы кездесудің өзі мені жігерлендіріп, тіпті оқуға түсіп кеткендей әсер етті. Бірақ ол жылы жолым болмады да, елге қайттым…

Міне, біз осылай таныстық. Содан бері қазақ айтпақшы, ішек-қарын тәрізді араласып кетпесек те, көрген сайын сағынып кездесетін әдемі қарым-қатынас орнады. Сіздің ер-азаматқа деген құрметіңіз, сыйластығыңыз марқұм Сақыш анамыздың ақ сүтімен дарыған мейірімділігіңіз екен. Өзіңіз сүйіп қосылған, өзіңіздің де қадір-қасиетіңізді бағалай білетін отағасының ақыл-парасатының молдығы болар, асыл анаңыздың өмірінің соңына дейін жақсылық-қуаныштарыңызда, қиындықтарыңызда қолдап-қорғап жаныңызда болғаны. «Айналайын, Намазымның арқасы, құлыным ғұмырлы болсын» дейтін де отыратын. «Айналайыны» аузынан түспей, әдемі қартайған анаңыздың көзін көріп, енеңіз Айкүл шешеміздің ақыл-кеңесін тетелес келініңіз Баршаның арқасында біз де тыңдағанбыз талай рет. Ол кісінің қарқарадай боп төрде отырғаны, айналасына жеңіл қалжың тастап қойып, миығынан күлімсіреп отыратын келбетін әлі ұмыта қойған жоқпыз.

Сіздің бойыңыздағы адами-әйели асыл қасиеттер осы екі анамыздан дарығанын, әрине, айтпаса да болар. «Ерін өзінен бір саты жоғары қойған әйел ұтылмайды» деген қағидаңызды бүгінде шетте жүрген Әселіңіз бен екі келініңіз де санасына мықтап тоқыған. Өйткені, алғашқы «Жалғастан» бас­тап «Қыз-ғұмыр», «Дүрия дәурен» атты ұлт руханиятына қосылған құнды кітаптарыңыздан қазақ халқының тәлім-тәрбиесіне, салт-дәстүріне байланысты мол мағлұмат алуға болады. Әйел жанына жақын осындай үрдістегі туындылар бүгінгідей мейірім жоғалып, қатыгездік орнаған қоғамға керек-ақ. Әсіресе, «Махаббат» деп аталатын әңгімеңізде өмір тек сәттіліктен ғана тұрмайтыны, кездейсоқ кедергілердің де кездесетінін, ондай жағдайларда тек қана ұстамдылық таныту қажет екенін ұғындырасыз. Екі жастың арасындағы СЕЗІМ өзінің қатарынан ТӨЗІМге орын берсе, жас жұбайлардың өмірге сәбиі келіп, әке-ана атанғаннан кейін шаңырақтары шайқалмауы үшін СЕЗІМ мен ТӨЗІМге СЕНІМ көмекке келетінін, ал осынау кезеңдердегі ұсақ-түйек отбасылық түсінбеушіліктердің бәрі жеңіліп, осы бір қасиеттер орныққанда ғана МАХАББАТ мәңгілік болатынын жатық баяндайсыз.

Кез келген дүниелеріңізден әке мен бала, ана мен қыз, әже мен немере сынды кейіпкерлеріңіз өзара диа­лог арқылы, пікірлесу арқылы бірін-бірі толықтырып отырады. Күнделікті тұрмыстағы, отбасы-ошақ қасындағы шүйіркелесулерден туған, қалың оқырманға көзайым болып жеткен туындыларыңыз бірінен-бірі қызықты, тартымды. Шаңырақтың беріктігін сақтау, отбасындағы берекені мерекеге айналдыратын қарапайымдылығыңыз туа бітті кербез тәкаппарлықты да бүркей алмайтын кездерді өз басым жоғары бағалаймын. Сізді білетіндердің көбі тағы бір ерекшелігіңізді үнемі айтып отырады. Ол – сонау 1983 жылдан бері жарық көріп келе жатқан отбасылық «Шаңырақ» атты қабырға газеті. Бүгінгідей ақпараттандырылған қоғамда газет-журналдардың сансыз екенін ескерсек, ал біз білетін қабырға газетінің бас редакторы біреу ғана. Ол – сіз. Жанұядағы отбасылық мерекелердің бәрі – фоторепортаж, әдемі әзіл, сыпайы қалжыңға құрылған қара сөз немесе өлеңмен өрілген тілектер, қолдан салынған суреттер… туған күн иесінің көңілінен шығып жатады. Бұл да болса тәрбиенің мықты құралы дер едім.

Тұңғышыңыз Әселіңізден, Нұрғалым мен Нұржалғастан тараған үрім бұтақтарыңызға да осы бір үлгі боларлық үрдіс жалғасын тапса, атасы мен әжесінің одан асқан бақыты бар ма?! Осынау берекесі мен бірлігі ұштасқан, мына тірліктегі баға жетпес байлық – жолдас-достары деп есептейтін бұл шаңырақтың бұдан да өзге үлгі тұтар үрдістері баршылық. Оның бәрін, жіпке тізгендей етіп айтып шығуға да болар еді. Бірақ қазақтың қара сөз өнеріне жақын жүрген, қолына қауырсын қалам ұстаған кез келген қазақ жақсы білетін, өздеріне ұстаз тұтатын отбасының тірегі мұндай марапат-мадаққа иығын беріп тұратындар қатарынан емес. Аса сабырлы, пайым-парасаты мол білімді азамат өмірде қарапайым тіршілік еткенді жаны жақсы көреді. Академик, филология ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО-ның Орта Азия мен Қазақстандағы профессоры, Еуразия Ұлттық университеті Журналис­тика институтының директоры, жазушы-журналист, әдебиетші Намазалы Омашұлының аяулы жары Клара Хамзақызы, міне осындай ана. Көзін ашқаннан білім мен ғылымның ұзақ та ауыр жолын таңдаған зиялы азаматқа жар бола жүріп, өзінің аналық, әжелік міндетімен қатар, бала күннен арман-мақсатқа айналған қаламгерлікті де қатар алып жүрген осындай қазақ қыздары үшін кеудеңді керіп мақтанатын да жайымыз бар.

Бірін-бірі толықтырып, бір-бірінің қас-қабағынан түсінісіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан бұл отбасына осынау мөлдір махаббатқа толы сән-салтанаттарының ғұмырлы болуын ғана тілейміз. Әлем жұртшылығын өзінің жұмбақтылығымен, құпия жымиысымен таң қалдырып келе жатқан атақты суретшінің, италияндық Лео­нардо да Винчидің Мона Лизасы да осы сіздей-ақ болған шығар, сірә?!.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары