БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТӨЗІМДІЛІК — КЕЛЕШЕККЕ КЕПІЛ

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТӨЗІМДІЛІК — КЕЛЕШЕККЕ КЕПІЛ

БІЛІМ  ЖҮЙЕСІНДЕГІ  ТӨЗІМДІЛІК —  КЕЛЕШЕККЕ  КЕПІЛ
ашық дереккөзі
456

Білім беру – кең мағынасында ұғынған адамның санасында серпін болып қалатындай ғажайып дүние деп айтса болады. Сан ғасырлық жылнаманы парақтап қарасаңыз, қаншама ғұламалар өмірдің көркемдігін де, мәнін де, сәнін де білім деп ұққан. Барлық нәрселер болашаққа деген үкілі үмітпен, мақсат-мүддемен, жігермен, ынтамен, талғаммен, талаппен жасалатыны мәлім. Ал ғалымдар дәлелдегендей білімге салынған инвестиция ең қайтарымды инвестиция болып табылады. Сондықтан ол «инемен құдық қазғандай» мағынасы мен мазмұнына терең үңілуді талап етеді.

әл-Фараби бабамыздың сөздеріне жүгінсек, оның білім мен ғылым жолындағы даналығы, қиссалары, пәлсапасының мәңгілік «тәртіпсіз келген білім – ең қауіпті қару» екенін естен шығармағандығында. Білім берудегі толеранттылық бүгінде отандық білім берудегі басты назарға қойылатұғын мәселе болуы шарт. Өйткені бұл тек «болар баланы бесіктен» тербетіп қана қоймай, бұғанасы қатпаған ертеңгі ел тұтқасының тәрбиесін де игі іс бола біледі.

Негізінен толеранттылықтың жалпы ұғымы ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті. Толеранттылық адам құқығы мен бостандығы, сондай-ақ плюрализммен қатар негізгі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Толеранттылық — қоғамның жалпы және саяси мәдениеті деңгейінің көрсеткіші. Толеранттылық – мәдениет пен қоғамның айнасы іспеттес, өркениет ортасының даму жолындағы тұрақтылықтың кепілі, қауіпсіздіктің сақшысындай сипаттағы терең астарлы дүние. Толеранттылық сипатындағы жаңаша бастаманы Елбасы 2010 жылғы еліміздің ЕҚЫҰ төраға болған кезде бағыт-бағдары ретінде ұстанып, Үкіметке оқушылардың функционалды сауаттылығын жоғарылату бойынша ұлттық жоспарды және Үкіметке 5 жылға арналған мектеп оқушыларының функционалды сауаттылығын жоғарылату бойынша ұлттық жоспарды жасақтауды тапсырды.

«Білім беру саласы адамдарға тек білім ғана емес, әлеуметтік бейімделу үрдісі кезінде оны тиімді қолдана білу дағдысын беруі тиіс. Үкіметке 5 жылға арналған мектеп оқушыларының функционалды сауаттылығын жоғарылату бойынша ұлттық жоспарды жасақтауға тапсырамын», – деп атап өтті Қазақстан халқына арналған Жолдауында ҚР Президенті. Сонымен қатар Н. Назарбаев елдегі білім беру үдерісіне тәрбиелік мәнді енгізу қажеттігіне тоқталды.

«Патриотизм, адамгершілік нормалары, өнегелік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, дене және рухани саулық, заңға мойынсұнушылық – осы құндылықтарға барлық білім беру мекемелері баулуы тиіс», – деп тапсырма берген болатын.

Бүгінде Қазақстанның стратегиялық жолы “экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табуға” бағытталған. Өміріміздің сапасын арттырып, экономика жетістіктеріне қол жеткізу үшін шын мәнінде адами капитал болып табылатын білім берудің маңыздылығы негізгі рөлге ие. Алайда, адами капитал ұғымы жетілдірудің көпқырлы әрекеттеріне парасатты, жауапты, бастамашыл қарым-қатынасты және жұмыс нәтижесінің әділ бағаланғанын қажет етеді. Осылайша адами капиталдың сапалы өсімі үшін уақыт керек, әрі күш салу керек. Осыған орай адами капиталды дамытудың бір бағыты болып табылатын қазақстандық білім беруді жаңғырту үрдісі жалғасуда. Жолдау­да оны жүйелі жүзеге асыру бойынша шаралар көрсетілген. Бүгінгі жағдайларда білім беруді жаңғырту оның үздіксіздік қағидасын ескеруі керек. Осы заманғы жағдайлар дегеніміз – қарқынды білім қоғамындағы біздің өмір сүру әрекетіміз, ол әбден ойластырылған және қалыптастырылған экономикадан да басым дегенді білдіреді. Мұндай қоғамда қарқынды еңбек және қарқынды капитал экономикасын, жаңа білім өнімін ұсынатын, тарататын, беретін ерекше үрдіс қарқынды білім экономикасы алмастырады. Қарқынды білім экономикасы “өмір бойы білім алу” қағидасын тудырды. Қазіргі замандағы еңбек нарығы үнемі білім алу қажеттігін дәлелдеп отыр. Бұдан бұрын мамандық өмір бойына және бір-ақ рет таңдалатын, ал еңбек кітапшасындағы жалғыз жазба мақтаныш болатын. Қазір жағдай өзгерді. Біздің заманымыздың адамы жұмыс орнымен қатар қызмет саласын да бірнеше мәрте өзгертуге дайын болуы тиіс. Баға бәсекелестігі жағдайында еңбектің жоғары өнімділігі жаңа тиімді технологиялармен ғана қамтамасыз етіліп қоймай, бүгінде жаңа сипатқа ие болған талаптарға жұмысшы біліктілігінің сай келуімен де өлшенеді. Осы талаптар үрдісінен шығып, өзінің кәсіби біліктілігімен ерекшелене білген жұмысшылар ғана бағалы.

Толеранттылық рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар менің ұстанымдарыма жат болса да, қабылдаймын дегенді білдіреді. ХVІІІ ғасырдағы француз жазушысы және философ Вольтер: “Сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ оны жақтау үшін мен өмірімді құрбан етуге дайынмын”, – деген. Ол – толеранттылықтың басты қағидаты. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан, толеранттылық екі жақты сана: мемлекеттер, діндер, этностар, жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай білуі.

Толеранттылыққа қарсы “интолерантность” деген ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шыдамсыздық, тағатсыздық, кейістілік, менмендік, бірбеткейлік, парықсыздық деп адам, әлеуметтік топтар, мемлекеттерге байланысты айтуға болады.

Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан “біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, “досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, “…берсең жөн деп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара сыйластыққа шақырады.

Қазақ билері “Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеледі”, – деп, адамдардың намыс, ақыл-парасатпен теңесетінін айтқан.

Негізінен толеранттылықты жүр­гізуде елімізде бірнеше білім бағ­дар­­ламалары әсер етеді. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегерлері өзге елдің тәжірибесімен алмасып, оны өз елімізге алып келуге ниетті екені анық. Осы ұсыныстарды саралай келе мен австриялық білім берудегі толеранттылық моделін ұсын­ғанды жөн көрдім. Австрия негізі­нен шағын мемлекет болғанымен, оның әрбір мемлекеттік құрылымы өзекті, өткір әрі байыпты жұмыс жасап келеді. Оның ішінде білім беретін ұйымдардағы қызметтің, тәрбиенің орны ерекше. Мұнда біріншіден, 30-40 жас аралығында ең әуелі халықта ұстамдылық байқалған, екіншіден, төзімділік пен білім берудегі байланыс арта түскен, үшіншіден, дискри­минациялық қысымның артуына байланысты өзгерістер орын алған. Сарапшылар білім жүйесін са­лыс­­ты­руға келетін 48 елді назарға алыпты. Олар алдымен білім сала­сына са­лынған инвестиция көлемін, ма­­ман­дар дайындау мәселесін, оқу орын­дары арасындағы әріптестік, тағы да басқа 20 шақты кри­те­рийді не­гізге алған. Сол бойынша анық­­талған білім беру жүйесінде ең озық тұр­ған 26 елді атап өтсек. Олар: АҚШ, Швеция, Ка­нада, Фин­лян­дия және Дания. Одан ке­йінгі кезекте Швейцария, Нор­вегия, Авс­тралия, Нидерланды, Бри­тания тұр. Артынша – Сингапур, Австрия, Бель­гия, Жаңа Зеландия, Франция, Ир­ландия, Германия, Гон­конг, Оң­түстік Африка Республикасы, Из­раиль, Жа­пония, Тайвань, Корея, Португалия, Испания және Украина. Айта кетелік, посткеңестік елдер­ден білім жүйесі жақсы да­мы­ған елдердің қатарына Украина ға­на енді.

Австриялық тәжірибе осындай көкейкесті мәселелердің біразын сарап­тамаға салды. Яғни, білім берудегі төзімділік шарты қай ортаның болмасын ұранына айналуы тиіс.

Нұржан Әлжанова,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дің доценті,

физика-математика ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары