Тал бесікті тоқпен тербемейік

Тал бесікті тоқпен тербемейік

Тал бесікті тоқпен тербемейік
ашық дереккөзі
568

Құрметті Серікбол, Қазақстан Ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасынан сенің ой еңбегімен, ақылыңмен жасаған ғылыми жұмысыңмен теледидар арқылы танысып, аздап ақпарат алдым. Кішкентай балалардың жатын орны, яғни тоқпен тербетілетін бесік ойлап тауыпсың, бала жылаған кезде автоматты түрде қосылып, тербеліп, бала жылауын қойса автоматты түрде тоқтайды. Рас, мұндай өнер менің қолымнан келе қоймас, бесік жасауды емес, астына орнатылған құрылғыны айтып отырмын. Ағаш жонып, кесіп, құрастыру қолымнан келеді, бұл машықтанып, үйренсе ебі бар әрбір қазақтың қолынан келетін өнер ғой.

Теледидардан өнеріңді көріп, естіп отырып онша таңданғаным жоқ. Көп ойлану мен ұзақ еңбек сіңіру нәтижесінде жүзеге асқанын тілге тиек еттің. Әрине, еңбегіңді бағалауға болатын шығар… Мені басқа жағдай ойландырды. Сол мезетте қаншама көрермен – әке-ана, аға-жеңге, әпке-жезде, іні-қарындас, жас келіншектер қандай ойда болып, не ойлағанын біле алмадым. Өзім қатты ойландым. Себебі, бұл – жай ғана көрермен көзімен көретін жаңалық емес, ұлт болып ойланатын жайт, әсіресе ой еңбегімен айналысатын азаматтарды қатты толғандыруы тиіс болатын.

Бүгін таң ертемен аулаға шығып, бұлақ суындай салқын таң саумалын – таза ауаны құмарлана жұтып, ҚазҰУ қалашығының ішінде біраз серуендедім. Қараңғылық сөгіле бастаса да күн көзі көрінбейді. Оң қапталда Алатау шыңдарынан жоғары, ару қыздың қиылған қасындай қияқтанып ай тұр. Қаракөк аспанның әр жерінде жұлдыздар ағараңдайды. Басына көк мұз, ақ қардан бөрік, сәукеле киген Алатау шыңдары ерекше анық, айбынды көрінеді. Көз тартып, «мен мұндалайды». Табиғат көрінісін жазу себебім, қолыма қалам алып, ойландырған қыстың көркем, кеш ататын таңы ма, әлде «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасынан көріп, естіген ерекше ақпаратымның әсері ме, біле алар емеспін. Әдетте таңертемен кітап оқуға, ілім үйренуге машықтанған едім, бүгін ойдан ой теріп қана отырмын.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, мен де тал бесікке жатып, асыл анамның бесік жырын, ардақты әпкелерімнің ыңылдап салған әнін, әсем үнін тыңдап өскем. Әкеміз түз жұмысында болып, анамыз үй шаруасынан қолы тимейтін күндізгі уақытта жеті бала – үлкені кішімізді бесікке бөлеп, біріміз ән салып, біріміз ән тыңдап өстік. Бұл атадан әкеге, әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, шөбереден шөпшекке, шөпшектен неменеге, неменеден туажатқа, туажаттан жүрежатқа жалғасып кете беретін салт деп ойлайтынмын. Бүгін робот бесік, тоқпен тербелетін бесікті көріп, ұлтымыздың келер ұрпағының хал-жағдайы қалай болар екен деген ойға қалдым, бұл – әрбір қазақ ойланатын шыңырау ой.

«Антты бұзған оңбайды, салтты бұзған сорлайды» деген даналық сөздің астарын ойлап көрейікші. Қазіргі кезде антты бұзып оңбай, салтты бұзып сорлап жүрген жандар қаншама. Бірақ көз көріп, көңілге түйгенді айтпасақ, жазбасақ, ұлт мұраты жолында игерген білімімізді ұлт келешегі үшін қолданбасақ, онда біздің жоғарғы білім алғанымыздан не қайыр. Артық айтып, жазған жерім болса алдын ала кешірім сұрап алайын, рас сөз болса, шешімін тапса екен деймін.

Уақыт өткен сайын жаһанданудың жалыны бізді де шарпып жатқаны рас. Қаржылық (экономикалық) жағынан біраз жетістіктер бары рас. Ал халық өсімі (демографиялық) жағына келсек, иілген басын көтере алмай тұрған сұрақтар мен ізіне түссең ұзақ сонарға кететін нүктелер алдыңнан көлбеңдеп шыға береді. Салт-дәстүрді ұстану, халық өсімі жағынан келгенде тілімізді тістейтініміз сондықтан. Ата өсиетін тыңдамаған күйеу мен келін, әке тілін алмаған, әжесінен ертек, анасынан бесік жырын естімеген ұл мен қыз, ағасы мен жеңгесінің, әпкесі мен жездесінің тілін алмайтын, әкесі бар болса да, түрін көріп, үнін естімеген тірі жетім, түбін, тегін білмейтін буын өсіп келеді. Бұлардан туған ұрпақ кім, не болмақ?

Бауыржан Момышұлы: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріне бесік жырын айта бермейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлдиі сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын»,– деп еді. Тегін білмеген, бесікте жатып бесік жырын табиғи түрде анасынан, жақындарынан естімеген балаға тарих, салт-дәстүр, ана тілі не керек? Ғылым мен технологияның дамығаны осы екен деп, робот бесікке баласын жатқызып, тоқпен тербетіп қоймасына кім кепіл?

Баланы бесікке бөлеудің түпкі негізін ұмытып, тек сұлбасын, сыртқы көрінісін ғана негізге алып іс қылып жүрміз. «Тәрбие тал бесіктен басталады», «Баланы жастан», «Тал бесіктен, жер бесікке дейін» деген сөздің астарында үлкен сыр, табиғат жаратылысы жер қозғалысымен байланыс бар. Бесіктегі бала бесік жыры, әнмен тербелсе керек.

Дүниеге келген кішкентай балада тән қуатымен бірге жан қуаты, сезім болады. Миы, жүрегі қатар жұмыс жасайды. Сол миы, жүрек сезімімен қан берген әкесін, құрсағында тоғыз ай көтеріп дүниеге әкелген, ақ сүтімен қоректендірген анасын, бір екі жас аралығында бірге туған бауырын, жақынын іздейді. Сол себепті бала ұйқыдан оянғанда бірінші дауысын шығарып ниет білдіреді, жалғыздығын сезінгеннен кейін жылай бастайды. Тербетпей-ақ дауысыңды ақырын шығарып ән сала бастасаң, бір жері ауырып, қарны ашып тұрмаса, дауысыңды құлағымен естіп, жүрегімен көңіліне бекітіп, жаны жай тауып, тұла бойында, жүрегінде, миында бір рахат сезім пайда болып, ұйқыға кетеді.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ, ұйқтап жатқан сәбиді тербетуге», «Ұйықта, бөпем, мен сенің қасыңдамын» – дейді. Бұл өлеңде неліктен тербету жайында сөз жоқ, бұны да ойланып көрген жөн болар.

Мағжан Жұмабаев атамыз «Педагогика» атты ғылыми еңбегінде қатты тербетіп ұйқтатуды: «Бұл дұрыс ұйқы емес. Бұл ұйқтау емес, шайқап-шайқап баланың басын айналдыру, басын айналдырып, естен тандыру.

Тербетіп ұйқтату – баланы талдырып ұйқтату деген сөз. Тербетіп ұйқтатылған бала ұйқтап жатқан жоқ. Талып жатыр. Өзіңді бір нәрсеге тас қылып таңып тұрып, ерсіл-қарсыл шайқап-шайқап, тербетіп-тербетіп талдырып тастаса, жақсы болар ма? Қазақ әйелі! Балаң да қасың болмаса, тербетпе баланы. Бесік – баланың жататын орны. Естен тандырып, талдыратын орны емес. Осыны ұғыну керек, ұғу керек», – дейді.

Адам ақылы арқылы қолмен жасалған тоқбесік, робот бесікте сана-сезім, түйсік болмайды. Тек қимыл мен дауыс шыққан кезде автоматты түрде тербеледі.

Гендерлік саясат белең алып, ген жарасы асқынып тұрған уақытқа келе жатқан кезеңде, Тәңірінің берген қызметіне мойын ұсынғысы, бала тапқысы келмейтін, бала тапса да баққысы келмейтін ерімен жарысқан, билік құмар, атақ, мансап қуған әйел заты көбейіп келеді. Мұндай жандарға қолға байлау болатын баланы тоқпен тербететін бесік жақсы жаңалық болып елестейтін шығар… Әйел бала тауып, оны өсірсе, сол бала үшін анасы – ұлы, бала тауып, түн ұйқысын төрт бөліп жүрген барлық аналар – ұлы. Бірақ басқа жағдайда атам қазақ «Әйел бастаған көш оңбайды» деген. Робот бесіктің, тоқ бесіктің билігін, байлауын әйелдерге немесе әйелдерше ойлайтын надан ерлерге берсек… көшіміздің бағыты мен ізі белгісіз болады…

Ғылым мен техниканың дамығаны дұрыс, бірақ бесік тербетуге пайдаланудың түбі қайыр беретін іс пе? Ол жағын ұлт болып, ел болып, мемлекет болып ойлануымыз керек. Ұлттық бірлік деген тек бірлесіп той тойлауға емес, бірлесіп ой ойлауға, осындай уақытта керек дүние. Бұл сөзді саған жазып, елге айтып отырмын. «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деген мақалға саяды.

Нұрлан Асқарұлы,

ҚазҰУ-дің студенті

Серіктес жаңалықтары