КАРИКАТУРА КЕМЕСІНІҢ КАПИТАНЫ

КАРИКАТУРА КЕМЕСІНІҢ КАПИТАНЫ

КАРИКАТУРА КЕМЕСІНІҢ КАПИТАНЫ
ашық дереккөзі

Белгілі карикатурашы суретші әрі журналист Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура жанрын жетілдірген табанды талант. Совет үкіметі жылдары карикатуралық суреттерді кітаптардан, «Правда» мен «Известияның» соңғы беттерінен көретінбіз. Онда да саясаттың сойылын соғушылар көбінесе АҚШ-ты және батыстық капиталистік мемлекеттерін әжуалап, шенеуден аса алмайтын. Кезінде Кукрыниксилердің әрбір сатиралық сарынды суреттері идеологияның басты құралының біріне айналды.

Еркіннің алғашқы карикатуралық кескіндемелері газет-журналдардан шыққаннан бері, байқап келеміз, суретші өз жанрының қыры мен сырын жетік меңгеріп, үнемі ізденумен келеді. Оны жаңа бір түрмен ұдайы жетілдіруде. Әсіресе, «Қазақ әдебиетінің» соңғы сатиралық беттеріндегі әзіл мен эпиграммаларды ашатын езу жиғызбас карикатура мен шарждарды көріп қайта қараудан жалықпайтынбыз. Әлі күнге сол әсерімізден арылмай келеміз. Арылмайтынымыз, Еркіннің қызықты сызықтары қоғамның сан алуан мәселелеріне байыптап барумен ерекшеленсе, шарждарының психологиялық бөлек бітімі мен бір-біріне ұқсамайтын алуан қырлары да әркімге қиындығы байқала бермес осынау өнердің жолындағы жанқиярлық еңбегін айқындайды.

Еркін – елгезек, елін етжүрегімен сүйетін азамат. Мұны ол ұзақ жылдар жауапты жанр түрін абыроймен арқалауымен дәлелдеп келеді. Карикатура астарында тоқсан түйінді тіршілік мәселелері жинақталған. Теңіз толқынында тоқтаусыз жүзіп жүрген карикатура кемесінің бірден-бір капитаны да, матросы да өзі. Желкенін көтеріп алып, қарсы соққан заман дауылынан ықпай, қаймықпай алға тартып келеді. Қазақстанның халық жазушысы, әдебиетіміздің ақсақалы Мұзафар Әлімбайдың оның шығармашылығына ризашылдығын «Карикатура королі» деп білдіруі де сан қырлы таланттың үлкен өнерін жете танып, бағалауы деп түсінеміз. Ол корольдің тәжін кигізсе де, марқайып, масаттанып кете қоймас қарапайым жан. Қайта күлкі теңізіне шабыттанып, ширығып шығатын қажымас өнерсүйгіш келбетін көремін одан. Әр суреті езу тартқызады, астарындағы жеңіл, нәзік әзілдер кейде ащы да айқын әжуаға, өткір сынаққа да айналып шыға келеді. Аңғаратының – әрбір бітім-болмыстың өзіне тән мінез-қылығы, әркім байқап, біле бермейтін жандүниесінің ерекшелігі. Әсіресе бұл достық әзілді портрет дейтін шарждарында шарпылып тұрады.

Портрет салу – бейнелеу өнерінде қиынның қиыны. Жазу өнерінде де солай. Адамның үлкен психолог болуын, сезімталдығын, жан-жүректі жете ұғынуын талап етеді. Бас, көз, құлақ пен шекеден бір ерекшелікті тап басып танып, кескіндеу батылдықты да, байсалдылықты да, талғам мен танымның тереңдігін де қажет етеді. Еркіннің осыдан біраз жыл бұрынғы Ә.Қастеев атындағы көркемөнер мұражайындағы көрмесінде болғанымда осыған көз жеткіздім. Сонан соң оның карикатуралары кеңістігі айқын, шарждарының шартарапты шалып тұрғаны байқалады. Барлық қазақты бауырына алып, «міне, аға-әпкелер, замандастар, өздеріңізге күлкі кернеген көздеріңмен қарап, көріңдерші» деп тұрғандай. Өзінің кескін-келбетін көргендер суретшінің сезімталдығына, шеберлігіне, ізденісіне көз жеткізер ме еді! Еркін Нұразхан –карикатурамыздың көшін бастап келе жатқан бас керуенші. Әрине, бұл жанрға өткен ғасырдың Ә.Исмаилов, А.Ғалиев, Б.Чекалин, Л.Леонтьевтер өз қолтаңбасын қалдырған. Алайда олар дәл осы Еркіндей осы асау жанрды екі құлағынан тік ұстап, ауыздықтап, ерттеп мінген жоқ.

Еркіннің ерін жыбырлатып, езу тартқызар, қарқылдап күлкіге кенелтер, жарқылдап жүзіңді жандырар ерекшелігі туралы ағалар лебізінен артық ештеңе жоқ. Әрқайсысы көзбен көріп, көңіліне жылу ұялатқан өнер туындыларына деген жүрекжарды пікірлерін білдірген. Көрнекті мемлекет қайраткері Б.Әшімов «Еліміздің үлкен азаматы, шын жанашыр патриоты» деп адалынан турасын айтқан. Халық қаһарманы Қ.Қайсенов «қоғамдағы кемшілік атаулыға, сын көзімен қараған» елін етене сүйген азамат бітімінде бағалайды. Өнер тарланы А.Әшімов «оның сарказмге құрылған әр карикатурасы ондыққа тиіп жатқан сын жебесі» деп қалай дөп жеткізген. Әрине, Еркін інісіне аттас ағасының (Еркін Мергенов) шын жүрегімен жеткізген тілегінде оның тамаша суретшілігін, суреттерінің тапқырлық пен шеберлікке құрылғанын, идеясын айқын жүзеге асырумен ерекшеленетінін, Қазақстандағы карикатурашы мен шарж салушылардың санаулыларының бірі екендігін, бұл жанрдағы ерен еңбегінің республикаға кеңінен танылғанын айғақтайды.

Карикатура мен шарж – бейнелеу өнерінде болмысы бөлек жанр ретінде маңызды әлеуметтік сипатқа ие. Қоғамдағы түрлі келеңсіз құбылыстар мен теріс әрекеттерді сыни көзқараспен жеткізуде бүгінгі уақытқа аса қажет. Өнертанушы Е.Ким оның портреттік, достық шарждарының өткір әзілге ащы әжуаға құрылатынын атап өтеді. Суретшінің «Кімге күлеміз?» сурет альбомы – ұзақ жылғы осы жанрдағы ізденіс жемісі.

Осыдан біраз жыл бұрын Еркін Ибрагимұлы Қазақстан Ресупубликасы мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Алса екен деген ізгі ниетпен үміттенгенбіз. Өйткені осы жанрдағы саусақпен санарлық санаулылардың бірі болғанымен бірегейі, «басбармағы да» өзі. Е.Нұразхан осындай жоғарғы атақ иеленгенде, ұтарымыз өнеріміздің өрісі кеңейер еді. «Еркіндердің» жаңа легі желпілдеп өсіп жетілер еді. Бұл атақ оған сол үшін керек еді. Әттең, талантты тануға түйсігіміздің жете бермейтіні-ай…

Еркіннің тағы бір жақсы қыры – журналистік шеберлігі. Ол талай әріптес­теріміз сияқты қаламын оңды-солды сілтеп, бет толтыруға құмар емес. Суреттегі сызықтарын сабырмен сызатынындай, әр ойын салмақтап, байыппен жеткізеді. Мұнда карикатурадағы өмір құбылыстарын күлкілі кескіндеу, шарждағы шабытты штрихтар жоқ. Өмір шындығын нақты көрсету, оған адал да айқын көзқарас басым. Не жазса да, ащы әрі батыл айтады. «Түркістан» газетіндегі оның әр мақаласы оқырман көңілінен табылды.

Еркіннің еліне сіңірген елеулі еңбегі еленбей қалмады. Ол Қазақстан суретшілер және журналистер одағының мүшесі, Республикамыздың мәдениет қайраткері атағына ие. Өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Әрине, Қасым атасындай кеудесі толған орден, медаль армандап жүрген жоқ. Жылы жымиып, езуіндегі күлкісін жинап алып, әр кез ойға алған жаңа туындыларының нобайын түсіруге асығады. Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Өнер мұралары сақталған ғибраттық ғимараттың шырматылған түрлі шаруаларын шешуде де өзінің іскерлік қабілетін танытуда.

Асқар Алтайдың тамаша Тарбағатайының жайқалған Жаңғызталының (Жетіаралының) түлегі жоғарғы білімді маман Е.Нұразхан өрісті өнер жолында тынбай ізденуде. Шәкірттер де тәрбиелеуде. Жаңғызталдан шыққан жалғыз карикатурашы, шарж шебері өзі болып қалмас. Жаңғызтал тоғай болса, Еркін де шәкірттерімен келешекте бір шоғыр орманға айналар.

Ерекең өнегелі отбасындағы тәлімгер әке, сыйлы ата. Жан-жары Нұркамал екеуі жарасымды отбасының ұлағатты ұйытқысы. Бәрін айт та бірін айт демекші, Ерсайын мен Ернұрдан көрер бір ұрпағы бәлкім өзінің өнер жолын қуып та қалар. Атасының көзін бадырайтып, құлағын қалқитып, аумаған өзін әзілдеп салса ғой, шіркін?! Сонда атасы ұқсамасаң тумағыр деп, немересінің өзін айнытпай кескіндеген суретіне қарқылдап күлсе ғой. Біздің ізгі ниетіміз де осы. Өнер қуанышы лайым өмір қуанышына ұласа берсін! Көкейіңдегі көксеген сәулелі күндерге жете бер, үлкен өнердің ерінбес Еркіні, карикатура кемесінің қартаймас капитаны!

Әнуар ТАРАҚОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі