ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА ЖАНДАНБАҚ

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА ЖАНДАНБАҚ

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА ЖАНДАНБАҚ
ашық дереккөзі
435

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру картасындағы жобаларды таныстыруға арналған кезекті жалпыұлттық телекөпір болып өтті. Жылдағы дәстүрмен биыл да «Қуат­ты Қазақстанды бірге көркейтеміз! Жаса Қазақстан!» ұранымен өткен жалпы­ұлттық телекөпір рәсімінде ұлан-байтақ еліміз­дің шартарабындағы жаңа жобалардың – зауыт-фабрикалар мен инфрақұры­лымдық нысандардың тұсауын кесті. Президент бұл шарада жаңа 12 жобаны қатарға қосып, мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша атқарылған істерді қорытындылап, алдағы кезеңнің жаңа міндеттерін белгілеп берді.

Адамзат баласы үшінші индустриалды кезеңге қадам басуда. Өзінің индустриалды бағдарламасы арқылы жаһандық экономикадағы беделін бекемдей білген Қазақстан да көштен қалмауды басты назарда ұстап келеді. Индустриалды карта жүзеге асқан соңғы екі жыл ішінде елде 550-ден аса кәсіпорын іске қосылып, 100 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде ел қазынасына еселеп табыс келді. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстан тауарлары нарықтың барлық талаптарына сай болмаса, біз ғаламданудан артта қаламыз. «Қазақстанда жасалған» деген сөз нағыз сапаның сенімі деген сөз. Жаңа дәуірде тәуелсіздігіміздің баянды болмағы ең әуелі экономикаға тәуелді. Экономикамыз мықты болғанда ғана нағыз тәуелді ел бола аламыз», – деді.

Биылғы индустрияландыру картасына енген жобалардың төрттен бірі химия мен металлургия өнеркәсібіне тиесілі. Яғни, жиыны 117 жобадан тұратын өндірісте 2,5 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, 90 мыңға тарта адам еңбекпен қамтылмақшы. Алайда Елбасы солардың ішінен 12 жаңа жобаның жұмысына пәрмен берді. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысындағы кейінгі жылдары тоқырауға ұшыраған «ШығысМашЗауыты». Қазір жұмысы қайта жанданған зауытқа сәттілік тілеген Елбасы телекөпір барысында ШҚО-дағы болат вагон құймалар өндірісін іске қосты. Болат вагон құймалары өндірісі жылына 4 мың вагон жиынтығын шығарады. Нәтижесінде вагон құймалары тапшылығын азайтып, өнім сапасын арттырады. Кәсіпорында 456 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.Бұл ретте Прези­дент бүгінде өндіріс көрігін қыз­дырып жатқан 537 кәсіпорын­ның үшеуінің басшылығы бар жағдайды баяндады. Тікелей байланысқа бірінші болып, Кентаудағы трансформатор зауыты шықты. Бұл кәсіпорын қуат үнемдейтін трансформаторлар шығаруда. Зауыт­тың қайта жаңғыруына мемлекеттің «Өнімділік – 2020» және «Экспорттау­шы» бағдарламалары көмектесіпті. Мұнда бүгінде 110 адам жұмыс істеп жатқан көрінеді. Егер ресми мәлім етілген дерекке жүгінсек, жылына 12 миллиард теңгенің өнімін өндіреді. Оның 30 пайызы экспорттың еншісінде. Ал «RG Brands» компаниясының AKSENGIR өндіріс­тік-логистикалық кешенінің ұжымы асырған жоба да еңбек өнімділігін артты­ратын қуатты жобаның бірегейі. Бір адамға – 450000 доллар! Бүгінде кәсіпорын­ның «Қазақстанда жасалған» таңбалы сусындары тек қазақстандықтардың ғана емес, алыс-жақын шетел тұрғын­дарының шөлін қандыруда. Компания су мен сусын өндірісін екі есе, ал шырын өндірісін үш есе арттырыпты. Сондай-ақ 2015 жылға қарай күн тәртібіне та­ғам өндірісін жолға қойып, қызметкерлер санын 500-ге жеткіз­у жоспарға іліккен. Мұнда көбінесе Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты елді мекендер тұрғындары жұмысқа тартылып жатқаны қуантады.

Бұдан соң телекөпірге шыққан «Алатау» иннова­циялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы «инновация­лық өсімнің қарқынды дамушы орталы­ғы» ретінде таныс­тырылды. Оның аумағындағы 149 инновациялық компаниядан түс­кен салық көлемі 2,2 миллиард теңгеге жеткен. Келесі жылы инновациялық технологиялар паркінің екінші кезеңінің құрылысы басталмақ.

Елбасы жалпыұлттық телекөпір ба­ры­­­­сын­­­да, «он-лайн» режимде 10 жаңа ин­дустриялдық нысанды іске қосып, өндірісіне жол ашты.

«АЛТЫН САПА» ИЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫАстанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың еншілес кәсіпорны – фотоэлектр модульдерін өндіретін «Astana Solar» ЖШС жаңа зауытын іске қосу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Елбасы жұмысшылармен әңгімелесу барысында Қазақстанды «жасыл» экономика, инновация және қалпына келтірілетін қуат көзі технологиялары саласында революцияның күтіп тұрғандығына сенім білдірді. «Біз индустрияландыру жайында айтқан кезде біріншіден, инновациялар жөнінде, яғни жаңа, бұрын болмаған жаңалық жайлы сөз қозғаймыз. Бұрын Қазақстанда бұндай зауыт болған емес. Сіздер, күн батареялары модульдарын шығаратын алғашқы нысанның қызметкерісіздер. Болашақ «жасыл» экономикада. Біз «ЭКСПО-2017»-ге осы тақырыпты таңдадық, енді соған дайындалудамыз», – деді Мемлекет басшысы. Осы панельдерден үй шатырлары жасалады. Егер біз осындай панельдер мен қосымша жел энергиясын игеретін болсақ, онда Қазақстан аумағында үлкен жетістікке қол жеткіземіз. Кабельдер мен электр желілерін тартпайтын боламыз. «Әсіресе, бұның ауыл шаруашылығында пайдасы көп. Бір құдықтың маңында мыңдаған қой өсіруге болады. Бізде жайылым жерлер үлкен, бірақ судың жоқтығынан жұмыс істей алмаймыз. Бұл ұлы іс, революция. Болашақ инновацияларда. Инновацияларды ғылым мен жаңа санаттағы мамандар жасайды. Сіздер осындай таза энергияда жұмыс істейтін жоғары білікті мамансыздар. Бұнда көмір, түтін, газ болмаса да, электр қуаты өндіріледі», – деп атап өтті Н.Назарбаев. Елбасы жылдағы дәстүр бойынша өнеркәсіп саласындағы «Алтын сапа» және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әспеттейтін «Парыз» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Президенттің арнайы жүлдесіне «ҚазТрансОйл» АҚ-ы, «ҚазАтомПром» мен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниялары ие болды. Оның ішінде «ҚазТрансОйл» компаниясының еңбегі ерекше. Себебі, бұл кәсіпорын биыл алғаш рет жүзеге асырылған «Халықтық IPO» бағдарламасында бағалы қағаздарын бірінші болып сатылымға шығарып, нәтижелі жұмыс атқарды. «ҚазТрансОйл» АҚ-ы жалпы сомасы 4,1 млрд. теңгеге әлеуметтік нысандардың құрылысын, оның ішінде: Үшарал қаласында тұрғын үйді, Павлодар қаласында 5 көпфункционалды спорт алаңдарын, Орал қаласында бес қабатты 6 тұрғын үй құрылысын, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Семей және Өскемен қалаларында 6 көпфункционалды спорт алаңдарының құрылысын, Қарағанды облысының Атасу ауылында 170 орынды балабақша құрылысын, Үшарал қаласында 2 көпфункционалды спорт алаңының құрылысын, Павлодар қаласындағы көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын қаржыландырды. Компания жалпы 2,6 млрд. теңге көлемінде демеушілік көрсеткен.

Елбасы үдемелі инновациялық жобаларды мықтап қолға алып, Үкіметке кластерлі саясатты жандандыру қажеттігін тапсыра келе, дарынды азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, әлемде баламасы жоқ жаңа идеялардың жүзеге асуына басымдық беру керектігін баса айтты. «Қазақстанда жасалған деген сөз нағыз сапаның мықты өндірістің синонимі болуға қажет. Жаңа дәуірде Тәуелсіздігіміздің баянды болмағы ең алдымен экономикаға тәуелді. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының үш жылы өтті. Сол үш жылдың ішінде ғана еліміздің жалпы ішкі өнімі 20 пайызға артты, өңделген өнімдердің экспорты өткен жылы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет 22 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 85 пайызға артты деген сөз», – деді Елбасы.

Сондай-ақ Павлодар облысында 320 орынға арналған балабақша салып, оны жергілікті биліктің құзырына тапсырған «Нефтехим Лимитед» ең үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын номинациясының лауреаты атанды. Ал қарағандылық «Каналстройпласт» «Парыз» сыйлығының екінші дәрежелі сыйлығын қанжығасына байласа, ең үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын номинациясының тағы бір лауреаты ретінде Атырау облысының «Ариадна» кәсіпорны атап өтілді. Экологияны сақтауға үлес қосқаны үшін «Родина» агрофирма ЖШС-і мен қызылордалық «Экосервис» марапатталды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары