Қылқобызға – үш кітап

Қылқобызға – үш кітап

Қылқобызға – үш кітап
ашық дереккөзі

Есімі елге танымал қылқобызшы, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ұстазы, Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Әбдіманап Жұмабекұлы 1990, 2000 жылдары орта арнаулы музыка мектептеріне арнап қылқобыз оқыту бағдарламасын әзірледі. Сосын, осы бағдарламаларға сәйкес музыка мектептері мен орта музыкалық оқу орындары үшін «Қылқобызға арналған хрестоматия» әзірлеуге кірісті. Кейін осы пән бойынша бастауыш, орта және жоғарғы сыныптарға арналған әрқайсысы 300 бетке жуықтайтын оқулық-хрестоматиялар дайындады. Бұл оқу құралдарының екінші кітабы (5-9 сыныптар үшін) мемлекеттік тапсырыспен 2009 жылы «Білім» баспасынан жарық көрсе, қалған екі кітабы биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Білім» баспасынан шығып отыр.

Бір шындығы, осы уақытқа дейін еліміздегі музыка мектептері мен орта және жоғары музыкалық оқу орындарындағы қылқобыз кластары үшін дәл осындай барлық педагогикалық-әдістемелік талаптарға толық жауап беретін, Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқыту бағдарламасына сәйкес әзірленген оқу құралы болған емес. Бұған дейін қылқобыз класында оқитын шәкірттер көбінесе орыс тілінде шыққан ноталарды немесе жаңадан шығып отырған кітаптардағы қолжазба ноталарды бірінен-бірі көшіріп, пайдаланғаны рас.

Мәдениет және ақпарат министрлігі оқулықтардың осындай маңыздылығын жете түсінгендіктен де оның мемлекет қаржысымен жарық көруіне, республика бойынша мұқтаж болып отырған оқу орындары мен кітапханалардың бәріне дерлік жетуіне, айрықша мән беріп, мұрындық болды.

Бұл оқулықтарды тек арнаулы музыка мектептері ғана емес, музыкалық колледждер мен жоғары музыкалық оқу орындарының студенттері мен аспиранттары да пайдаланады. Яғни енді қылқобыз үйренемін дейтін барлық буын (мектеп, колледж, консерватория) оқулықпен толық қамтамасыз етілді деп айтуға әбден болады.

Қазан төңкерісінен кейін бақсы-балгерлерді қудалаумен бірге қобыз да «ескіліктің қалдығы», «қарабайыр» деген нәубетке ұшырап, қазақтың рухани өмірінен шеттетіліп, бірте-бірте ұмыт болуға айналған болатын. Дегенмен қазақтың ұлтжанды зиялылары қобыздың жоғын жоқтап, 1968 жылы Алматы консерваториясында ректор Е.Рахмадиевтің бастамасымен тұңғыш рет қылқобыз класы ашылды. Оған алғаш Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген әртісі, белгілі қылқобызшы Жаппас Қаламбаев ұстаздық еткенімен, бір жылдан кейін ол кісінің қайтыс болуына байланысты бұл игілікті істі жалғастыруға 1970 жылы Қорғалжыннан әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбаев шақырылды. Дәукең белгілі этнограф-ғалым Болат Сарыбаевпен бірге өмірінің соңына дейін консерваторияда қылқобыз класына сабақ берді. Сөйтіп 1968-1970 жылдары дайындық курсына қабылданған он шақты талапкерден үш-төрт студент қана Дәукеңнен 5 жыл тыңғылықты сабақ алып, қылқобыздың барлық күйлерін, оның ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық әдіс-тәсілдерін меңгеріп, оған қоса кәсіби білім алып, аталмыш оқу орнын 1975-1977 жылдары бітіріп шыққан. Олар: Базархан Қосбасаров, Қуаныш Ажмұратов, Құдайберген Нұрманов және аталмыш оқулықтардың авторы Әбдіманап Жұмабекұлы.

Ә.Жұмабекұлы ұстаздарынан үйреніп алып қалған көнеден келе жатқан қобыз дәстүрін әрі қарай жалғастырушылардың бірі ғана емес, оны жаңа заманға лайық жетілдіріп, дамытушы да. Олай дейтініміз, Ә.Жұмабекұлы Республикада тұңғыш рет қылқобызды мектеп қабырғасынан бастап оқыту ісін 1977 жылы Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық арнаулы музыка мектебінде бастап, оны түбегейлі жолға қоя алды және өз жұмысын біртіндеп К.Байсейітова атындағы Республикалық музыка мектебінде жалғастырды. Осы осы екі мектептен әр түрлі дәрежедегі республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары шықты. Бастауыш сыныптарға арналған бірінші жинақта жеңіл әуендер мен үйренуге оңай халық әндері мен күйлерінен бастап бірте-бірте күрделене береді. Орта сыныптарда, әртүрлі жанрдағы қазақ және дүниежүзі халықтарының одан гөрі күрделірек туындылары қосылып отырады. Соңғы жинаққа: 10-12 сыныптар мен жоғары оқу орындары студенттері үшін үлкен орындаушылық шеберлікті қажет ететін түрлі мазмұндағы сүбелі шығармалар, сонымен бірге Қорқыт, Ықылас күйлерінің классикалық үлгілері және домбыра мен сыбызғыда тартылатын күйлердің ішінен қобыз табиғатына үндесетіндері үлкен талғампаздықпен іріктеліп қосылған. Қысқасы үш кітапқа 300-ден астам шығармалар мен күйлер топтастырылған екен.

Жинақтар қай жағынан алсақ та сауатты дайындалған, сәтті құрастырылған тың дүние екеніне көз жеткіздік. Қылқобыздың табиғатына сай шығармалар сауаттылықпен іріктелген, олардың орналасу реті де дұрыс шешім тауып, оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай дейтін принцип бойынша өрістеп отырады. Ұстаз педагогикалық-дидактикалық талаптар негізінде оқушының орындаушылық шеберлігін жетілдірумен бірге, музыкалық-эстетикалық талғамын байыту мақсатында әр түрлі техникалық қиындықтағы, әрқандай мазмұндағы шығармаларды қамтып отыруы оқу құралының тәрбиелік маңызын арттырып тұр.

Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Шын мәнінде ондағы бүкіл шығармалар мен домбыраның, сыбызғының күйлерінің әрқайсысын қылқобыздың екі ішегіне келтіріп, оның диапазонына лайықтап, ыңғайлы регистрге түсіріп, оны сан рет шәкірттеріне ойнатып тексеріп, сүзгіден өткізіп діттеген жеріне жеткізу автордың жылдар бойғы еңбегі мен бейнетінің жемісі екенін айтсақ та жеткілікті.

Қорыта келгенде айтарымыз, Әбдіманап Жұмабекұлының құрастыруындағы «Білім» баспасынан жарық көріп отырған үш кітаптан тұратын «Қылқобызға арналған хрестоматия» атты толық оқулықтар топтамасы – қылқобыздың өзін айтпағанда, ұлттық өнер қорына қосылатын үлкен рухани олжа деп білеміз.

Ермұрат Үсенов