ДАЛАҒА ҒАШЫҚ ЕДІ...

ДАЛАҒА ҒАШЫҚ ЕДІ...

ДАЛАҒА ҒАШЫҚ ЕДІ...
ашық дереккөзі
270

Көгілдір аспанға, ақселеуі самал желмен тербелген Сарыарқаның кең жазира даласына шын мәнісінде ғашық еді. Қызылжардың қызғалдақты қырларына құмарта қарап өскен бала махаббат ақыры, мамандығын да жолсерік етіп, сары даланың жүйткіген ауыр керуенімен байланыстырып тынды. Кербез керіліп жатқан керімсал сұлу даланың сұлулығына тамсанып талай күндері мен түндері жол үстінде өтті. Оған өкініп жатқан ол жоқ. Тіпті, өмірлік жары, аңсары болған Сағиласы тұңғышы Құрмандай ұл сыйлағанда да, әдемі ару қызы Әлияны дүниеге әкелгенде де сол жол үстінде естіп, қуаныштан жарылардай болған жүрегін пойыз дүрсілімен жарыса сайын даламен бөліскен-ді.

Иә, біз әңгімелеп отырған осынау еңбекқор азамат Мұрат Алдабергенов өз мамандығын адал сүйген «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» болатын. Шашыраған ойымызды жинақтай алмай, санамыз сансырап отырғаны да сол өткен шақпен әңгімелеудің жүрекке салмақ салуынан болар, сірә.

Қызылжарда дүниеге келген Мұрат есін білмей жатып әкеден айырылып, жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан. Анасы Күлсін екеуі жездесі, қазақтың алғашқы маман қаржыгерлерінің бірі болған Жалмұханбет Мулкинді паналап, сол кісінің көмегіне көп сүйенеді. Сөйтіп жүріп ес жиды, етек жапты, ержетті. Оқыды. Мамандық алды. Бірақ көңіл шіркін, сайын даланы аңсады да тұрды. Қыс көрпесі сөгіліп, жазғытұрым жайлауға беттеген көш-керуен бала санасында қалып, жатталғаны соншалықты, сахараны санасымен кезіп жүруші еді. Сол арман жеңіп, теміржолшы мамандығына жетеледі.

Туған жер жайлы, қазақтың сайын даласы жайлы айтқанда, Мұраттың өміріндегі ең тәтті, арманшыл сапары есіне жиі оралатын. Ол жолсапарлар жайлы әңгімелемес бұрын ойлы да тұнық жанарлары жалт-жұлт етіп, ерекше керім күйге бөленуші еді. Оның бірі – жас жігіттің көңіл ауанын дөп басып, тіршілігінде құтты қосағы болуға келіскен сымбатты да сұлу Сағиласын қолтықтап қайтқан сапары. Жүрдек пойыз жер апшысын қуырып, Қызылжарға ат басын тірегенде, өзі армандап жүрген көш-керуенді елге бастап келгендей, асқақ мақтаныш сезіміне бөленген. Сол ер-азаматтың өзі сүйген, өзін сүйетін адал жарын табуы, ол әдемі қыздың отбасының ұйытқысы керім келіншек болғаны, одан қалса бар әлемді тербеткен аяулы да мейірімді ана болған келбеті, бертін келе бүкіл әулеттің данагөй бәйбішесіне айналғаны, бәрі-бәрі Мұраттың көңілін өсіріп, өміріне нәр бергендей еді.

Әттең, өз ғұмырының шуағына немерелерінің қызығы қосылып, салтанаты тасып тұрған шақта жүрек шіркіннің тоқтағаны… Айналасындағыларды ойсыратып-ақ кеткені… Көзінің ағы мен қарасындай Құрманы мен Әлиясы аяқтары жеткен жерге дейін барып, көрсетпеген дәрігері қалмады десе де болғандай. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» дегендей, тікелей келген ажалдан кім қашып құтыла алар дейсің?! Сабырлылыққа, төзімділікке ша­қырған ағайын-жекжаттардың арқасында мәңгілік құтмекеніне қонып, жаны жай тапты.

Жетпістен асқан ғұмырындағы жеткен жетістіктері, көрген қуаныш-жақсылықтары жездесі Жал­мұханбеттің арқасы екенін үнемі мақтанышпен, емірене айтып отыратын Мұратты соңғы сапарға аттандыру рәсімінде сол жездесінің баласы Сейтқали Мулкин де Құрманмен бірге қайғырып, қабырғасы бірге қайысқанын марқұмның рухы сезген болар…

Бүгінде өмірден өткеніне қырық күн толып отырған Мұрат Алдабергеновтің туғандары осы­лай еске алады.

Серіктес жаңалықтары