БАТЫРЛЫҚ ПЕН БАТЫЛДЫҚ

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Бауыржантану: бүгіні мен болашағы» атты үш ұрпақ өкілінің бас қосуымен ғылыми-практикалық конференция өтті.

Дөңгелек үстелдегі кездесуді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы мырза ашып, жүргізіп отырды. Бұл конференцияның бір ерекшелігі – ар-намысты ту етіп, қазақ халқының мақтанышына айналған батыр-жазушы Бауыржан Момышұлы туралы Алматы қаласының мектеп оқушысы, жоғары оқу орнының студенті және ғалымның баяндама жасауы екендігін атап өткен Қансейіт Әбдезұлы мырза: «Мұндай жаңа үрдісте өткізілген конференцияның болашақ ұрпаққа берері мол», – деді. Өйткені бір дөңгелек үстел басында үш ұрпақ өкілінің кездесуі, пікір алмасуы, ой бөлісуі жас ұрпақты патриоттыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейтіндігі күмәнсіз.

Атап айтсақ, баяндамашылар: №13 мектеп-гимназиясының оқушысы – Ерсін Аманбай «Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиетіндегі орны», Алматы үздіксіз білім беру университетінің 2-курс студенті Әділет Жексенбиев «Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабы – ғибрат, өнеге» тақырыбында және филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Нұрдәулет Ақыш «Бауыржан Момышұлы – қазақ әскери прозасының атасы» атты тақырыпта баяндама жасады.

Филология ғылымдарының кандидаты, бауыржантанушы, жазушы Мамытбек Қалдыбаев, республикалық кітап музейінің директоры, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, тарихшы, бауыржантанушы, жазушы Мұхтар Қазыбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Айжан Мүсірәлиева және Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары Олжас Айдарұлы, Ақниет Сәрсеков сөз сөйлеп, Бауыржан Момышұлының еңбегі мен ерлігі, бай мұрасы мен творчествосын насихаттау бүгінгі күні біздің парызымыз және оның кезек күттірмес мәселе екендігін сөз етіп, өздерінің ой-ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтар болсақ, жиналған қауым арасынан бір ауыздан қолдау тапқан: Алматы қаласында батырға арналған музей ашылса, Ресейде, Қазақстанда және басқа да мемлекет мұрағаттарында сақталған, ұрпақтарының қолында жүрген, бұрын баспасөзде жарияланбаған материалдар жинақталса, батырдың туылған күні – 24 желтоқсан «Бауыржан Момышұлы күні» деп аталса және Бауыржан Момышұлының философиялық, психологиялық, әскери еңбегі ғылыми жүйеге түсірілсе, кеңінен зерттелсе деген құнды ұсыныстар айтылды.

Конференцияда университет студенттері Абылайхан Жұмалиев, Досқан Жылқыбаев, Оралбек Ысқақ Бауыржан Момышұлына арналған арнау өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты.

Мұндай конференцияның алдағы уақытта үлкен-үлкен келелі істерге түрткі болары сөзсіз.

Гүлжанат ӘШІМОВА,

Республикалық

кітап музейінің қызметкері

Back to top button