ЖАСТАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫ ТИІС

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Биылғы жылы Президент жастар саясатын жетілдіру бойынша бірнеше іргелі тапсырмалар берді. Бұл міндеттер Жолдауда, Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында, Назарбаев университетіндегі интерактивті дәрісінде және «Жас Отанның» ІІ съезінде қойылғаны белгілі.

Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білім саласында алаңдатып отырған мәселелерді тілге тиек етті. «Бірінші, жұмыссыз жастар құрамының өзгеруі. Жұмыссыздық деңгейі жалпы азайып келе жатқанымен, олардың арасында жоғары және кәсіптік-техникалық білімі бар жастар көп. Екінші, өз бетімен жұмыс істейтіндердің саны азаймай отыр. Ол 2 млн.-нан астам адамды құрайды. Үшінші, техникалық және жоғары оқу орнын бітірушілердің едәуір пайызы жұмысқа орналаса алмауда», – деді министр. Оның сөзінше, білім жүйесі оларды бірнеше ай қадағалап отырады. «Кейін олар назардан тыс қалады. Мұндай жағдайларға жол бермеу керек. Сондықтан жастарды жұмысқа орналасуға қолдау көрсетудің жаңа кешенді жүйесін құру қажет. Бұл жүйеге Еңбек министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және басқа министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар толығымен қатысуы тиіс», – деп атап өткен министр жаңа жүйенің жас­тарды жұмысқа орналастыруға нақты және толық мониторингті жүзеге асыратындығын жеткізді. Ең бастысы, жұмысқа орналасуға нақты көмек көрсетеді. Бұл арада жергілікті атқарушы органдардың, ірі кәсіпорындардың рөлі өте маңызды. Әсіресе, индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы мен бизнес жол картасына қатысушылардың орны айрықша.

«Мұндай жүйені енгізу, Елбасы «Жас Отанның» ІІ съезінде айтып өткен Арнайы бағдарламасының маңызды позициясына айналуы тиіс. Сонымен қатар, бұл жүйе Мемлекет басшысының жас­тар саясаты бойынша тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енуі қажет. Осындай жоспарды әзірлеуге барлық орталық және жергілікті басқару органдары қатысуы тиіс деп ойлаймын», – деп түйіндеді сөзін министр.

Айта кету керек, 2001 жылмен салыстырғанда жастардың жұмыссыздық деңгейі 4 есеге азайып, 3,8 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Еуропа мен ТМД елдерінде шамамен 18, ал кейбір елдерде 40 пайыздан асады. Атап айтқанда, «Жасыл ел» жобасына 7 жылдың ішінде 160 мыңнан астам студент және жұмыссыз жастар тартылса, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жұмысқа орналасқан педагогтардың саны 1,8 есеге, дәрігерлердің саны 2,7 есеге артты. «Жастар саясаты» жобасының арқасында соңғы 3 жыл ішінде 50 мыңнан астам бітіруші тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ендігі міндет – жоғары білім жүй­есін еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру. Бұрын көптеген жылдар бойы гуманитарлық мамандықтар басым болып келген. Ал қазір кадрлық даярлау жүйесі нарықтағы нақты сұранысқа сай болып келе жатыр. Жұмыс берушілер техникалық және кәсіптік білім жүйесінде белсенді жұмыс жүргізуде. Олар кадр­лар даярлауды басқарудың жоғары органдары – Ұлттық кеңестің, салалық және аймақтық кеңестердің жұмысына қатысады. Сонымен қатар ол Елбасының тапсырмасы бойынша оқытудың дуальді жүйесі кең көлемде енгізіліп жатқандығын еске салып өтті.

Сондай-ақ министр мемлекеттік білім беру гранттарының саны азаймайтындығын қадап айтты. Оның айтуынша, қоғамда мемлекеттік білім беру жинақ жүйесінің қалыптасуымен мемлекеттік білім беру гранттарының саны төмендейді деген теріс пікір пайда болуда. Министр осы орайда мемлекеттік білім беру жинақ жүйесі Қазақстанда білім алуға қолжетімділікті арттыруға негізделген қосымша тетік болып табылатынын атап өтті. Жастар саясаты мәселелері бойынша берген тапсырмаларын іске асыру тұрғысында болған Үкімет отырысында министр Бақытжан Жұмағұлов: «Соңғы 10 жылда арнаулы орта білімі бар қазақстандықтардың саны 40 пайызға, жоғары білімі барлар 3 еседен артық өсті. Саны жағынан, бұл әлемдік үрдіске сай келеді. Жоғары білім бойынша бұл көрсеткіш тіпті асып түседі», – деп атап өтті министр. Оның пайымдауынша, қазіргі уақытта ең басты мәселе – білімнің сапасы және оған деген сұраныстың болуы. «Елбасының осы тапсырмаларын орындау үшін кәсіптік білім жүйесі жұмыс берушілер мен еңбек нарығы талаптарына сай келуі қажет. Техникалық және кәсіптік білім жүйесінде соңғы 2-3 жыл ішінде осы бағыт бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Оған бөлінген қаржы 3 есеге өсті», – деп қорытты өз пікірін.

Бұл – білімді жастарды «әлеуметтік лифтіге» айналдырудың басты шарты. Министр тәрбие жұмысын күшейту қажеттігіне де тоқталды. Бұл бағытта Оқыту процесінің тәрбие компонентін күшейту бойынша үлгілік кешенді жос­пар қабылданды. Ол 2013 жылдан бастап іске асырылады.

Бүгінде елімізде жастар ұйым­да­рының саны өсуде. Олардың құры­лымы мен шоғырлануы өзекті болып отыр. Бұл процесте «Жас Отан», 10 ірі республикалық жастар ұйымы және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы маңызды орын алады. Ал жастар ұйымдарын шоғырландыру – жаңадан құрылған Жастар ісі комитетінің басты міндеттерінің бірі.

ОҚУЛЫҚТАР ТӨРТ ЖЫЛ

САЙЫН ЖАҢАРАДЫ

Оқулықта кеткен олқылықтар жайы күн тәртібінен түскен емес. Жақында Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында мектеп оқулықтарын басып шығару мен білім беру мекемелерін оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мәселелері әңгіме тақырыбына айналды.

Білім және ғылым министрлігінің 2010-2012 жылдарға арналған оқулық басылымының сапасын жетілдіру мәселесі бойынша вице-министр Мұрат Әбенов кітап басып шығару ісінің сапасы мен талаптары жайында баяндама жасап, жаңа ереженің жұмысымен таныстырды. Жаңа жүйе бойынша, енді жаңа шыққан кітаптар сараптамадан өткеннен кейін ғана таратылады. Оқулықтар да төрт жылда бір рет қайта сараптамадан өтіп, өзгертіліп отырмақ. Сонымен қатар барлық кітаптар биылдан бастап тегін таратылмақшы.

«Тағы да бір өзгеріс, бұрын тек кі­тапты шығарып қоятын едік, енді барлық оқулықтар мониторингтен, сараптамадан өтеді. Егер бұрын шығарылған кітап сапасы төмен боп, оған наразылық көп туындатып, білім сапасын жақсартуға мүмкіншілік бермейтін болса, онда ол кітап тізімнен алынып тасталады және ары қарай таратуға болмайтын болады», – деді вице-министр.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева: «Жұмыс көлемі үлкен, айтпағым оқулық шығару барысында үлкен көлемде қаржы айналымға түседі. Және бұл жүйенің әр деңгейінде әрбір тиын біреудің немесе бірнеше қалтаға түсіп кетіп жатыр. Соңында осының бәрінен біздің балаларымыз зардап шегеді. Сондықтан құрметті әріптестер, егер мені қолдасаңыздар, оқулықтардың бәсекелестер ортасында жасалуына тосқауыл қою керек. Оқулықтардың құрастырылуын мемлекет қадағалап, сараптама жасап, «Міне, мынау оқулықтар тізімін біз бекітеміз» десе, міне, сонда бас­паханалар оқулықтарды шығаруға таласа берсін», – деді.

Жаңа ережеге сәйкес, оқулықтарды бас­падан шығаруға тек ол мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана жолданады. Бұл ретте балама оқулықтар пайдаланылады. Мемлекет сонымен қатар, бұдан былай оқулықтар әзірлеу мен оларды басып шығару ісіне араласпайтын болады (мемлекеттік тапсырысты қоспағанда). Яғни оқулықтар жекеменшік баспалардан шығарылады. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі мақұлдап, оқу процесіне пайдалануға ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар тізбесі тек 4 оқу жылына жарамды болады. Бұдан былай авторлар тобы 4 жылда бір рет оқулықтарға өзгерістер енгізіп отырады. Екіншіден, барлық даярлау жұмыстары жекеменшік ұйымдарға беріліп, мемлекет бұған қаржы шығындамайды. Мемлекет тек қана оқулық сапасын қадағалап, оларға енгізілетін өзгерістерді жариялап отырады. Мәселен, биыл 2-9 сыныптар болса, келесі жылы 3-10 сыныптар оқулықтарына өзгерістер енгізіледі дегендей. Бұл 4 жылдық кезеңде жекеменшік баспалар өздерінің жобаларын даярлайды. Кейіннен қаңтар мен шілде айлары арасында оқулықтар мемлекеттік сараптамаға алынады. Ал сараптама 60 күндік мерзім ішінде өз қорытындысын шығаруға тиіс.

ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ

ҰШТАСҚАНДА

«Инновациялық Қазақстан – 2020» форумында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев 2020 жылы Қазақстанның инновациялық үлгідегі мемлекет ретіндегі жұмысы оның барлық белгілері мен атрибуттарына сай болуы қажеттігіне ерекше назар аударды. Ғаламдық ғылыми-технологиялық бәсекелестігі жағдайында, жылдамдатылған инновациялық даму рельсіне көшуінде ғылым инновациялық құрылым ретінде мүлдем жаңа мәнге ие болады.

ХХІ ғасырдағы инновациялық және ғылыми жаңалықтар болашаққа талпыныс­ты анықтайтын басты құрал. Қазақстан батыл инновациясы өмірге жолдама алатын, заманауи өндірістегі ғылыми зертханаларда өзегін табатын ел болуы қажет.

Адамзат алдында тұрған барлық заманауи мәселелер, әсіресе: азық-тү­лік­тің жоқтығы, адам денсаулығына залалын тигізіп жүрген жаңа және аса қауіпті аурулардың пайда болуы, ұлттық экономиканың өсуі үшін энергетикалық ресурстардың жеткіліксіздігі, биоқауіпсіздік мәселелер және қоршаған ортаның ластануы. ХХІ ғасырда биотехнология мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын анықтайтын факторлардың бірі.

Өнеркәсіптік биотехнология әдісінің көмегімен алынатын өнім халық шаруашылығының барлық саласында бар: медицинада (антибиотиктер, гормондар, вакциналар, ферменттер, диагностикалық жүйелер), ауыл шаруашылығында (азық ақуызы, амин қышқылы, өсімдіктер мен малдарды қорғау заттары), шикізат өнеркәсібінде (ашытқы, спирт, глюкозды шәрбат), химиялық өндірісте (полисахарид, биоазу полимері, биокатализ), энергетикада (биоэтанол, биогаз, биодизель), экологияда(биоремедиация, биологиялық әртүрлілікті сақтау).

Әлемдік қаржы аумағы, мемлекет басшылары, беделді ғалымдар мен сарапшылар, қоғам биотехнологияның осы жүз жылдықтағы басты рөлін ерте ұғынды. Оған осы салаға қаржы салымдары, биотехнологиялық өнім нарығының өсуі, заңнамалық базаның жетілуі және т.б. дәлел бола алады. Қазіргі таңда «Биоэкономика» термині де пайда болды. Яғни биология мен өнеркәсіптік биотехнологияға негізделген экономика («bio-based economy»). Мысалы, биотехнологияның әлемдік нарық үлесі 2011 жылы АҚШ-та – 46%, Еуроодақта –34%, Бразилияда – 7,6%, Қытайда – 3,4%, Индияда – 2,8%, Ресейде – 0,7% құрады. Соңғы кездері биотехнологиялық өндіріс Қытайда, Индияда, Бразилияда, Жапонияда және басқа да елдерде белсенді дамуда.

Қазақстанда биотехнологиялық өнімдерді әзірлеу және өндіру көлемі қажетті деңгейде дамымағанын айтып өткен жөн. Көптеген биоөнімдер бойынша еліміз импортқа тәуелді екенін жоққа шығара алмаймыз. Қазақстанда Ресейдегідей биотехнология саласының дамуының елеулі сәйкессіздігі байқалады. Көбінесе биотехнологиялық өнімнің өнеркәсіптік өндірісі Қазақстанда дәрілік препараттар, спирт, сүтті биоөнімдер түрінде берілген. Сонымен қатар, биотехнология саласында ииновациялық технологияны енгізу жеткіліксіздігі байқалады. Қазақстанда жалпы инновациялық белсенділік деңгейі 4,3%-ы құрайды, ал бұл көрсеткіш Германияда – 80%-ы, АҚШ-та, Швецияда, Францияда – 50%-ы, Ресейде – 9,1%-ы құрайды.

Бүгінде Қазақстан Кедендік одаққа және биотехнологияны белсенді дамытқан және өзінің лайықты орнын алған Орта Азия аймақтарындағы мемлекеттер қатарына кіру үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Бұған мүмкіндік туғызатын жағдайлар: жоғары деңгейдегі білім және ғылыми-технологиялық қарқын, ауыл шаруашылығын және биофармацевтиканы қарқынды дамыту үшін ресурстардың болуы, кең аумақ, әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамастан жалпы қолайлы экономикалық конъюнк­тура.

«Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған жылдамдатылған индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарғысымен бекітілген-ді. Осыған сәйкес болашақтағы «экономика секторларының» бестен бірі ретінде ақпараттық және коммуникациялық технологиялармен, баламалы энергетика және космостық қызметтер қатарында кейінгі 15-20 жылда әлемдік экономикада басты рөл ойнайтын биотехнология танылды. Биотехнология саласындағы технологиялық болжау келесі сыни технологияларды анықтауға мүмкіндік берді: инженерлік энзимология; жасушалық және геномды селекция; жасушалық және молекулярлы инженерия; биопрепараттарды жасау технология­сы; өнімнің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістері.

Бағалау бойынша, биотехнологияның әлемдік нарығы 2025 жылы 2 триллион АҚШ доллары деңгейіне жетеді, нарықтың жеке сегменттері бойынша өсу температурасы жыл сайын 5-7-ден 30%-ға дейін барады. Еуроодақ экологиялық бағытта берілген биотехнология саласында ұзақ мерзімді стратегияны әзірледі, мықты қаржылық қолдау көрсетеді (2008-2013 жылдары 50 млрд. еуродан аса бөлу жоспарлануда). Сонымен қатар, биотехнология жетістіктерін пайдалану жаңа өнімдер мен қызметтердің жасалуына ғана емес, сонымен қоса экономикада және әлеуметтік өмірде принциптік құрылымдық өзгерістерге әкеледі. Осыған байланысты, биотехнологияның дамуы көптеген озық мемлекеттердің дамуының стратегиялық міндеті болып табылады. Әлемнің жетекші елдері (АҚШ, ЕО, Қытай, Индия және т.б.) бұған сәйкес бағдарлама қабылдады. Сондықтан отандық биоиндустрияның едәуір ауқымда дамуы үшін, Биотехнологияны дамыту тұжырымдамасын және Өнеркәсіптік биотехнологияны дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл тұжырымдаманың бас­ты элементі биотехнология өнімдерін өнеркәсіпке, фармацевтикаға, денсаулық сақтауға, ауыл шаруашылығына және экологияға жаппай енгізуге бағытталған заманауи икемді тәжірибелік базаның құрылуы болуы қажет.

Қазақстанда дамудың кейбір бағыттары бойынша бәсекеге қабілетті мүмкіндігі бар екенін айтып кеткен жөн. Мысалы, бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мүмкіндігі бар, өйткені бізде жердің 90%-ы әлі химикаттармен бүлінбеген. Әлемде өндіріске сұраныс 2050 жылы 40%-ға жоғарылайды. Нұрсұлтан Назарбаев өз лекциясында «Барлық осы мүмкіндіктерді индустриалды революцияның негізі болатын «жасыл экономика» береді» дегенге ерекше көңіл аударды. Бұнымен Президент Қазақстан «жасыл экономиканың» енгізілуіне жол бастап келе жатқанын айтады, өйткені оның тұжырымдамасы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық құрамдас бөліктері арасында аса үндестікті қамтамасыз етеді. Ал бұл дамыған, дамып келе жатқан елдердің және аралық экономикадағы мемлекеттердің барлық топтары үшін тиімді болар еді.

«Жасыл» экономикаға ауысу үлгісі экологиялық ресурстар мен табиғи капиталдың ортақ игілігі болып табылатын байлықтың өсуіне ғана емес, сонымен қатар ВВП аса жоғары өсу қарқынын қамтамасыз (алты жылдық кезеңге) етеді, ал бұл өсім экономика қолайлылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі. «Жасыл» экономикаға көшу кезінде табиғи капитал рөлін, әсіресе «тірі» табиғи капитал: экожүйе және ғаламшардың биологиялық әртүрлілігін қайта бағалау мүмкін емес.

ҰЛЫ ЕЛДІҢ ҰЛАНДАРЫНА

АМАНАТ

Елбасы «Жас Отан» жастар қанаты съезінде: «Біз – көшпенділердің ұрпағымыз, ат үстінде жүрген елміз. Ержүрек халықтың жалғасымыз» деді. Бұл Елбасының жастарға халқымыздың дана, еліміздің кең, жеріміздің дархан екендігін еске салып, осыны бағалып, өскелең ұрпаққа сеніп, үміт артқаны.

Сонау қиын-қыстау заманда ел жастарын – алтын қор деп бағалап, білім алуына, маман атануына барлық жағдай жасады. Бүгінгі жастар сол тәуелсіздік таңында сепкен дәндер, өркендеп, өсіп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қазақстанның болашағы қандай болмақ? Жас ұрпақ осы аманатты орындай ала ма деген сұрақ аға буынның көкейінде жүргені ешкімге құпия емес. Бүгінгі жас ұрпақ қазақстандықтардың азаттық рухында тәрбиеленген, болашағына нық сеніммен қарайтын жаңа буыны. Бүгінгі ұрпақ – тәуелсіздіктің ұрпағы, қиын-қыстау заманды басынан өткізген жоқ, бірақ тарихты құрметтеп, өткенді бағалай біледі. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт елдің ұландары – жан-жақты білім алған, ақпараттық технологияларды меңгеріп, тілдерді оқып, жаңалыққа деген құлшынысы көп, батыл, жігерлі, ұмтылысы биік жаңа заманның ұрпағы.

«Жас ұлан» ұйымы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында құрылған. Сол Елбасы алғашқы мүшелерін салтанатты түрде қабылдап, төсбелгілерін тағып, «Жас Ұлан» туын сеніп тапсырған болатын. Қазіргі кезде бүкіл ел бойынша 700 000 жас ұландық өзін Елбасы тірегі деп біледі. Жастарға үлгі болған Нұрсұлтан Әбішұлы талапшылдық, сенімділік, «қазіргі заманғы қазақстандық» образын жас­тар жүрегіне ұялатты. Қазақстанның жас азаматы қандай болу керек екенін өз өмірлік ұстанымымен көрсетті.

Елбасының жастар алдындағы әрбір сөзі – ұлағат. «Қазақстан Білім қоғамы жолында» интерактивті дәрісі бізге ізденіс, жаңа идея, жаңалықтарға түрткі болады. «Еңбек қоғамы» жолында әрбір жас күнделікті нақты ісімен ел дамуына өз үлесін қосады.

«Арман! Еңбек! Сенім!» ұранын алға қойған жастардың алдында атқарылар іс көп. Біз оны жете түсінеміз. «Жас Отан» – бүгінгі ел игілігіне қызмет етіп жүрген көшбасшыларды ұшырған ұя болса, «Жас Ұлан» – болашақ Қазақстанның келбетін жасайтын азаматтарды тәрбиелейді. Бабалар аманаты – ұрпақтар сабақтастығы, тіл мен діл, тарих пен мәдениет, білім мен еңбек, адалдық пен ізгілік – жас ұландарымыздың басты сақтайтын құндылықтары.

Елбасымыз: «Бақ-дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады. Өз Отаның бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар» деген сөздері әрбір жастың өмірлік ұстанымы болуға тиіс.

Дайындаған

Ғалымжан Сәрсенбайұлы

Back to top button