ЖЕҢІМПАЗ ОҚЫТУШЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында биылғы жылдың 10-11 қазан күндері Астана қаласында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» атты республикалық байқау өткізген еді.

Бұл сынға еліміздің 14 облысынан және Алматы, Астана қаласынан 16 үміткер қатысып, бақ сынады. Олардың арасында Раушан Жұматаева да бар. Раушан Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілді оқыту орталығында» қазақ тілінің оқытушысы болып қызмет істейді. Ол биылғы жылдың сәуір айында облыстық «Үздік оқытушы» байқауынан бас жүлдені жеңіп алып, республикалық байқауға жолдама алған еді.

Республикалық байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең – оқытушылардың өздері жазған авторлық әзірлемелері және салалық бағдарлама мен салалық сөздіктері, құжаттары, көрнекілік дүниелері, әдістемелік жинақтары жинақталып, сарапқа салынды. Байқаудың екінші кезеңінде ережеге сәйкес 16 қатысушы 20 минуттық уақыт аралығында әділқазылар алдында өздерінің дайындап әкелген сабақтарын интерактивті тақта арқылы понорамалық сабақ өткізді. Әрбір облыстан үздік болып танылған қатысушылармен жарысқа түсу, әрине, оңайға түспесі анық. Барлығы да тәжірибелі, өз ісінің озық қызметкерлері. Байқау талаптары да жоғары. Қазақ тілін ересектерге үйретуде әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологияларды тиімді пайдаланған оқытушылар ғана жеңіс тұғырынан көріне білді.

Заман талабына сай электрондық аудио-видео таспалар мен жағдаяттық тапсырмалар, қазақтың салт-дәстүр қойылымдарының диологтары мен танымдық сұрақтарын қамтыған сабағын назарға ұсынған Раушан Талатбекқызы дода қорытындысында жеңімпаз атанды. Раушанға Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тілдер комитетінің төрағасы М.Сқақов мырза 1-дәрежелі дипломы мен 250 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етті.

Таразға жеңімпаз болып оралған Раушанның бар-жоғы екі-ақ жылдық тәжірибесі бар. Сондықтан Раушан Талатбекқызының шығар асуы әлі алда деп білеміз.

«Түркістан-ақпарат»

Back to top button