«СЫҒАНАҚ САҢЛАҒЫ» ЖАРЫҚ КӨРДІ

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың баста­ма­сымен осыдан сегіз жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынған болатын. Осыдан кейін, Каир, Дамаск, Теһран, Үндістан мен Пәкістан, Түркияның бай кітапханалары мен қолжазба қорларынан Отырар алқабындағы Сүткент, Уасидж, Иқан (Атқан, Итқан), Зернұқ, Сулхан, Исфиджаб-Сайрам, Түркістан, Қараспан, Манкент, Арсубаникет; Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран, Жент, Жанкент, Кердер, Қыпшақ, Баршынкент, Аркөк, Өзкент, Ашанас; Тараз – Талас өңіріндегі Тараз, Баласағұн, Меркі, Құлан мен осы қалалардан шыққан данышпандар және олардың жазба дүниелерін іздеу, табу, зерделеу қолға алынды.

Қазақ даласынан шыққан осындай жарық жұлдыздардың бірі – Хұсам ад-Дин ас-Сығнақи екені әмбеге аян. Әдепкіде ұлы ғұламаның шығармаларын зерттеуге өзіміздің төл шығыстанушыларымыздың ешбірі қалам тарта қойған жоқ. Әйтсе де, соңғы жылдары Хұсам ад-Дин ас-Сығнақи хақында Нұр-Мүбарак Египет Ислам Мәдениеті Университетінің проректоры Шәмшадин Керім індете зерттеу жүргізді.

Тақауда, профессор Шәмшадин Керімнің көп жылғы ізденісінің нәтижесінде «Сығанақ саңлағы» атты монографиясы «Дәуір» баспасынан жарық көрді.

Мұнда Хұсам ад-Дин ас-Сығнақидің өмірінен мол мағұлмат беретін, сондай-ақ, оның діни қызметі мен ғылыми шығармашылығы хақында әлемнің әртүрлі кітапханаларынан табылған мол материал бар. Бұл зерттеу жұмысында бабамыздың «Китаб әл-Уафи фи усул әл-фиқһ», «Әл-Кафи», «әт-Тастиһ», «Ән-Нихая» секілді шығармалары жүйеленіп, сала-сала бойынша бір ізге түсіріліп, зерделенген. Оның ішінде фикһ, ақида, араб тілі бойынша ғылыми талдаулар жасалынған.

Еңбектің тың жаңалықтары да жоқ емес. Мәселен, Хұсам ад-Дин ас-Сығнақидің осы күнге дейін ғылыми айналымға енбеген қолжазбаларына алғаш рет сипаттама беріледі. Оның ішінде өз қолымен жазылған түпнұсқа қолжазбалары тұңғыш рет ғылыми айналымға еніп отыр. Сонымен қатар, «әт-Тастиһ», «Ән-Нихая» секілді еңбектері де алғаш рет ғылыми сараланған. Сайып келгенде, бұл кітап Хұсам ад-Дин ас-Сығнақидің өмірі, ғылыми қызметі, еңбектері туралы деректерді кеңінен қамтып, жүйеленіп, ана тілімізде берілуімен аса маңызды…

«Түркістан-ақпарат»

Back to top button