ҚАЗАҚ ТЕЛЕАРНАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ ХИКАЯ

ҚАЗАҚ ТЕЛЕАРНАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ ХИКАЯ

ҚАЗАҚ   ТЕЛЕАРНАСЫНДАҒЫ   ҚАЗАҚЫ   ХИКАЯ
ашық дереккөзі

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында мәдениет саласында отандық өнімдерді құру мен алға жылжытуға қатысты зор міндеттер жүктелген еді. Мәдениет және ақпарат министрлігінде осы тұрғыда бес жылдық жоспар түзіліп, баспа қызметінің, ақпараттық арналардың, баспа өнімдерінің, жаңа бағдарламалар шығарудың, тақырыптық сериалдар түсірудің репертуарлық саясаты қайта қаралғаны белгілі. Бұл турасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай: «Басты міндетіміз – масс-медианың отан­дық мазмұнының сапасын арттыру. Осы мақсатта мемлекеттік арналардың тұжы­рымдарын қайта форматтау және жаңа та­қырыптық арналар жасау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Телеарналардағы контент мәселесі, қазақстандық телеөнімдермен қамтамасыз ету, олардың пайыздық үлесі, қолайлы-қолайсыз уақытқа қойылуы және басқа да күрделі мәселелерді оңтайлы шешу медиакомпаниялар үшін жауапты міндет болмақ. Көптеген бұқаралық ақпарат құралы дағдарыс жағдайын ескере отырып, елеулі құрылымдық өзгерістер жасауға да баруы мүмкін, яғни өз өнімін мақсатты аудиторияға шақтап, модернизациялауға тура келеді» деген еді баспасөзге берген сұхбатында.

Соңғы уақыттарда отандық телесериалдар қоржыны жаңа өнімдермен толығып келеді. Әрине, осы кезге дейін түсірілген қазақстандық сериалдардың деңгейі де, сапасы да әрқилы. Бәрі дерлік көңілден шықты дей алмаймыз. Қазақы көрерменнің қытығына тиген жәйттер де көп еді. Аты-жөні, мазмұны қазақша фильмдердің орыс тілімен аралас жүруі, киноның желісіне айналған оқиғалардың қарапайым халықтың өмірінен тыс болуы, тіршілік салты бейтаныс қаһармандарды бейнелеу, жанрлық адасулар, сценарий желісінің сенімсіздігі сияқты кемшіліктер көзге ұрып-ақ тұрды. Станиславскийдің «сенбеймін» дейтінінің кері келіп, көп кинолар көрерменін сендіре алған жоқ. Дегенмен ізденістің тоқтамайтыны белгілі.

Халықтың назарын аударып, ықыласына ие болған бірді-екілі кинохикаялар баршылық. Қалай десек те, түрік пен кәрістердің сериалдарымен эфир толтырған, одан қалса орыс ағайынның саны көп, сапасы беймәлім дүниелерін қылғытып отырған отандық арналар өз өнімдерін ұсынуға талпынып жатса, құптарлық жәйт. Тек сапа деңгейі мен өз аудиториясының көңіл ауанын, сұранысын зерттеп алса дейсің. Осы орайда «Қазақстан» Ұлттық арнасының тың ізденістерге бет бұрып, халықтың жан-дүниесіне жақын, жылы дүниелер ұсынып жүргенін айта кеткен ләзім.

Жуырда, қараша айынан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында кешкі мезгілде «…Үй болу қиын» атты жаңа телехикая көрсетіле бастады. Сериалдың негізгі оқиғасы ауылдық жігіт Ербол мен қалада өскен қыз Жәнелдің бірге отау тігіп, жас отбасы болуынан өрбиді. Хикаяның негізгі өзегі жаңадан шаңырақ көтерген жастардың қызықты оқиғалары мен өзара қайшылықтарға толы қарым-қатынасына құрылған. Телесериалды Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша «Көркем фильм» кинокомпаниясы түсіріпті. «Көркем фильм» – соңғы уақытта жоғары жетістіктерімен көзге түсіп жүрген, еліміздегі алдыңғы қатарлы кинокомпаниялардың бірі. 2005 жылы құрылған студияның қоржынында мемлекеттік телеарналардың тапсырыстарымен түсірілген 200-ге тарта бейнеклип және 100-ден астам деректі фильмдер бар. Компанияның мемлекет тарапынан жоғары бағаланған жұмыстары да баршылық.

Түсіру жұмысы екі айға созылған бұл телехикая 32 сериядан тұрады. Киноға түсетін актерлерді іріктейтін байқауға мың жарымнан аса адам қатысқан. Басты кейіпкерлердің рөлінде Гүлбаушан Тілеубекова, Мұхамеджан Мұрзакеев, Гүлжан Қалыбаева, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Сафуан Шәймерденов, Ерболат Оспанқұлов сынды танымал әртістермен қоса, Зарина Кәрменова, Данияр Тұлбасиев сияқты жас актерлер ойнайды. Режиссердің айтуынша, сериалдың атын қазақтың «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақалынан алуды әртістер ұсынған көрінеді. Жаңа жобаның алғашқы сериялары ә дегеннен-ақ көңілге қонымды көрінді. Тұрмыстық комедия жанрында түсірілген бұл кинохикая қазақы ортаны өзіне баурай ала ма, жоқ па, ол – уақыт еншісінде. Біз телеарна басшысы мен түсіру тобынан және әртістерден осы сериал туралы аз-кем мәлімет алған едік…

Нұржан Мұхамеджанова, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрайымы:

– Биыл «Қазақстан» телерадиокорпорациясы өз көрермендеріне бірнеше жаңа телехикая ұсынды. Мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болғандықтан, отандық телехикаялардың саны күн санап өсіп келеді. Отандық өнім жасауда топ жарып тұрған ресейлік әріптестеріміз шетел телехикаяларын эфирден толықтай ығыстырып шығарды. Бұндай жетістікке жетуге еліміздің телеарналары да ұмтылуы қажет.

Ұлттық арнаның жаңа телевизиялық маусымын Қазақстан әскерінің қазіргі бет-бейнесі мен тыныс-тіршілігіне негізделген «Көк тарландары» фильмі ашқанын білесіздер. Қараша айында көрерменге жол тартқан «…Үй болу қиын» атты жаңа жобасы да көпшіліктің назарына бірден ілікті. Фильмдегі оқиға желісі дала мен қала қазағының шаңырақ көтеріп, жас отау иелерінің көзқарас қайшылығынан туған қызықты оқиғалары арқылы өрбиді. Бұл – бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырып. Отбасылық комедия жанрында түсірілген телехикая ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Біз алдағы уақытта да Ұлттық арнаның тұрақты көрермендерін жаңа жобалармен қуанта бермекпіз.

Рашид Сүлейменов, «…Үй болу қиын» телехикаясының режиссері:

– Жалпы, отбасылық өмірді бейнелейтін комедиялық сериалдар бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Бұндай сериалдарды шетелдіктер де, көрші елдер де молынан түсіріп тастады. Біздің мақсатымыз – қазақы көрерменге жақын дүние жасау еді. Сонымен бірге, әзілге құрылған сценарий желісіне идеологиялық тұрғыда тәрбиелік мән-мағынаны астарлап енгізу де оңай шаруа емес. Бұл жөнінен біз көздеген межемізден шықтық деп ойлаймын. Сериалдың өн бойынан ауыл мен қаланың өзара үйлесе кірігуі, қазақы салт-сана, жанұялық кикілжіңдерден айналып өту, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ана тілімізді қастерлеу, т.с.с көптеген маңызды дүниелер көрініс тапты. Телехикаяның мән-мағынасын ұлттық құндылықтарға негіздеу – Ұлттық арнаның бізге қойған басты талабы болды. «Қазақстан» телеарнасының халыққа қызықты заманауи сериал, ток-шоу жанрларының негізінде, өз өнімдері арқылы көрерменді елдік салт-санаға, ең басты ұлттық ұстанымдарға тәрбиелеуі – өте құптарлық жайт. Біздің кинокомпания бұл тапсырысты қуана қарсы алды. Мүмкіндігінше жобаға мықты мамандарды тартуға күш салдық. Нәтижесін, әрине, көгілдір экраннан көре аласыздар.

Ильхам Джалилов, «…Үй болу қиын» телехикаясының бас продюсері:

– Негізі қазір көп жерде айтылып та, жазылып та жүр. Комедиялық жанрда, кино болсын, сериал болсын түсіру өте қиын. Шын мәнінде оны мойындау керек. Біз өз кезегімізде діттеген мақсаттарымызға жеттік деген ойдамыз. Дегенмен, жұмысымызға баға беретін сыншы — көрермен. Халықтың көңілінен шығып жатса, қуаншытымыз. Сериалымыз көрерменді күлдіре отырып ой салады деген үміттеміз.

Райхан Әбдешова, «…Үй болу қиын» телехикаясының атқарушы продюсері:

– Ең бірінші екі айдан астам уақыт тынбай еңбек еткен, барлық түсірілім тобына шексіз ризашылығымды білдіремін. Сол еңбектің жемісін қазір көрермен «Қазақстан» Ұлттық арнасынан тамашалап жүр. Халықтың көңілінен шығатын жұмыс істедік деген пікірдемін. Өйткені қазіргі уақытқа дейін, сериал туралы жағымды ой пікірлер айтылып жатыр.

Светлана Петрийчук, «…Үй болу қиын» телехикаясының креативті продюсері:

– «…Үй болу қиын» сериалы қазақ телевидениясындағы жаңалық деуге болады, өйткені бұл жаңа стиль, жаңа көзқарас, әріберіден кейін жаңа технологиямен түсірілген ситком. Біз бұл тұрғыда ең алғашқымыз. Дегенмен шетелдік жанр болғанымен, біз барынша қазақ көрерменіне жағатын, басқа шетелдік ситкомдардағыдай оқиғаларды әсірелеуде шектен тыс шығып кетпейтін сериал жасадық. Көзі ашық, көкірегі ояу көрерменге ұнап жатыр деген үлкен үміттемін!

Гүлжан Қалыбаева, актриса (Райхан рөлінде):

– Соңғы кездері отандық телеарналардың бәрін дерлік шетелдік сериалдар, әртүрлі бағдарламалар жаулап алды деуге болады. Сондықтан осындай ұлттық нақыштағы, өз халқымыздың қарапайым тірлігін, қазақы бомысты жан-жақты көрсете алатындай телехикаялар мен бағдарламалар ауадай қажет. Көрермен де өзінің өміріне жат, танымы да, тұрмысы да бөтен шетелдік кейіпкерлерді қызықтаудан бір сәт жалығатыны сөзсіз. «…Үй болу қиын» — өмір жайлы шым-шытырық көңілді де күрмеулі оқиғаларға толы сериал. Шынтуайтына келгенде, ауыл қазағы мен қала қазағының болмысы ұқсас болғанмен, өмір салттары, түсініктері екі түрлі. Сериалдың негізгі желісі де ауыл баласының қалалық қызға үйленіп, олардың әрі қарайғы отбасылық өміріне құрылған. Екі түрлі тәрбие алған, екі түрлі ортада қалыптасқан мінездердің бір-біріне үйренісуі, кейде қарама-қайшылықтарға тап болуы көрсетіледі. Бұл хикаяны шетелдің жылаңқы сериалдарынан жалыққан жұрт кешкісін шәй басында отырып тамашалайтын сергек те жеңіл, астарлы әзілге толы шынайы дүние деп ойлаймын. Көрерменді жылатудан, күлдіру – әлдеқайда қиын. Өз басым барлық қазақ актерлері секілді драмалық дүниелерге жақынмын, бірақ актриса болғаннан кейін әрбір жанрда өзіңді сынап көру керек. Сомдаған кейіпкерімді барынша шынайы алып шығуға тырыстым. Әзірге сериал туралы, өзімнің ойы­ным жөнінде жолдастар мен таныстардың жылы лебіздерін де естіп жатырмын. Дегенмен ең басты сыншы – халық.

Зарина Кәрменова, актриса (Жәнелдің рөлінде):

– Бұл сериалдың көрерменге беретін тәрбиелік те, тәлімдік те маңызы зор деп санаймын. «…Үй болу қиын» телехикаясын жәй комедия деп қарау – үстірт болар еді. Өйткені бұл хикаяның мазмұндық желісіне қарапайым адамдардың өмірінде жиі көрініс табатын оқиғалар арқау болған. Біздің мақсатымыз – күлдіру арқылы адамдарға ой тастау. Кейде күйбең тіршіліктің соңында жүріп, ең жақын жандардың жүрегіне үңілуді ұмытып кетеміз. Сондай-ақ қазір жастарымыз ерте отау құрады да, артынан, өкінішке қарай, өмірдің қиындықтарына төзбей ажырасып жатады. Біз өз тарапымыздан сериалдағы басты кейіпкерлердің тіршілік түйткілдерін әзілге айналдыра отырып, шаңырақты шайқалтпауға күш салатыны жастарға үлгі болсын деген ниетпен еңбектендік.

Мен үшін Жәнелдің рөлін алып шығу оңайға соққан жоқ, бар қажыр-қайратымды, өнерімді салуға тырыстым және де түсірілім барысында тәжірибелі әртіс аға-әпкелерімнің, режиссердің көмегі көп тиді. Расында да, осы түсірілімнен кейін нағыз отбасы секілді бір-бірімізді жақын тартып кеттік. Бұл сериал ситком (ситуационная комедия) жанрында түсірілді. Негізі бұл жанрдың отаны Америка деп айтуға болады. Алайда «…Үй болу қиын» сериалы тек көрерменді күлдіруді ғана мақсат тұтып, шетелдіктерше анайы әзілдерге орын берген жоқ. Біз өз халқымыздың ұлттық дүниетанымына, тыныс-тіршілігіне сай өмірді бейнелеуді көздедік. Елімізде бұған дейін де осы жанрдағы өнімдер шығарылды, дегенмен біздің ерекшелігіміз кинохикаяның толық қазақ тілінде түсірілгендігінде деп ойлаймын. Еңбектің шынайы бағасын көрермен ғана бере алмақ.

Жанар ӘБСАДЫҚ