БІЗ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА МҮДДЕЛІМІЗ

БІЗ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА МҮДДЕЛІМІЗ

БІЗ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА МҮДДЕЛІМІЗ
ашық дереккөзі

Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Билік тізгіні жас әрі іскер басшыға тигелі бері Жамбыл облысының тасы өрге домалай бастаған. Аймақ еншісіндегі экономикалық көрсеткіштер жақсарып, жұмыссыздықпен күрес жанданды. Бұл жаңалық облыс тұрғындарының әлеуметтік ахуалын түзеу, жемқорлықпен күресті күшейту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, туризм саласын дамыту сияқты экономиканың маңызды мәселелеріне де қатысты. Бұл туралы «TARAZ INVEST-2012» инвестициялық форумында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мырза жан-жақты әңгімелеп берген болатын.

«ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ОНДАҒАН ЖОБА

ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ»

– Қанат Алдабергенұлы, бүгінгі форумның нәтижесіне көңіліңіз толды ма, әлде қалтарыста қалып қойған мәселелер бар ма?

– Форум өзіне жүктелген міндетті толық ақтап шықты деуге негіз бар. Өйткені шара қорытындысына аса маңызды бірнеше келісімге қол қойылды. Майкл Юджин Портер: «Көмірсутегі шикізаттарына қол жеткізу мақсатында Үкіметтер алдында бұрала билейтін инвесторлар бар. Сондай-ақ, Жер шарының 363 үкіметін алдарында мың бұралта билететін инвесторлар бар. Олар – өңдеу салаларына қаражат салатын инвесторлар», – деген екен. Біз табиғи ресурстарға баймыз. Сіздердің билеріңіздің бізге керегі жоқ. Келісе аламыз. Бірақ бізде жұмыспен қамтамасыз етуді қажет ететін адамдар көп. Кәсіби біліктілігін жоғарылатуға мүдделілер де жетерлік. Сондықтан шенеуніктеріміз осы мәселені шешуде мінсіз билей алатынына сенімдімін. Бүгінгі форумда қаражат тартуды қажет еткен 14 жоба, оның ішінде екі ірі аймақ – «Агроөңдеу кешені» мен химиялық саланы дамыту бойынша бірқатар келісімге қол қойылды. Ынтымақтастық пен серіктестік шеңберін кеңейтуге жағдай жасайтын келісімдер облысымыздың одан ары үздіксіз дами түсетініне кепілдік береді. Кәсіпкерлердің барлығын Жамбыл облысында бизнеспен айналысуға шақырдық. Біздің нарығымызға бірінші енетін компанияларға барынша жағдай жасалып, белгілі бір деңгейде басымдықтар беріледі. «TARAZ INVEST-2012» инвестициялық форумына қатысқан дипломатиялық қызметтердің өкілдері өз инвесторларын Жамбыл облысына бағыттайды деген үміттеміз. Біз бүгінгі шарада қаражат жетіспейтін жобаларды, яғни инвестицияға мұқтаж жобаларды айттық. Олардан басқа ондаған жоба облыс шеңберінде іске асырылып жатыр. Оларға ешқандай инвестицияның қажеті жоқ. Көптеген зауыт, фабрикалар жайлап өз күштерімен ашылып, жұмыстарын жалғастыруда. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жыл соңына дейін Жамбыл облысынан әлі талай өндіріс орындарының ашылғаны жайлы ақпаратты естисіздер.

– Дамыған елдердің инвесторлары Қазақстанға қаражат құюға мүдделі. Бірақ оларды біздегі жемқорлық пен бюрократия алаңдатады. Осы екі мәселе Жамбыл облысында қалай шешімін табуда?

– Коррупция туралы айтпай-ақ қояйын. Бірақ, меніңше, соңғы жылдары Жамбыл облысына қаражат құюға мүдделі инвесторлар коррупциядан қорықпайтын болды. Өйткені біз бұл мәселені инвесторлармен қоян-қолтық, тығыз жұмыс істеу барысында күнделікті қатаң қадағалауда ұстаймыз. Еуропаны айттыңыз. Әрине, әлемдік дағдарыс отандық нарыққа, Қазақстанға әсерін тигізеді. Халықаралық байланыстарымыз жақсы қойылғандықтан, сыртқы жағдайлар экономикамызға әсер етпей қоймайды. Әсіресе, Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» сияқты экспортпен айналысатын компанияларға әсер етуде. Бірақ егер сіз «Халықаралық инвесторлар Еуропадағы дағдарыстан қашып, Қазақстанға топырлап келе бастайды» десеңіз, қателесесіз. Ондай жағдай болған емес. Дамыған елдерде, мысалы Германия, Франция т.б. елдерде қандай дағдарыс болса да, Қазақстанға келіп бой сағалауға инвесторлар мұқтаж емес. Сондықтан бізге олардың қызығушылығын тудырып, Қазақстанға инвестиция салуға көндіру үшін көп жұмыс істеу қажет. Бүгінгі «TARAZ INVEST-2012» форумында біз Жамбыл облысына, жалпы Қазақстанға тікелей инвестиция тартуға талпындық. Шара барысында көптеген ұсыныстар мен пікірлерге құлақ астық. Қандай проблемалардың бар екендігін анықтадық. Оларды қалай шешу керек деген сауалға жауап іздедік. Логистикалық қиындықтар бар ма? Темір жол тарифы қымбат па, әлде елдегі экономикалық көрсеткіштерге сәйкес келе ме? Әуежайды жөндеу керек пе, әлде ондай мұқтаждық туындамады ма? Оны жүк тасымалдайтын әуежайға айналдыру қажет пе, әлде тек адамдар тасымалымен шектелген жөн бе? осындай саналуан сұрақ қаузалды. Айтылған көп пікірді біз саралап, қағаз бетіне түсіріп, Үкіметке жолдауды мақсат етіп отырмыз.

«ӘУЛИЕАТА» ӘУЕЖАЙЫН МЕМЛЕКЕТКЕ

ҚАЙТАРЫП АЛАМЫЗ»

– Форум нәтижесінде бірқатар келісімге қол қойылды. Солардың ішінде қай құжатқа аса мән берер едіңіз?

– Жергілікті билік пен инвесторлар тарапынан бірнеше келісімді қабылдадық. Олардың бірі, халықаралық «Әулиеата» әуежайын одан ары дамытуға қатысты жоба. Аталған нысан қазір жекеменшік кәсіпкердің қолында. Бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысы әкімдігінің келісімімен, «SCAT» әуе копаниясы сатып алған болатын. Ол кезде әуежайдың инфрақұрылымы қаншалықты қиын жағдайда болғанын айтудың қажеті бола қоймас. Оны қайта құрылымдау үшін қанша қаражат қажет деген мәселеге орай бағалау жұмыстары жүргізілгенде нысанды жөндеуге бір кәсіпорынның күші жетпейтінін түсіндік. Осы мәселеге орай көп уақыт бойы пікірталастыра келе, келесі жылы бюджеттен 4 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылуда. Бүгін сенаторлар келесі жылдың бюджетін қарастыруда. Егер сенаторлар ешқандай өзгертулер енгізбесе және Елбасы бюджет туралы заңды бекітсе, «SCAT» кәсіпорны «Әулиеата» әуежайының ұшу-қону алаңын мемлекетке қайтарып береді. Сосын Көлік министрлігі тендер өткізіп, нысанды қайта құрылымдауға кіріседі. Бүгінде «SCAT» компаниясы жаңа терминал салу міндетін өз мойнына алып отыр. Бұл жұмыс 2013 жылдың ақпан не наурыз айында басталып, тамыз-қыркүйек айларында пайдалануға берілмек. Әуежайдың ұзақмерзімдік жобаларына келсек, үлкен көлемде инвестиция салуды қажет ететін жүк тасымалы мәселесі. «SCAT» компаниясы жүк тасымалын арттыру, логистиканы дамыту т.б. бойынша бірқатар жұмыс атқаруды көздейді. Әуежайдың келешегі зор. Бірақ тек жолаушылар тасымалының арқасында инвестиция тарту мүмкін емес. Жүк тасымалымен де айналысу қажет. Егер жеті жыл бұрын болған жағдайды еске алсақ, «Эйр Астана» компаниясына қызмет көрсетілетін. Кіріс кіргізетін осындай тиімді жобалар қайта қолға алынады. Алматы, Астана, Қарағанды, Шаржы, сондай-ақ біздің облыста өзбек ағайындар көп шоғырланғандықтан, Тәшкен қаласына рейстер қарастырылуда. Келесі жылдан бастап ресейлік «Еврохим» кәсіпорны Жамбыл обысындағы ең ірі жобалардың бірін қолға алғалы отыр. Сондықтан Тараз – Мәскеу бағытында ұшатын рейстердің үздіксіз әрі жиі болуын қарастырамыз.

– Жамбыл облысы тарихи ескерт­кіштер мен нысандарға бай. Осы орайда облыстағы зияткерлік туризмді дамытуда қандай шаралар атқарылуда?

– Сіздер Айша бибі кесенесін көрдіңіздер ме? Егер бұған дейінгі жағдай мен қазіргі ахуалын салыстырсаңыздар, көп нәрсенің оң бағытқа қарай өзгергенін байқайсыздар. Кесенені жөндеуге демеушілік танытқан кәсіпкерлер тарапынан 70 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Осының арқасында Айша бибі кесенесі ХХІ ғасырға сай, заманауи тарихи нысанға айналды. Келешекте облысымыздағы басқа нысандарды жөндеу қарастырылған. Тек қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сондықтан былтыр біз туристік кластерді дамытуға арналған құжатты облыстық мәслихатта бекіттірген едік. Құжатты дайындауға туристік ассоциация мен Жапониядан, Германиядан келген мамандар ат-салысты. Аталған жоспардың бір бөлімі рухани туризм саласына арналған. Облысымыздағы Ақыртас, Қарахан кесенесі сияқты басқа да қасиетті жерлерді қалпына келтірмекпіз. Олардың арасында Шымкент жақтағы тарихи нысандар да бар, яғни оңтүстік өңірге тиесілі барлық тарихи орындарды түгел қамтимыз. Мақсатымыз – сол жерлерден кемпинг ашып, қонақүйлер салу, келген туристерге жоғары сапалы қызмет көрсету. Бүгінде нақты жоба мен жоспарымыз бар. Жолдарды салуға не жөндеуге, жарық тартуға т.б. маңызды мәселелерді жүзеге асыруға бюджеттен қаражат қарастыру үстіндеміз. Тағы бір маңызды жайт, өткен аптада Тараздағы жалпы аумағы 21 гектар жер болатын «Көк базарды» қала шетіндегі жаңа базарға көшірдік. Жекеменшік кәсіпкерліктегі базардың жерін мемлекет меншігіне сатып алып, академик Карл Байпақовтың басқаруымен қазба жұмыстарын жүргізбекпіз. Академиктің айтуынша, жердің астында 2000 жылдық тарихы бар көне Тараз қаласы жатыр. Оның барлығына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ескі қаланың үстін шатырмен жауып, айналасына дүкендер, ұлттық мейрамханалар, қонақүйлер т.б. салмақпыз. Бұл – облысымыздағы тарихи туризмді дамытуға сеп. Рухани тұрғыда ғана емес, экономикалық тұрғыда да пайдасы мол осы туризмнің арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады.

«Екі жылда 16 өндіріс орны пайдалануға берілді»

– Тартылатын инвестициялардың мақсатты түрде жұмсалуы қалай қадағаланбақ?

– Мемлекеттік қызметкер ретінде айтарым, біріншіден, шенеуніктер жекеменшік кәсіпкерлерге тиесілі ештеңені қадағаламайды. Егер мемлекет қаражаты жұмсалатын болса, ақшаның мақсатты түрде жұмсалуын бақылау – құзырлы органдардың міндеті. Жекеменшік компанияларға келсек, біз, жергілікті билік оларға тек көмек қолын созуымыз ғана керек.

– «Doing business» көрсеткіші бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Жамбыл облысындағы кәсіпкерлікті жүргізу көрсеткіші қай деңгейде?

– Былтырғы деректерге сүйенсек, Жамбыл облысы бизнесті жүргізудің әрбір индикаторы бойынша облысаралық деңгейде бірінші және үшінші орын аралығындағы қатардан көрінді. Мұны ары қарай талқылау немесе ашып айту менің тарапымнан ыңғайсыз әрі ұят болатын шығар. Бірақ бизнестің дамуына аса үлкен мән беріп, оң көзімізбен қарап отырғанымызды байқаған шығарсыздар. «TARAZ INVEST» инвестициялық форумы өткізіле бастаған соңғы екі жыл ішінде облыс аумағынан 16 зауыт пен фабрика салынды. Сонымен қатар 11 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бір-екі жылдың ішінде 21 өндіріс орнын салуды көздеп отырмыз. Олардың жалпы құны 3,2 млрд. АҚШ долларына тең. Бүгінгі форум барысында талқыланған немесе талқыланбаған, қол қойылған немесе қол қойылмаған жалпы құны 5 млрд. долларлық бірнеше жобамыз тағы бар. Келешекте іске асыруды көздейтін осы жобалар – атқарып жатқан ісімізге берілетін ең жоғарғы баға. Бүгінде облысымызға Еуропадан, Франция, Германия, Иран, Ресей сияқты шет мемлекеттерден, сондай-ақ, республикамыздың басқа да облыстарынан инвесторлар келуде. Олардың әрқайсысы облыс экономикасына қаражаттарын еш қорқынышсыз құюда. Демек, кәсіпкерлікті жүргізуге жасалған жағдайды бағамдайтын бірден-бір көрсеткіш – осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНқЫЗЫ