ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМІНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШЫ

Қазақ мультфильмінің алғашқы туындыларының бірі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне биыл – 45 жыл толды. 45 жыл бойы ұлтымыздың ұл-қыздарын адалдық пен мейірімділікке тәрбиелеп, домбыра үніне еліткен көркем шығарманың көрермені әлі де азайған жоқ. Осыған орай, салтанатты кеш өткізіліп, тарихи көрсетілім көрсетілді.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін аға буын балалық шақтың жадында қалған жарқын бір көрінісі ретінде сағынышпен еске алса, кейінгі буын мейірімділікті үндейтін мультфильм ретінде тамашалайды. Туындының авторы – қазақ анимациясының негізін салушы Әмен Әбжанұлы Қайдаров. Анимациялық фильмді 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты халық ертегісінің желісімен автордың салған суреті бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Ұзақтығы 10 минутты қамтитын мультфильмді түсіруге бір жарым жыл уақыт кетіпті. Ең алғашқы көрсетілімі 1967 жылдың қыркүйегінде Мәскеу қаласында өтті. Әмен Қайдаровтың алғашқы туындысы әлемнің 48 елінде көрсетілген. Мультфильм 1968 жылы Ленинград қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде ІІІ жүлдені иеленсе, 1975 жылы Халықаралық Нью-Йорк мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесін жеңіп алды. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының директоры Ермек Аманшаев «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі өміршеңдігімен ерекшеленетіндігін және кез келген шығарма осындай өміршең болса, анимациялық фильмдердің болашағы да табысты болатындығын айтады. Бұл мультфильм әлі де өз мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ.

Қазақ мультфильмі дегенде ең алдымен еске түсетін Әмен Әбжанұлы Қайдаров екені рас. ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлттық өнер академиясының профессоры, режиссер-аниматор, қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1941 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. Соғыстан оралғаннан кейін 1946 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Әмен Қайдаров Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын үздік бітіріп шыққан соң, мультфильм шығаруға кіріскен болатын. Осылайша атақты «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі жарыққа шықты.

Аниматор Әмен Қайдаровтың бұдан кейінгі туындылары – «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожа Насыр – құрылысшы», «Қырық өтірік» сынды анимациялық фильмдер болды. Бұл фильмдер жадымызда өзіндік орны бар осы кезең үшін таптырмас қазынаға айналғандай. Одан кейінгі уақытта қаншама тамаша мультфильмдер дүниеге келді. Мысалы, Қ.Сейдановтың «Тігінші мен айы», «Қадірдің бақыты», Е.Әбдірахмановтың «Бозторғайы», Ғ.Бекішевтің «Гүлі», Т.Мұқанованың «Дастарханы», Г.Садықованың «Портреті», Ғ.Мырзашевтің «Соқыры», Ж.Дәненовтің «Дүние кезегі», т.б.

Қазақ анимациясы бүгінде қайта жаңғырып келеді. Мұның дәлелі ретінде көрерменге «Қазақфильм» киностудиясы ұсынған «Балақайлар мен бөжекейлер», «Қошқар мен теке», «Толағай», «Оттан жаралғандар», «Мақтаншақ қыз» атты анимациялық фильмдерді атап айтуға болады.

Мультфильмнің жас ұрпақты тәрбиелеу жолында маңызы зор. Себебі, мультфильм әлі ақыл-ойы толыспаған сәбидің психологиясына, түйсігіне ықпал етеді. Өзге ұлттың болмысы негізінде басқа тілде түсірілген мультфильмді көрген жас ұрпақ сол елдің идеологиясын бойына сіңіріп алатыны айқын.Сондықтан, қазақтың рухын, болмысын, салт-дәстүрін насихаттайтын ұлттық мультфильмдердің санын арттыру қажет.

Әсел ӘНУАРБЕК

Back to top button