ЕЛШІЛІКТЕР ҚОЛҒА АЛСА...

ЕЛШІЛІКТЕР ҚОЛҒА АЛСА...

ЕЛШІЛІКТЕР  ҚОЛҒА АЛСА...
ашық дереккөзі

Таяуда Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы шеттегі отандастарды қабылдаудың жаңа саясатын қолға алу қажеттігі жайында депутаттық сауалнама жолдаған еді. Соған орай Моңғолиядан келетін қазақтардың көшінің түйткілді мәселелері жайында ой қозғаған Досан Баймолданың мақаласын ұсынып отырмыз.

Әлемде көші-қон мәселесі аса күрделі, ұзаққа жалғасатын, шешілуі қиын құбылыс ретінде белгілі. Ал Қазақстанға келер болсақ Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап көші-қон мәселесі туындады. Оған себеп түрлі жағдаймен әлемнің 40-тай елінде, 5 миллиондай қазақтың бар екендігі және осы қазақтарға арнап: «Қайт, қазақ, Отаныңа!» деген қазақтың белгілі ақын-жазушылары және ғалымдарының шетелдегі қандас бауырларын шақырған үндері, оған ілесе Президент Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыстағы ағайынға ақ тілек!» атты әйгілі хаты еді. Моңғолия қазақтары ең алғаш Қазақстанға қарай осыдан 20 жыл бұрын көш керуенін бастап берді. Алғашында «Еңбек шарты» деген атпен 1991-1992 жылдары 40 мыңдай қазақ атажұртқа оралды. Бұлардың арасында шетелдерде жоғары білім алған мықты мамандар, жазушы-ғалымдар, өнер қайраткерлері жеткілікті.

Қазақстан үкіметі сол жылдарғы елдегі күн көрістің қиыншылығына қарамастан осыншама қазақты көшіріп алуда, адам таңқаларлық әрі шынымен ерлік қадамдар жасады. Қазақтардың өздерін ұшақтармен елге жеткізсе, ал жүктерін Ресейдің алыстағы қиын жолдары арқылы машиналармен тасымалдады. Сол 1991-93 жылдары Алматы облысы, Талдықорған, Семей, Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстарының әкімдері, аудан, ауыл басшылары Моңғолия қазақтарын көшіріп алу ісінде қыруар әрі қажырлы жұмыстар атқарды. Моңғолиядан басталған осы көшті әлемнің басқадай елдеріндегі: Қытай, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Иран, Түрікменстан, Қырғызстан қазақтары жалғастырды.

ҚР Министрлер Кабинеті қабылдаған 1992 жылғы қыркүйектің 23 күнгі №791 «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» Қаулысы моңғолиялық ағайындардың атажұртта өмір сүріп кетуіне ұйытқы болды. Осы Қаулы бойынша оралмандардың көбі баспанамен қамтамасыз етілді, тиісті көмектерін алды, зейнетақы және басқадай жеңілдіктерге қол жеткізді. Сондай-ақ, 20 жылдай уақыт ішінде Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ атажұртына көшіп келіп қоныс тепті. Олар бүгінгі күні Қазақстанның барлық облыс, аудандарында ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Моңғолиядан әлі көшіп келсем деп буынып-түйініп отырған қазақтар баршылық. Бірақ соңғы жылдары Моңғолиядан атажұртқа көшеміз деген қазақ көші екпінінің бәсеңсуі, Қазақстандағы бұл саланы тікелей басқаратын көші-қон комитеті жұмысының құрылымдық өзгерістерге ұшырауы елдегі және шетелдегі ағайындарды ойландырып, толғандырып отырғаны шындық. Бұл көші-қон тақырыбы Қазақстан Парламенті мәжілісінде, Үкіметттің тиісті органдарының жиынында, сондай-ақ ДҚҚ секілді қоғамдық ұйымдардың отырыстарында үнемі айтыла-айтыла жауыр болғандығын атап айтуымыз керек.

Енді осы көші-қон мәселесі төңірегіндегі Моңғолия қазақтарына қатысты нақты ұсыныстарға тоқталар болсам:

1. Соңғы жылдары Моңғолиядан Қазақстанға бірлі-жарым адам өз қаражатымен көшіп келіп, бұрыннан тұрып жатқан ағайындарын паналап өмір сүріп кетіп жатыр. Ал көшіп келейін дегендердің көбі тұрмыс жағдайының қиындығына яғни қаражаттың жоқтығына байланысты келе алмай отыр. Оған себеп соңғы жылдары Моңғолияда орын алған табиғи апат, яғни малдың жұты. Қазақтар ең көп тұратын Баян-Өлгей аймағында және Қобда аймағында қыс қатты болса да, басқа аймақтармен салыстырғанда мал саны аздау қырылды. Дегенмен жалғыз күнде қолындағы малынан айрылып, тап-тақыр кедей болып шыға келген ағайындар саны да аз емес. Оны соңғы жылдары жазғы демалысымда сол жаққа барғанда көзім жетті. Мысалы Баян-Өлгеймен көршілес Қобда аймағының Қобда сұмынында 70 үй Қазақстанға жете алмай, соған қаражат таба алмай отыр. Олар 1991-1993 жылдардағыдай Қазақстан үкіметі «біздерді» көшіріп алса деген тілек айтады.

2. Көшіп келемін деушілер Моңғолия мен Қазақстан арасын жалғайтын Ресейдің 2 мың шақырымдай ұзақ әрі күрделі жолын жүруге мәжбүр. Көшіп келушілер Ресей жерімен жүріп өту үшін транзиттік виза алуы тиісті. Ресей жағы бұның бағасын бірнеше рет көтерді. Қазір жай адамға 85 АҚШ доллары, ал жедел визаға 135 АҚШ долларын алады. Бұрын аптасына бір рет қатынайтын Өлгей-Өскемен-Алматы ұшағы қазір ұшпайды. Ресей мен моңғол шекарасындағы орыстың «Ташанта» шекара, кеден бекеті Қазақстанға баратын қазақтарды неше күндеп тостырып, жүктерін тексеріп, әуре-сарсаңға салатыны жөнінде талай айтылды. Бірақ бұл мәселе әлі күнге дейін өз шешімін таба алмай отыр. Моңғолия мен Қытай арасындағы «Тайкешкен» шекара кеден бекеті бұған дейінгі тек жаз айларында ашылатын жұмыс тәртібін өзгертті деген хабар бар. Яғни жылдың бар мезгілінде істей бермекші. Соңғы кезде осы кеден бекеті арқылы келіп жатқан моңғолия қазақтары баршылық. Сондықтан осы қазақтарды көшіріп алу үшін Қазақстан үкіметі алдын ала қаражат бөліп, соған кеткен шығынды Қазақстанға әкелген соң оларға берілетін квотаға тиесілі қаражаттан есептесе деген ұсыныс бар.

Енді Қазақстанға көшіп келген қазақтар алдындағы кейбір қиындықтар туралы айтпаса тағы болмайды:

1. Моңғолия қазақтары Қазақстанға 3 ай уақытымен визасыз келе алады. Келген қазақ 5 күннің ішінде ішкі істер бөліміне тіркелуі тиісті. Алайда олар көп жағдайда 5 күннің ішінде үлгере алмайды. Осы 3 ай уақыты бітуге таяғанда қайтадан шетелге шығып, қайта кіріп келуі тиіс. Осындай ереже талаптан өздері әзер көшіп келген қазақтар не істерлерін білмей бастары қатады. Жалпы тұрақты тіркеу мәселесін мемлекет өз мойнына алса болар еді. Көшіп келген қазақтардың көбінде оларды тіркеуге тұрғызатындай танысы не туысы жоқ. Ал барларының өзі полицияға қайта-қайта бара беруді қиынсынып, тіркетуден қашады. Ал уақытында тіркелмесе оларға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салады. Бұл атажұртым деп келген қандастар үшін қосымша қиындық туғызатыны түсінікті.

2. Қазақстанға өз күшімен көшіп келіп, осы күнге дейін тиесілі квотаға ене алмай, квотаға кірседе соған тиесілі ақшаларын ала алмай жүрген қазақтар бар. Квота алу үшін оралман отбасы тұрақты тіркеуге тұрған үй кітапшасын әкелу керек. Үкіметтің 2007 жылғы қаулысына сәйкес үй кітапшасы тұрақты тіркелгендігін анықтайтын бірден-бір құжат болып табылады. Бұрынғыдай анықтама талап етілмейтіндіктен жергілікті әкімдіктер анықтама бермейтін болған. Қағазбастылық және тиісті адамдардың жауапкершіліктерінің төмен болуы салдарынан жылдап квотаға ене алмай жүрген қандастарымыз аз емес. Ал осы квотаны алғанымен, соған тиесілі қаржылай жеңілдіктерді ала алмай жүрген ағайындар да баршылық. Тіптен қазір Алматы облысы, Жетіген ауылында тұратын екі ағайыным көшіп келгелі 10 жылдан асса да, осы күнге дейін үй баспанаға деп берген ақшаларын қолдарына тигізе алмай, ақыры оны басқа біреулер пайдаланып кеткенін енді біліп, не істерлерін білмей жүр.

3. Қазақстанға көшіп келген қандастар алдындағы тағы бір қиындық ол Қазақстан азаматтығын алу мәселесі болмақ. Осыдан 5-10 жыл бұрынғыдай емес қазір бұл мәселе барынша дұрысталып келе жатқанын айту керек. Алайда түрлі құжаттарды толтыру, тапсырыс беруде бюрократтық кедергілер әлі күнге дейін арылмай отыр. «Қазақ екеніңді дәлелдейтін» құжат қағаз әкел дегеннен басталатын бұндай қиындықтар әлі кездеседі. Бұдан елім, жерім деп келген ағайынның кейде үміті үзіліп, тауы шағылады. Елге оралған әр қазақ өздерінің жат елде бұрмаланып, теріс жазылып кеткен аты-жөндерін дұрыстап жаздырып алғылары келеді. Мысалы Моңғолия қазақтарының кейбірінің төлқұжатында Әбілсейіт-Абылсайт, Қайрат-Хайраат, Жақсылық-Жагслаг, Қуаныш-Хуваниш секілді жазылып кеткенін ескеріп, ҚР азаматтығын алған кезде түзетіп, қазақтардың аты жөндерін дұрыс жазу керек. Бұған немқұрайлы қарауға ешкімнің құқығы жоқ деп білемін.

4. Моңғолияда қазір әлі де 130 мыңдай қазақ тұрып жатыр. Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей қазақ аймағы ұлттық аймақ екенін ескеріп, осы аймаққа Қазақстан тарапынан рухани, экономикалық, мәдени қолдау көмектер өте-мөте қажет. Баян-Өлгей қазақтары Қазақстанның «Хабар», «Қазақстан», «КТК» секілді телеарналарын күнделікті көріп отыр. Яғни Қазақстандағы әлеуметтік, экономикалық жағдаймен біршама таныс деуге болады. Бірақ Қазақстаннан бірде-бір газет, журнал бармайды. Бұрын Кеңес заманында Моңғолия қазақтары Қазақстанның барлық қазақша газеттерін тапсырыспен алып оқитын.

5. Ең басты мәселе, Қазақстан тарапынан қазақ аймағына экономика саласына қомақты инвестиция салынуы қажет. Бірінші кезекте аймақ орталығына ет, ет өнімдерін дайындау комбинаты, малдың терісі, жүн-жұрқасы, ішегін тазалайтын цех-кәсіпорындары Қазақстан көмегімен салынса жақсы болар еді. Бұл бір жағынан аймақтағы жұмыссыздықты азайтуға көмек болса, екінші жағынан Қазақстан нарығын арзан ет, ет өнімдерімен (қазы-қарта, жая, шұжық, ет консервілері) қанымдауға себеп болар еді. Қазір Қазақстанда еттің бағасы жоғары өрледі, яғни 1 кг ет бағасы 1200 теңгеден асты. Ал Моңғолияда бір қойдың бағасы бұрын 40-50 доллар болса, қазір 70-80 долларға көтерілген, бір жылқы 250-300 доллар шамасында болса, 700-800 долларға көтерілген. Бұған себеп көршілес Қытай елі Моңғолиядан арзан етті көп мөлшерде сатып алып жатыр, тіптен сонау Иран елінен келген кәсіпкерлер Моңғолияда бірнеше ет комбинатын сала бастаған. Соның бірі Баян-Өлгей орталығы Өлгей қаласында салынып жатыр. Сондықтан осындай ет комбинатын Қазақстан үкіметі не болмаса жеке кәсіпкерлер неге қандастар тұрып жатқан аймақта салып, ет өнімдерін неге Қазақстанға тасып, халықты арзан етпен қамтамасыз етпеске. Бұл орындалатын іс. Тек ынта, пейіл керек. Бұл жөнінде де аз айтылған жоқ.

Бүгінгі таңда Моңғолия қазақтарын түгелдей Қазақстанға көшіріп әкелу мүмкін емес және олардың алғашқы жылдардағыдай (1990-шы жылдардың басы) жаппай көше қоюлары екіталай. Келемін дегендерге Қазақстанның есігі әрдайым ашық, және көшіп келгендерге тиісті заң жүзіндегі көмек, жеңілдіктер еш кедергісіз жасалуы тиісті болмақ. Моңғолия қазақтарының қазіргі топтасып отырған жері–Баян-Өлгей аймағына бүгінгі күні Қазақстан тарапынан рухани және экономикалық қолдау, көмек ауадай қажет болып тұр. Ол қазақтардың Қазақстаннан басқа арқа сүйер елі жоқ. Осыны атажұрттағы біздер ұмытпағанымыз абзал болмақ.

Досан БАЙМОЛДА,

Көші-қон жөніндегі

қоғамдық кеңес мүшесі