БАЛАНЫ ЖАСТАН…

Ендеше білім мен тәрбие көзін мектеп деп білген жөн

Жаңа заман еліміздегі тәрбие беру жүйесін, ұлттық құндылықтар негізінде жүргізілетін тәрбиенің біртұтас жүйесін жасау қажеттілігін тағы да дәлелдеп отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын: «Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам осы елдің перзенті ретінде сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз алға баспайды…» Демек, Елбасымыздың анықтағанындай, бұл өлшеуіш тек қана жергілікті ұлтқа ғана емес, қазақ жерінде тұрып, өсіп-өнген, еңбек етіп жүрген барша халықтарға да қатысты екені даусыз. Білім беру жүйесі әрдайым мемлекеттің назарында. Әрі тыңғылықты жүргізілуге тиіс. Осы орайда, төмендегі мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесіне «Дінтану негізі» пәні енгізіле бастады. Әзірге сағаттық көлем жағынан аз болғанымен, бастамасы көңілге жылы үміт ұялатады. Қазіргі білім берудің бағыттары ұлттық тәрбие беруге ден қойғандықтан, біздің Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына бірден-бір берік таянышқа айналатын алтын бұлақ – осы бағыт болар деуге үлкен негіз бар. Әйтсе де, бұндай асыл мұраттар бала жүрегі, санасы, жаратылысы дініміз туралы – мұсылмандықтың мәйегінен мағлұматы толық болмай, жан-жүрегімен қабылдамайынша, жылдамдатып жүзеге аса қоймайды. Абай болмасақ, дұрыстап зер салмасақ, қорғасындай балқып тұрған балаң дүниені басқа бағытқа оп-оңай бұрып жіберуге әбден болады. Сол себепті де, жер жүзін жайлаған жаһандану үдерісі– тексіздік еліне, қатыгездік еліне, кісәпірлік еліне мұрнын тескен тайлақтай оп-оңай ертіп жүре береді. Міне, осындай аса үлкен қауіп-қатердің алдын алып, республика мектептерінде, жоғары оқу орындарында, басқа да осы іс-шараларға қатысты мекемелер мен қоғамдық ұйымдар арнайы іс-шара жасамаса болмайды.

Ол үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дін туралы айтылған ойлары үлгі ретінде ұсынылса нұр үстіне нұр болар еді. Әлемдік діндердің өзіндік ерекшеліктері, оның ішінде ең соңғы ұлы дін – Ислам туралы аз-кем бала санасына, ұғымына сай талдау жасалынуы тиіс. Сол себепті «Құран Кәрімде» аты аталып, түрі түстелетін Пайғамбарларды мүмкіндігінше хронологиялық тәртіппен (Адам Атадан Мұхаммед пайғамбарға дейін) тағылымға толы ғұмырбаяндарын ұстаздардың жетік білгені жөн. Діни экстремистік ағымдар туралы да біршама мағлұмат алуы тиіс. Одан сақтану жолдарын жақсы білсе ұстаздық ұлағатқа жол ашылар еді. Әсіресе, имандылық иірімдері туралы әңгімеге де толық орын бар. Ол үшін дін діңгегін бекітуде жалынды жырларымен халық санасында үлкен із қалдырған Бұқар жырау, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин шығармалары да шынайылықтың шырайын ашады. Ислам діні туралы әлемдік әдебиет, мәдениет, өркениеттердің аса ірі өкілі А.С.Пушкиннің «Құранға еліктеу» сияқты шығармасын тілге тиек ету, сөз жоқ, білімнің құнын арттырады деп білеміз. Әсіресе, діннің бүгінгі өмірімізге де белсене араласып, жастарға тәлім-тәрбие беруде орасан зор ықпалы болатыны, сол арқылы бала санасында бүгінгі қоғамда болып жатқан көптеген келеңсіздіктермен – сыбайлас жемқорлықпен, пайдакүнемдікпен, әлсіздің еңбегін қанаумен, таразыдан жеумен, ешкімнің алдында жауап бермеумен, тек қара бастың қамын ойлаумен ғана күн кешіріп жатқан тіршілік иелерін сара жолға сала алатын бірден-бір ұлы күш екенін мойындату – иманигүл әлемнің алтын табалдырығы десек еш қателеспейміз.

Несін жасырамыз, қазіргі қарбалас шақта мектеп қабырғасында суицид сияқты жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Ал енді осы біз сөз етіп отырған мәселелерге ұстаздар қауымы абай болса, мұны әлбетте болдырмауға болады. Себебі Алла Тағалаға қарай ашылған жол тығырыққа тірелген кез-келген санаға нұрлы сәулені қалауынша құя алады. Әрбір жас өскіннің көкірегіне үміт отын жағады, төзімділікке тәрбиелейді, қай нәрсеге болсын кешіріммен қарауға үйретеді. Сабырлылыққа шақырып, тәубеге тезірек келуге икемдейді. Табиғаттың тосын мінезі сияқты адам жан дүниесінің небір құйындата жөнелген кездерінде шуақты күндерге жол табуға жәрдемдеседі.

Дін әлемі шексіз. Ол адамзат керуен-көшінде өзгеріп тұрады. Мысалы, 20-30 жылдары мешіттерді бұзу науқаны араға бір ғасыр салмай оны қайта салу науқанымен алмасқанын күнделікті көріп отырмыз. Тіпті дінді насихаттаудың жолы осы екен деп, асыра сілтеп, халықтық салт-дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қойып жүрген замандастарымыз бар. Негізінде, Алла Тағала – оның Елшісі Мұхаммед Пайғамбар және бұқара халықтың бірлігінен, бір-біріне деген ілтипатынан, түсінісу деңгейінен, сыйластығынан, құрметінен, ризалығынан, шүкіршілігінен тірі тіршіліктің, дүниенің, он сегіз мың ғаламның бүтіндігі білінеді. Қандай бір дін адамзат баласына өмір сүру қағидаттарының таза жолдарын ұсынады, олар қазіргі кездегі ішімдік ішу мен есірткі шегу, қоғамдағы басқа да кертартпа жағымсыз жағдайлардан сақтандыру мақсатын ұстанады

Тәрбие мен тағылым, таным тамырлары ежелгі түркілік тектен тараған халқымыздың інжу-маржандары, қазақ халқының ұлы ойшылдары Қорқыт ата, Әбу Нәсір әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Жиренше шешен, бергі замандағы Абай, Ыбырай, Шоқаннан мұра боп қалған асыл сөздер халқымыздың бойына, жастардың жүрегіне өшпес із қалдырумен келеді. Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлынан қалған қазына қаншама?! «… Теорияда да, іс жүзінде де барлық халықтарға ортақ тәрбие жүйесі жоқ. Әр халықтың тәрбие жүйесі өзінше ерекше түзілген. Сондықтан да бір халық екінші халықтың тәрбие жүйесін пайдалана алмайды. Соншама тартымды да үлгілі болғанымен, бір халықтың тұрмыс тіршілігіндей екінші халық өмір сүре алмайтыны тәрізді, жақсы ойластырылып-ұйымдастырылған бөтен педагогикалық жүйеде басқа халықтың тәрбиеленуі мүмкін еместігі анық…», – деп жазды орыс педагогы К.Д.Ушинский.

Қай халық та өзінің ұлттық психо­логиялық және халықтық тәлім-тәрбие қазанында қайнап, жетілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ұлттық тәрбие жүйесінің мазмұны да қазақ этнопсихологиясы мен қазақ этнопедагогикасының тәлімдік ұстанымдары мен тағылымдық қағидаларына сәйкес түзілуі қажет.

Мемлекеттің білімді, адамгершілікті, тапқыр, кез келген жағдайда дербес шешім жасай алатын, ынтымақтасуға және өзара іс-қимылға қабілетті, ел тағдыры үшін жауапкершілік сезіміне ие адам тәрбиелеу мәселесі жыл сайынғы Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан, Қазақстан Рес­публикасы азаматтарын патриоттыққа тәрбиелеу мемлекеттік бағдарламасынан және басқа да аса маңызды құжаттардан орын алуда. Тәрбие үдерісіне тікелей қатысты негізгі құқықтар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Ата Заңымызда және басқа да маңызды құжаттарда айқындалғандай, жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы, оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау; білім алуы және жан-жақты жетілуі, ана тілін, ұлттық салт дәстүрлерді сақтауы, ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бөлімі болып табылады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен қабылданған Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін мектептердің тұжырымдамасында: «Ұлттық мектепті жаңартудың аса маңызды стратегиялық бағыттары: оны ұлттық және дүниежүзілік мәдени мұраның диалектикалық бірлігі негізінде дамыту, демократияландыру, ізгілендіру, сондай-ақ, мәдени жасампаздық қызметін қалпына келтіру арқылы рухани жағынан қайта түлету болып табылады», – деп білім мен тәрбие берудің ұлттық идеологиялық бағыттары белгіленген.

Еліміз егемендік алғаннан кейін, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес бекіткен «Қазақстан Рес­публикасындағы гуманитарлық білім беру» тұжырымдамасының мақсаты – жалпыадамзаттық құндылықтар мен Қазақстанның ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, өтпелі кезеңде гуманитарлык білім саласындағы мемлекеттік саясат стратегиясын ұсыну, оның серпінді дамуы мен қызмет атқаруына жағдай жасаудағы мемлекеттің рөлін көрсету болды. Тұжырымдаманың басым бағыттары − гуманитарлык білім бағдарламаларын жүзеге асырудағы мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың, оқу және ғылым, ағарту мекемелері мен басқа да субъектілердің рөлін анықтау еді.

Ұлттық мәдениет пен білім беру дәстүрін әдіснамалық тұрғыдан жан-жақты дамыту және ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасында этномәдени білім берудің арнаулы тұжырымдамасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылы 15 шілдедегі №3058 өкімімен мақұлданды.

Мектеп ғылыми-теориялық негіздегі тәрбиенің аспектілерін объективті түрде таныта алатын қоғамдық орын ғана. Тәрбиелік таным отбасында ата-ананың тәрбие мәдениеті мен әлеуметтік жағдайына, өмірге деген көзқарасына қарап танылатын болса, қоғамдық ортада мектепке дейінгі мекемелерден бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін әдептілік-әдемілік, этика-эстетикалық танымы, салауатты өмір салты, ұлтжандылық, отаншылдық, қарым-қатынас мәдениетінің таным көздері тағылымтану мен тұлғалық таным аясында меңгертіледі.

Халықтың ежелден келе жатқан тарихын, дәстүрін, ділі мен дінін, рухани ата-баба мұрасымен терең таныстыру – білім саласының негізгі мақсаты. Қазіргі кезде білім, тәрбие беру саласында ата-баба мұраларының алатын орны зор. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының аты қазіргі педагогика тілімен қарасақ, тікелей аудармасы «Құтты білік», дәлірегі «Бақытқа жету ғылымы». Мұнда халықтық педагогика мәселелерін ұлттық тәрбие мақсатымен ұштастыру белгілі бір ұстанымдылықты, жүйелілікті қажет етеді. Ұстаным дегеніміз – (латын сөзі) басшылыққа алатын идея, негізгі талап, қағида. Қазіргі тәрбиелеу жүйесі мынадай ұстанымдарды (тәрбиенің қоғамдық бағытта болуы; тәрбиенің өмірмен, еңбекпен байланысы; тәрбиедегі дұрыстыққа арқа сүйеу; тәрбие ізгілігі; тәрбие тұлғалық тұрғыдан қарау; тәрбиелік ықпалдардың бірлігі т.б.) басшылыққа алынады.

Алайда бүгінгі білім беру жүйесі аясында жас ұрпақты өмірге даярлау бойынша қызмет етіп келе жатқан тәрбие саласы бірқатар тоқыраушылықтарды бастан кешіруде. Бұған әлеуметтік құрылылымдар: қоғамдық институттар, діни ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, мектеп, отбасы т.б. өзіндік әсерін тигізуде. Сондай-ақ, тәрбиеленушілер мен ұстаздар арасындағы тәрбие қарым-қатынасындағы бірізділіктің жоқтығын байқаймыз. Зиялы қауым өкілдері арасында білім беру жүйесінің проблемаларын тәрбие беру үрдісінің дағдарысы туралы жазып, дабыл қағып жатқандары көп. Бұл әлеуметтік деградация туралы Қазақстан Рес­публикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында шешімі табылмаған проблемалардың негізгілері ретінде тәрбиенің мақсатын және басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік беретін нақты идеологиялық бағдардың толық жасалмауы, ұлттық құндылық бағдарларының жоғалуы, ұлттық мәдени қабаттардың бұзылуы, әлеуметтік институт ретінде отбасының тәрбиелік рөлінің әлсіреуі, бұқаралық ақпараттар құралдарының жеке тұлғаны қалыптастырудағы теріс ықпал етуі тәрізді көптеген факторлары атап көрсетілген.

2004 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен ұлттың рухани ағартушылық және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өскелең ұрпақты туған халқымыздың ұлттық құндылықтарымен, салт-дәстүрімен, қолөнерімен т.б. таныстыра отырып, асыл қазыналарымыздың мұрагері болуға, жалпы адамзаттық құндылықтар мен идеялар рухында тәрбиелеуге бағытталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, қыруар шаралар тындырылып жатқанын жақсы білеміз.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігінде 2008-2009 жылдары жаңадан ғылыми айналымға енген тарихи-мәдени деректерді орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізудің ғылыми-әдістемелік жолдарын жүйелеуге арналған әр деңгейдегі халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді.

Өзге тілді мектептерге арналған “Қазақ тілі” пәні бойынша білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының 5-9 сыныптарының базалық білім мазмұнына “Елтану” тарауы қосылды. Қазақстан бойынша экспедициялық зерттеулер жүргізіліп, Қойлық, Талғар, Қараспан, Түркістан, Сауран, Сарайшық, Жанкент қалалары жайындағы мәліметтердің, ежелгі Отырар мен Бозоқ қалаларынан табылған қазба жұмыстарының нәтижелері мен тастағы таңбаларға қатысты ғылыми деректер 6-сыныпқа арналған “Қазақстан тарихы” пәніне енгізілді. Енді, міне, «Дінтану негіздері» оқытыла бастады.

Осының бәрі еліміздегі тәрбие беру жүйесін ұлттық құндылықтар негізінде жүргізілетін тәрбиенің біртұтас жүйесін жасау қажеттілігін тағы да дәлелдеп отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев былай деген болатын: «Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам осы елдің перзенті ретінде сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз алға баспайды…» Демек, Елбасымыздың анықтағанындай, бұл өлшеуіш тек қана жергілікті ұлтқа ғана емес, қазақ жерінде тұрып, өсіп-өнген, еңбек етіп жүрген барша халықтарға да қатысты екені даусыз.

Айтылған ойды, қағидатты одан әрмен тереңдете отырып Елбасымыз: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жас­тайынан имандылық пен салауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат етіп өсіре аламыз», – дейді. Бұл «Тәрбиесіз берілген білім адамзат баласына апат әкеледі» дейтін әл-Фараби бабамыздың өсиетнамасымен толық қабысады.

Мұны қарымды қаламгер Жүсіпбек Аймауытов: «Адам баласының мінезінің, ақыл, қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің әртүрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айтуы, кісі тонау, өлтіру сияқты бұйрықтарды жасауы тәрбиенің жетіспегенінен»десе, біз бұған рухани әлем көкжиегіне кіретін діни сауаттылықтың болмауы, бір Алланың барын мойындамауы да себепті дер едік.

Қазақстан Республикасы зайырлы, әрі көпұлтты ел ретінде ұрпақ тәрбиесінің мазмұндық құрылымына бір жақты қарай алмайды, екінші жағынан мемлекеттің иесі ретінде қазақ халқының атқарар қызметінің мемлекеттік дәрежеде мойындалуының маңызы зор және барша жұрттың қазақ халқының ұлттық тәрбие ұстанымдарын басшылыққа алуы заңды құбылыс.

Қазақ халқындағы тәрбиенің қай түрін алсақ та, өскелең ұрпақтың ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына әсер етеді. Мысалы:

– рухани адамгершілік тәрбие – этика, әдептілік, ар намыс, шындық пен әділеттілік, ынтымақ пен бірлік, жолдастық, достық, мейірімділік, қайырымдылық ізеттілік, қонақжайлылық, парасаттылық;

– эстетикалық тәрбие – өнер /ән-күй мен би/, білім, сымбаттылық, сұлулық пен әсемдікті сезінуге, қабылдауға баулу;

– ақыл-ой мен сезім тәрбиесі – аңыз ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, айтыс-өлеңдер, шешендік өнер үлгілері сияқты ауыз әдебиетінің бай қазыналары;

– еңбек тәрбиесі – қолөнерге үйрету, ептілік, шеберлік, жауапкершілік, ұқыптылық, табандылық пен төзімділік;

– имандылыққа тәрбиелеу – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, наным-сенім, ырымдар мен тыйымдар, мақал-мәтелдер, нақыл-сөздер т.б.қасиеттерді бала бойына дарытады.

Әрбір мектеп – мемлекеттің шағын жанды бөлшегі, әрбір бала – қоғамның дербес мүшесі. Мемлекеттің бүгінгі даму саясатындағы басты бағдары – азаматтық қоғам құру идеясын мектептегі тәрбие жүйесінің өзегіне айналдырған жағдайда ғана мемлекет пен қоғамның қажеттілігіне сай адам ресурстарын өз елі үшін мақтаныш сезімдері қалыптасқан, өз елінің мүддесін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға дайын патриот тұлғаларды тәрбиелеуге қол жеткіземіз. Мектептегі әрбір балаға елдің ертеңгі тұтқасын ұстайтын келешек отансүйгіш азамат деп қана емес, ол бүгінгі сәттен бастап-ақ өзінің және айналасындағы өзгелердің өмірін, білім мен тәрбие алуын, құқығын, міндетін, т.б. құндылықтарды реттей алатын белсенді тұлға деп қарауымыз керек десек, ол бүгінгі күннің ең басты талабы болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ!

Жарылқасын БОРАНБАЙ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Back to top button