ХИУАЗ АТЫНДАҒЫ ҰШАҚ АЛМАТЫҒА КЕЛІП ҚОНДЫ

Қараша айының алғашқы жұлдызында, 23 сағат 35 минутта Алматы әуежайына «Эйр Астана» әуекомпаниясының «Embraer 190» ұшағы келіп қонды. Әуе лайнеріне бірінші қазақстандық ұшқыш әйел Хиуаз Доспанованың есімі берілді.

«Эйр Астана» әуекомпаниясы және авиақұрылыс концерні «Embraer 190» екі әуелайнерін сатып алу туралы келісім-шартқа 2011 жылы қол қойған. Келісім бұл үлгідегі қосымша екі ұшақты сатып алу мүмкіндігін қамтиды. Мәміленің жалпы бағасы 85,6 млн. АҚШ долларын құрайды және 2011 жылғы қаңтар айындағы экономикалық жағдайға негізделеді.

Ұшақтарды қаржыландыру «Эйр­ Астана» әуе компаниясымен мемлекеттік бюджеттен қаражатты тартусыз және мемлекеттік кепілдемелерсіз ұйымдастырылады.

Бұл – Бразилиядағы зауыт-өндірушіден тікелей жеткізілген 9-шы «Embraer 190» ұшағы.

Ол Бразилияның Сан – Жозе – дус – Кампус қаласынан 2012 жылдың 30 қазанында ұшып шыққан. Жалпы «Embraer 190» жиырма сағаттан астам ұшқан. Жолшыбай ол жанармай құю және экипаждың демалуы үшін 4 рет жерге қонған.

Алматыда «Embraer 190» ұшағы техникалық жағдайдың және құжат­та­маның міндетті тексеруін, сондай-ақ кедендік рәсімдеу мен тіркеуді өтеді. Содан кейін ғана әуе лайнері жолаушылар тасымалдауға шықпақ.

«Embraer 190» әуе лайнері орта қашыққа арналған E-Jet қосмоторлы жолаушы ұшақтар тобына жатады. Жолаушы сыйымдылығы – 97 орын. Ең үлкен жылдамдығы – 890 шақырым/сағат. Ұшу алыстығы – 4200 шақырым.

Дана БЕКТАСОВА

Back to top button