БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ОТАНЫ — Тәуелсіз Қазақстан

БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ОТАНЫ — Тәуелсіз Қазақстан

БАРША  ҚАЗАҚТЫҢ  ОТАНЫ — Тәуелсіз  Қазақстан
ашық дереккөзі

Елбасының Ақ тілегі

1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздік туралы Конституция­лық Заңның 7-бабында шет мемлекеттердегі этникалық қазақтарды қара шаңыраққа қайта оралту, оларға мемлекеттік қам­қорлық көрсету жайында жазылды. 1991 жылы желтоқсанның 30-да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ радиосы арқылы шетелдердегі ағайындарға «Ақ тілегін» арнап, ел тәуелсіздігімен құттықтады. Барша отандастарды атамекенге шақырды.

1992 жылы қыркүйек айында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы болып өтті. Осы құрылтайда жасаған баяндамасында Елбасы әлемдегі барша қазақты Отанына шақырып, «Әлемдегі барша қазақтың Отаны – біреу. Ол – тәуелсіз Қазақстан» екенін қадап айтты.

1992 жылдың 26 маусымында отандастардың Қазақстанға кө­шіп келуі туралы 1991 жылғы қаулыны жетілдірген жаңа қарар қабылданды. Құрылтай шақырудың қарсаңында (23 қыркүйек 1992ж.) «Шетелдердегі қазақ диаспо­расының өкілдерін Қазақстанда болған кездерінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» арнайы Қаулы қабылданды…

1992 жылы 26 маусымда “Көшіп келу туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

1992 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының іргетасы қаланды

1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған “Халықтың көші-қоны туралы” Заңы көшіп келу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ өзінің тарихи Отанына қайтып оралған адамдар мен отбасылар үшін жаңа жерде тұрмыс жағдайларын жасап, тіршілікке бейімделу жолдарын айқындады. Осы Заң негізінде үкімет көшіп келушілерге жан-жақты көмек көрсету, қамқорлық жасау шараларын белгіледі. Бұл шараларды мемлекет тарапынан бақылау үшін республикада 1997 жылы Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды.

2011 жылы Астанада әлем қазақтарының ІV құрылтайы өтті. Ондағы басым міндеттердің бірі шетте жүрген қазақтардың ішінде білімді, көзі ашық көкірегі ояу жастарды Қазақстанға шақыру және олардың интеллектуалды күштерін қазақ экономикасын көркейту үшін пайдалану.

2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы Түркістанда өтті. Құрылтайда жасаған баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 60-70 пайызға жеткен мемлекеттік тіл, ұлттық рух мәселесі өзінен-өзі шешілетін болады» дегенді қадап айтып, шетел қазақтарын Атажұртқа келіп, Қазақстанның гүлденуіне атсалысуға шақырды