ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫШЫ

«Ғасырлардан жеткен үн» жинағы жарық көрмек

Жақында отандық музыкатану ғылымына зор еңбек сіңірген ғалым Зейнұр Қоспақовтың «Халық композиторларының таңдамалы әндері» атты жинағы жарық көрмек. Бұл кітап зерттеушінің биылғы 80 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ғылыми-шығармашылық жолын қазақтың ән жанрына арнаған музыкатанушы соңына өзектілігін әлі де жоймаған құнды еңбектер мен сыни мақалалар қалдырды.

Ұзақ жылғы ізденістер нәтижесін көзі тірісінде жарыққа шығаруды жоспарлаған автор оны жүзеге асыруда кемеңгер жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Ендігі жерде халықтың ән-күй сияқты рухани қымбат мұраларына берік қорғаныш жайын ойлауымыз керек… Халық қазынасын әркім өз білгенінше «түзете» бермейтін болсын» деген сөздерін басшылыққа алған.

Соңғы онжылдықтарда жа­рық көріп келе жатқан «Қазақ әндерінің антологияларында» әннің поэтикалық мәтіні ғана жарияланып келсе, бұл еңбекте қазақ әндерінің авторлығына қатысты даулы мәселелер жан-жақты сарапталып, нақты дәйектермен біраз көмескі жәйттердің басы ашылып, туындылар ноталық мәтінімен қоса ұсынылып отыр. Сонымен бірге ұлттық музыка мәдениетіміздің саңлақтары Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет пен Майраның танымал әндерімен қатар, есімдері мұрағаттарда ғана сақталып келген Қобылан Бәрібайұлы, Мақажан Шитенұлы, Салғара Жанкісіұлы секілді композиторлардың туындылары өз иесін тауып, тұңғыш рет жарияланбақ.

Академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың ең соңғы шәкірті болған З.Қоспақов туралы оның замандасы, өнертану докторы Сара Күзембай былай естелік айтады: «Ахаң өмірінің соңғы күндеріне дейін, бойын қатты меңдеген ауруына қарамастан өзінің алдына қойған азаматтық міндетін, яғни ұлттық музыкатану мамандарын даярлау ісін адал атқарды. Ол Зейнұрдың кандидаттық еңбегіне негіз етіп бұрын-соңды арнайы ғылыми тұрғыда игерілмеген Жаяу Мұса шығармашылығын алуды ұсынған еді. Қазақтың дәстүрлі әндерін қанымен, ана сүтімен бойына сіңірген Зекең бұл бағытта үлкен ізденіс жасап, ұстазының көңілінен шыға білді».

Отандық музыкатану саласын­да әннің поэтикалық мәтінін алғаш­қы­лардың бірі боп жүйелі түрде зерттеген ғалым З.Қоспақов өлеңдердің шығу тарихын, мазмұнын қарастыру барысында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қайым Мұхаметқанов секілді әйгілі тұлғалардың еңбектерінен дәлелдер келтіре отырып пікірін тұжырымдайды. Таласты пікірлер туғызып, бір­не­ше авторларға телініп жүрген шы­ғар­малардағы авторлық қолтаңбаның музыкалық-стилистикалық ерекшелігін негізге ала отырып, оның әуендік желісі, поэтикалық мәтіні, шығу тарихына мән беріп жан-жақты сараптаған. Мәселен, зерттеушінің «Сырғақты» («Зыр қақты»), «Әупілдек», «Толқын», «Шынар-ай», «Қалқа», «Қызыл асық», т.б. әндердің авторлығына қатысты орынды ойлары нақты ғылыми-деректемелік мәліметтермен айқындалған. Сондай-ақ ізденістерінде А.Жұбановтың, С.Бегалиннің, Б.Балабековтің, ақын, әнші Игібай Әлібаевтің, Мұзарап жыршының жазған очерктері мен естеліктерінен қажетті ақпараттарды пайдаланып Әсеттің, Майраның, Мақажанның, Мұзараптың және тағы басқалардың туындыларын айқындауда ұтымды пайдаланған.

Ән табиғатын жете білген ғалым олардың туу, өзгеріске түсу, нұсқалылық жағына терең мән беріп, өлеңдегі автопортрет, жер-су аттары, тарихи оқиғалар тұсына тап келген мағлұматтарды дөп басып, оқырманға құнды да маңызы жоғары тарихи мәліметтер ұсынады.

Осы орайда автордың кәсібилігі туралы профессор С.Күзембай: «Біздің буын орысша тәрбиеленді. Заман солай болды. Арамыздағы Зейнұрдың халық композиторларының кез-келген әнін, оның поэтикалық мәтінін бірнеше варианттарымен жатқа білетіндігі оны бізден ерекшелеп тұратын. Кененнің туған жері – Қордай топырағында өсуі, оның бірінші рухани алтын бесігі болды. Ал екіншісі, ол нәр алған алтын бұлақ – консерваториядан соң (К.Тастановтың класынан бітірді) қызмет жасаған Алматыдағы Халық шығармашылық үйі. Бұл жерде ол халықтық, авторлық, жаңа заман әуесқой сазгерлерінің әндерін жете танып, оларды жүрегінен өткізіп, жүйелеп, ғылыми сараптап, бағалап, ғылым жолына алғашқы қадамын бас­тады», – деп еске алады.

Иә, еңбекте автор ұлтымыздың әншілік өнерін дамытқан сал-серілерді, сирек дарынды тұлғалар әндерін әлемдік музыка ілімінен сусындаған композиторлар шығармашылығынан кем түспейді деп бағалапты. Бұл оның туған халқының рухани мұрасына байсалды көзқарасын, үлкен махаббатын көрсетеді.

Ән тағдырын үлкен жауапкер­ші­лікпен терең сезінген Зейнұр Қоспақовтың келер ұрпаққа ама­наттаған бұл жинағы ұлт өнеріне қосылып отырған салмақты жаңалық болмақ.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері

Back to top button