ЕЛІМ ДЕП КЕЛДІ. ЕРЛЕДІ!

Қазақстан тәуелсіздігін алған 20 жыл ішінде Қазақстанға 1 миллионнан астам қандастарымыз оралды. Олар оралып қана қойған жоқ, түрлі салаларда қызмет етіп, Қазақстанның болашақта іргелі мемлекет атануы үшін аянбай тер төгуде. Атажұртқа оралып, кәсібінен нәсібін тапқан ағайындарымыз да көптеп саналады.

Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенде оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырамын. Қазір жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, білімді жас мамандар аса қажет. Жас қыздар мен жігіттер келіп оқитын болса, осында оқу бітіріп, мамандық алып, кейін ата-аналарын шақырып алатын шығар. Ол да қажет.

Сондықтан шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялық өндіріске жұмысқа тарту керек. Қажет болса, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуді енгіземіз» деген еді. Алайда әлеуметтік көмекті қажетсінбей-ақ, Отанына оралып, жемісті еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер баршылық. Бүгін солардың кейбірін әңгімеге тартып, еңбегінің жемісі жайында сұрап-білген болатынбыз.

Оларға қойылған ортақ сауал:

– Оралмандардың кәсібін дамытуда қандай қолдауға ие болдыңыз?

– Кәсіпкерлікті дамытуда кездесетін кедергілер бар ма?

Біздің сауалдарымызға «Алатау–спецтехника» ЖШС-нің директоры Сабыржан Мұхамеджан мен «Жас–Ай» шығыс медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы жауап береді:

Сабыржан МҰХАМЕДХАН, «Алатау-спецтехника» ЖШС-нің директоры:

ЖЫЛЫНА 100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕЙМІН

– Естеріңізде болар, 1992 жылы елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізге сапарлай келген Иран Ислам Республикасы делегациясымен кездесуінде: «Біз экономикалық бағыт ретінде нарықтық экономика жолын таңдап алдық. Сол себепті, біздің халқымызға қалай еңбек ету мен өмір сүруді жаңадан үйренуге тура келеді», – деген болатын. Шын мәнінде, жасампаз қазақ халқы қаншама ауыр болса да, нарықтық тіршілік жүйесіне тез бейімделді. Бұнда айтпай кетуге болмайтын аса маңызды бір фактор – нарықтық қатынастар әлдеқашан орнаған елдерден, мәселен Еуропа, Түркия және Қытай елдерінен келген қандастарымыз еліміздің халқымен бірге өсіп, өркендеді және нарықтық экономиканың қалыптасуына өз үлесін қосты. Өз басым елге оралған миллиондаған қандастарымыздың ішінде өз еліне келіп, еңбегі жанған сан мыңдаған орта және шағын бизнес өкілдері мен мыңғыртып мал бағып, жайқалтып егін салған шаруа қожалықтарын білемін. Қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген майталман мамандар да жетіп артылады. Мәселен әлеуметтік тамақтандыру орындары мен шаштараз және сұлулық салондарында елге оралған қандастарымыздың қомақты бөлігі еңбек етеді. Ал өндіруші кәсіпорындар ашып, отандық тауарлар өндіретін кәсіпкерлерден бір ғана Алматыдан: Нығарбайұлы Төлеубай (Моңғолия), Өнерханұлы Қуанышбек (Моңғолия), Қалметұлы Дәурен (Қытай), Қалиұлы Ғылымхан (Қытай), Мерхамитқызы Фарида (Қытай), Төлегенқызы Бахаргүл (Қытай), Әбдіқадырұлы Қамбар (Ауғанстан), Аманжол Рақаш (Өзбекстан) қатарлы кәсіпкерлерді айрықша атар едім. Олар қарапайым саудагерден кешенді өндіруші кәсіпкерлерге айналған. Бүгінде өз жұмыстарын дөңгелетіп, қазынаға салық тапсырып, сан мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Тәуелсіздіктің арқасында бұлардың қатары үздіксіз көбейе беретініне сенемін.

Мен басқаратын «Алатау-АвтоСпецТехникасы» ЖШС-нің негізгі іргетасы 2000 жылы қаланған, қазір кәсіпорында 240 адам тұрақты жұмыс жасайды. Жылына мемлекетке 100 миллион теңгеден аса салық төлеп отырмыз. Кәсіпорын жол жөндеу, су құбырларын ауыстыру, құрылыс салу, қаланы абаттандыру, техника сату және қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорын мемлекетке салық төлеу және халықты жұмыспен қамтамасыз ету жағынан мемлекетке елеулі үлесін қосып келеді. Осы еңбектің арқасында кәсіпорын Алматы қалалық, облыстық және аудандық әкімшілік орындардан көптеген мақтау алғыс хаттарын алды. Мен мұны еліміздің тәуелсіздігінің жемісі деп білемін.

­­­­– Әрине, біздің орта және шағын бизнестің жағдайы өте жақсы деп айту қиын. Әлі де шешілуге тиісті мәселелер шаш етектен. Әкімшілік кедергілер де айтарлықтай ауыр. Бізде шынайы адал бәсекелестік жеткілікті қалыптасқан жоқ. Лицензиялау секілді құжаттандыру жұмысы тым күрделі. Еліміз байтақ, жеріміз бай болғанымен, халқы сирек және бытырай қоныстануына байланыс­ты тұтыну нарығы шектеулі. Инфрақұрылым жеткілікті дамымаған және бұл салада монополия тіптен ауыр. Біздің елде өндіруші өнеркәсіп, бірін-бірі өзара толықтыратын өндірістік жүйе мүлдем кенжелеп қалған. Еліміз Кеден одағына кіргелі бері бұл жағдай одан бетер ауырлай түсті. Өндіріске қажет қосалқы бөлшектер мен шикізаттардың ауқымды бөлігі Қытай, Корея, Түркия және Жапония секілді техникасы мен өндірісі қатар дамыған елдерден тасымалданатын. Қазір қажетті тауарлардың бағасы аспандап кетті. Соның кесірі өндірілген тауарлардың бағасының да қымбаттауына әкеліп соғып отыр. Демек, бұл Қазақстан өндірісінің бәсекелестік қабілетіне ауыр соққы. Алда еліміз дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болса, бұл жағдай оң шешімін табады деп сенеміз.

Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ, «Жас-Ай» медициналық орталығының

Бас директоры:

ТӘУЕЛСІЗДІК – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

– 1996 жылы аттың басын атажұртқа бұрдым. Одан бері де, міне, 15 жылдан асыпты. Сол жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде орыс тілінен білім алдым. Ана тіліміздің қайнарынан қаншалықты қанып ішсек те, Қытай мемлекеті болғандықтан, қытайдың да тілін үйреніп едік. Ал қазақ елінде тұрып орыс тілін үйрену бізге оңайлық тудырған жоқ. Десек те, елге толыққанды еңбек ету үшін орыс тілін жақсы үйрену керек болды. Үйрендік. 1997 жылы аталған университеттің хирургиялық сырқат кафедрасының аспиранты атандым. 1999 жылы аспирантураны бітіріп, Алматы қаласының №12 клиникалық қалалық орталық ауруханасында Шығыс-тибет медицинасы бойынша аға дәрігер қызметін атқардым. 2004 жылы ғана Шығыс-тибет медицинасының жеке шаңырағын көтеріп, «Жас-Ай» орталығын құруға мүмкіндік туды.

Қазір 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, науқастар сұранысын толық өтеуге тырысып келеміз. Осы күнге дейін 60 мыңға жуық науқас қабылдап, оның 15 мыңнан астамына тегін ем көрсетілді. Мекеме қызметкерлерінің жомарттығы мұнымен шектелмей, ел алдында жүрген азаматтар мен халық қалаулыларына, жергілікті бизнес өкілдеріне де қолдау танытып отырдық.

Халықтың шығыс медицинасына деген сұранысы күн санап артып келеді. Біз бірнеше облыстардан филиалдарымызды ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, орталығымызға алыс-жуықтан келетін емделушілердің саны күн санап артып келеді. Олардың жатын орын мәселесі бізді бей-жай қалдырмайды. Сондықтан Алматыдан үлкен аурухана салу жұмысын қолға алдық. Әрине, мемлекетке қол жаймайтын біз сияқты жеке орталық үшін бұл үлкен жұмыс, ауыр міндет екені рас. Бірақ ажал мен ауру бізді күтіп тұрмайды ғой. Денсаулық сақтау саласының әр қызметкерінің жүрегі науқастармен бірге қиналып, бірге қуануы керек.

Өз басым атажұртыма келген соң хирург мамандығымен қоса алған Шығыс-тибет емін қанат жайдырдым. Қазақстан жұртына бейтаныс болып келген мұндай ем түрін ең алғашқы болып жүйелі түрде қолданысқа енгізгендіктен болар, халық мені Шығыс-тибет медицинасын тәуелсіз Қазақстанға тұңғыш әкелуші деп санайды. Бұл елімнің бір кем тұсын толтырайын деген асыл арманның нәтижесі еді. Бәрі де – тәуелсіздіктің арқасы. Бұл күнде «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығы дара емдеу ерекшелігімен Қазақстанның емдеу саласынан көрнекті орын алғандығы – менің еліме емдеу ісі арқылы қосып жатқан үлесім деп білемін. Дегенмен мемлекет болашағына тікелей қатысты әрбір жауапты сәтте «мен тек емшімін, басқа жұмысқа араласпаймын» деп қол қусырып, қарап қалмадым. Өзімнің азаматтық пікірімді білдіріп тұратынымды көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Айталық, кейбір пайда табуды көздеген топтардың сапасыз дәрілер мен біліксіз дәрігерлер арқылы Астанадан «Қытай емдеу орталығын» ашпақшы болған кезінде, төлқұжаттағы «қазақ» атауының көкпарға түскен уақытында еш тартынбастан азаматтық үнімді таныттым. Бұларды айтып отырғаным: тәуелсіздікті бәріміз қорғауға тиіспіз. Ол үшін Қазақ елінің әрбір қадамына жіті бақылау жасап отырғанымыз абзал.

Елге келгеннен кейінгі еңбектерім де елеусіз қалып жатқан жоқ. Бір ғана Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының өзі әр жылы «Халық емшілігін дамытуға қосқан үздік үлесіңіз үшін», «Халық медицинасы мен рухани тәрбие қызметіне қосқан жеке үлесіңіз үшін», «Халықтың денсаулығын жақсартудағы емшілік қызметіндегі үздік жетістіктері мен нәтижелері үшін» деп аталатын әртүрлі Құрмет грамоталарымен марапаттап келеді. 2007 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атандым. 2008 жылы жыл сайынғы «Алтын Жүрек» сыйлығы табысталды. Тіпті «Жас-Ай» орталығының нәтижелі жұмыстары еліміздің іші-сыртында да біраз танымал болды. 2009 жылы Венадағы Халықаралық университеттің «Құрметті профессоры» атансам, 2010 жылы Ресей Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері болдым. Міне, биыл «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Еңбегіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына ілігіп, маған және менің ұжымыма арнайы Алғыс хат жариялап, атқарып жатқан қызметтерімізге ризашылығын білдірді.

– Жеткен жетістіктерге марқайып, арқаны кеңге салу әдетімде жоқ. Жыл сайын Америка, Жапония, Еуропа мемлекеттері сынды дамыған елдердің медицина саласындағы жетістіктерімен танысу үшін арнайы іссапарларда боламын. Соның арқасында біраз тәжірибе жинап, халқыма заманауи медицинадан не қажет екенін бағамдап отырдым. Бір түйгенім, бізге іскерлік, нақты нәтижеге ұмтылыс жетіспейді. Кез келген елде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қалыптасып, даму кезеңі болатыны сөзсіз. Дегенмен іскер Қазақстанды құру өз қолымызда екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн.

Шындығын айту керек, елімізде әлі де болса қағазбастылық басым. Сөз бен уәде көп. Нәтиже мен жұмыс аз. Мұндай көзбояушылықтар бізді алысқа апармайды. Сондықтан әр азаматтың нақты істің адамы болғаны жөн. Сонда ғана еліміз гүлденген, көркейген мемлекетке айналары сөзсіз.

Дайындаған Есен БАЙНҰР

Back to top button