ТАЗАЛЫҚ БАРДА – ДЕНСАУЛЫҚ БАР

ТАЗАЛЫҚ БАРДА – ДЕНСАУЛЫҚ БАР

ТАЗАЛЫҚ БАРДА – ДЕНСАУЛЫҚ БАР
ашық дереккөзі

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасында 2007-2009 жылдардағы деректердi талдау өлiм-жiтiмнiң барлық себептерi арасында 1 жасқа дейiнгi балалардың респираторлық аурулардан және пневмониядан өлiм-жiтiмi 3-орынды, инфекциялық аурулардан өлiм-жiтiмi 1-орынды алатындығы туралы жазылған. «Қызметтiң инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша қоғамдық денсаулық сақтаудағы қызметiн күшейту мәселелерi шешiмiн таппай келедi. Өткiзiлетiн санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың сапасы мен жеделдiгiн арттыру қажет, аккредиттеу жүйесi нашар дамыған, зертханалық зерттеулердiң және халық денсаулығына сыртқы орта факторларының әсер ету қауiп-қатерлерiн бағалаудың халықаралық стандарттары жеткiлiксiз енгiзiлген. Өнiмнiң және қызметтердiң қауiп­сiздiгiн қамтамасыз ету сала­сында тұтынушылардың құқық­та­рын қорғау жүйесi дамымаған», – делінген аталмыш бағдарламада.

Дезинфекциялаумен және дератизациялаумен айналысатын ұйымдардың қызметiн бiрыңғай үйлестiрудi қалыптастыру бөлiгiнде олардың қызметiн жетiлдiрудi, өткiзiлетiн iс-шаралардың сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыруды талап етедi. Сондай-ақ халық денсаулығы деңгейiнiң төмен болуының себептерi саламатты өмiр салтын ұстану және аурулардың алдын алу, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайының сақталуы, суды тұтыну мен тамақтану мәселелерiнде халықтың жеткiлiксiз ақпараттандырылуы, сауаттылығы мен уәждемесiнiң жеткiлiксiздiгi, халықтың әлеуметтiк әлсiз санатының әлеуметтiк экономикалық нашарлығы болып табылады. Бұдан басқа, денсаулық сақтау жүйесiнiң профилактикалық белсендiлiгiнiң төмендiгi, яғни ауруларды болдырмауға емес, оларды емдеуге бағытталу сақталуда. Осы орайда балалардың жануарлармен жиі ойнайтыны, оларды өзіне дос санайтыны көптеген аурулардың қоздырғышына айналады.

Гельминттер – көпклеткалы паразиттік организмдер. Олар жалпақ және дөңгелек құрттар болып екі негізгі типке бөлінеді. Адамдар ағзасында паразиттік тіршілік ететіндер: трематодтар немесе сорғыш құрттар – цестодтар, жалпақ бау тәрізді құрттар – дөңгелек құрттар.

Сорғыш құрттар – биогель­минттер, оның екі сорғыш мүше­сі болады, біреуі аузының айнала­сында – қоректенуіне, екіншісі денесінде – ағзаға жабысып тұруға бейімделген. Гельминттердің алуан түрлері: аскарида, власоглав, острица, анкиластома, шошқа буылтығы, өгіз буылтығы, фасциола, описторхоз, эхинококк, токсокара және басқалары адам ағзаларында – өт жолында, өт қабында, ұлтабарында, қарыншаларында, өкпе мен бауырларында, көздерінде, сүйек пен бұлшық еттерінде, сонымен қатар иттің, мысықтың, шошқаның, балықтың және басқа да кейбір жануарлардың ағзаларында бірнеше жылдар бойы тіршілік етеді. Гельминттер адам ағзасында паразиттік тіршілік етіп,өз бойларынан көп мөлшерде уыттар бөліп, паразитарлық ауруларды қоздырады. Бұл жағдайда адамның тәбеті төмендейді. Кекірік атып, жүрегі айниды, құсады, іші түйнеліп ауырып, жиі-жиі өтеді, теріні қышыма қаптайды, демікпе бронхиті, лимфа түйінінің үлкейгені байқалады. Мұндай симптомдардан басқа, адамдардың жүйке жүйесі бұзылады, әлсіреушілік байқалады, көзі қарауытып, басы айналады. Жұмысқа қабілеті төмендейді, бұлшық еттері жиырылып, сіңірлері тартылады, көру қабілеті төмендейді. Мұны болдырмаудың ең басты талабы – тазалық. Ал енді бұдан басқа бұқа буылтығы, шошқа буылтығы сияқты құрттар да адам ағзасына өте қауіпті. Олар шала пісірілген немесе шала қуырылған мал еттерінен жұғады. Адам ағзасына түсіп, өсіп-жетіліп, көбейіп бірнеше жылдар бойы паразиттік тіршілігін жалғастыра береді, эхинококк тәріздес паразиттік құрттардың жұмыртқалары көбінесе иттер мен мысықтарда болады. Көбінесе олардың нәжісімен, сілекейімен бірге сыртқа шыққан жұмыртқалары жүндеріне жабысады. Ит пен мысықты алақанмен сипағанда паразиттердің жұмыртқалары алақанға жабысуы мүмкін. Сондықтан малдарды, жануарларды ұстағаннан кейін қолды сабынмен жақсылап жуу керек. Санитарлық талаптар сақталынбаған жағдайда паразиттер тамақ ішкенде, тағаммен бірге адамның ішкі ағзасына түседі. Әрі қарай ағзаға жабысқан паразит қапшық тәрізді үлкейіп, дамып, ағза ауруының асқынуына әкеп соғады. Бұл жағдайда асқынған ішкі ағзадағы паразиттер қапшығы тек қана хирургиялық оталау жолымен жойылады. Описторх паразитінің жұмыртқасы ішкі ағзадан қорытылмаған астық сыртқа шығарылу жолымен-нәжіспен сыртқа шығарылады. Егер нәжіс өзен, көл суларымен араласқан жағдайда, описторх жұмыртқасын судағы моллюскалар жұтады да әрі қарай олардың ішінде екі ай уақыт мерзімінде көп мөлшерде личинкалар-церкариилер дамиды. Содан кейін церкариилер суға шығып, балықтардың денесіне кіріп, олардың еттерінің арасында қабықпен қоршалған жұқпалы ауру қоздырғыш личинкаларға-метацеркариилерге айналады. Бұлар адам ағзасына шикі пісірілген, шала қуырылған балықтарды жеу кезінде жұғады. Олар адамның қарыншасына түскеннен соң сыртқы қабықшасынан босатылып, бауырға, өт қабына, ұлтабарға барып жабысып, паразиттік тіршілік етіп, бір айдан соң жұмыртқаларын бөле бастайды.

Осындай қауіпті дерттің алдын алу мақсатында 2006 жылдан бастап Алматы қаласы СЭСО паразитологиялық зертханасы ашылып жұмыс істеп келеді. Онда санитарлық-гельминтологиялық зерттеу және санитарлық ағарту іс-шаралары жүргізілуде. Зертхана қазіргі заман талабына сай қажетті құрал-аспаптармен жабдықталған.

Зертхана жұмысын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Паразиттік ауру­лар­дың алдын алу бойынша санитарлық – эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар санитар­лық қағидаларын бекіту туралы бұйрығы мен «Паразитологиялық, вирусологиялық микробиологиялық зертханаларының құрал – жабдық­тары мен жұмыс істеу жағдайлары» санитарлық ережесі мен нормасы шеңберінде атқарамыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген зертханалық зерттеулер номенклатурасы шеңберінде мемлекеттік стандарттар мен әдіс­темелік ұсыныстар талаптарына сәйкес ауыз су құрамына, жергілікті тұрғындардың өтініштері бойынша топырақ пен жеміс, көкөністеріне, жүзу бассейндері мен ашық су қоймалары және сыртқы ортадан сүртінділер алу, жабысқақ лентаға жұқтыру тәсілімен санитарлық зерттеулерді, сондай-ақ зәр құрамы­нан трихоманиоз, шистосомоз, диоктофимозы, нәжісті заманауи әдіспен бір рет қолдалынатын «Пара­сеп» концентраторымен (қа­рапайымдыларға зерттеу) лямблиоз, қан жұғындысынан жасалған препараттардан малярия түрін анықтау арқылы диагностикалық зерттеулер жүргіземіз.

ИФА (иммунды ферменттік анализ) аспабының көмегімен описторхоз, лямблиоз, аскаридоз, трихинеллез, кене энцефалиті, токсоплазмоз, эхинококкоз, токсокароз зерттеулері де жүргізіледі. ПТР (полемеразды тізбекті реакция) әдісімен кене энцефалиті, токсоплазмоз ауруларын анықтау бойынша диагностикалық зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Ағзаларыңызды аздырмай, алдын-ала тексеріліп, паразитарлық аурудың алдын алыңыздар.

Тұрсынай АБДРАХМАНОВА,

«Алматы қаласы

санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы»

РМҚК паразитология зертханасының меңгерушісі