ҚОҒАМ НАЗАРЫ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАДА

ҚОҒАМ НАЗАРЫ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАДА

ҚОҒАМ  НАЗАРЫ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАДА
ашық дереккөзі

Баспана іздеп басы қатқан қазақтың, әсіресе жас қазақтардың саны жылдан жылға артып келеді. Бейресми деректерге жүгінсек, олардың саны жарты миллионның үстіне бір-ақ секіріпті. Баспана мәселесіне мемлекеттің басы қатпай жүр дей алмаймыз, әрине. Әртүрлі бағдарламалар жасалып, Үкіметіміз, Парламентіміз барлығы жабылып, елдегі осы бір түйткілдің түгін қайырудың амал-әрекетін жасап-ақ жатыр. Мәселенің күрделі екенін жақсы білетін Елбасының өзі де биылғы жолдауында Үкіметке халықты қолжетімді бағадағы арзан үйлермен қамтудың жобасын жасауды, жоба дайын болған соң тез арада осы мақсаттағы жұмыстарды бастау­ды тапсырған болатын. Тапсырма дереу орындалып, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы дүниеге келді.

Біз бұл мақалада қолжетімді баспанаға қалай қол жеткізуге болатыны, жалпы арзан әрі жаңа баспаналы болудың жолы қайсы, бұл өзі мүмкін бе деген сауалдарға өзімізше зерттеу жасап, жауап бергіміз келді. Сонымен пәтерден пәтерге көшіп жүрген орташа табыс­ты қазақстандықтардың құны арзан баспанаға иелік етуі мүмкін бе?

Мамандардың айтуынша, «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламасы елдегі баспана мәселесімен басы қатып жүргендер үшін таптырмас жаңалыққа айналатын түрі бар. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, бұрын «арман болған» баспана енді «қолжетімді» болмақ. Аталмыш бағдарлама бойынша қазіргі уақытта Астана мен Шымкент қалаларына арналған 2 пилоттық жоба жасалған. Ол бойынша 2012 жылы – 91 мың шаршы метр, 2013 жылы – 55 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы алғанда, бағдарлама бойынша республикада 2013 жылы – 200 мың шаршы метр, 2014 жылы – 300 мың шаршы метр, ал 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін жыл сайын 500 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Құрылыс жұмыстары негізінен Астана қаласы мен Ақмола облысында, Алматы қаласы мен Алматы облысында және Шымкент пен Ақтөбе қалаларында жүргізілуде. Салынатын пәтерлер жайлылығы жағынан 3 класты санатқа жатқызылады.

Бағдарлама бойынша салынатын үйлердің өзіндік құнына келер болсақ, 1 шаршы метр­ге аймақтарда – 120 мың теңге, Астана мен Алматыда – 150 мың теңгеден аспайды. «Самұрық-Қазынаның» белгілеген тәртібіне сәйкес баспанаға иелік еткісі келгендер жыл сайын үй бағасының 10 пайыздан аспайтын мөлшерін төлеп отыруы тиіс. Есептеп көрсек. Егер сіз 90 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтерге өтініш берсеңіз, онда он жыл бойына айына 90 мың теңгеден төлеп отырасыз. Егер 50 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер алғыңыз келсе, он жылға шаққанда ай сайын 50 мың теңгеден түседі. Бұл тұрғын үйге мемлекеттің қойып отырған бағасы. Егер пәтерлер банк арқылы рәсімделсе, бұған тағы да пайыздық үстемелер қосылады деген сөз. Бұған шамаңыз жете ме, жоқ па, ол жағын өзіңіз есептейсіз.

Бүгіндері Шымкентте үйдің кезегінде тұрғандардың саны 7 мың отбасыдан асып жығылады екен. Әр үйде кем дегенде 5 адам бар деп есептер болсақ, баспанасыздардың саны 30-40 мың адамды құрайды деген сөз. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында екі кезеңмен салынатын «Шаңырақ» тұрғын үй кешені секілді көпқабатты үйлердің саны Шымкентте болашақта 73-ті құрамақ. Ал енді бағасына келер болсақ, қарапайым халықтың қолына аса жетімді деп айта қою қиын. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ басқарма бастығының орынбасары Нұрлан Нұрғалиев «пәтердің әр шаршы метрін сатып алу құны 144 мың теңге. Аталмыш бағдарлама арқылы 15 жылға келісімге отырып, жалға алып, сатып алатын болса, бір-екі бөлмелі пәтер үшін айына 50-70 мың теңгенің төңірегінде ақша салып тұруға болады», – дейді. Қолжетімді пәтеріміздің құны осындай болып тұр.

Мұны естігендердің онша қуана қоймасы белгілі. Себебі Шымкент елдегі ең табысы аз қалалардың бірі. Мұндағы орташа жалақының мөлшері әлі сол бәз-баяғы 30-40 мың теңгенің төңірегінде қалып қойған. Мұндай жалақымен пәтердің қарызын төлемек түгілі отбасын асыраудың өзі мұң емес пе? Дағдарыстың кесірінен бүгіндері оңтүстік өңірде кеше ғана ашылған өндіріс, сауда, басқа да жұмыс орындары ізін ала қайтадан жабылып жатыр. Жұмыссыздық өршіп тұрған тұста әр шаршы метрі үшін қомақты қарыз төлеуге екінің бірінің шамасы жете қоюы неғайбыл. Әсіресе кеше жұмысқа тұрып, кеше жанұялы болған жас отбасылар үшін қиынның қиыны. Әзірге қолжетімді пәтерден үміті барлар лек-легімен өтініш-арыздарын жазып, баспаналы болудың қарбаласында жүр. Басыбайлы үйі жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрген қандастарымыздың арманы орындалса екен дегеннен өзге тілеріміз жоқ.

Бағдарламаға қайта ойыссақ, 2015 жылға қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша тұрғын үй құрылысының ауқымын 530 мың шаршы метрге немесе жыл сайын 6,5 мыңнан астам пәтерге жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде 3 мың пәтер немесе 200 мың шаршы метрі жас отбасыларға арналған. Бағдарламаның ең тиімді бағыттарының бірі қазақстандық ипотекалық компания желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын дамыту болып отырғанға ұқсайды. Бұл бағыт бойынша жылына 530 мың шаршы метрге дейін баспана салу жоспарланыпты.

Келесі бағыт – баспана кезегінде тұр­ғандарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы. 2014 жылдан бастап жыл сайын 275 мың шаршы метр баспана немесе 4500 пәтер салу жоспарлануда, қазір бұл көрсеткіш 2-2,5 мың пәтерді құрайды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері үшін, әлеуметтік аз қамтылған халықтың 11 санаты үшін, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, тұрып жатқан үйлері апатты деп табылған азаматтар үшін баспана салуды ұйымдастыратын болады. Сонымен қатар, аумағы 35 шаршы метр бір бөлмелі пәтерлерден бастап, аумағы 73 шаршы метр 4 бөлмелі пәтерлерге дейін тек 4-ші санаттағы тұрғын үйлер салынатын болады. Бір шаршы метрдің құны 80 мың теңге. Бұл бағыттың әлеуметтік маңызын ескере отырып, ағымдағы жылы бюджетті нақтылау кезінде оны қаржыландыру мөлшері 10 млрд. теңгеден 20 млрд. теңгеге дейін, екі есеге көбейтілді.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 2013 жылдан бас­тап 2020 жылға дейінгі кезеңде 63 млн. шаршы метр аумақты алатын жаңа баспана пайдалануға беріліп, 35 млн. шаршы метр аумақтағы екінші кезекті тұрғын үйлер жаңартылады, 1 млн.-ға жуық отбасы бас­пана жағдайларын жақсартып, отандық өндірісшілердің ішкі рынокта құрылыс материалдарын шығару үлесі 65 пайыздан 90 пайызға жетеді деп болжануда.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Қуандық Бишімбаев, «Самұрық-қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

«1 шаршы метрге біздің санауымыз бойынша 1 мың теңге көлемінде төлейді, сондықтан жалға алғанда ай сайын үйдің 50 шаршы метрі үшін 50 мың теңге төлейтін болады. Бірақ 15 жыл ішінде соны төлеп, үйді сатып алатын болады».

Серік Нокин, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы:

«Жас отбасының айлық жалақысы 70 мыңнан төмен болмауы керек, екі кісінің. Жалға беріледі 8 жарым жылға. Жинақ банкте өз есепшотын ашып, соған 8,5 жыл ақшасын жинайды. Жинап болғасын оның үйді сатып алуға құқы бар. Мүмкіндігі жоқ отбасылар 4 пайызбен 15 жылға несие ала алады».

Гүлнар ӘШІРБАЕВА,

Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі:

«Тұрғын үй құнының 50 пайызын 8,5 жыл ішінде жинақтау процесі арқылы жиып, қалған соманы 4 пайызбен 15 жыл ішінде бөліп төлеуге болады. Осы ретте, пәтерлердің жайлылығына байланысты оның құны да бөлек екенін айтқым келеді. Мәселен, 3-ші жайлылықтағы пәтердің бір шаршы метрі 80 мың теңге болса, 4-ші жайлылықтағы пәтерлер 90 мың теңгеден саудаланатын болады. Айта кететін бір жәйт, көпшілік 80 мың теңге дегенді ести салысымен мұның қай жері қолжетімді деген ойға кетуі мүмкін. Қымбат қой мүлдем деп. Бұл баға ай сайын төленетін сома еместігін ескерткім келеді. Өйткені жалпы құнды есептеп, оны айға шақсаңыз, көңілге қонымды баға шығары анық. Тек пәтердің көлеміне байланысты».

Әйгерім Бақтыбаева,

«Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкінің» клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің бастығы:

«Отбасының екі мүшесі де жұмыс істеуі міндетті емес. Ең төменгі табыс көзі 17 439 теңге биылғы жылға. Соның 3 есе көрсеткіші, сол минималды табысы болып есептелу керек».

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы