МАХМҰД ҚАШҚАРИ ЖӘНЕ «ДИУАН ЛҰҒАТ-ИТ-ТҮРІК»
МАХМҰД ҚАШҚАРИ ЖӘНЕ «ДИУАН ЛҰҒАТ-ИТ-ТҮРІК»
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында (2004-2011ж.ж.)қаншама тарихи, мәдени қазынамыз өмірге қайта келгендей жаңарып, жасарып шыға келгені белгілі. Мұнда әсіресе, ұзақ жылдар бойы ескерусіз қалып, моральдық жағынан ескіре бастаған көне қолжазбаларымыз бен байырғы әдеби жәдігерлеріміздің ғылыми орталықтарға жинақталып, тыңғылықты зерттеліп, баспалар арқылы көптің игілігіне ауысуының өзі зор қуаныш болды. Соның нәтижесінде түпкі негізімізді сонау түркілік дәуірден бері түгендеуге үлкен мүмкіндіктер туды. Аталған бағдарлама мәресіне жетті десек те, бұл жұмыс әлі де жалғасып жатқаны анық. Соның бір дәлелі – төмендегі екі мақаладан да анық көрінеді.
Бір негізден өрбіп, заман ағысы ішінде қаншама сандық-сапалық тілдік өзгерістерді бастан өткеріп, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де өзіндік бітім болмысымен жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазіргі түркі тілдерінің даму және қалыптасу ерекшеліктері мен өзара туыстық деңгейлерін анықтауда сүйенер негізгі дереккөзі – көне және орта түркі дәуірінен осы күнге келіп жеткен тарихи жазба ескерткіштер тілі болып табылады. Ата-бабаларымыз із-түзсіз тарих сахнасынан жоғалып кетпей, халқымыздың тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өркениетін, діні мен ділін келер ұрпағының игілігі үшін жазба ескерткіштер бетіне өрнектеп, артқыға мол мұра ретінде қалдырып отырған. Осы ескерткіштер арасында өзгелерінен оқшауланып, оқ бойы озық тұратыны да Махмұд Қашқаридің «Диуан Лұғат-ит-Түрік» еңбегі екені даусыз.
МАХМҰД ҚАШҚАРИ КІМ?
Алғаш табылған күннен бастап түркі тілі тарихына үлкен бетбұрыс жасатып, қайта жазылып шығуына себеп болған, түркі тілдерінің бізге беймәлім қараңғы кезеңдерінен хабардар еткен «Диуан Лұғат-ит-Түріктің» авторы, Түркітану ғылымының негізін салушы, түркі лексикографиясының атасы, түркі тілінің тұңғыш диалектологы – Қашқарлы Махмұдтың өмірі жайында жазба деректер арқылы жеткен мәліметтер тым мардымсыз. Тек Диуанындағы там-тұмдап жеткен мәліметтерге сүйене отырып, Қашқаридің текті бір әулеттен шыққан ханзада, қызыл тілге шешен ділмар, найза лақтырғанда дөп тигізер асқан мерген, сондай-ақ заманының ең озық білімімен сусындаған білімпаз болып тәрбиеленгенін көреміз. Өзі жайында: «Түркілер арасында қызыл тілге ең шешені, ең әсерлі әңгімешісі, ең жақсы білім алған білгірі, ең текті әулеттен шыққаны және мықты найза лақтырушысы болғандықтан олар мекен еткен барлық шаһарлар мен аймақтарды аралап шықтым», – деген Қашқари әрі қарай «Диуанының» сөздік қоры жөнінде: «Түрік, түркмен, оғыз, шығыл, яғма және қырғыз тайпаларының сөздерін және олардың қыр-сырын анықтап шығып, қажетіме жараттым. Олардың әрбірінің тілі менің көкейіме ұялап, берік сақталып қалды. Мен оларды мұқият зерделеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым», — дейді. Бұдан Қашқарлы Махмұдтың жалпы түркі тілдерінің сөздік қоры жайында асқан білгір болғандығын аңғарамыз. Өз дәуірінің жазба әдеби тілдерімен қатар, түркі тайпаларын аралап, жинақтаған сөздердің мағыналары мен формаларын, түрлі ерекшеліктерін еркін меңгеріп қана қоймай, көне түркі тілінің тарихи лексикасынан да хабардар болуы оның тілбілімін жетік меңгерген, аса білімпаз ғұлама-ғалым болып жетілгендігін көреміз.
ҚАШҚАРИ ҚАЙДА, ҚАШАН ТУҒАН?
Тегі Қашғари немесе Қашғарлы бола тұрса да, ғалымдар әкесінің Барысхан қаласынан екендігіне сүйене отырып, оның да сонда туғандығын алға тартады. Себебі Қашғари диуанының ешбір жерінде өзін Қашғарлық деп атамайды. Тек диуанында Қашғар қаласын ауа-райы мен ықлымын асыра мақтауы, Қашғар аймағына қарасты Қасы, Адығ, Опал секілді елді мекендерді «біздің ел» деп атауы, сондай-ақ Қашғар қағандардың өмір сүретін мекені екені және сол жерде білім алып, өскендігі оның Қашғари аталуына себеп болғанға ұқсайды. Ғалымның өзі Барысхан жайында: «Барысхан Афрасиябтың ұлы, қаланы сол салдырған және өзінің атын берген» деп толық мәлімет берсе, тағы бір жерде: «Ауасы таза, шөбі шүйгін болғандықтан қағанның атбегісі осында жылқы жайған, кейін елді мекенге айналған кезде қала сол атбегінің атымен аталып кеткен», – деп, қала атауына себеп болған басқа бір дерек келтіреді.
Кей деректерде ғалымның Қашғар қаласының оңтүстік батысындағы Опал елдімекенінде дүниеге келгендігі айтылады. Шынында да Қашқари сөздігінде Опал елді мекенінен сөз еткенде «біздің елде бір ауыл», «біздің елдің жайлауы» секілді анықтамалар бергендігін көреміз.
Қашғаридің туған жылы жөнінде де түрлі көзқарастар бар. А. Егеубаев «Диуанның» жазылған уақыты мен О. Пицактың пікіріне сүйене отырып, 1029-38 жылдар туған болуы керек деген болжам айтады. Дегенмен көпшілік ғалымдар 1008 жылы туған деп есептейді.
ҚАШҚАРИДІҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ
Өзінің асыл текті әулеттен шыққанын мақтан тұтқан Қашқари Шығыс Қараханиттер династиясы ханзадаларының бірі болып табылады. Шежіресі түркілер арасында ислам дінін қабылдап, тұңғыш рет мемлекеттік дін мәртебесіне көтерген атақты Қараханиттер ханы Абдулкерім Салтұқ Буғра Ханға барып тіреледі. Толық аты-жөні Қашғари Махмұд ибн Хүсейін ибн Мұхаммед. Әкесі Хүсейін ибн Мұхаммед Чағры Тігін Барысхан қаласының әкімі болған. Ал атасы Мұхаммед Буғра хан ибн Юсуф әуелі Тараз бен Сайрам қалаларының әкімі, кейін 1057 жылдары Қараханиттер мемлекетін билеген. 15 айдай билік жүргізгеннен кейін Мұхаммед Буғра хан тақ мұрагері ретінде үлкен ұлы, Махмұдтың әкесі Хүсейінді хан көтеруге шешім қабылдайды. Алайда Хүсейіннің таққа отыруын көре алмаған ханның тоқалы, Хүсейінді таққа отырғызу рәсімінде таратылған асқа у қосып беріп, күйеуі Мұхаммедтен бастап әулеттің бірнеше атқамінерлерін улап өлтіреді. Күйеуі Мұхаммед пен Хүсейіннің жақтастарына да ажал құштырып, ақыры өз баласы Ибрахимді хан тағына отырғызады. Әкесі хандыққа, өзі де ханзадалыққа әзірленіп жүргенде отбасы мүшелері қынадай қырылып, басына қара бұлт үйрілген Қашқаридің бұдан кейінгі өмір тарихы күңгірттеу. Әсілі Қашғардан қашып, көршілес түркі тайпаларын барып паналаған Махмұдтың түркі тайпаларының тілін жетік меңгеруіне де осы ауыр тағдыры себеп болса керек. Үлкен атасы Юсуф Қадыр Хан ибн Харун Қотан қаласын, ал әкесі Харун Қылыш Буғра Хан ибн Сүлейман 992 жылдары Бұхараны Саманиттерден азат еткендігі тарихтан белгілі. Харун Қылыштың әкесі Сүлейман Байташ Хан, оның әкесі де Абдулкәрім Салтуқ Буғра хан. Яғни Қашқари атақты Қараханит ханы Салтуқ Буғраның алтыншы ұрпағы болып табылады.
КЕЙІНГІ ӨМІРІ ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?
1057 жылғы қантөгістен соң отбасынан түгелге жуық айрылған Қашқари Памир тауларын асып өтіп, Түркістан аймағына келеді. Мұндағы түркі тайпаларын паналаған ғалымның, олардың тіліне, ауыз әдебиетіне, мәдениетіне деген үлкен қызығушылығы оянып, болашақта жазатын ұлы еңбегіне осында материал жинақтай бастағанға ұқсайды. Сондай-ақ Иранға, одан Иракқа барып, араб және парсы тілдерін үйренгендігі, тіптен медреселерде ұстаздық жасағандығы да айтылады. 20 жылға жуық түркі тайпаларының тілі, әдебиеті, мәдениеті, өмір салты мен әдет-ғұрыптары жайында мол материал жинақтаған Қашқари 1072 жылы Бағдатқа келіп, атақты шығармасын осы жерде аяқтайды және халифа Муқдәди Биәмриллаһқа сыйға тартады. Бұл жөнінде «Диуанның» бас жағында: «Маған шексіз абырой, сарқылмас-түгесілмес қайнаркөз болсын деген тілекпен осы кітапты жазып шықтым да, бір Тәңірге сиынып, оған «Диуан Лұғат ат-Түрік» деп ат қойдым. Қасиетті Пайғамбардың мақамында отырған, Хашими тегінен және Аббас ұрпақтары әулетінен шыққан Тәңірдің халифасы Әбул-Қасым Абдуллаһ ибн Мұхаммед әл-Муқтәди Биәмриллаһқа сыйға тарттым» дейді.
Қашқаридың бұдан басқа «Китаб Жәуаһир Наһу фи Лұғат ат-Түрк» атты еңбегі болғандығын білеміз және диуанында кейбір мәселелерді осы кітабында егже-тегжей қарастырғаны жөнінде сілтеме жасап отырады. Өкінішке қарай бұл кітабы әлі күнге табылған жоқ.
Ғалымның бұдан кейінгі өмірі жайындағы пікірлер бір-бірімен қарама-қайшы түсіп жатады. Бұл жөнінде тарихи жазбаларда басы ашық ешнәрсе айтылмайды. Кей деректерде 1080 жылы Бағдаттан өзінің балалық шағын өткізіп, алғаш білім нәрімен сусындаған Қашғар қаласы маңындағы Опал елдімекеніне келіп қоныстанғандығы, осы жерде Мұхаммәдия медресесін құрып, 10 жыл ұстаздық жасаған соң 1090 жылы 97 жасында дүниеден өткендігі айтылады. Ендігі бір деректерде 89 жасында Опалға келіп, 8 жыл дәріс берген соң 1105 жылы, тағы бір жерде 1026 жылы қаза болғандығы, өз медресесі маңындағы зиратқа жерленгендігі келтірілген. Қазіргі таңда Опал ауылының солтүстік батысында 4 километр жерде Қашқаридың кесенесі орналасқан. Қашқари жатқан зират кесененің оңтүстігіне қарай 20 метр жердегі төмпешікте көрінеді. Онда 1008-1105 жылдар аралығында өмір сүргендігі жазылған.
ЕҢБЕКТІҢ АТАУЫ НЕЛІКТЕН «ДИУАН ЛҰҒАТ-ИТ-ТҮРІК»?
Түркі тілінің тұңғыш оқулығын әзірлеп, грамматикасын түзген, түбі бір түркі халықтары тіл өнерінің өрісін мәңгілікке кеңейтіп, өркенін өсірген, түркі тілдерінің диалектологиясының, лексикологиясы мен грамматикасының негізін қалап, тіл білімі тарихында салыстырмалы тарихи әдісті тұңғыш рет қолданған ғұлама ғалым Қашқари Махмұд, атын мәңгілікке өлтірмейтін, өзіне және зерттеушілеріне сарқылмас қайнаркөз болатын тынысы кең байсалды да ұлы еңбегіне Диуан Лұғат-ит-түрк, яғни түркі тілі сөздігінің жинағы деп ат қояды. Бұл жөнінде «Диуанында»: «Маған шексіз абырой, сарқылмас-түгесілмес қайнаркөз болсын деген тілекпен осы кітапты жазып шықтым да, бір Тәңірге сиынып, оған «Диуан Лұғат ат-Түрік» – түркі тілдері сөздігінің жинағы» деп ат қойдым», – деп жазады. Түбі бір күллі түркі тілдерінің тұтастығын білдіретін ортақ қасиеттері мен айырым белгілері айқындалып, өзекті заңдылықтары жүйеленген, түркі жазба әдеби тілінің грамматикасы түзіліп, сөздік қоры жинақталған осынау ғажайып еңбектің аты затына сай, өте дөп қойылған деп есептейміз.
ҚАШҚАРИ «ДИУАНЫН»
ҚАШАН ЖАЗҒАН?
Еңбекті Қашқари Бағдатқа келген соң не келмей тұрып жазғандығы жөнінде түрлі көзқарастар бар. Дегенмен Стамбұлдағы жалғыз нұсқаның соңғы бетінде келтірілген мәліметке қарағанда Қашқарлының Диуан Лұғат ат-Түркі 1072 жылдың 25 қаңтарында басталып, 4 рет редакцияланған соң 1074 жылдың 10 ақпанында аяқталған. Осы күні Стамбұлдың Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған Диуан Лұғат-ит-Түріктің жалғыз нұсқасы Мәмлүктер топырағында Сұлтан Бейбарыс заманында Савада туып, Дамаскіде өмір сүрген Мұхаммед ибн ӘбуБәкір ибн Әбул-Фатхтың қолымен шамамен 200 жылдан кейін 1266 жылдың 1 тамызында көшірілген.
«ДИУАН ЛҰҒАТ-ИТ-ТҮРІК»
НЕ ҮШІН ЖАЗЫЛДЫ?
Қашқари сүбелі еңбегінің жазылу мақсаты жөнінде «Диуанының» басында-ақ: «Мен Тәңірдің бақ-дәулетті түріктердің жұлдызында жаратқанын, ғарышты солардың хандығының үстіне айналдырып қойғандығын көрдім. Тәңір оларды «түрік» деп атап, елдік пен билік берді. Заманымыздың билеушілерін түріктерден шығарып, өзге халықтардың ерік тізгінін солардың қолына ұстатты. Оларды адамдарға бас қылды, хақ істерде оларды қолдады және олармен бірге болғандарды ғазиз, абыройлы қылды», – деп түрік халқының қадір-қасиетінің ұлылығын әспеттеп, дәріптеген соң ұлық Тәңірдің оларға деген ерекше ықыласын әрмен қарай былайша жеткізеді: «Сондықтан да оларға Тәңірдің өзі ат беріп, жер бетінің ең биік те, шұрайлы, ауасы таза жеріне орналастырған, оларды әскерім деп санаған. Себебі түркілер сүйкімділік, әдептілік, жарқынжүзділік, жүректілік, әділдік, кішіпейілділік, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру секілді ізгі қасиеттерге ие». Осылайша түркілердің Тәңір сүйер көп қасиеттерін санамалап шыққан соң: «Түркілердің оқтарынан сақтану үшін ақыл иесі әрбір жан олардың жолын ұстануы тиіс. Олардың көңілін тауып, өзінің мұң-мұқтажын жеткізе білу үшін олардың тілін үйренуден басқа жол жоқ», – деп түпкі мақсатын жайып салады. Яғни, араб тілінің мәдениет пен өркениеттің, білім мен ғылымның, ең маңыздысы дүйім мұсылман шығыс халықтары ардақтаған Қасиетті Құран тілі ретінде дәуренінің жүріп тұрған шағында түркі лексикасының мағыналық әрі тұлғалық қасиет-сырларын аша отырып, оның шексіз байлығын көрсету арқылы түрік тілінің араб тілінен бірде-бір кем еместігін дәлелдейді. Түркілердің ізгі қасиеттерін дәріптеп, күшейіп келе жатқан түркі ұлысының болашағының зор екендігін ескертеді. Болашақ түркі тілінде екендігін насихаттап, өзге ұлттарды түркі тілін үйренуге шақырады. Жай ғана шақырып қоймай түркі халқының мақал-мәтелдері мен фразеологизмдерін, жыр-шумақтары мен нақыл сөздерінің, этнонимдері мен топонимдерін жан-жақты талдап, ұлттың әдебиеті мен мәдениетін, ізгілікке құрылған салт дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, руханияты мен дүниетанымын таныту арқылы түркілерді, түркі тілін сүйгізуге ұмтылады. Шын мәнінде «Диуанды» мың жасатқан да осы қасиеті болса керек.
«ДИУАННЫҢ» ТАБЫЛУ ТАРИХЫН БІЛЕМІЗ БЕ?
Стамбұлдың Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған, жәдігердің осы күнге келіп жеткен жалғыз ғана нұсқасының табылу тарихының өзі бір аңыз. Атақты Мысырлық тарихшы Бәдреддин Махмұд ибн Ахмет ибн Мұса (ө. Хижра 758 ж.) өзінің «Замана ақыл-ойының ақық-інжулері» атты еңбегінде түркілердің тілі, тұрмыс-тіршілігі, рулық таңбалық белгілері жайында тұщымды мәліметтерді Қашқаридың «Диуанынан» алғандығын айтса, бауыры Шахабеддин Ахметпен бірігіп жазған «Шихаби тарихы» деген еңбегінде де «Диуанды» пайдаланғанын көреміз. Катиб Челеби «Кәшф-үз-Зунун» атты еңбегінде Қашқари «Диуанына» арнайы тоқталса, мәшһүр араб филологы Жамаладдин ибн Муханна Махмұд Қашқариді өзінің ұстазым деп ардақ тұтатынын жазады.
Міне, қаншама сүбелі еңбектердің жазылуына негіз болып, небір тілші, тарихшы ғұламалардың өзі ауыздарының суы құрып мақтаса да, 1914 жылға дейін Диуанның бірде-бір нұсқасы табылмаған-ды. Әйтсе де, талайлардың қолы жетпей, көзбенен бір көрудің өзі арман болған асыл мұра Түркияның бұрынғы экономика министрі Нафыз бейдің кітап сөрелерінің бірінде көп кітаптың бірі ретінде шаң басып жатқан болатын. Күндердің бірінде Нафыз бей жақындарынан бір әйелді шақырып алып:
– Саған бір кітап беремін. Жақсылап сақта. Қалтаң жұқарып қиналған шақта алтын ақшамен 30 лираға сат. Одан төмен беруші болма, – деп тапсырады. Көп өтпестен-ақ ақшаға зәру болған әлгі әйел кітап жаймасындағы Бурхан бей деген саудагерді тауып, 30 лираға сататындығын айтады. Әрине «Диуан Лұғат» секілді еңбекті ақшамен бағалау әсте мүмкін емес. Алайда асылдың қадірін білмейтіндер үшін бір ескі кітапқа мұндай баға сұрау ақымақтың ғана ісі болып көрінері хақ. Бурхан бей мұндай ескі кітаптардың қадірін бір білсе, солар білер деген оймен «Энжумен илмия» деп аталатын ғалымдар кеңесі кеңсесіне алып барады. Кітапты мұқият қарап шығу үшін 1 апта мұрсат сұраған кеңсе қызметкері, 1 аптадан соң кітаптың құнын 10 лираға бағалайды. Бурхан бей кітаптың өзінікі емес екенін, иесі 30 лирадан төмен бермеуін тапсырғанын айтады. Әлгі кісі: «Мен 30 лираға бір кітапхана сатып аламын, кітабың өзіңе», – деп қайтарып береді. Міне, осы кезде өмір бойы жиған-тергенін кітап сатып алумен-ақ тауысқан, кітапқұмар, ізденімпаз Әли Әмри Ефенди әдеттегісінше жаймаға жаңа кітаптардың түскенін білмек болып Бурхан бейдің дүкеніне бас сұғады. Бурхан бей: «Бір кітап бар, бірақ иесі 30 лира сұрап отыр» — деп мән жайды тегіс баяндап береді. Кітапты қолына алған Әли Әмір есінен танып қала жаздайды. Қолында анау-мынау емес, түркі тілдерінің інжуі, талайлар бір көрудің өзін арман еткен «Диуан Лұғат» қой. Өз көзіне өзі сенер емес. Отыз емес, отыз мың лира да аз бұл кітапқа… Тез есін жинап, таңқалысын сездіріп, саудагерді есіртпейін деген оймен:
– Тым шашыраңқы екен. Беттері түгел ме өзінің? Авторы да Қашқарлы біреу екен. Жарайды, не болса да кітап қой, «Энжүмен илмия» саған 10 лира берген екен, мен 15 лира берейін, – дейді ішкі сезімін білдіргісі келмей. Себебі қалтасында 15 лира ғана бар болатын.
– Менікі болса, қуана-қуана ұстата салар едім. Иесі бір байғұс әйел. Алсаңыз бір әйелге жақсылық жасаған боласыз. Алмасаңыз өзіне қайтарып берем, – дейді Бұрхан бей.
– Бағанадан солай демейсің бе! Енді әңгіме басқа. Байғұс әйелге көмектесу керек. Жарайды алдым мен бұл кітапты, – дейді. Алайда қалтасындағы 15 лираны ұстатып, қалғанын кейін алып келіп берем дегеніне саудагер көнсін бе! Асылдың қадірін білер біреу кездейсоқ кіріп қалып, алып кете ме деген үрей де қатты састырады. Ақыры саудагердің кілтін алып, дүкенді сыртынан құлыптап үйіне жүгіреді. Жолда «Дарүлфунунда» әдебиет оқытушысы Фаик Решат ұшырасады. Дереу 20 лира қарыз сұрайды. Фаик Решат қалтасында 10 лира ғана бар екенін, қаласа қалғанын үйден алып келіп беретінін айтқанда қуана келісе кетеді де, өзі дереу қайта Бурхан бейдің дүкеніне оралады. Әли Әмірдің мына қылығына таңданған Бурхан бей де кітаптың құндылығын сезіп қойған-ды. 30 лираны ұстатқанда ол да үстеме ақы сұрайды. Оның қолына 3 лира қыстырған Әли Әмір үйіне қарай зыта жөнеледі. Артына қарай-қарай кетіп барады. Бұрхан бей айнып қалып кітапты қайта алып қоя ма деген үрей үйіне жеткенше басылмайды. Үйіне келіп кітапты парақтап оқи бастағаннан-ақ қандай асыл қазынаға қол жеткізгенін ұғады. Кейін Әли Әмір «Диуанның» құндылығы жайында достарына былайша баяндайды: «Бұл жай ғана кітап емес, ұлы Түркістан өлкесі! Тек Түркістан емес-ау, бүкіл жихан десек болады. Түркілік, түркі тілі осы кітап арқылы мүлдем басқа қырынан танылып, жарқырайтын болады. Араб тілі үшін Сәййибуйиһин кітабы қандай болса, бұл оның түркі тіліндегі бауыры. Осы күнге дейін түркі тілінде дәл мұндай кітап жазылмаған. Бұл кітаптың шын бағасы берілер болса, бүкіл әлемнің қазынасын жинаса да жетпек емес. Бұл кітап пен хз. Жүсіп пайғамбар арасында бір ұқсастық көрем. Достары Жүсіпті болмайтын тиын тебенге сатқан жоқ па еді? Кейін Жүсіпті алып барып, Мысырда өз салмағындай жауһарға сатқан-ды. Ал мен бұл кітапты бұдан бірнеше есе ауыр алмас пен жақұтқа да айырбастамас едім… ».
«Диуан Лұғаттың» табылғаны жөнінде хабар қысқа уақыттың ішінде шартарапқа жайылып кетеді. Атақты Зия Гөкалп «Диуанның» табылғанын естігенде қуанғаннан Әли Әмірдің үйінен бір-ақ шығады. Алайда Диуанды көзінің қарашығындай қорыған Әли Әмір: «Қазір көрсете алмаймын, бәлкім 2 айдан соң көрсетуім мүмкін», – деп Гөкалпты жолатпайды. Көзімен бір көруді қанша жалынып сұраса да Әли көнбейді. Амалы таусылған Гөкалп мәжілістен таныс депутаттарды да араға салып көріп еді, мұнысынан да түк шықпайды.
Арадан бір апта өткен соң Әли Килислі Муалим Рыфатты шақырып алып, кітапты көрсетеді. Ары-бері парақтап көрген Рыфат бей: «Жанаб Аллаһ жариялануын насип етсін», – дейді. Бұл сөз Әлиге қатты ұнайды. Рыфатқа күн сайын келіп, 2-3 сағат жұмыс жасап, кітаптың сөгілген парақтарын реттеп, жөнге келтіруді ұсынады. Рыфат бұған қуана келіседі. Екі ай бойы ретке келтіріп, парақтарын түгендеген Рыфат, ақыры кітап беттерінің түгел екенін айтып, Әлиден сүйінші сұрайды. Әлидің қуанғаны сонша, тұрып жатқан үйінің жартысын Рыфатқа ұсынады. Рыфат одан бас тартып, ең үлкен сыйдың кітапты жариялауға рұқсат беру екенін айтады. Әли: «Иншаллаһ, ол күн де келер», – деп қысқа қайырады.
Муалим Рыфат пен Зия Гөкалп кітапты жариялатудың жолын іздеп, ақыры Әлидің ең жақын досы, меселін қайтармайды-ау деп Талат пашаны (генерал) араға салады. Жоспар құрып, екеуін бір кеште ауызашарда кездестіреді. Талат паша Әли Әмірге:
– Қадірменді ұстаз! Сіздің алдыңызда сөз сөйлеуге ұяламын. Алайда рұқсат етсеңіз сізге айтар уәжім бар. Кітаптардың да адамдар секілді табиғи өмірі болады. Бұл кітап мыңдаған жыл өмір сүре алмайды. Жаңартып отырмаса шіріп жоқ болады. Бұрындары кітапты жаңарту үшін оның көшірмесін жасаған. Алайда мұның ауқымы тым тар, пайдасы аз. Адамзат өркениеті осы үшін баспа әдісін ойлап тапты. Баспа арқылы бұл кітапты мың, он мың, тіпті жүз мың етуге де болады. Олай болса, рұқсат етіңіз, бәрінен бұрын мұны бастырайық. Бас жағына сіздің есіміңізді қойып, дүниенің төрт бұрышына таратайық. Бүкіл әлем сізге қарыздар болсын. Бұл ізгілікті істі бізге көп көрмеңіз! – дейді.
Генералдың сөзі көңіліне жағып, риза болған Әли рұқсатын береді. Тек бұл істі басынан соңына дейін Рыфат атқарсын және баспа ісі біткенге дейін кітап тек соның қолында ғана болсын деп екі шарт қояды. Осылайша түркі тілі мен мәдениетінің мәңгілік жәдігері араға 840 жыл салып барып баспаға жол тартты. Түркі халқының мүддесін жеке басының мүддесі мен пенделік талаптарынан жоғары қойған түркішіл, жанкешті азаматтардың арқасында жоқ болып кетуден осылайша аман қалған-ды.
«ДИУАН» ҚАЙ ТІЛДЕРГЕ АУДАРЫЛҒАН?
«Диуанның» ең алғашқы аудармасы Муалим Рыфаттың қолымен 22 дәптерде түрік тілінде жасалған болатын. Алайда I дүниежүзілік соғыс, артынша елде орын алған саяси тұрақсыздықтар мен азамат соғысы салдарынан аударма жарияланбай қалады. Бұдан бөлек Абдуллаһ Атыф Түзүнер және Абдуллаһ Сабри Картер де түрік тіліне аударып шыққан-ды. Алайда бұлардың ешбірі жарияланбайды. Барлығы да қолжазба күйінде әлі күнге Түркияның кітапханаларында сақтаулы.
Ататүріктің басшылығымен 1932 жылдың 26 қыркүйегінде Долмабахче сарайында ұйымдастырылған I Түрік тілі құрылтайында еңбекті аудару ісі қайтадан Муалим Рыфатқа жүктеледі. Екінші рет қайта аударып шыққан Рыфат, баспадан шығару үшін Түрік тілі қоғамының бас хатшысы Нежми Дилмен және Бесим Аталаймен Долмабахче сарайында кездеседі. Алайда келіссөз сәтсіз аяқталып, тағы да жарияланбай қалады. 1937 жылдың аяғында Нежми Дилменнің қолқалауымен аударма ісін Бесим Аталай өз мойнына алады және 1940-41 жылдары ең алғаш түрік тіліндегі аудармасы жарық көреді. Бұл аударма ұзақ жылдар бойы көптеген еңбектердің жарық көруіне арқау болып қана қоймай басқа тілдердегі аудармаларына да негіз болады.
Өзбекстан ғылым академиясы баспасынан 1960-63 жылдары «Түрки сөзләр Дивани» деген атпен 3 томдығы жарық көреді. Аударып баспаға дайындған Салих Муталлибов. Ескерткіштің индекс сөздігін әзірлеген Гани Абдуррахманов пен Салих Муталлибов 1967 жылы 4-ші том ретінде жариялайды.
1955 жылы ағайынды Мұхаммед Пейзи мен Әхмет Зияи, 1963-66 жылдары Сайрани еңбекті қазіргі ұйғыр тіліне аударып шықса да, Шығыс Түркістандағы саяси тұрақсыздық салдарынан жарияланбайды. Ақыры 1978 жылы ұйғыр және қытай тілдеріне аударылуы жөнінде мәселе ресми күн тәртібіне қойылады. Шыңжаң ұйғыр автономиялық облысы Ғылым академисы жанынан құрылған кеңес мүшелері тарапынан аударылып, 1981-84 жылдар аралығында баспадан жарық көреді. 2002 жылы осы еңбектің негізінде қытай тіліндегі аудармасы жасалады.
1982-85 жылдары арасында ағылшын тіліне аударылып, Гарвард университетінде «Mahmud al-Kashgari Compendium of Turkic Dialects (Diwan Lugat at-Turk)» деген атпен жарық көреді.
Жәдігерді тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлетіп, баспаға дайындаған Асқар Егеубаев болды. 1997 жылы 1-2 томдарын, 1998 жылы 3-томын «Түрік Сөздігі» деген атпен жариялаған болатын.
Сондай-ақ 2004 жылы профессор Хүсейін Дүзгүн 1 томдық етіп парсы тіліне, Рамиз Ескер 2006 жылы әзірбайжан тіліне аударып бастырды.
Көріп отырғанымыздай түрік, қазақ, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, қытай, ағылшын және парсы тілдеріне аударылып жарияланған «Диуан Лұғат-ит-түріктің» аудармалары мыңдаған кандидаттық және докторлық диссертациялар мен іргелі зерттеу еңбектеріне әлі күнге арқау етіліп келеді..
«ДИУАННЫҢ» СӨЗДІК ҚОРЫ ҚАНША?
«Диуанның» абыройын асырып, Қашқаридің мерейін үстем еткен нәрсе ол – әрине, осыдан мың жыл бұрынғы түркі тайпалары тілінің сөздік қорын жинақтап, мысалдарымен қоса беруі. Осы күнге дейін Қашқари сөздігіне жасалған статистикалық талдаулардың нәтижесінде бірізділік байқалмайды. К. Броккельманның «Mıttelturkischer Wortshats nach Mahmut al-Kashgaris Dıvan Lugat at-Turk» атты еңбегінде 7993 сөз орын алса, Бесим Аталайдың Индекс сөздігіндегі сөздердің саны 8783. Абдуррахменов пен Муталлибовтың индексінде 9222 сөз берілсе, Вефа Налбанттың түзген сөздігінде 8624 сөз реестерге алынған. Статистикадағы бұл әртүрліліктің себебі кей зерттеушілердің «Диуандағы» реестер сөздермен қоса мысалдар да берілген кей сөздерді де жеке сөз ретінде алғандығымен түсіндіруге болады.
Диуанда жалпы түркілік сөздермен қатар оғыз, қыпшақ, қырғыз, йағма, ұйғыр секілді тайпалардың өздеріне ғана тән сөздер және белгілі бір аймақта ғана қолданылатын диалект сөздер де қамтылған. Сондай-ақ антропонимдерге, этнонимдер мен топонимдерге де арнайы тоқталып, олар жайында жан-жақты мәліметтер келтіруі «Диуанға» жай бір сөздік қана емес, энциклопедиялық та рең береді. Яғни «Диуанды» «түркі халықтарының энциклопедиялық анықтамалығы» деуге де болады. Осылайша «Диуан Лұғаттың» сөздік қоры түркілердің тек тілін ғана емес, рухани және материалдық мәдениетінің тарихи қырларын да ашып береді. Сөздерге көз жіберіп зерделеген әрбір кісі түркілердің отбасы ұғымы мен туысқандық қарым-қатынастары, ескі және жаңа наным-сенімдері, қоғамдық және мемлекеттік құрылымдары, экономикалық тұрмыс-тіршіліктері мен салт-дәстүрлері, ұлттық қолөнері, тағам түрлері, қару-жарақтары секілді сан-алуан ерекшеліктері жайында теңдессіз мағлұматтарға қанығары сөзсіз.
ҚАШҚАРИДІҢ ҒАЖАЙЫП КАРТАСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?
«Диуанның» негізгі ерекшеліктерінің бірі ретінде еңбектің 23-24 беттерінде орын алған әлемнің картасын атап өтуге болады. Бұл бір түркі азаматының қолымен сызылған әлемнің тұңғыш картасы. Әлбетте осыдан 1000 жыл бұрынғы шарттардағы жағрапия ғылымының мүмкіндігі тұрғысынан баға берер болсақ, өте жоғары деңгейде әзірленген.
Картаның бір түріктің қолынан шыққандығының айғағы ретінде мына нәрселерді айтуға болады: Ең әуелі түрік қағандарының мекені болған Баласағұн шаһарын жердің кіндігі етіп алып, қалған шарлар мен елді мекендерді осы қаланың ыңғайына қарай орналастырылған және бағыттар Орхон жазбаларындағыдай ежелгі түркі дәстүрі бойынша анықталған. Түркілер мекендеген аймақтардағы шаһарлар мен елді мекендер, таулар мен өзендер, көлдер мен теңіздер бүге-шүгесіне дейін анық көрсетіледі. Сондай-ақ түркілер мекендеген аймақтарды белгілеуде өте аз қатеге жол берілуі картаның бір түркінің қолынан шыққандығының дәлелі деуге болады.
Сонау Рұмнан Машынға дейінгі түркі тайпалары мекен еткен жерлерді қағаз бетіне бедерлеп шыққан ғалым, олардың әрқайсысына сипаттама береді. Олардың жер көлемі, қай аралықтарды мекендейтіні, тілі, географиялық ерекшеліктер жайында сөз етеді. Осылардың барлығы анық көріну үшін жердің пішіні тәріздес етіп дөңгелек шеңбер ішіне орналастырғанын айтады. Міне, бұл Коперниктен 5 ғасыр бұрын-ақ жердің шар тәріздес дөңгелек екендігі түркілер үшін жаңалық болмағанын, мұны жақсы білгендігін көрсетеді.
Қашқаридің бұл картасы Жапонияны әлемдік карта бетіне түсірген әлемдегі тұңғыш карта болуымен де ерекшеленеді. Ғалым Жапонияны «Жабарка» деген атаумен шығыстағы бір арал ретінде көрсеткен. Жапония әлемдік карта бетіне Қашқари картасынан аттай 400 жыл өткен соң ғана барып түскен-ді.
НЕ ТҮЙДІК?
Сөз соңында айтарымыз, түркі тілінің тарихи дәуірлерінің қай-қайсысын болмасын зерттеу нысанына алып, белгілі бір дәуірдің тілі жайында пікір айтқысы келген кез келген зерттеушінің Қашқариға соқпай айналып өтуі мүмкін емес. Әрбір пікірін «Диуан Лұғат» арқылы дәйектеп қуаттауға тырысады. Сондықтан да тіл тарихына қатысты жасалған әрбір зерттеуде міндетті түрде Қашқаридың есімін кездестіреміз. Себебі Қашқари түркітану ғылымының негізін қалаушы, түркі әлемінің ең алғашқы филологы. Араб тілінің мысы басып, дәурені жүріп тұрған шақта түркі тілі, мәдениеті, тыныс-тіршілігі, рухани құндылықтары жөнінде сол араб тілінде еңбек жазып қана қоймай, араб мәдениетінің ошағы Бағдат қаласына барып, халифқа тарту етуі Қашқаридің түркілікті насихаттаушы ұлы миссионер екендігін көрсетеді. Ол түрік тілін тек арабтарға ғана емес, бүкіл өзге ұлт өкілдеріне үйретуді, танытуды, тіпті сүйгізуді көксейді. Түрік тілінің араб тілінен бірде-бір кем түспейтінін, түркілердің де жер бетіндегі халықтардың ең бір тектісі, тәңір сүйер жақсы қасиеттерге толы ұлы халық екендігін дәлелдеуге тырысады. Қашқари – бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ атасы, ал «Диуан» – түркі тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен руханиятының сарқылмас қайнаркөзі. Қашқари «Диуанымен» 1000 жасады және түркілік ұғымы жер бетінен жойылып кетпейінше, бұл екеуі, Алла жазса, мыңдаған жылдар әлі де жасай бермек!
филология ғылымдарының кандидаты,
Сүлейман Демирел университеті
«Түркітану» кафедрасының меңгерушісі