ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНІҢ ЖҮРЕК ДҮРСІЛІ

ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНІҢ ЖҮРЕК ДҮРСІЛІ

ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНІҢ ЖҮРЕК ДҮРСІЛІ
ашық дереккөзі

Таңдаулы журналистер туралы кітаптың тұсауы кесілді

Меніңше, өзінің мамандығын мақтаныш етпейтін, ардақ тұтпайтын адам болмайды. Сондай адамның бірі – журналистика профессоры, Қазақстан журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев.

Біз білетін Сәкең бір университетте, бір ұжымда табаны күректей қырық жыл қызмет атқарды. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, бұрынғы Киров атындағы мемлекеттік университетте, кейінірек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тыныс-тіршілігінде оның іздері тайға таңба басқандай сайрап жатыр.

Соңғы жылдары біздің қазақстандық журналистика жөнінде сын айтушылар көбейіп барады. Оның ішінде сын айтамын деп, сыпыра айтып жүргендер де, ащы айтамын деп, асылық айтып жүргендер де бар. Мейлі ғой, көре тұрып көрмеген боп, ести тұрып, естімеген боп үндемей қалғаннан гөрі, айызын қандырып айта алғанға не жетеді.

Әсіресе, бүгінгі оқырман қазақтілді баспасөз бен орыстілді баспасөз арасындағы түсінбеушілікке наразы, бұл екеуінің іргелері бір-бірінен тым алшақтап кеткеніне қамкөңіл. Керек десеңіз бұлар бір елде, бір мемлекетте емес, екеуі екі басқа саяси атырапта ғұмыр кешіп жатқандай әсер қалдырады – дейді олар. Оқырман өкпесі орынды. Бұл орайда қазақ журналистеріне өкпе арту асылық болар, әрине. Олар көбіне орыс басылымдарында көтеріліп жатқан мәселелермен жете таныс болады да, орыстілді әріптестері қазақ газет-журналдарының не жазып, не қойып жүргендерімен шаруасы да болмайды. Оған не себеп? Оның себебі, қазақ баспасөзінде көтеріліп жатқан мәселелерге екінші кезектегі мәселе ретінде қарайтындықтан, қазақ басылымдарын өзіне тең дәрежедегі әріптес санамайтындықтан. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, орыстілді журналистерде осы әріптестік мінез бен этика жетіспейді. Соның кесірінен екі тілдегі басылымдар екі түрлі бағыт алып, өз беттерінше дамып барады. Неге бұлай? Неге қазақ тақырыбы орыс басылымдарында көтерілмейді? Көтерілсе, неліктен аз көтеріледі?

Мінеки, біз білетін Сағымбай Қозыбаев әлі нүктесі қойылмаған осындай түйінді мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында көп тер төгіп жүрген журналист, азамат. Екі тілді басылымдардың арасын жақындатуға дәнекер болып жүрген Алтын көпір! Сонымен бірге үлкен әріпті Ұстаз! Оның энциклопедиялық кітаптар құрастырып, оқу-құралдарын жазып, осы өнегелі істері арқылы қазақ пен орыстың арасын жақындастырып, өзара тіл табысуларына соншама атсалысып жүргенін көргенде, әлгі ойға одан сайын беки түсесің.

Журналист-азамат дегеннен шығады, С.Қозыбаевтың авторлық жобасы бойынша «Отандық журналистика» сериясы аясында жарық көріп келе жатқан энциклопедиялық еңбектердің осы мақсаттағы ғибратты орнын ерекше атап өтуге лайық. Мұны кезінде белгілі көсемсөз шебері, аудармашы Герольд Бельгер: «Әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ тамаша жоба» деп бағалаған болатын. Баршаға мәлім, Герағаң айтса, қалт айтпайды…

Мұндай сериялық басылым – үлкен ұжымдық еңбекті талап етеді. Сондықтан ұжымның еңбегін тиісінше бағалап марапаттау ешқашан кештік етпейді. Оған алғашқы соқпақ қалай салынып еді? Ең алдымен «Қазақстан журналисінің анықтамалығы» (2002 ж.) дүниеге келді. Одан кейін ізбе-із «Лики времени» (2002 ж.) жарыққа шықты. Үшінші болып «Свет звезды. Элита отечест­венной журналистики» (2006 ж.) басылым көрді. Төртінші – «Қазақстан журналистикасы. Энциклопедия» (2006 ж.), бесінші – «Масс-Медия. Сөздік-анықтамалық» (2007 ж.). Ал, «Гордое имя – журналист» (2012ж.) аталатын мұнау еңбек осы сериямен жарық көрген жетінші кітап екен.

Энциклопедиялық-анықтамалық үлгісінде құрастырылған, 46,8 баспатабақ, 574 беттен тұратын бұл кезекті еңбекте журналист деген асқақ атпен байланысты барлық мәселелер қарастырылған. Анығырағы, БАҚ-тың қоғамдық өмірде алатын орны, Қазақстан баспасөзі мен көсемсөзінің әлемдік ақпарат кеңістігіндегі беделі, оның болашағы нақты мысалдармен дәлелдеуі ұмытылмастай әсер қалдырады.

Негізінен автордың өзгелер туралы, сондай-ақ өзгелердің автор туралы пікірлері мен ой-толғамдары, сұхбаттары жинақталған кітап 6 бөлімге топтастырылыпты. Әр бөлімге материалдардың идеялық мақсат-мүддесіне қарай тиянақты сұрыпталғаны байқалады. Қарап отырсаңыз, мақалалардың бәрі де маңызды, бәрі де өзекті.

Сондай-ақ, аса сапалы қағазға басылып, тарихи суреттермен байытылған кітаптың мазмұны да бай. Жинақтан шын мәніндегі тәуелсіздік дәуірінің жүрек дүрсілін сезініп, үнін естігендей боласың. Мәселен, кітап бөлімдеріндегі «Аға газет жылнамасы – елдік пен ерліктің шежіресі», «Этномәдениет және БАҚ», «Мемлекеттің ақпараттық қуаты», «Қазақстандағы білім туралы», «Жас Алаш» туралы», «Там за горизонтами», «О кодексе чести» деген тақырыптардың өзі-ақ журналистикаға жаны жақын жандардың ешқайсысын бей-жай қалдырмасы анық. Ал, «Без грамма «зияндық», «Жанрлардың жаңа жүйесі», «Журналистиканың желмаясы», «Фараби и мы», «Есть такая профессия», тағы басқа мақала-эсселерінде бүкіл ғұмырын өз кәсібіне арнаған және адал берілген Т.Амандосов, Х.Бекхожин, С.Матвиенко, М.Барманқұлов, М.Дмитреевский, К.Смайлов, Д.Бәйімбетов сияқты көсемсөз шеберлері мен БАҚ-тың «жан алысып, жан беріскен» майданында бүгінгі күні де күресіп келе жатқан талант иелері туралы жазбаларды табуға болады. Сонымен бірге, оқырман бұл анықтамалықтан өзге де еліміздің бетке ұстар журналистері және Қазақстан масс-медиасының ұйымдастырушылары, атап айтқанда, тәуелсіздік жылдарындағы ҚР Ақпарат министрлігінің тізгінін ұстаған министрлер мен Президенттің баспасөз-хатшысы қызметін атқарған лауазым иелері жөнінде де керекті деректерді таба алады.

Болат ШАРАХЫМБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты