ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ
ашық дереккөзі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетiн қойғаны белгілі. Сондықтан дала төсінде жүрген егіншілер бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр. Шыны керек, осы әдіске көшкелі бері Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы егін шаруашылығымен айналысушы шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің шаруасы дөңгеленіп жүре берді деуге әбден болады.

Бүгіндері Бәйдібек ауданында тамшылатып суарудың көлемі 106 гектарға ұлғайған. Қазір егіннің қызған шағы, соған орай, дала төсінде тынымсыз еңбек майданы жүріп жатыр. Бақша өнімдері, жеміс-жидектер базарларға шығарылып, сатылуда. Ал олар қалай егіліп, қандай әдіспен өсіріліп жатыр десек, кейбір шаруа қожалықтарының жұмыс барысына қарай оң баға беруге болады. Бұл әдістің тиімділігіне көз жеткізіп, биылдан бастап қолға алғандардың ішінде Көктерек ауыл округінен «Агро-стандарт» ӨК-і 5 гектар жүзім алқабын, Жамбыл аумағында жеке кәсіпкер Ж.Айнаходжаев 6 гектар жеміс бауын егіп, қолға алған ісін дөңгелетіп отыр.

Сондай-ақ тамшылатып суару әдісін алғаш қолданысқа енгізген Алғабас аймағындағы диқаншы, «Қалдан» шаруа шаруашылығының төрағасы Қалдалы Балабиев бүгінде аталған әдісті таңдағанына дән риза. Диқаншының айтуынша, тамшылатып суарудың тиімділігі сол, біріншіден, су аз шығындалады, мейлі егістік көлемі қанша үлкен болса да, суды мейлінше аз қажет етеді. Екіншіден, басқа зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды. Әрине, мол табысының басты себебі де осы тамшылатып суару технологиясында болса керек. Бұл технология бойынша су тек керек жерге ғана қажетті мөлшерде тамшылатып беріледі, артық су жіберілмейді. Сол себепті топырақ құнарлылығын сақтап, күннің қызуын мол алады, арам шөп те көп өспей, кедергі бола алмайды. Нәтижесінде мол өнім алуға мүмкіндік жасалады. 70 сотыққа жуық тамшылатып суару ісіне 100 мың теңгеден аса қаржы жұмсалыпты. Нәтижесі жаман емес. Бақшасында қызанақ, қияр, картоп, орамжапырақ, асқабақ, бұрыш секілді дақылдар жайнап тұр. Суды негізінен Арыстанды өзенінен су сорғыш қондырғы арқылы 200 литр бөшкеге жинап, көкөніске береді.

Биылдан бастап 70 сотық жерге тамшылатып суару әдісін қолданып көруді ойладық. Әуелі аздан бастап көрейік, пайдасы қандай болады, қиын тұстары бола ма деген оймен. Бірақ әзірге жаман емес, алдағы жылдары тұтастай осы әдіске көшіп, алқапты 5 гектарға жеткізу жоспарымыз бар. Негізі бұрын егінді арық арқылы су жіберіп, суарып келдік. Онда су көп кетеді, әрі арамшөп мол шығады, оны уақытылы жұлып отыру керек. Ал мына әдістің тиімділігі сол, су 16 есеге аз шығындалады, арамшөп деген болмайды, – дейді шаруашылық басшысы.

Алғаш Израильдік технология дегенді естігенде, бұл техника Израильден әкелі­неді екен деп ойлағандар көп болыпты. Сөйтсек, бұл технология Израильде ойлап шығарылғандықтан ғана солай аталса керек. Еврейлер ғылымға келгенде инемен құдық қазып, үнемдеуден алдына жан салмайтын, «біздің бір талымыздан олар төрт тал сіріңке шығарады» деп кейде әзілге бұратын ұсынықты халық қой. Бір еврей бақшасына су жеткізе алмай (Израиль – суға тапшы мемлекеттердің бірі) шланганы әр жерінен тесіп, осылай етсем қалай болады деп көрген екен. Үнемділігін көргесін, осы әдісті жетілдіріп, жетістіріп, озық технология дәрежесіне жеткізген. Қазір осы әдіс бойынша Ресейде де техникалар дайындалады.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы