ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ТЕАТР

ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ТЕАТР

ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН ТЕАТР
ашық дереккөзі

Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы драма театрына – 40 жыл

«Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деген атаққа сонау Торғай топырағында жүргенде ие болып, қалың көрермен қауымның көзайым қуанышына бөленген, сахналық әлемде ерекше танылған Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы драма театрының шаңырақ көтергеніне биыл 40 жыл толды. Бұл дүбірлі тойды Жезқазғанның металлургтер қауымы өздерінің төл мерекесіндей атап өтті.

Қала әкімі Бауыржан Шыңғысов алыстан арнайы шақырылған құрметті меймандарды әкімдік залында қабылдап, ата дәстүрге сай қонақжай пейілдің қарапайым үлгісін танытты. Кенді өлкеде болып жатқан үлкенді-кі-шілі оң өзгерістерді алға тартты.

Театрдың алғашқы шымылдығы 1972 жылы 24 желтоқсанда Арқалық қаласында Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылды. Бұл қазақ салты бойынша ақсарбас шалып, ақ түйенің қарны жарылған күн еді. Дәл осы күнгі театрға келген халықтың қуанышын тілмен жеткізіп айту қиын. Тақыр жерге театр орнағанын кім көрген? Өнерге шөліркеп, рухани азыққа жұтаңқырап жүрген елде театрдың пайда болуы, көпшілікке игі әсер еткені даусыз. Торғай даласын дүр сілкінткен бұл жаңалықтың авторы – сол кездегі обкомның идеология жөніндегі хатшысы, өнер мен мәдениеттің үлкен жанашыры, қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков еді. Ал негізгі әртістері Мәскеудің Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітіріп келген 17 жас жігіт пен қыз болатын. Серке театры құрылған сәтінен бастап өзінің шығармашылық мақсатты жолын, сахна машығын аз уақытта-ақ қалыптастырып үлгерген. Бұл кез келген театрдың пешенесіне бұйыра бермейтін дүние. Осы орайда шығармашылық ізденіспен үлкен жұмыстар жасаған талантты бас режиссерлер Ж.Есенбеков, Қ.Жетпісбаев, Е.Тәпенов, Ж.Хаджиев, М.Ахманов, директорлары С.Дарбасов, Т.Етебаев, О.Бірімбетов, А.Өтебаев, Ж.Өмірбеков, М.Мұратбаев, М.Серкебаева, т.б. есімдері көрермен қауымның есінде қала бермек.

Театр 1974 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет шығармашылық есебін берді. Осы өнер сапарында аса шеберліктерімен көзге түскен щепкиндік жас әртістер: Р.Хаджиева, Т.Рақышева, Ш.Байғабылова, М.Манапов, Д.Жарқынбековтер Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сахна өнерінде театрдың атын әйгілеген жоғары марапат – айтулы фестивальдердің бас жүлдесі – «Гран приді» жеңіп алу болып табылады. Бұл ретте Арқалықтан Жезқазғанға көшіп келгеннен кейін Серке театрының қанжығасы 4 бірдей «Гран примен» майланғаны мәлім. Қасиетті Ұлытаудың шапағаты тиген шығар, 1992 жылы Жезқазған театры Алматыда Ғ.Мүсіреповтің туғанына 90 жыл толуына орай өткен республикалық театрлар фестивалінде көрнекті сөз шеберінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін (реж. Ж.Хаджиев) сәтті қойып, бас жүлде «Гран приді» жеңіп алды. Арада үш жыл өткеннен кейін, яғни 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына орай өткен республикалық театрлар фестивалінде К.Ахметов пен Ж.Хаджиевтің «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» спектаклін (реж. Ж.Хаджиев) қойғаны үшін театр ұжымы тағы да бас жүлдеге ие болды. 2000 жылы өнер ұжымы И.Байзақовтың 100 жылдығына орай Павлодар қаласында өткен театрлар фестивалінде Ә.Тәжібаевтың «Көтерілген күмбез» спектаклін қойып, бас жүлдемен оралды. Осында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі С.Бұлғақбаев «Ең үздік ер рөлі» номинациясына ие болды. Төртінші «Гран приге» Қарағанды қаласында «Театр-балалар әлемінде» айдарымен өткізілген аймақтық театрлар фестивалінде Р.Ибраеваның «Алпамыс батыр» ертегісі үшін қол жеткендігін айту ләзім. Бұларға қоса Тбилисиде, Бішкекте, Мысырда, Қытайда, өз республикамыздың үлкен қалаларында өткен халықаралық және еларалық театрлар фестивальдерінде қол жеткен ірі жетістіктерді айтар болсақ, Серке атаның атын абыроймен алып жүрген Жезқазған театрының ақжолтай бейнесі мен келісті келбеті сомдала түсетіндігі анық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, театр ұжымының осындай жетістіктерге жетуіне оның бұрынғы бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан», «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының иегері Жанат Хаджиев пен театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дос­жан Жанботаевтың өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын айрықша атап көрсетудің артықтығы жоқ деп ойлаймыз.

Мерейтой шымылдығын ашу Социалистік Еңбек Ері, ұлттық театр және кино өнерінің негізін салушылардың бірі Сералы Қожамқұлов туралы жан-жақты сыр шертетін бейнебаяндық фильмді тамашалаудан басталды. Бұдан соң театр труппасының күшімен мерейтойға арнайы әзірленген Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясы көрермендердің назарына ұсынылды. Аталмыш спектакль туралы театр басшысы Д.Жанботаев:

– Қырық жылдықты қалай өткіземіз деп біраз толғанғанымыз рас. Әдемі сценарий жазып, театр тілімен айтқанда, шағын «капустник» жасап та өткізуге әбден болатын еді. Бірақ, біз бұл таптаурын әдістен қаштық. Дүниеден өткендерді еске алу, есте қалдыру да қасиетті іс қой. «Ай тұтылған түн» Мәскеудің Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін 1972 жылы бірге бітіріп, жұптарын жазбастан Қазақстанның Арқалық қаласына бір күнде келген 17 түлектің дипломдық жұмысы болатын. Соны біз бүгін дүниеден өтіп кеткен ұстаздарымыз бен достарымызды еске алу үшін сахнаға қайта әкеліп отырмыз. Оның бағасын енді сіздер бересіздер, – деп толқи сөйлеген еді.

«Ай тұтылған түн» – адам, қоғам өміріндегі әділетсіздікті, адамгершілік пен зұлымдықтың, жаңа мен ескінің арасындағы бітіспес күресті ашып көрсететін, яғни драмалық қақтығыстарға толы күрделі қойылым екен. Оның санаға сәуле түсіретін, дәтке қуат беретін тұстарын қоюшы-режиссер Жанат Хаджиевтің дөп басқандығы көрініп тұр. Үнемі ізденіс, жаңашылдық үрдіс үстіндегі Жанботаев труппасы, әртістерінің қолтаңбасы бұл жолы да жарқырай көрінгендігінің куәсі болдық.

Мерейтойдың салтанатты рәсімінде Қара­ғанды облысы әкімінің орынбасары Жанбол Жылбаев театр ұжымын мерекелерімен құттықтап, театр басшысы Д.Жанботаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын және 12 орындық автобустың кілтін табыс етті. Жезқазған қаласының әкімі Б.Шыңғысов театр ұжымына 1 млн. теңге, Ұлытау ауданының әкімі, айтыскер ақын Ә.Омаров 500 мың теңге той шашуын ұсынып, жөн білетіндіктерін танытты. Өзге де атқамінерлер, кәсіпкер азаматтар, өнер жанашырлары өз жолдарынан жаңылған жоқ. Сөйтіп, жұлдызы жанған Жезқазған театрының қырық жылдық мерейтойы тарихтың шежіресіне енді.

Алдағы уақытта да театрдың репертуары отандық және әлемдік драматур­гияның озық үлгілерімен байытылып, өнер ұжымы өз көрермендерін тың және сапалы қойылымдарымен қуанта береді деп сенеміз.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,

жазушы