АРҚАҒА АЛТЫН КҮЗ КЕЛДІ

АРҚАҒА АЛТЫН КҮЗ КЕЛДІ

АРҚАҒА АЛТЫН КҮЗ КЕЛДІ
ашық дереккөзі

Белгіленген жұмыс кестесін үнемі назарында ұстап отыратын Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов күздің алғашқы айын да Бұқар жырау және Осакаров аудандарын аралаудан бастады. Бұқар жырау ауданында облыс басшысы «Қазақмыс» корпорациясының Қушоқы көмір разрезінің жұмысымен танысып, Мәдениет үйлерін аралап көрді. Одан кейін аудан әкімі Шагурашид Мамалиновтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Абайділда Санаубаров, облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Самат Мырзатаев, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Татьяна Орлова өз мекемелеріндегі жұмыс барысы жайлы баяндап берді.

Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кейбір тұстарына тоқталып өтті:

– Көптеген тұрғындарды мазалап жүрген және адамның күнделікті тіршілігіне тікелей әсері бар көкейкесті мәселелер туралы айтқанда, бүгінгі күні мемлекетіміздің қоғамымыздағы әрбір адамның өмір сүру деңгейін арттыру бойынша барлық тиісті шараларды қабылдап келе жатқандығын айтуға тиіспіз,– деді Әбілғазы Құсайынов мырза. – Мұндай мәселелерді шешу, әрине, қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Осыған орай республикалық 11 бағдарлама бойынша Қарағанды облысына 40 млрд. теңге бөлінді. Жергілікті билік органдарының алдында тұрған басты міндет – осы қаражатты шашау шығармай, мақсатты пайдаланып, нақты нәтижеге қол жеткізу болып табылады.

Одан әрі әңгіме тұрғындарды жұмыспен қамтуға, мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы, «Бизнестің Жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» және «Аумақты 2011-2015 жж. Дамыту» бағдарламалары жайлы болды. Тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өнеркәсіптік кәсіпорындарды жарық, жылу, сумен қамтамасыз ету аса маңызды мәселелер қатарында болғандықтан, жиылған қауым, әсіресе аумақтарды абаттандыру жайына да алаңдаушылық танытты.

***

Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп мәселелері жайында өзі төрағалық ете отырып, ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын өткізді. Онда облыстық ІІД жол полициясы басқарма бастығының міндетін атқарушы Ерік Мақановтың жол қозғалысы қауіпсіздігі және қабылданып жатқан іс-шаралар туралы есебі тыңдалып, осы мәселе бойынша ҚР ККМ автомобиль жолдары комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің директоры Қанат Шаймин қосымша баяндама жасады. Жастар арасындағы криминогендік жағдайы туралы облыстық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Кенжетай Атағұлов, облыстың 2011-13 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде өңірлік бағдарламасының (кинологиялық қызметті нығайту және нашақорларды емдеу) барысы туралы облыстық ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Ержан Құлжақаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Әбеуов мырзалар тыңдалды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

***

Сондай-ақ, облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов мырза, өндірісті өңірдің бүгінгі тірлік-тынысымен толық танысып, жергілікті билік органдарының басшыларына алдағы жұмыс жоспарларын бекітуді сұрады. Қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды сүзгіден өткізген әкім мырза еліміздің саяси тірлігінен де шет қала алмайды. Осы аптада ол Қазақстан Республикасындағы АҚШ Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакспен кездесті.

Кездесу барысында облыс әкімі Қазақстан мен АҚШ арасында дипло­матиялық қарым-қатынас орнаған 20 жылдан бері өзара ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті.

– Біздің елдердің басшылары ядролық қарусыздану мәселесіне айрықша маңыз беріп келеді. Қазақстан – әлем тарихындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ядролық қаруды таратпау саясатын жүргізіп келеді,– деді аймақ басшысы. – Бұл ретте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жергілікті билік органдарының алдына әлеуметтік-экономикалық даму, қоғамды әлеуметтік жаңғырту бойынша берген тапсырмаларының жүзеге асырылуының нәтижесі екенін баса айтып кетуіміз керек. Өйткені өңірімізде америкалық капиталдың қатысуымен құрылған 26 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өндіріс, сауда, көлік, тау-кен, жылжымайтын мүлік және ІТ технологиялар саласында қызмет көрсетеді.

Қадірменді қонақ та әкімнің ой-пікірлерімен келісетінін, мемлекет басшысының өз халқы үшін жасап жатқан игі істеріне тоқтала отырып, көмірлі аймақтан алған әсерлерімен бөлісті.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ